Главная » Файлы » Ашық cабақ



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

9 мамыр ( 9 май ) - Ұлы Жеңіс мерекесіне
[ Скачать с сервера (348.0 Kb) ]

Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ тілі]
13.01.2013, 13:37
Елін сақтап қалды ерлер... : Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған әдістемелік құрал / С.Бегалин атындағы МРБК Құраст. Ш.Мұқашева.- Алматы, 2005.- 55 б.

Кіріспе

Шүйінші, халқым, шүйінші!
Шүйіншіге сүйінші!
Шаттан, ата-анамыз,
Шаттан, аға-бабамыз,
Кек қайтарып фашистен,
Соғыс бітті жеңіспен,
Жеңдік жауды күресте
Жасалсын той-мереке.
(Т. Жароков)

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 60 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.
Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды...
Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда батыр ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.
Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.
Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты. Сол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды өз бауырына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ -дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.
Шығанақ Берсиев сияқты еңбек ерлерімен қатар иықтарына үлкен ауыртпалық түскен еңбек даласында миллиондап жұмыс істеген әйелдерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көзге елестету мүмкін бе еді?!
Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан
еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Оқырмандармен Ұлы Жеңістің 60 жылдығына байланысты шаралар өткізу барысында балалар кітапханашылары төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алулары керек:
 Соғыс "саясатының” негізінде қандай мақсат болғанын талқылаудың қажеті жоқ. Біздің міндетіміз балаларға сол жылдардағы адамдар мен тарихи оқиғалар туралы әңгімелеу;
 Кешегі немесе бүгінгі соғыстың зұлымдық екенін, онымен адамзаттың келіспейтіндігін жеткізу;
 Ұлы Отан соғысының халықтық екенін, ол үлкен зұлмат пен қиыншылық екенін түсіндіру;
 Оқырмандарды соғыс тақырыбына жазылған көркем әдебиеттермен жете таныстыру қажет. Әсіресе, қазақстандық жазушылар мен қазақ батырлары туралы;
 Бұл тақырыппен жұмыс істеу барысында оның ауқымдылығын ескере отырып, әр жастағы балалардың жас ерекшелігіне қарай шара ұйымдастыру керек.
Қазіргі кезде әрбір кітапхана соғыс тақырыбын қамтитын баспа, аудио-бейне басылымдарға өте бай. Біздің міндетіміз оларды оқырманға насихаттау және жеткізу.
Балалар кітапханаларында Жеңістің 60 жылдығын лайықты атап өту барынша үлкен дайындықты қажет етеді.
Наурыз-сәуір айларында кітапханаларда «Кітап оқып, өткенді еске алу...» атты шығармалар байқауы ұйымдастырылуы керек. Байқаудың мақсаты балаларды Ұлы Отан соғысы жайлы жазылған поэзия мен прозаларды оқуға тарту. Сондай-ақ тақырыпқа байланысты плакат, газет немесе балалардың шығармашылық жұмыстарынан да әртүрлі байқау, сайыстар ұйымдастырған жөн. Бұл шаралардың тақырыбын "Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады”, "Біз бейбітшілікті қалаймыз” немесе "Соғыс және балалық” деп алуға болады.
Ұлы Отан соғысы тақырыбын оқырмандарға толық және дұрыс түсіндіру мақсатында кітапханашы үлкен шайқастар мен соғыс операцияларының маңыздылығын ашатын "Ұлы Отан соғысының күнтізбесін» жасауына болады:
« 1941-1945 жалынды жылдары:
1. Соғыстың басталуы- 22 маусым 1941 жыл
2. Брест қамалын қорғау- маусым 1941 жыл
3. Ленинградты қорғау- 1941- 1944 жылдар
4. Москва үшін шайқас - 30 қыркүйек 1941- 20 сәуір 1942 жыл
5. Сталинград үшін шайқас- 17 шілде 1942- 2 ақпан 1943 жыл
6. Курск шайқасы- 5 шілде- 23 тамыз 1943 жыл
7. Днепр үшін шайқас- тамыз- желтоқсан 1943 жыл
8. Берлин операциясы - 16 сәуір- 8 мамыр 1945 жыл
9. Жеңіс күні- 9 мамыр 1945 жыл».
Мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыз фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып жатыр. Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа жан-жақты насихаттау, таныстыру кітапхана қызметкерлерінің міндеті.
Ұлы Жеңістің 60жылдығына арналған мейрамға орай, ашық суретті кітап көрмесін ұйымдастыру керек. Көрме балаларды құжаттық, мемуарлық, көркем-әдебиеттермен толыққанды таныстырады. Көрмені "Отты жылдар елесін, кітаптан оқып білесің...”, "Тарих беттері”, "Ел мен ердің жемісі”, "Қаһарман ұрпаққа тағзым”, "Ұлы Оан соғысы – халық соғысы”, "Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында” т.б. атауға болады.
Көрменің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ірі шайқастарына арналған бөлімдері болу керек. Бұл жерде біз әрине, қазақстандықтардың үлесі, олардың батырлық ерліктері туралы материалдарды мүмкіндігінше мол қамтуымыз қажет.
Бұл үлкен атаулы күнге байланысты өткізілетін шараларды ауқымды өткізу қажет және алдын-ала дайындық керек. Сондықтан осы тақырыпты жан-жақты қамтитын "Еске алу” апталығын ұйымдастырған дұрыс. Апталық барысында балалардың жас ерекшеліктеріне орай "Бұл қалай болған еді”, "Халықтың жадында”, "Отты жылдар өрендері” атты әдеби-музыкалық кеш, сауалнамалар, әңгіме, сұрапыл жылдары елін жаудан қорғаған ақын-жазушыларымыздың өлең-жырлары бойынша «Қаруын қаламға айырбастап» поэзия сағатын т.б. ұйымдастыруға болады.
Екінші дүние жүзілік соғыстағы әйелдердің ерлігі ерекше. Олардың ішінде қазақ әйелдерінің ерлігі туралы "Арулар отты жылдарда”, "Соғыстың қатыгез бейнесі” деген атпен батыр қыздардың ерліктерін паш ететін шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді.
Соғыс жылдарындағы балалар тағдырына, жауынгер-бала, партизан-бала туралы немесе мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің тылдағы еңбегі, олардың ауыр тағдырлары туралы айтылуы керек. Кіші мектеп жасындағы балалармен әңгіме өткізу барысында "Кеңес Одағы”, "Одақтас республика”, "Кеңес Одағының астанасы” деген сөздер түсініксіз болуы мүмкін, сондықтан әңгімені алдымен Кеңес Одағының тарихынан бастаған жөн.
Жұмыс барысында Республикалық балалар кітапханасының Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арнап шығарған биобиблиографиялық "Қаламдарын қаруға айырбастап”:Қазақстан жазушылары Ұлы Отан соғысы жылдарында, "Отты жылдар елесің, кітаптан оқып білесің...: әдебиеттер тізімін және бұрындары шыққан әдістемелік құралдарын пайдаланыңыздар. Сіздердің назарларыңызға "Ерлікпен жеткен жеңіске тағзым ет, парызың” атты әдістемелік құралды ұсынады.


...Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер

Әңгіме
Ежелден ер тілегі-ел тілегі,
Адал ұл ер боп туса-ел тірегі.

Соғыс – адам баласы үшін ең үрейлі, ең қорқынышты сөз. Өйткені, соғыс атаулы адамзатты қырып-жоюға бағышталған. Адам адам болғалы осылай. Талай рет үстемдік, байлық үшін адам қаны суша аққан. Арыға бармай-ақ, 50 миллионнан астам өмірді жалмаған соңғы соғысты алайық. Кімге қажет болып, не мақсатты көздеп еді сол соғыс? Әдетте, соғысты әділетсіздік, жауыздық, қанішерлік бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес.
Таң алдында, тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған бір ғаламат соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыңды ғана бұзған жоқ. Зұлым жау бейбіт өмірге бүлік әкелді. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Ойда диханшы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды, оқымысты болуды армандаған еді...
Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды... Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен ...
Фашистік Германия тізе бүкті... Бірақ сол сұм соғыс өзімен бірге 10 миллионнан астам немістің өмірін алып кетті. Оны жеңген Кеңестер Одағы 27 миллион адамның өмірін берді. Талай ғасырлар бойы жасалған материалдық және мәдени қазынаны құртты. Міне, соғыстың әкелген қасіреті. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек. Осыдан 60 жыл бұрынғы Жеңіс сонысымен қымбат. 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды. Содан бері зымырап 60 жыл өте шықты.
Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Халық жадында сапында 30 ұлттың өкілі бар (бұлардың 3 мыңдайы қазақстандықтар) Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Қазақстан жерінде жасақталған И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ер жүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді.
Өжеттік пен ерлікке бару кездейсоқтық емес. Отаны мен артында қалған елінің алдында жауынгерлік борышты өтеуде болаттай берік тәртіпке бойұсыну еді. Алматыда жасақталған генерал-майор И.Панфилов атындағы сегізінші қазақстандық гвардияшы атқыштар дивизиясы Кеңес Одағының астанасы – Москваны қорғау күндерінде Ұлы Отан соғысының тарихына мәңгі өшпейтін ерлік беттерін жазды. Москваны қайсарлықпен қорғаған 28 панфиловшы батырларды халқы ғұмыр бойы құрметтеп есте сақтайды. Қазақстандық жауынгерлер рейхстагқа шабуыл жасауға қатысты, оның шаңырағына Жеңіс туын алғашқы болып қазақ халқының даңқты ұлы Рақымжан Қошқарбаев қадады.
Ұлы Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигельдиновтың және көптеген жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен жазылды.
Севастополь үшін шайқаста Кеңес Одағының батыры Дабаш Бабажанов айрықша көзге түсті. Оның ерлігі батыр қаланы қорғау үшін болған қырғын-қиямет соғыс бейнеленген панорамаға түсірілген. Николай Гастеллоның ерлігін қайталаған Нүркен Әбдіров, Александр Матросовтың ерлігін қайталаған Сұлтан Баймағамбетовтың, жау "жолбарысына” қас қақпай қарсы шауып, гранатамен қоса жарылған Қарсыбай Сыпатаевтың есімдерін мақтанышпен атайды. Бұлардың бәріне Кеңес Одағының батыры атағы берілген. Кеңес Одағының Батыры атағын екі реттен алған, даңқты сұңқарларымыз Талғат Бигелдиновтың, Сергей Луганскийдің, Леонид Беданың және Иван Павловтың ерліктері халқымыздың мәңгі есінде. Белорусс ормандарында Әди Шәріповтың басқаруындағы партизан отрядтары жауға қарсы шайқасты. Украин жерінде Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған батыры С.Ковпактың партизандық бірлестігінде Қасым Қайсеновтың отряды болған еді.
Біз 900 күн қоршауда қалған ленинградтықтардың рухын көтеріп, қажырын жаныған Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім» атты жалынды жырын жадымызда ұстаймыз.
Республика ұлы жеңіс үшін орасан үлес қосты. Қазақстан майданға қорғасынның 85 пайызын, мыстың 30 пайызын, көмір мен мұнайдың барлығын өндірді. Сол ауыр жылдарда еліміз майданға 6 миллион тонна бидай, 797 мың тонна ет, 150 мың мініс жылқысын берді. Сондай ақ, республикамыз 4 миллиард сом ақша жинап, әскери техникалар мен қару-жарақтар сатып әперді.
Соғыстың қысылтаяң кезеңінде емшектегі баласын жөргекке орай салып, кәсіпорын, колхоз бен совхоз жұмысына таң сәріден жүгіріп, түн ортасында қайтқан олардың жарлары мен аяулы ата-анасын, туыстарын, «өзім жемесем жемейін, өзім ішпесем ішпейін, бәрі де солар үшін, бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін болсын!» деген игі ниетті асыл сезімін кім есінен шығара алады. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында майданда да, тылда да есі жаңа кіріп келе жатқан жас баладан бастап, жасы жүзге келген Жамбылға дейін отандастарымыз жауға қарсы майданға жаппай қатысты. Қазақстандықтар Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласын туған жеріндей жанқиярлықпен қорғады, Сталинград (қазіргі Волгоград) түбінде, Украинаны, Белоруссияны, Прибалтиканы, Молдавияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысты. Ленинград қаласына қауіп төнгенде Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өренім» атты жүрек жарды, жалынды жырын майдандағы «жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, тілі басқа болғанмен тілегі бір» жауынгер балаларына жолдады. Кейіннен қаланы қорғаушы жауынгерлердің бірі: «Бұл сәлемді көзге жас, көңілге қуаныш толы сезіммен оқымауға болмайды... Біз күшімізді еселей түсіп ұрысқа аттандық»,-деп еске алды.
Қазақстандықтар Варшаваны, Софияны, Белградты, Праганы азат етушілердің қатарында болды. 151-қазақстандық бригада негізінде құрылған 150-Идриск атқыштар дивизиясы жауынгерлері «ұялы қасқырдың» ордасы Берлинге шабуыл жасады, Рейхстагтың күмбезіне жеңіс туын тігуге қатысты. Алқызыл туды биікке көтеріп, алғаш болып жеңіс дабылын қаққандардың қатарында қазақ Рахымжан Қошқарбаев болды.
Ұлы Жеңіске жау тылында ел кегін, ер намысын қорғаған партизан жасақтары да үлес қосты. Зерттеулер бойынша Белоруссия мен Украина ормандарының партизан отрядьтарында 3 мыңнан аса қазақтар шайқасқан. Партизан отрядтарына командир, комиссар болған, есімдері ел аузында аңызға айналып, кейінгі ұрпаққа жеткен Әди Шәріпов, Қасым Қайсенов, Жұмағали Саин есімдері көзі қарақты көпшілікке мәлім.
Қазақстандықтар қанішер жаумен қасық қанын аямай осылай шайқасты. Олардың бәрін ортақ іске, жеңіске, отанына деген сезім біріктірді. Дүниежүзін шарпыған жиһандық соғыс қазақ халқының батыр ұлт екенін баршаға мәлімдеді. «Правда» газетінің бетінде 1941 жылы қазан айында «Қазақтар» деген мақала жаияланды. Бұл Мәскеуді қорғаған 8-гвардиялық Панфилов атындағы дивизия туралы еді. Осы бір жеңіс күндері көрнекті совет жазушысы И.Эренбургтың 1942 жылы жазған «Қазақтар» деген мақаласында: «Бір фриц маған: «Біз жойқын күші бар қаһарман солдаттармен беттестік, оларды алған бетінен тіпті ешқандай оқ та, өрт те тоқтата алмады. Олар тура бізге қарай дауылдай дүркіреп жүгіріп келе жатты. Мен бұлардың қазақ деген халық екенін естідім. Бұрын мұндай халық бар екенін естімеп едім...» деді. Фрицтер көп нәрсені білмеуші еді. Оларға Ресейдің үлкен екенін ғана айтып, ал ол елде көптеген халық тұратынын айтпаған.Шығыстың кең даласында ежелден қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында көндіккен ержүрек адамдар тұрады. Бұл елдің ақындары Қазақстанның даңқты батырлары жайлы сыр шертеді. Ал бұл елдің батырлары ең алдымен арын ардақтаған. Ер Тарғын алты кез алдаспаннан қолына алып, алты мың жауға жалғыз өзі қарсы шабуылға шығып тұрып: «Маған бәрінен де арым қымбат!» деп айғай салған!...
Далада салт атпен жүруге үйренген қазақ. Егер қажет болса еңбектей де алады, жүгіреді де, таулы жерде шыңға қарай өрмелейді, батпақ болса белуардан саз кешіп те жүре береді. Әйтеуір, қазақтарды ешнәрсе де тоқтата алмайды...
Қазақтар орыстармен қатар тұрып ұрыс салуда. Біз бірге қайғы кештік, бірге жаумен шайқасып жүрміз, жеңістің алғашқы таңын да бірге қарсы алып, бірге қуанатын боламыз!» -деп жазды.
Белгілі ағылшын тарихшысы Александр Верт өзінің «Ресей 1941-1945 жылдағы соғыста» деген кітабында: «Қызыл Армияның табанды солдаттарының бірі қазақтар болды, тұтас алғанда қазақтар бүкіл соғыс бойында өздерін жақсы жағынан таныта білді. Тіпті Сталинградтың өзінде ең өжет солдаттар қатарында қазақтар тұрды.»- дегенді айтады.
От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері барған сайын азая түсуде. Бірақ олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Зұлым жаумен шайқаста әке, аға, бауырларымыз қанын төгіп, қолымыз жеткен Жеңіс шапағы кейінгі ұрпақтарға жетпек. Келешек үшін, дүние жүзілік жаңа жойқын соғысқа жол бермеу үшін бұл туралы ұмытуға болмайды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ өнері
сауалнама

