Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Қазақ әдебиеті - тұлғаның рухани дамуының бастауы


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті]
02.02.2012, 14:07

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ-ТҰЛҒАНЫҢ РУХАНИ ДАМУЫНЫҢ БАСТАУЫ

 

Ш. А.Өсерова, А.Б.Бөгенбаева

Жамбыл атындағы №5 орта мектеп, Тараз қ.

 

Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы - ұлттық мәдениетінің маңызды белгісі болып табылады. Осы арқылы ол ұлттың ұлттық тәрбиесінің ерекшеліктерін білеміз. Қазақ халқының этностық ерекшеліктерін байыптасақ, бұл халық ұрпақ сабақтастығын сақтап, алысты жақындатып, аразды татуластырып, ізетті келіннен таныған, татулықты абысыннан тапқан, дарқандықты даласынан, даналықты бабасынан, пәктікті баласынан алған халық. Қазақ адамгершіліктің басы - әділдікті ту етіп, әділдіктің басы болған адалдықты анасынан алған. Аналар ұрпақты ұлағаттылыққа баулып, дауға - дәру, жауға - қару, араздыққа - араша, татулыққа- тамыр, тазалыққа - нәр,  пәктікке - пәрмен, дәстүрге - дәрмен, өнерге - тұлпар, көкте - сұңқар етіп  тәрбиелеген. Қазақтар «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның  тәрбиесімен тәрбиеле», - дегендей халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесі өзге ұлттардан ерекшеленіп, өздеріне тән   қасиеттерді көрсетіп тұратындығын жоққа шығара алмаймыз. [10,8 бет]

Халқымыздың ұлттық тәрбиесі негізінен  жүйелі болған деп айтуға болады. Өйткені, тәрбиеге әке-шеше, отбасынан  бастап ағайын-туыс, көрші-қолаңның бәрі араласып, бәрі де халықтың баласына ортақ  қамқорлылық жасаған. «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр  қалдыр» деген қазақ халқы озық жұрттардың санатында болашақ қамын қатты  ойластырған.

Сол себепті ұлтымыз:

              «Балаң өзіңе тартса - жұбан,

               Қоғамға тартса - қуан» - деп бекер айтпаған. Қазақ табиғатында отбасы  иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі  болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «ұлдың ұяты - әкеде, қыздың ұяты - шешеде» деп бағалағандықтан қызын - арға, ұлын - нарға бағалаған.

   Мектеп - қазақ  халықтың  ұрпақтан - ұрпаққа  жалғасқан  адамгершілік  ізгі  қасиеттерін  жас  жеткіншек  бойына  сіңіретін  орта.  Ендеше  егемендік  алған  елімізде  мектептің  философиялық    тамыры  тереңдеген,  міндеттер  жиынтығы  молайған  тұсында  заман    талаптарына  сай   білім  беру  жүйесін  құру  қажеттілігі заман талабы. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың: «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін білім»,- деп атап көрсеткеніндей, рухани ұлттық қажеттілікке жараған білім ғана ең мықты білім, рухани  ұлттық тәрбие нәрімен сусындаған ұрпақ қана - болашақты гүлдендіріп, тәуелсіз елді  нығайтушы ұрпақ. Ата-бабадан қалған өшпес мұра, мол қазынаны қабілеті  жоғары ұрпақтың бойына дарыту – мектеп міндеті. [4,10 бет]

  Қазір бала тәрбиесін бүгінгі теледидарға, компьютерге жүктедік. Ғалам  қаншалықты өзгеріске ұшыраған сайын да сонымен бірге жаңа өзгерістерге  ұшырайтыны ақиқат. Осындай кезде адам өзінің тектілік, ұлттық тәлім-тәрбиесінің негіздері болып табылатын халықтың үлгі-өнегеден қол  үзбеулері  ауадай қажет.

 «Тәуелсіз елдің ұлы-өжет, қызы-қайратты, халқы - қаһарман» дегендей, азаттық жолында жалындап жанып, тәуелсіздікке қолы жеткен халқымыздың қаһарман  екендігін тарих шежіресі көрсетіп отыр. Ал тарих шежіресі қаншалықты бай болса, ұлттық тәрбиенің соншалықты құнды болатындығы және мәлім. Сондықтан да бала тәрбиесі - қашанда киелі ұғым, ал білім тәрбие арқылы бойға сіңеді.

