Главная » Файлы » Ашық Сабақтар - Открытый урок » Қазақ әдебиеті



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Қазақтың салт-дәстүрі ( ашық сабақ )
Жарнамаға бір басып сайтка көмектес! 06.01.2013, 15:38

                                       Қазақтың салт-дәстүрі

        

 

         Сабақтың мақсаты:

1.     Оқушылар бойына халқымыздың рухани байлығын сіңіру, ұлтымыздың дәстүрлерінен үлгі алу.

2.     Оқушыларды ұлттық салт-дәстүр үлгісінде тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі:

1) Нақыл сөздер: «Қазақтар - әдет-ғұрып, салт-сана, тіл жағынан біртұтас ұлт» В.В.Радлов.

2) «Ата мұраң-асыл қазынаң», «Салт-дәстүрін ел бұзбас, Уәде-сертін ер бұзбас».

3) Қазақтың ұлттық қолөнер түрлері.

4) Тұрмысқа қажетті заттар.

5) Буклеттер, альбомдар, сөзжұмбақтар, ребустар, түрлі-түсті суреттер бұрышы.

         Сабақтың барысы:

         1.Ұйымдастыру: а) қонақтар шақыру; ә) бөлмені даярлау, безендіру. Көрмелер, бұрыштар ұйымдастыру.

         Үнтаспадан «Тойбастар» күйі ойналып тұрады.

         Сабақты ашу: І. Кіріспе бөлім.

         Мұғалім: Құрметті қонақтар, оқушылар! Бүгінгі тәрбие сағатының негізгі мақсаты өз халқымыздың салт-дәстүрлері, асыл қазыналары, асыл мұралары туралы оқушыларымызға түсіндіріп, бойларына сіңіру болып табылады.

         Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен  ережелерін жасағандардың бірі-өзіміздің қазақ халқы. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Халқымыздың ғасырлар бойы жазған зор еңбектері – салт-дәстүр, әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелері соның айғағы. Қазір, сіздер осы айтылғандардың, шағын болса да, куәсі боласыздар.

         1-жүргізуші:

Туған соң адам боп,

Білімсізден жаман жоқ.

Ел дәстүрін білмесең,

Жұрт айтады надан деп.

Ата-бабаң ардақты,

Жамандыққа бармапты.

Ардай тұтып үлкенді,

Ата жолын жалғапты.

         2-жүргізуші:

Бауырласқан тәніміз,

Бұзылмаған антымыз.

Кең даланың ежелгі,

Қазақ дейтін халқымыз.

Өзге ұлттай біздің де,

Бар дәстүр мен салтымыз.

         Ән: «Қазақтың салт-дәстүрлері».

         1-оқушы: Сүйінші! Қуанышты хабар жеткізуші адам Сүйінші! Сүйінші! деп келеді. Мұндайда қуанған үй иесі қалағаныңды ал,- дейді. Немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл шын қуанудың, ризашылықтың белгісі.

         2-оқушы: Шашу! Қуаныш айғағы ретінде жасалатын салтанаты дәстүр. Бала дүниеге келгенде, келін түскенде, құда келгенде, осындай қуанышты күндерде тәттілермен, күміс тиындармен әйелдер шашу шашады.

         3-оқушы: Қонақасы – Халқымыздың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайындағы ерекше қымбат дәстүрі – қонақжайлылық. Үйіне келген қонақты құрметпен қарсы алып, мал сойып қонақасы беру-жомарттықтың, елдіктің үлкен белгісі.

         4-оқушы: Сыбаға. Құрметті қонаққа немесе өздерінің, жақын-жуығына арнап сақтаған кәделі ет  мүшелері сыбаға деп аталады. Үлкен ақсақалдарға, құдаларға, жолы үлкен адамдарға сыбаға әдейі сақталады.

         5-оқушы: Бастаңғы. Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары  сол үйге жиналған, жолаушылардың жолда басы ауырмасын «бастаңғы» жаса дейді. Бастаңғының мәнісі жастардың сол үйде ойын-сауық жасап бас қосуы.

         6-оқушы: Ерулік. Басқа жерден көшіп келген көршілерге сол жерде бұрыннан тұратындар ерулік береді, яғни қонаққа шақырады.

         Ән: «Қазақтың дастарханы».

         7-оқушы: Қалау. Біреудің жақсы малына , затына, мүлкіне көңілі кеткен адам, сол үйге барып қалау қалайды. Дәстүр бойынша үй иесі қалаушы адамға қонақасы беріп, қалағанын орындап қайтаруға тиіс. Бұл жомарттық пен мәрттіктің, сыйластықтың белгісі.

         8-оқушы: Жеті ата. Әр адам өзінің жеті атасын білуі көрегенділік пен білімділігін танытады. Білмесе жеті атасын білмеген жетесіз деп сөккен.

         9-оқушы: Кекіл-жас балалардың шашын тегістеп ұстарамен алып тастайды да бір шөкім шаш қалдырып, оның жиегін тегістеп қиып қояды. Кекіл балаларға жарасымды ажар береді.