1.Соғыс жылдарында Алматыға көшіп келіп, республикамыздағы музыка мен көркемөнердің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан көркем фильм студиялары (Москва мен Ленинград)
2. Соғыс жылдарында Алматыда өмір сүрген атақты бишіні атаңыз? (Галина Уланова)
3. Ю.Завадский басқаратын Моссовет театрының қазақтың академиялық драма театрында қойған атақты комедиясы (В.Шекспирдің «Асауға тұсау»)
4. 1942 жылы Фрунзе (Бішкек) және 1944 жылы Ташкент қалаларында өткен Орта Азия және Қазақстанның музыка өнерінің онкүндігіне қатысып, ел ықыласына бөленген Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін басқарған музыкант (Ахмет Жұбанов)
5. Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ композиторлары (Рамазан Елебаев, Мәлік Жаппасбаев, Смағұл Көшекбаев, Әли Базанов және т.б.)
6. Соғыстың ауыр жылдарында республикамыздың өзінде жоғары білімді мамандар даярлау мақсатында Алматы консерваториясы қай жылы ашылды? (1944)
7. 1941 жылы Москва түбінде ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған ән қалай аталады және авторы кім? ("Жас қазақ”, әні Р. Елебековтікі, сөзі Ғ.Елебаевтікі)
8. Қарт домбырашы Дина Нүрпейісованың майданда жүрген қазақтар сүйіп тыңдайтын күйі? («Ана бұйрығы»)
9. Ұлт композиторлары қолынан шыққан тұңғыш қазақ операсы сол жылдары жазылған қазақ операларының ішіндегі шоқтығы биік туынды ("Абай”, авторлары А.Жұбанов, Л.Хамиди)
10. Майдандағы жаппай ерлік, тылдағы адамдардың жанқиярлық еңбегі туралы жазылған әскеи-патриоттық «Найзағай», «Панфиловшылар жыры», «Мәлік Ғабдуллин туралы жырдың» авторы кім? (Бақытжан Байқадамов)
11. 1942 жылы Ленинград блокадасында қалған отандастарына жігер, қайрат беруге арнап жазылған «Ленинградтық өренім» өлеңінің авторы кім? (Жамбыл)
12. Соғыстың ауыр жылдарында қазақ өнер қайраткерлері госпитальдар мен әскери бөлімшелерде концерттер қойған, майданның алдыңғы шебіне барып, жерасты үйлерінде, палаткаларда, орыс ормандарында «Ах, Самара, городок» әнін бірнеше мәрте шырқап, көпшілік көңілінен шыққан әнші? (Роза Бағланова)




