Главная » Файлы » Ашық cабақ



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Қызыр бабаны қарсы алу (драмалық қойылым)
[ Скачать с сервера (19.1 Kb) ]

Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті]
16.01.2013, 22:41
Қызыр бабаны қарсы алу 
(Әдеби - драмалық шара) 

Шараның формасы: сахналық көрініс.
Шараның мақсаты:

1) Қоғамның тарихи дамуында қалыптасқан, ұрпақтан – ұрпаққа көшетін, әлеуметтік нормалар, халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің негізгі - әдет-ғұрып, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мұрат пен ізгілік, яғни, әлеуметтік - мәдени мұра туралы түсінік қалыптастыру;
2) Моральдық сана, моральдік ұстаным, моральдік құндылықты сезінугі тәрбиелеу;
Шараның тақырыбы: Қызыр бабаны қарсы алу.
Шараға қатысушылар: 1) Дүкенбай ақсақал
2) Күлән (кемпірі)
3) Дәулет (ұлы)
4) Балқия (келіні)
5) Жанар (қызы)
6) Қамбар, Ботагөз (немерелері)
7) Мұрат (бозбала)
8) Жастар

1 - бөлім
(Сахнада киіз үйдің іші. Дәулет домбырада күй ойнап отыр, Жанар кесте тігіп, ал балалар сырмақтың үстінде асық ойнап отыр. Балқия кіріп- шығып дастарқан жасап жүр. Сырттан иттің үргені естіледі, іле-шала Мұрат кіріп келеді.)
Мұрат: Кеш жарық!
Балқия: Ешкің арық! Төрлет бозбала!

Мұрат: Ассалаумағалейкум! (төрге озып, Дәулетке қол береді).
Есенсіздер ме? (қыз бен жеңгесіне тәжім етеді).
Балқия: Сау жүрмісің, бозбала? Сендей жігіт төресі қай қыздың бақыты екен? Жай – күйің қалай?
Мұрат:(кібіртіктеп) Иә, құдайға шүкір,сіздерге ұлыс оң болсын дегелі келіп едім.
Балқия: Айтқаның келсін. Төрге шық. Ұйқыашардан дәм тат, бозбала.
Мұрат: Асығыс едім, жеңеше, дәм ғана татайын. Әуре болмаңыз (дәм татады, бата береді)
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын.
Бастарыңа бақ берсін,
Не берсе де, нақ берсін!
Қырда жүрген Қызырды
Үйлеріңе ап келсін!
Қарындарың тоқ болсын,
Қайғыларың жоқ болсын!
Шүпірлеген үйінде
Балаларың көп болсын!

Бата бердім бақ тіледім,
Ақ дастархан басына.
Я, құдайым, шын тіледім,
Келсін деп менің қасыма!
Көңілің көлдей болып,
Көргенің түстей болып,
Қыдыр қонсын басыңа.
Бәрі: Әумин!Әумин!
Мұрат: Мына ақ орамал өзіңізге, жеңеше, көңіліңіз әрдайым шың басының қарындай ақ болып жүрсін. Ал мына айна, Жанар саған.

Жанар: Рахмет,Мұрат, елеп ескергеніңе рахмет.(ыңғайсызданып алады)
Балқия: Түу-у! Неткен тамаша сыяпат жасадың, бозбала. Рахмет!(қуанып шытты иығына жамылады)
Мұрат: Ал, сау болыңыздар. Қызыр бабамды жақсы қарсы
алыңыздар.Мен айналып қалдым, кетейін.(кетуге ыңғайланады)
Балқия:. Жанаржан, бозбаланы шығарып сал, ит талап тастамасын.
(үйдегілермен қоштасып, Мұрат пен Жанар тысқа шығып кетеді.Күй әуені естіледі.)

2 – бөлім
(Кемпір мен шал келеді.Балалар алдынан жүгіріп шығады, атасы кәмпит береді)
Күлән: Ух! Шал екеуіміз талай үйге кіріп шықтық , ағайын – жамағат, көрші – қолаңға жақсы ниетіміз бен тілегімізді білдірдік. Бір көрісіп қуанысып қалдық. Уақыт біршама болып қалыпты, келін шырағым, адыраспан әкелші, үйді аластап жіберейін.(үйді аластайды)

Алас-алас, әр пәледен алас!
Қараңғы – жарыққа, ызғар – жылыға,
Қара – аққа ауыссын! Жамандық кет!
Бәле – жала кет! Алас! Алас!
Сор – баққа, кесір – киеге.
Жоқ – барға ауыссын! Жамандық кет!
Бәле – жала кет! Алас! Алас!
Балалар төрге қос шырақ жағыңдар.Үйдегі ыдыс атаулының бәрін аққа, ырысқа, кәусәр бұлақтың суына толтырып қойыңдар.(үйде абыр – сабыр әрекет жасалады, төрге қос шырақ жағылады)
Күлән: Жыл бойы ақ мол болсын! (Ыдысқа ақ құяды).
Балқия: Дән тасқын-тасқын түсімге бай болсын! (ыдыстарға бидай, тары салады).