         10-оқушы: Сыралғы-олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан саятшыдан кездескенде сұралатын жол. Мәрт аңшылар мұндайда сыралғы сұрағанның сөзін жерге тастамайды.

         11-оқушы: Тоқымқағар-жас жігіт алғаш жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Мұндайда арнаулы мал сойып немесе сыйлы мүшелер салынып ет асылып, кең дастархан жасалады. Ойын-сауық, өлең – жыр айтылады.

         12-оқушы: Тұлым қою-кішкентай кезінде баланың шашын өсірмей екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны тұлым деп атайды. Тұлым көбінесе қыз балаға қойылады және ол сәбиге лайықты болады.

         13-оқушы: Сауын айту. Бір елде ас, үлкен той болатын болса,  ол кісі күні бұрын жан-жаққа хабарлатып сауын айтады. Бұл жәй шақыру емес, әр ел салт-дәстүрмен, яғни батыр палуанымен, жүйрік атымен, ақын-жыршысымен, сойыс малымен, сабалы қымызымен келсін дегенді білдіреді.

         14-оқушы: Кеусен-бұл егіншілікке байланысты айтылатын сөз. Әдетте егін пісіп  мол өнім алғанда егіншілер туған-туысқандары мен ауылдастарына астық береді. Оны кеусен деп атайды.

         15-оқушы: Аманат-бір адамның екінші біреуге сақтауға берген заттары. Аманатты сақтау, оны мезгілінде қайтару зор адамгершілікке жатады. Аманатқа қиянат жасауға болмайды. Ол өте ауыр күнә деп есептеледі.

         16-оқушы: Көгентүр – бір-біріне жақын туыс, ілік, жұрағат адамдардың баласына ескерткіш сый ретінде берілетін мал. Бұл бала үшін сый-қуаныш болса, оның ата-аналары үшін құрмет көрсетудің белгісі десе де болады.

         17-оқушы: Байғазы – балалардың, жастардың жаңа киімі үшін берілетін ақшалай-заттай сый. Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ.

         18-оқушы: Бәсіре – қыз ұзатылғанда немесе жиен алғаш келгенде меншіктеп аталатын, ен салынған мал.

         19-оқушы: Сәлем беру. Алыс жолдан жолаушы немесе сол елдің адамы ауыл ақсақалдарына немесе белгілі адамдарға әдейі іздеп келіп сәлем беру-қалыптасқан дәстүріміз.

         20-оқушы: Енші. – балалары ержетіп жеке үй болғанда ата-анасы оған дүние мүлік, мал беріп, отау тігіп жеке шығарады. Бұны енші деп атайды. Ал қызға берілетін дүние мүлік «жасау» деп аталады.

         21-оқушы: Сонар-бұл аңшылар үшін өте қызықты сәттердің бірі. Қыстың тынық күні ұлпа қар жерге түскенде, жүрген аңның ізі тайға таңба басқандай анық көрініп жатады. Аңшылар бұл күнді асыға күтіп жүреді де, ізіне түскен аңды құтқармай соғып алады.

         Ән: «Қазақтың дәстүрлері».

         ІІ бөлім. Концерттік бағдарлама.

         ІІІ бөлім. «Тұсау кесу» рәсімінен көрініс.

         1-оқушы: Әдетте сәби аяғын тәй-тәй басып жүре бастағанда оның тұсауын кеседі. Ата-әжелеріміз бұл ырымға қатты көңіл бөлген, өйткені баланың болашақтағы жолы, аяқ алысы жақсы, нық болуы осы тұсау кесуге байланысты деп шешкен.

         2-оқушы: Баланың тұсауын малдың тоқ ішегімен кесу елдің тоқ болуы және баланың келешекте бай болуы деген ұйғарым болған.

         Ән: «Тұсау кесу».

         Той дастарханы . Әжелер мен аталар дастарханға шақырылды. Тұсауын кесетін сәби Жанеркені ортаға әкеліп «Тұсау кесу» жыры айтылады.

         3-оқушы: Ала жіппен тұсау кесу баланың келешекте ешкімнің ала жібін аттамай, адал болып өссін деген ниеттен туған.

         4-оқушы:

Жолың болсын деселік,

Жолыңа нұр төсейік.

Жарылқасын алдыңнан.

Тұсауыңды кесейік!

Тұсауыңды кесейік!

Күрмеуіңді шешейік.

         Сәбидің тұсауы ала жіппен кесіледі. Шашу шашылып, ән айтылады. Сәбиді жүгіріп, жүргізеді. Барлық ырымдары жасалады.

         Әже:

Қаз, қаз балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз балам.

Тағы, тағы баса ғой,

Тақымыңды жаза ғой.

Қаз баса ғой қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: Қазақтың салт-дәстүрі ( ашық сабақ
Просмотров: 17971 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 3.5/2
загрузка...
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]