Ару қыздар – алаулап от кешкендер
Әдеби-музыкалық композиция

Безендірілуі:
Сахнаның ортасында «Отан – ана шақырады» деген плакат ілініп тұрады. Плакаттың екі жағына суреттер ілінеді. Бірінде: гранатамен танкке қарсы бара жатқан солдат бейнеленген. Екінші суретте жанып жатқан өрт ішіндегі пилоткалы мейірбике – солдат қыз бейнеленген.
Үстел үстінде санитарлық сөмке, каска, атылған оқ және қалампыр гүлі жатады.
Кеш өту барысында мерекелік-байсалды әуен және «Священная война» өлеңінің аудиобаспасы (өлеңі В.Лебедев-Кумачтікі, әні: А.Александровтікі) керек болады.

Қатысатындар: Жүргізуші
Оқырмандар 1-11
Пилотка және гимнастерка киген қыздар: 1-8
Ақ шашты ана!
Саптан шықпай нық басып келесің бе?
Сыздап тұр-ау әлі күн оқ тескен жер...
Қаласыңдар мәңгілік ел есінде,
Ару қыздар – алаулап от кешкендер.
(Ф.Оңғарсынова)

Әйел атын атағанда ең бірінші, біздің аузымызға «мейірімділік» деген сөз түседі. Сонымен қатар «апа», «қарындас» деген де сөздер бар.Бәрінен жоғарысы «ана» сөзі. Әйел өмірге ұрпақ әкеледі, оларға өмір береді. Сондықтан қазақ халқы да әйелді ер-азаматтың жан серігі, ұрпағын жалғастыратын ұлағат иесі, отауының көркі мен ұйытқысы, сұлулық символы санаған. Бірақ, ХХ ғасырдың ең ауыр да қорқынышты соғысында әйел жауынгер болды. Олар аурулардың жарасын таңды, көпірлерді бұзды, «тіл» әкелді. Жаратылысынан жаны нәзік, жолы жіңішке, жүректері сезім мен сырға толы осынау жандар халқымыздың басына түскен ауыр кезеңдерде нағыз қажыр-қайрат иелері екендерін айдай әлемге тағы бір рет таныта білді.
Қара жерді дөңбекшітіп, жазықсыз жанын жазылмас жарамен қан жылатқан, көп ұлтты кеңес халқының ер жүректілігі мен қаһармандығын әлем алдында әйгі еткен екінші дүниежүзілік соғыста мыңдаған әйел халқы жауынгер атанды..
..Қазақ жеріне соғыс отының шарпуы тиген жоқ. Бірақ сол кездегі ұлан байтақ еліміздің шетіне жау тиіп жатқанда қазақстандықтар да тайлы тұяғы қалмай атқа қонғанын бәріміз де жақсы білеміз. Солардың 40 пайызы ерлермен тізе қосып жауға қарсы шығуға бекем буып, өз беттерімен өтініш беріп, соғыс майданына бет алған қазақтың үріп ауызға салғандай жас қыздары болғанын естен шығармауға тиіспіз. Оларды соғыс өрті ерте есейтті. Кеше ғана қызылды-жасылды киініп, гүлдей құлпырған балауса бойжеткендер енді әскер киімін киініп, қару асынып тілі, діні бөлек жаумен шайқасқа шықты. Оқ пен отқа орана жүріп ерліктің небір ерен үлгілерін көрсетті.
Екінші дүниежүзілік соғыста Шығыс халықтарының қыздарынан Батыр атағын алған екі-ақ қыз бар екен. Бұлар қазақтың Мәншүгі мен Әлиясы. Атағына бүкіл шығыс халқы ортақтасқан, қазақтың атын шығарған аяулы қыздарымыз. Қос батыр қыздың Отаны –Қазақстаннан соғысқа қатынасқан қыз келіншектердің барлығы дерлік майданға өз еріктерімен сұранып аттанған. Осының өзі жайдан-жай емес. Ежелден батырлық пен ерлік рухы сіңген топырақта тәрбиеленген олардың басқаша болуы мүмкін емес еді. Он жылдықты жаңа бітірген өңкей жас қыздар ел басына түскен ауыр күндерде әскери мамандықтарды тез-ақ меңгеріп, аса қабілеттілік көрсетті.
Бұлар ананың ақ сүтін ақтаған халқымыздың адал перзенттері, еліміздің мақтанышы, көгімізде шолпан жұлдыздай жарқыраған әйел қауымының ар-намысы, биік мұнарасы.
Жүргізуші: Отан!... Жау!... Олар қорқақтар сияқты түнде басқыншылықпен бейбіт халыққа шабуыл жасады. Бұл 1941 жылдың 22 маусымы еді...
(Д.Шостаковичтің № 6 симфониясының әуенімен)
Оқырман (1): Кең дала-туған анамыз,
Қарындас, сүйген жарымыз...
Әйелге бәрін балаймыз
Ұнатса нені жанымыз.
Тарих-ана атанды,
Ана деп жүрміз Отанды...
(О.Сүлейменов «Адамға табын, жер енді»)
Жүргізуші: Иә, кешегі он сегіз бен жиырманың арасындағы әлі жігіт сүйіп те үлгірмеген, күні кеше қос тұлымы желбіреп, ертеңгі болашаққа аппақ арман, балауса үмітпен күлімдей қараған жас қыздар нәзік балтырын сыздатқан солдат етігін киіп, гүл құшуға ғана жаралғандай сүйрік саусақтары ауыр автоматты көтеріп, майдан өтіне бара жатты.

Оқырман (2): Тыңда дүние, тыңда ұл, қыз
Тыңдаңдар, барлық әлем, тыңда!
Өмірге осы біз жауаптымыз,
Ұрпақтың алдында.
Нұрлы күн, жайнаған замана!
Ұқсайсың ақ жарқын анаға.
Қорғаймыз сені бір тұтас ел боп,
Сен үшін садаға, соғысқа жол жоқ!
(Н.Тілендиевтің "Өмір дастаны” әні орындалады,
сөзі Т. Молдағалиевтікі)
Жүргізуші: Елге қатер төнді. Ел үстіне найзағай, қара бұлт қабағы түйілуде. Бейбіт халықтың денесі жаралы. Жараң қанша болса, кегің сонша өлшеусіз. Көп зұлымдық, көп қорлық ел ішіне тас шемендей қатып, ел жүрегін ыза кернеуде.
Сол бір сұрапыл соғыс басталған күннен бері талай жылдар өтсе де, халық жадындағы ауыр күндер ешқашан ұмытылмақ емес. Ерлер өздерінің атақтары үшін емес жер бетіндегі өмір үшін күресті...