Қамбар: Ата, мынау жаңадан ашылған кәусәр бұлақтың суы.
(Қолындағы құманды көрсетеді).
Атасы: Иә, балам, ыдыс атаулыға құй, жауын-шашын көл болсын, шөп
шүйгінді, мал семіз болсын деп (немересі орындайды,атасы «әумин» деп отырады,Балқия дастарқанға шақырады).

Қамбар: Ата, әже, осы бүгін қандай күн өзі. Таң атқалы әмір жоқ.
Үйді жылан жалағандай тазалап, түрлі-түрлі тамақ әзірлеп,
үстімізге бір киер киімімізді киіп алдық. Бұрын «жат, жат»
деуші едіңдер, бүгін міне түн ортасы болды әлі ұйықтаған
жоқпыз.
Әжесі: Балам, бүгін ерекше күн. Наурыздың 21-ші жұлдызы. Осы түні
даланы Қызыр аралайды. Бүгінгі түн «Қызыр түні».
Ботагөз: Ата, Қызыр деген кім?
Атасы: Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, аяулы
бабамыз жақсылықтың жаршысы. Жаңа түскен күн рәмізі –
Қызыр баба даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң
кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ертіп жібереді екен.
Күн сәулесі жер шарының Шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да
себездеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке
тұспа-тұс келеді. Сондықтан қазақ халқы Жаңа жылды 22
наурыз күні таңғы сағат 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте
даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе
керек. Сондықтан осы күнді асыға күткен үлкендер:
Самалық, самалық,
Көк құс көзін ашты ма?
Аяғын жерге басты ма?
Самалық, самалық,
Самарқанның көк тасы,
Жібіді ме, көрдің бе?
Самалық, самалық,
Қап тауының көк құсы,
Жүгірді ме, көрдің бе? –
деп қойнында көжегі, қолында нәуірезегі бар балаларына сұрау қойған.
Әжесі: Бұл түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап
соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» деп
аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар
болса қыздар мен келіншектерге айна, тарақ, иіссудан тұратын
«селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтар ұсынады. Бұл дәстүрлі
сыйлықтағы айна – пәктік пен жастықтың, тарақ - әдемілік пен
сұлулықтың, иіссу – бүршігін жаңа жарған жауқазындай
құлпырудың белгісі.
Қамбар: Е – е, жаңағы ағатайдың көкеме ақ орамал, әпкеме айна
әкелуінің сыры осыдан екен ғой?! (қутыңдайды)
Балқия: Қой, тыныш отыр!
Ботагөз: Ата, төрдегі қос шырақты не үшін жақтық?
Атасы: (ет турап отырады)
Қызыр түні Жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде,
«Жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып
қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-
сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен
Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып,
жуылып тазартылады. «Береке басынан басталады» демекші,
жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады. «Жыл
бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын»
деген тілек қой. Ас алыңдар, балалар.
Балқия: Ботагөз, бір ән салсаңшы!? (Ботагөз ән салады).
Атасы: Түн ортасынан ауып кетті, шамасы, балалар үйдің түндігін,
жақтауын ашыңдар, Қызыр баба үңілсін, мейірімін төксін!
(Түндікті, жақтауды ашады).
Атасы: «О, құдайым, зарыға күткен Жаңа жылым келді, Жаңа жыл
жарылқа, ескі жыл есірке. Менің ұрпақтарымды аман ет, пәле
жаладан сақтай гөр, жамандық ары кет». Әумин!
Бәрі: Әумин! Әумин!
(сырттан иттің үргені естіледі. «Жанар, біз алтыбақанға кетіп барамыз» деген дауыс, күлкі, домбыра үні, ән естіледі)
Күлән: Бар, қарағым, бар. Тең құрбыңмен жасап қайт. Жастықта ойнап
күлгенге не жетсін!
Жанар: Жарайды, апа (үйден тез басып шығып кетеді, күй ойнала
бастайды, шымылдық жабылады).
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: Қызыр бабаны қарсы алу, қойылым, сахналық
Просмотров: 7283 | Загрузок: 225 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]