Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Қоғамның этникалық қауымдастығы туралы ұғым
[ Скачать с сервера (99.5 Kb) ]

Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Адам және қоғам]
10.10.2013, 20:44
6-дәріс. Этноәлеуметтану. 1сағат.
1. Қоғамның этникалық қауымдастығы туралы ұғым.
2. Этникалық қауымдастықтың ұлтқа бірігуі.
3. Ұлттық-этникалық қатынастар, оның мазмұны.
4. Қазіргі Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар.
1. Бұл тақырып студенттерге сирек кездесетін болғаннан әлеуметтану пәнінің нені зерттейтінін қайталап жіберген артық емес. Әлеуметтану бізді қоршаған әлеуметтік ортаны, адамның алуан түрлі бірліктері (отбасы, әлеуметтік топ, ұйымдар мен институттар және т.б.) және олардың іс-әрекеттері мен қызметтері, санасы мен тәртіптері, көңіл күйлері мен мінез құлықтары және т.б. зерттейді. Ал соның арнайы саласы "Этноәлеуметтану" қоғамдағы этникалық қауымдастықтардың пайда болуын, оның құрылымын, мәнін, мазмұнын, дамуын, олардың атқаратын қызметін, араларындағы тұрақты, қайталанып отыратын қажетті байланыстар мен қарым-қатынастардан туатын әр түрлі әлеуметтік үдерістер мен құбылыстарды қарастырады. Сондықтан этноәлеуметтанудың пәні этникалық қауымдастықтардың дамуы мен қызмет етуінің әлеуметтік аспектілерін, олардың мүдделері мен өзіндік ұйымдасу нысандарын, ұжымдық мінез-құлықтың заңдылықтарын, осы әлеуметтік ортадағы адамдардың өзара әрекетін зерттеу болып табылады.
Адамдар белгілі бір топтарда бірге және ұзақ өмір сүре отырып, басқа топтардан бөлек ортақ және тұрақты белгілерге ие болады. Ондай белгілерге тіл, өзіндік тұрмыстық мәдениет, қалыптасқан әр түрлі халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері жатады. Бұл белгілер адамдардың этникалық санасында орнығып, олар өздерінің бірлігін, ең алдымен өзінің шыққан ортақ тегін, соның негізінде өздерінің туыстық қатынастарын сезініп, осы белгілерімен олар басқа халықтардан бөлектеніп, күрделі этникалық қауымдастыққа айналады.
Этникалық қауымдастық деп өздерінің шығу тегі, ортақ белгілерімен және бірге ұзақ өмір сүруімен өзара байланысқа, қарым-қатынасқа түскен адамдар тобын айтамыз. Адамдардың белгілі бір тарихи қауымдастықта болуы - әлеуметтік объективтік қажеттілік десек, осы қажеттілік адамдардың түрлі топтарының өмір сүру жағдайына, тұрмысына, мүдде-мұқтажына, мәдениетіне, қызметіне және т.б. белгілі бір деңгейде әсер етеді.
Осы арада "этника" деген ұғымға тоқтай кеткен жөн. Ол ру, тайпа дегендерді білдіретін гректің "этнос" деген сөзінен шыққан. Этностар мәңгілік өмір сүре бермейді, олар туады, дамиды, өзгереді, өледі. Мұндай үдерісті этноәлеуметтануда этногенез деп атайды. Этногенездің негізін қалаған атақты ғалым Лев Николаевич Гумилев "этнос" деген ұғымды биологиялық және әлеуметтік тұтастық ретінде анықтап, оны биосфераның бір бөлігі, оның туындысы ретінде көрсетті. Сондай-ақ ол этногенезді әлеуметтік эволюцияның жемісі, нәтижесі ретінде дәлелдеді. Этностың ағынасы "халық" дегенге өте жақын. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша, жер бетінде 3 мыңнан астам этникалық қауымдастықтар әлемнің 220 мемлекетінде орналасқан.