Оқырман(3): 1941 жыл ақпандатқан,
Сыртта аяз.
Аулымызды ақ қар жапқан.
Үңірейген үрей тұр соғыс дейтін,
Алапат аспан, жерді аттандатқан.

(«1941 жыл.Ақпан» М.Мақатаев)

Жүргізуші: Жеңіс күніне жетер жол жеңіл болмады... Соғыстың әрбір күні – қан мен өлім, қайғы мен мұңға толы болды. Жеңістердің қуанышы, батырлардың жанқиярлық ерлігі...
Оқырман (4): Аттан! Деді,
Ол ертең аттанады.
Аттанады еңбектің ақ табаны:
Күрегінің орнына қару алып,
Жауынгердің рөлін атқарады.
Ол ертең аттанады.
Жарты Ай тұр шар аспанда-тозған таға,
Үскірік үрлей ме әлде қозғалта ма?!
Әжем жүр туған жердің топырағын,
Тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға...
(«1941 жыл.Ақпан» М.Мақатаев)
Жүргізуші: Фашистер Еуропаның барлығын дерлік жаулап бағындырып алды. Олардың қуатты зеңбірек, ұшақ және танктері мыңдап саналатын. Басқыншылар жолдарында кездескен қарт пен әйелді, бойжеткен мен бейкүнә сәбиді аяусыз атты, дарға асты, қорлады. Фашистер өздерінің Кеңес еліне барар жолын осылай салды. Өздерінің жеңіске жететініне сенді... Бірақ, олар есептерінен оңбай жаңылды...
Оқырман: (4): (майданнан келген хаттан үзінді оқиды)
Жүргізуші: Бұл майданнан жазған жауынгердің хаты. Ол мыңдаған Отанын қорғаған солдат сияқты майдан шебінде қайтыс болған...
Майдан алыс ауылдағы еңбек майданында да, алдыңғы шептегі ұрыстарда да жүріп жатты. Ерлермен қатар нәзік жынысты әйелдер де соғысуда еді. Үлкен ауыртпашылық әйелдің нәзік иығына түскен еді… Ұлы Отан соғысының от-жалынды жылдарында ер-азаматпен бірге қолына қару алып, майдан шебіне аттанған ару қыздар сан жүздеп саналады. Жыл өткен сайын әйелдердің өшпес ерлігіне, өздерінің бақыттарын Жеңіс үшін күш-жігерін аямағандарын мақтаныш етеміз. ХХ ғсырдың ең қорқынышты соғысында әйел солдат болды. Майдан шебінде әйел жаралыларға қарап қана қоймай, қолына қару алды, тыңшы болды, жаулардан «тіл» әкелді. Жеріне, еліне, балаларына жауыздықпен қолын салған жауды аяусыз өлтірді.
Оқырман (6): « Адам өлтіру әйел адамның үлесі емес»- деген екен соғысқа қатысқан майдангер әйел. Екіншісі Рейхстаг қабырғасына: «Мен Берлинге соғысты өлтіру үшін келдім» деп жазыпты.
Жүргізуші: Соғыс жылдары майданның әртүрлі шебінде 800 мыңнан аса әйел адамзаты болған екен. Адамзат тарихында осыншама әйел адамының соғысқа қатысуы болмаған.
Сонымен 41-жылдары соғысқа аттанған аруларымыз қандай еді»?
(Сахнаға бірінен кейін бірі ақырындап 8 қыз бала шығады)
Ленинград қаласын әуе шабуылынан қорғаған зенит зеңбірегі расчетінің командирі Әкима Ақжолаева есіне алады.
Қыз бала (1): Майданға жету, қалайда жаумен бетпе-бет келіп, кек алу–біздің бар ой-арманымыз осы болатын. Әлі күнге жүрегімнің түкпірінде сақтап келген бір сырым бар. Ешкімге айтқан емеспін. Есіл-дертім ұшқыш болу еді. Біраз қиындықтардан кейін Хабаровск маңындағы самолет механиктерін дайындайтын курсты бітіріп, сонда қызмет еттім. Батысқа қанша сұрансам да жібермеді. Ауылға аз күнге демалысқа келіп, енді қайтар жолда бір қулық істегім келді. Құжаты жоқ адамды майданға алдыңғы шепке бірден жібереді дегенді естіп жүретінмін. Новосібір қаласына жақындағанда құжаттарымды құрттым да, қалаға келген соң, әскери комендатураға барып, құжаттарымның жоқ екенін айтып, енді майданға жіберулерін сұрадым. Сол бойымен Ленинград қаласынан бір-ақ шықтым. Өтірік айтып, біреулерді алдағанымды осы кезге дейін бір адамға айтуға ұялам. Бірақ бәрі сол майданға жетсем деген адал ниеттен шыққан еді… (қатардағы өз орнына барып тұрады)
Жүргізуші: Осы шындықтың өзі қазақ қыздарының нәзік жанды, ұяң, биязылығымен қатар патриоттық сезім, батыл жүректі жандар екенін дәлелдейтіндей.
Қыз бала (2): «Мен о баста дәрігер болуға талпындым. Бірақ ол мақсатымды соғыс орындатпады. Өз тілегіммен майданға келдім. Ал штабта қағаз жазып отырғанда не бітіремін. Небір жайсаң азаматтар жауды жайпап, өздері де қыршын кетіп жатқанда менің жаным солардан артық па еді! Соғыс сұрапылының бәріне төзгім келді. Бас сауғалауға арым бармайды… Тек кейде ауырып қаламын ба деп қорқамын. Мен өзімді-өзім мүлде өзгертіп, кейбір қатал командирлерге ұқсағым да келеді. Өзім басқаратын пулемет расчетында жақсы да, нашарлау да адамдар бар. Олардың бәріне бірдей мен жақсы көрінгім келмейді. Тәуір істерін жақтап, мақтап, нашарларын жөнге салсам- командирлік міндеттің орындалғаны ғой деп ойлаймын».
Жүргізуші: Бұл қазақ халқының қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың майданның алдыңғы шебінен тілшілерге берген алғашқы сұхбаты еді.
Оқырман (7):
Абайлады сонда Мәншүк жан-жағын,
Көрді өзінің жапа-жалғыз қалғанын.
Көзге жанар, көкірекке кек толып,
Қинады қимай серік-саңлағын.