2.. Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауымен тайпалар да жойылды. Өркениетке өтуге байланысты бірінші кезекке адамдар арасында рулық байланыс емес, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастардың шығуы тайпаның басқа этникалық қауымдастыққа - халыққа орын беруіне әкелді. Этникалық қауымдастық ретіндегі барлық халықтар өркениет биігінде (Ежелгі Греция мен Рим, Египет, Индия немесе Қытай, кейінірек кезеңді алғанда Франция, Германия немесе Ресей халықтары) өздерінің әлеуметтік–этникалық белгілерімен, яғни шыққан тектерімен, тілдерімен, мәдениетімен, этникалық санасымен және т.б. ерекшеленді, ерекшеленеді.
Халықтар өркениет дәуірінде тайпалармен салыстыруға келмейтін үлкен әлеуметтік–этникалық топтасуға және өздерінің тілдерінің, материалдық және рухани мәдениетінің жоғары дамуына қол жеткізді. Экономикалық қатынастардың дамуы адамдардың саяси және мәдени өзара байланысын күшейтті, ол өз кезегінде олардың материалдық тұрмыс жағдайларының, территориясы мен экономикалық өмірінің, тілі мен мәдениетінің, әлеуметтік психологиясындағы кейбір этникалық ерекшеліктерінің ортақ болуына алып келді. Осының негізінде ұлт қалыптасты. Бұл үдеріс машиналық өндірістің және елдің барлық аймақтарын тұтас бір экономикалық организмге айналдырған капиталистік нарықтың дамуымен аяқталды.
Осы айтылғанды жинақтай отырып, ұлтқа мынандай анықтама беруге болады: ұлт – бұл адамдардың шыққан тегі, тілінің, территориясының, экономикалық өмірінің ортақтығымен, сондай–ақ этникалық санасы мен сана–сезімінде көрініс табатын психикалық ерекшеліктері және мәдениетінің ортақтығымен сипатталатын ерекше тарихи қауымдастық.
Ғалымдар ұлттың тағы бір ерекшелігі оларға кіретін адамдардың мүдделерінің ортақтығын атайды. Бұл ұлттардың қалыптасуы мен дамуының қуатты факторы болып саналатын олардың бірге өмір сүруімен, ортақ тарихы және ортақ тағдырымен түсіндіріледі. Міне, осыдан бар мүшелерін ұйыстыратын ұлттың рухани әлемі қалыптасады. Ұлттық түсінік белгілі территорияда тұрып жатқан тұтас ұлттардың ғана емес, оның қай мемлекетте, қандай халықтармен бірге тұрмасын барлық өкілдерінің этникалық белгілерін білдіреді.
3. Ұлт проблемасында ұлттық–этникалық қатынастар ерекше орын алады. Оның тууы мен дамуының объективті алғы шарты ұлттың шығу тегіне, өмір сүруі және дамуының жағдайына, тілінің, мәдениетінің, этникалық санасымен және т.б. аяқталатын этникалық сипаттары жағынан бөлек ерекшеліктерінің болуымен байланысты. Және ұлттық–этникалық қатынастар басқа қатынастардан (саяси, рухани, тілдік, экономикалық, экологиялық) таза күйінде өмір сүрмейді, оның мазмұны мен нысанында көрініс табады. Бұл қатынастардың барлығы шешімін тауып жатқан кезде белгілі этникалық қауымдастықтың проблемалары ғана қозғалса, онда ол ұлттық сипат алуы мүмкін.
Ұлттық-этникалық қатынастар тек тұтас ұлттар, этностар, халықтар арасында пайда болып қоймайды, сонымен қатар әр түрлі ұлт өкілдерінің күнделікті қатынас үстінде болуы мүмкін. Тұлғаралық қатынастарда олардың моральдық және психологиялық қырларын ескеру аса қажет. Адамдардың ұлттық сезімі нәзік, ол жеңіл жаралануы мүмкін. Сол себепті әдептілік пен сыпайылық, бір-біріне деген сыйластық аса қажет. Бұған басқа халықтардың әдет-ғұрпын, салт-санасын, жалпы мәдениетін білудің, басқа ұлт өкілдеріне қатысты төзімділік пен құрметтеуді тәрбиелеудің орны бөлек.
Ұлттық-этникалық қатынастар белгілі бір этностардың өздерінің мүдделерін жүзеге асыруға бағытталады. Сонымен бірге халықтардың ұлттық мүдделері өздерінің өмір сүруіне, өзіндік ерекшеліктерін сақтауға, экономикалық, мемлекеттік, мәдени дамуларына қатысты болады. Сондықтан осы қатынастар кешенін үндестіру халықтар арасындағы әлеуметтік-саяси және басқа қатынастарды, сондай-ақ ұлттық сана мен саяси институттарды демократияландыру жағдайында мүмкін болады. Бұл барлық халықтардың шынайы мүддесіне сай және ұлтаралық қатынастар дамуының объективті бағытынан ұлттың барынша көпшілігінің экономикалық және саяси дербестігін дамытудан, олардың мемлекеттігін, рухани мәдениетінің дамуын жетілдіре түсуден байқалады.
Қазіргі заманғы дамыған ұлтаралық қатынастар шеңберінде мынадай мәндірек үдерістерді атап көрсетуге болады:
- халықтардың этникалық нығаюы, яғни олардың саяси, экономикалық, тілдік, мәдени дербестігінің дамуы, ұлттық-мемлекеттік тұтастығының нығаюы;
- халықтардың өз қажеттерін барынша қанағаттандыру мақсатында өмірдің барлық салаларында қатынасты кеңейту мен тереңдете түсуге бағытталған этникааралық жақындасу;
- сан жағынан көп емес халықтың өз тілін, этникалық мәдениетін жоғалтып дамыған екінші бір халықтың тілін, салт-дәстүрін қабылдауы, яғни ол халықтың жұтылуы, ассимиляцияға ұшырауы;
Ұлттық мәселе ұлттың дамуы мен ұлттық қатынасының өзара байланысты территориялық, экономикалық, экологиялық, саяси, тілдік, моральдық-психологиялық проблемаларының жүйесін құрайды, оның жүзеге асуын қарастырады. Қазіргі кезеңде ұлттық мәселенің мазмұны бүкіл халықтардың еркін және жан-жақты дамуында, олардың қарым-қатынасын кеңейту және ұлттық мүдделердің үйлесімділігінде жатыр.
Ұлттық мәселе болғаннан кейін ұлтаралық шиеленістердің болуы мүмкін, ол саяси, территориялық, экономикалық, тілдік мәдени, діни проблемаларды шешу барысында болып жатады. Оның шығуының өзіндік объективті себептері болады. Шиеленіс тұтас этностардың және оның өкілдерінің арасында болуы мүмкін. Сондықтан шиеленістің себептерін тауып және оның дамуына жол бермей, алдын алуға көмектесіп, оның шешілуінің тиімді тәсілдерін ұсынып отырған дұрыс.
Отандық этноәлеуметтапну ғылымының көрнекті өкілі Марат Мұхамедғалиұлы Сужиков ұлттық-этникалық қатынастардағы шиеленістерді қарастырғанда оның жалпы себептерін, сондай-ақ шиеленісті туғызып отырған аймақтық себептерді анықталмай және оларды практикалық саясат амалымен шешпей, бұрынғы күйінде қалдырылса, ол күшейе түсуі, содан стихиялық үдерістер қоғамның ақыл-ой күшінің бақылауынан шығып кетуі мүмкін деп қатаң ескерткен болатын. («Напряженность или гармонизация?» (развитие межнациональных отношений в Казахстане). - Алма-Ата, 1991. – стр.120).
4. Қазақстан Республикасы егемендігін, тәуелсіздігін алғаннан кейін жағдай көп өзгерді. Елімізде тұратын ұлттар, ұлыстар өмірдің, қоғамдық өндірістің қай саласында болмасын толық билікке, теңдікке, еркіндікке, бостандыққа қолы жетті. Ұлттар арасында сенімділік, ынтымақтастық, келісушілік, түсінушілік күшейе түсті. Осылардың негізіңде республикада ұлт пен ұлыстар арасында принципті жанжалдар, дау-дамайлар болған жоқ. Олардың арасындағы алуан түрлі қатынастар қоғам бірлігін, тұтастығын күн сайын дамытып жетілдіруде.