Қара көзі жарқ етті тек танадай,
Төңкерілді ашылып бір қарамай.
Пулеметте ойнап тұрған он саусақ.
Қалды қатып бір серпуге жарамай.
(М.Хәкімжанова «Мәншүк» поэмасынан)
Жүргізуші: 1943 жылы қазан айының 7-сі күні Невель қаласының маңында орналасқан Изочка темір жол стансасын басып алу ұрысы болды. Осы ұрыста жанқиярлықпен соғысып, пулеметпен көптеген фашистердің көзін жойды. Бірақ өкініштісі сол шайқаста өзі де ерлікпен қаза тапты. Шығыс халықтарының тарихында әйелдер арасында тұңғыш рет теңдесі жоқ ерлік көрсетіп, туған Отанын, халқымыздың ар-намысын қорғаған Мәншүк Мәметова есімі барлық уақытта да жастарға өшпес өнеге болмақ. Сол жылдары Мәншүктің қарулас жалдастары анасына былай деп хат жолдапты: «Аға сержант М.Мәметова жолдас өмірінің соңғы минутына дейін фашистік жауыздарды аямай жойды. Мәметова жолдас жаудың боратып атқан оғына, сондай-ақ өзінің жаралануына қарамастан жауды үздіксіз атқылап, шабуылына шыққан бөлімдердің тоқтаусыз алға басуын қамтамасыз етіп отырды. Шексіз батырлығымен жауынгерлерде жаңа жігер тудырып, оларға фашистерді құртуда бар күштерін жұмсауға зор дем берді.
…Мәншүк Мәметованы мәңгі есте қалдыруды көздеп, Невель қалалық Советі атқару комитетінІң бірінші мәжілісінде қаланың бұрынғы Приамурская көшесін пулеметші қазақ қызы Мәншүк Мәметованың, ал Торфяной переулогін Мәншүк есімімен атауға шешім қабылданды… Мәншүктің қарулас жолдастары 1943 жыл, 25 қазан.»
Біраздан кейін Мәншүк Мәметоваға Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді.
Қыз бала (3): ...Қазір мен жол үстіндемін, алдыңғы күні аттанғанбыз, бүгін, сірә, көздеген жерге жетіп қалармыз деп ойлаймын, бірақ бұл аса анық емес. Қайда бет алғанымды өзің де түсінесің ғой деп ойлаймын. Бірақ, сенен бұл жөнінде қынжылмауды өтінем, неге десең мектепте әлде де болса бірқатар уақыт оқуға қалдырса да, өзім сұранып аттандым. Өміріме өкінішім жоқ. Бірақ жүректі билеген бір қалтқы ой бар: жоқ, ол-өзім туралы емес-сенімен, сәбилермен, жеңешеммен, жалпы туыстарыммен кездесе алмағаным...
... Қазір алдыңғы шепте тұрмыз. Хатты терең окопта отырып жазудамыз. Айнала ну ағаш. Немістермен бетпе-бет кездесіп тұрамыз. Менің басымда каска, белімде граната, ал қолымда винтовка бар...
Жүргізуші: Иә, бұл ержүрек Әлияның туыстарына жазған хаты еді. 1944 жылы 14 қаңтарда Казачиха деревнясы үшін кескілескен ұрыста алған ауыр жара Әлияның өмірін қиып түсті. Бұл 1944 жылдың қаңтары еді. Сол бір кескілескен шайқаста тірі қалса, Әлия бес айдан соң 19 жасқа толар еді...Оның қысқа өмірінің екі жарым жылы қанды майданда, от кешумен өтті. Бірақ бұл – жалын боп лаулап, құйрықты жұлдыздай жарқырап өткен, кейінгі бүкіл іні-сіңлілеріне мәңгілік өнеге болып қалған өмір. Ол қаһармандық дастанын жазып үлгірді. Ару Әлия, қаһарман Әлия бізге «Отаным, елім» деп соққан аяулы жүрегін мирас етті...
Оқырман: (8)
...Жан емес пе, махаббат пен бақыт үшін жаралған,
Гүл емес пе жаңа ғана тіршіліктен нәр алған!?
Күйер ме екен от-жалынға жапырағындай жас талдың
Әлияның жүрегінде өркен жайған бар арман?!
«Аққу поэмасы» Н.Исабаев
Жүргізуші: Кеңес Одағының Батыры атағын алған ержүрек қыз Әлия соғыста таңғажайып ерлік жасады. Ол тамаша соғыс шебері, мерген, барлаушы, сапер, автоматшы, керек кезінде қол бастаған командир міндетін де атқарған. Әлия Молдағұлованың қысқа өмірінде жасаған ғаламат ерлігін қастерлеп жауынгер достары да оны «батырдың батыры» деп атап кеткен. Міне, ол мұндай қасиеттерді туған жерінің топырағынан, өскен ортасынан, қазақ деген халқынан, анасының ақ сүтімен бойына дарытқан деп мақтан тұтуға әбден халқымыз.
(С.Бәйтерековтың Б.Тәжібавтың сөзіне жазыллған «Әлия әнінің әуенімен»)
Оқырман (9):
Біз сендердей жаңа ашылған гүл едік,
Жерге бақыт, елге бақыт тіледік.
Отан-ана отқа күйіп жатқанда,
Біздер ме едік үй бағатын тірі өлік.
(Т. Молдағалиев «Махабат оты сөнбейді»)
Жүргізуші: Қазақ халқының екі көзінен үзіліп түскен қос тамшысындай Әлиясы мен Мәншүгі жарық жұлдыздай болып, аспан төсіне мәңгілікке қадалып жатты. Алайда төрт жылғы қанды топалаңда жарты Еуропада іздерін қалдырып, туған топырағына аман-есен оралған батыр апаларымыз да баршылық. Солардың арасында қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Доспанова Хиуаз.
Қыз бала (4): "Ең бірінші әскери тапсырманы Краснадонда алып, жаудың күші мен техникасын жоюға біз аспанға түнде көтерілдік. Айналаның бәрі тастай қараңғы. Құлақ түбінен уілдеген желдің ызыңы ғана естіледі. Ұшағымыз ауада қалқып келе жатқандай, анда-санда тербеліп қояды... Тек сонау төменде айқыш-ұшқыш атылған оқтардың, жерге түскен бомбалардың жарқылы көрініп қалады. Осылай айналаны бағдарлап ұшып келе жатқанымызда, кенет айналаның бәрі анық көрінді. Сөйтсек, жау әскерлері өз шептеріне өткен біздерді байқап қалып, жүздеген прожекторларын жаққан екен. Сол-ақ екен айналаның бәрі-астаң кестең болды да кетті. Командирімнің "таста, таста” деген бұйрығына қарамай нысананың дәл келуін күтіп, оңтайлы сәтті күтіп тістене түсудемін. Осылай әбден бағдарлап бомбаны тастап-тастап кеп жібердім. Төмендегінің бәрі астаң-кестең болып жатыр. Мен құшырлана қайта тастаймын. Сонымен бұл түні біздер берілген тапсырманы ойдағыдай орындап аэродромға қайттық.
Жүргізуші: Ең алғашқы аспандағы айқасы осылай басталған Хиуаз апа Берлинге дейінгі ұзақ жолында 300-ден астам рет аспанға көтеріліп, екі рет жаралы болыпты. Жау үстінде жасындай сорғалап, гитлершілердің берекесін қашырған қазақтың ұшқыш қызы талай рет көзге түсіп "Жауынгерлік Қызыл Жұлдыз”, Отан соғысы ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Мәскеуде медицина институтында оқып жүрген кезінен майданға өз еркімен аттанып, Кеңес Одағынының Батыры М.Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі барлаушы ұшқыштар полкінің құрамында Кеңес аэродромынан өзіне бекітілген ПО-2 самолетімен 300 рет ұшып шығып Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Германия жерлеріндегі жау бекіністерін жайратқан, дұшпандарына қара түнек орнатқан. Соғыстан соңғы жылдары Хиуаз бейбіт өмірге оралғаннан кейін халқының қалаулысы болды. Түрлі жоғары мәртебелі жұмыстар атқарды. Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Жоғары Кеңесінің жауапты хатшысы, Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы болды. Еліміз егемендік алғаннан кейін Хиуаз Доспанованың майдангерлік-жауынгерлік еңбегі әділ бағаланып Халық Қаһарманы атағы берілді. Апамыз Берлиндегі Жеңіс күндері туралы былай деп еске алады.
Қыз бала (6): "Әне –міне дегенше жеңісті асыға күтетін күнге де жеттік. Күннен-күнге соғыстың аяқталуын күттік. Жеңіс күнін қуанышпен қызу атап өттік. Пулемет лентасында, ұшақ бортында, наганда бірде- бір оқ қалған жоқ, жеңіс құрметіне аспанға атып, салют бердік. Үйге қайтар алдында Берлинге барып келуге келістік. Уақыт бар. Сөйтіп, 1945 жылдың 2 маусымы күні машинаға мініп, Берлинді аралап қайтуға аттандық. Рейхстагты аралап жүргенде бір топ неміс әйелерін кезіктірдім. Олар маған таңырқана қарап:
-Оу, офицер азиейшин!- дейді. "Мынау азиялық офицер деулерінен мені сөз етіп тұрғанын сезіп, тәкаппар күймен түсінік бердім. Жай ғана азейшин емес, Қазақстанның офицері екенімді айттым. ... ”.
Оқырман (10):
Ырзамыз барлық ісіңе,
Періште... қара көздерім.
От пенен судың ішінен
Бізді алып шыққан өздерің.
Қызықтың бәрін құрбан ғып,
Біз үшін күйіп-жандыңдар.
Бізді ойлап жүріп, жылдардың
Өткенін білмей қалдыңдар.
(С.Жиенбаев "Қазақ әйелдері”)
Жүргізуші: Пулеметші, ефрейтор София Шияпованың естелігін тыңдап көрелік...
Қыз бала (6): ...Будапешт үшін сұрапыл ұрыс жүріп жатқан.Біз бекінген үйге қарай бір ротадай неміс солдаттары келе жатты. Мен пулеметтен оқ жаудырдым. Бұл жағдайды күтпеген немістер сасқалақтап қалды. Осы кезде жауынгерлер келіп, селоны жаудан тазартты. Бұл ерлігім үшін мен «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталдым.
Оқырман (11):
Айқасқа барам өліммен,
Қайтемін жалғыз бас қамын,
Бұрымымды төгілген,
Туған жер, саған тастадым.
Өзіңде қалсын бұрымым,
Хош боп тұр, байтақ қырларым,
Кесіліп қалған қызығым-
Айта алмай кеткен сырларым!
(Д.Қанатбаев «Бұрым»)
Жүргізуші: «Н» бөлімінің саяси басшының орынбасары, журналист Сұлтан Қожаниязовтың 1943 жылы дәрігер қазақ қызы Қайралапова туралы мақаласынан үзінді. (Өкінішке орай дәрігердің аты жазылмаған)
Қыз бала (7): Анталаған ажал. Жаңбырша жауған оқ. Соғыс 1418 күнге созылды. Жүздеген жауынгер жарақат алды, мерт болды. Нәзік жанды әйелдер бораған оқтың астында жүгіріп жүріп жарасын таңды. Жарақат алғандарды арқалап тылға тапсырды. Кіп-кішкентай қазақ қызы қорқуды білмейтін не деген жүректі жан»-деп жауынгерлердің бәрі таңданды. Анталаған ажал екінші рет төнді. Жаудың күші бізден анағұрлым басым болды. Біз өте аз едік, небәрі 60-ақ жауынгер, 2 зенитшіміз. Пулеметшінің бірі оққа ұшты. Пулемет иесіз қалды. Қазақ қызы пулеиметті алды да, төніп келген жауға оқ жаудыра бастады. Құзғындар көп шығынға ұшырады. Қайтадан қаша бастады...
Оқырман: ...Оқ тиіп сержантқа да, оған дағы
Жаралап екеуін де кетті тағы.
Алайда, ер жүректі қазақ қызы
Қобалжып қаймықпады, сынып сағы.
Ілезде жараларын тағы таңып,
Ілгері жылжыды қыз арқаланып.
Тастамай командирді алып шықты
Қансырап шаршаса да арып-талып.
Сейітов С. «Санитарка Әзиза»