Қазақстандағы ұлтаралық қатынасқа ерекше құқықтық негіз жасап отырған - 1990-1991 жылдары қабылданған Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларация мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң. Бұл ең алғашқы құжаттарда Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бiрiншi дәрежелi мiндет деп саналған болатын. Ал 1995 жылы қабылданған Конституцияда қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықтың тайға таңба басқандай айқын жазылуы біздің мемлекетіміздің де, оның басшысы Н.Назарбаевтың да сара саясаты, күнделікті қызметінің маңызды саласы болып табылады. Осы бірлікті ең негізгі қамтамасыз етіп, еліміздегі бүкіл этнос өкілдерін топтастырудың тарихи жауапкершілігін қазақ ұлты мойнына алып отыр.
Қазақ табиғатында кең пейілді, иманды халық. Ата-баба дәстүрі «жандының барлығына жаның ашысын» деп үйретеді. Қазақ солай өсті, солай дамып келеді. Әйтпесе сталиндік зобалаң кезеңде қазақ жеріне жалпы саны 1,5 миллиондай неміс, корей, шешен, ингуш, балқар, күрді, мескеттік-түрік, болгар, грек, қырым татарлары, қалмақ және т.б. халықтарды көшіріп әкелмеген болар еді. Бұл арада Қазақстанның жерінің кеңдігі ғана емес, ұлтымыздың жанының жомарттығы мен өзгені өзекке теппейтін айрықша мінезі де ескерілді.
300 жылдай болған патшалық Ресейдің отаршылдық саясатының да, кешегі кеңестік тоталитарлық жүйенің де басқа халықтар сияқты қазақ халқына алып келген зардаптары аз болған жоқ. Отаршылдықтың ойранының әлі күнге лебі сезілмейді емес. Кеңес Одағы тұсында Ресей империясына тәуелді басқа елдер сияқты Қазақстан да езгіде болды. Мұның бәрі қазақтың рухани мәселесін - тілін, мәдениетін, діні мен ділін күрделендіріп жіберді. Бұл мәселеге осы кезге дейін арнайы саяси баға берілмей келеді.
Сонан соң Қазақстан көп ұлтты мемлекет пе, әлде көп этносты ел ме дегеннің басын ашып алу керек. Өйткені күнделікті ресми құжаттарда саяси мақалаларда, тіпті кейбір ғылыми әдебиеттерде нақтылық жетіспей жатады. Қазақстанды көпұлтты мемлекет деп есептеуге негіз жоқ. Қазақстанда бір-ақ ұлт бар. Ол - қазақ ұлты. Мұны, ең болмағанда, бүгін елімізде қазақ 63 пайыздаан асып отырғанда еркін айтуға болатын шығар
Қоғамда орын алып отырған ұлтсыздық санамен, жалғасып отырған сырттай және іштей орыстану үдерісімен күресу жолдарын тұжырымды ойластырған жөн. Ең қиыны - ұлтсыздық сана ұлттық ойлау жүйемізді бұзып, ұлттық танымымызды қатты әлсіретіп отыр. Осы орайда әдебиетіміздің алыптарының бірі Ғабиден Мұстафин: «Біз ұлтшылдықпен күрестік, енді сендер ұлтсыздықпен күресесіңдер» болмаса бүкіл түркі халықтарының ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді», - дегендерін еске сала кеткен артық болмас.
Көпэтносты қоғамда ел бірлігін қалыптастыру және нығайту мемлекеттің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етудің, оның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуындағы стратегиялық басымдықтарды іске асырудың негізгі шарты болып қала береді.

Бақылау сұрақтары
1. Этноәлеуметтану нені зеттейді?
2. Этникалық қауымдастық деп нені айтамыз?
3. Этникалық қауымдастықтың ұлтқа бірігуі үдерісін түсіндір?
4. Ұлттық-этникалық қатынастар дегеніміз не?
5. Қазіргі Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар дамуы туралы не білесің?
Категория: Адам және қоғам
Просмотров: 13696 | Загрузок: 612 | Рейтинг: 4.5/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]