Жүргізуші: Қазақтың көрнекті ақыны Дихан Әбіловтың "Махаббат құдіреті” кітабында "Автоматты алға кезеп, сұр пилотка, сұр гимнастерка киген, от ішінде, оқ астында немістерді жусатып салғаны үшін "Жауынгерлік ерлігі үшін” медаліне ұсынылған” деп сипаттайтын қазақтың қайсар қызы зеңбірек оқтаушы Алтын Уәлиева еді.
Қыз бала (8): "Нағашыларым соғыста қаза болды, Бір кіндіктен бауырым екеуіміз-ақ едік. әскери комиссариатқа келгенімде, жасымның кішілігін айтып соғысқа алмады. Сосын 17 дегі жасымды үлкейтіп жаздырып, соғысқа іліктім. Кемерово қаласында ұшқыштар даярлайтын оқу орнында, әйелдер полкының құрамында бір жыл арнайы әзірліктен өтіп, кіші маман болып шықтым. Кеңес Одағының батыры, жаудың 67 самолетін атып түсірген эскадрилья командирі А.Сироткиннің зеңбірек оқтаушысы міндетін атқардым. Дихан ағамен соғыста үш рет кездестім. 1943 жылы Витебск түбінде. Түскі тамақ кезінде бір топ қазақ сау етіп кіріп келді. Осында қазақтың қызы бар дегенді естіп, мені іздеп келген "Алға, жауға қарсы аттан!” майдандық газетінің тілшілері екен. Оларды Дихан бастап келіпті. "Тым жас екенсің. Мұнда қайдан адасып жүрсің?” болды Дихан ағаның алғашқы сауалы. Кейіннен Дихан аға соғыстан кейін де көмектесіп тұрды.
Қыз бала (9): ...Көп ұзамай-ақ ұшақпен ұшып жүріп, жау жағының маңызды объектілерін суретке түсіруге тәп-тәуір машықтанып алды. Кәдімгі барлаушылардың қатарына қосылды. Жау тылына жиі-жиі шығып, белгілі объетілерін суретке түсіретін болды. Соның нәтижесінде дайын болған фотопленкалар тиісті орындарға жіберіліп, сол арқылы біздің әскерлердің алдағы іс-қимылдарының жоспары жасалып жататын. Әрине, мұндай барлау сапарларының бәрі сәтті бола бермейтін еді. Кезекті барлаудан қайтып келе жатқан ұшақты фашисттер байқап қалып, оқ жаудыра бастайды. Сөйтіп қоршаудан сытылып шыға бермек болғанда, жау жағы оқты қарша боратады. Бір кезде лаулап жана бастаған ұшақ қою түтін будақтатып зуылдай жөнеледі. Өмір мен өлім белдескен осы бір сындарлы сәтте Рахиланың көз алдына өзінің сүйікті Қарағандысы, аяулы анасы, дос-жарандары келе қалғандай. Төменде-орман. Аман қалған барлаушылар үш күн бойы немістерден бойтасалап, шаршап-шалдыға жүріп, ақырында орман арасындағы партизандар отрядына келіп қосылды. Солардың көмегі арқылы өз аэродромына аман-есен жетеді.
Жүргізуші: Бұл көмірлі қарағандыдан түлеп ұшқан санаулы қазақ қыздарының бірі –барлаушы Рахила Ералинаның жауынгерлік өмірінің бір ғана ұмытылмас сәтінен көрініс...
Оқырман: Ызалы қайрат кернеген,
Жалынды жігер тербеген,
Тербеген сайын өрлеген
Қарсыласып майданда
Қарулы қолын сермеген
Қайратты ана аттанды.
Жауға қарсы ашынып,
Жауға құрал асынып,
Жау үстінен асырып,-
Оқ жаудырып, дөп тастап,
Беттескенді қашырып,
Айбатты ана аттанды.
(Ж.Сыздықов "Ана аттанды”)
Жүргізуші: "...Қоршауда қалған жүз шақты жауынгерлерді шабуылға батылдықпен көтеріп, жан-жақтан қусырған жау танкілерінің екеуін өртеген қазақ қызының ерлігіне куә майдангер М.Левченко: «Оққа ұшқан командирлерінің орнын басып, суырылып алға шықан жап-жас лейтенант қазақ қызының өжеттігін тебірене еске алады. Танкіге қарсы қорғаныс шебін ұйымдастырып, алғашқы қақтығыста-ақ темір тажалдың біріне от құштырып, одан екіншісін өртеген қыз, сеніңіз, батыр деуге әбден лайық” деп ойын қорытындылап, төмендегі өлең жолдарын арнаған екен.
Оқырман: Мен гүлденген Украинаданмын,
Маған қымбат Днепр жағалауы.
Астықты алқап әнмен тербелетін,
Көзді арбап кешкі алауы.
Бірақ мен де ол секілді,
Қазақстанда туғандаймын.
Қазақ жерінде өскендеймін,
Қос бұрымын көргендеймін,
Тұманда, түтінде кештен кейін
Ақ сақалды ақын осы ауылда,
Домбырада қосылып жыр айтқандай,
Бізді бастап ол кенет алға ұмтылады,
Жау қолынан атылды оқ қандай...
Таулы өңір тыныш ұйқыға батар,
Басылып соғыс күркірі
Таңдарын күтер жарқырап атар,
Даланың тірі бір гүлі.
Жүргізуші: Бұл өлең 1944 жылы майдандық «Патриот Родины» газетінде жарық көрген. 1944 жылы 2 қазанда Польша жерінде ерлікпен қаза болған 20 жасар лейтенант, батальон камсоргы, қазақтың батыр қызы Алтыншаш Өскенбайқызы Нұрғожинова Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылып, белгілі себептермен тапсырылмай қалған.
Оқырман: Жеңем деген ел сөзін!
Тұрды ажалдан жоғары
Өмір, адам жұлдызы,
Тұрды ажалдан жоғары
Жеңіс туы қырмызы,
Тұрды ажалдан жоғары
Отан, ұрпақ болашақ.
Тұрды ажалдан жоғары
Өмір нұры жарқырап.
(Ж.Саин)
Жүргізуші: Соғыс аяқталды. Соғыстан аман қайтқан жауынгер қыздардың өмірлері әрқалай өрбіді. Әрине, сұм соғыс салған жан жарасымен қатар әртүрлі жарақаттары бейбіт өмірге араласып кетуге көп кедергі болды.
(Қыздардың барлығы ортаға шығады)
Категория: Қазақ тілі | Добавил: Admin | Теги: 9мамыр, ашық сабақ, мерекесі, дайындық, 9 май
Просмотров: 10075 | Загрузок: 1491 | Рейтинг: 3.2/4
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]