Қай халықтың болмасын өзінің сан ғасырға созылған ұрпақ тәрбиелеу үрдісі бар. Ол отбасындағы бала тәрбиесінен басталып, шаруашылық кәсібі, тұрмыс-тіршілігімен бірге жалғасып, салт-дәстүрден, ұлттық саз әуені мен ауыз әдебиеті үлгілерінен өзекті орын алып келген. Ұлт мәдениетінің өзіндік ерекшелігін атқара қарап, терең зерттеген педагог ғалымдардың бәрі де оның тәрбиелік мәнін сөз етпей өткен емес. «Халықтың тәрбиесінен тыс жерде педагогика да жоқ, педагог та жоқ» деп орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский текке айтпаған.

Ұлттық тәрбиенің ұйтқысы-ана тілі. Тілін жоғалтқан этнос бұрынғы этностық қасиеттен айырылады. Себебі ұлттық мәдениет (салт-дәстүр) ана тілі арқылы ғана өркен жаяды.

Адамның тектілігі, қасиеттілігі айналасындағы әлеуметтік ортасы болмаса, оны бағалайтын, ол туралы пікір алысатын ортасы болмаса құнын жояды. Яғни идеалдың ұжымсыз, әлеуметсіз идеалдық қасиеті болмайды. Біз бұдан тұлғаның әлеуметтік ортамен байланысын, ортаның тәрбиелік ықпалын  көреміз. Тұлғаның ұлттық қасиеті, оның дәстүрінен, әдеп-ғұрпы арқылы бойынан көрініс табады. Осындай дәстүрлеріміздің бірі - сыйласымдылық дәстүрі. Сыйласымдық дәстүрінің бір құндылығы әлеуметтік ортадағы, ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық хал-ахуалдың реттелуіне, қауымдастықтың дамуына зор ықпалы бар екендігін ескергеніміз абзал. Сыйласымдық қарым-қатынастың қазақ халқының ескі тарихынан келе жатқандығы, оның ұлттық дәстүрлерге байланыстылығын, оның ауызбірлік пен ұйымшылдықтың тұтқасы екендігін ұлт тіршілігінен көреміз. Оған: «Көшпенді қауымда әр адамның қадір қасиеті оның жасына, әлеуметтік ортадағы орнына қарай белгіленеді. Осындай қоғамдық қатынастарды көріп өскен жағдайда мүдделестік, көзқарас бірлігі, кісілік қарым-қатынас нормалары айқындалып, жеке бастың бұра тартуына мүмкіндік қалдырмады, психологиялық ахуалы «бір ауызды болып қауымдасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дәстүрлерді ұстанады»,-деген тұжырымдар куә бола алады. Осындай дәстүрлерімізді географиялық жағдайлардың ерекшеліктерімен адам игілігіне негізделген экономикамызбен байланыстырып, ұлттық тәрбиені жан-жақты жүргізу – парыз. [8,3 бет]

ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген тарихшы ғалым Құрбанғали Халид «Тауарих  хамса» (бес  тарих) еңбегінде Асан қайғының мына жолдарын келтіреді.

Мұнан соң қилы, қилы заман болар,

Заман азып, заң түзіп, жаман болар.

Ұлың, қызың орысқа бодан болып,

Қайран ел, есіл жұртым сонда нетер?!

Ойшылдың осы сөзін түсіндіруін өтінген Абылай ханға шежіреші қарттың берген жауабы әлгі сөздердің шешімі:

Қарағай шөлге біткен бір дарақ,

Шортан балықтан шыққан бір қарақ

Ел қамын айтқан жақсыны,

Сөйлетпей ұрар ұртына...

Аталған ғалымдардың еңбектерінде Асан қайғының тәлімдік пікірлері туралы «...не жақсы, не жаман, не ғаріп деген мәселелер төңірегінде ой толғап, заман жайында философиялық пікірлерін сарапқа салады» деп біз жоғарыда келтірген шумақтарға сүйенеді. Дегенмен ғалымдарымыз жыраудың мысалға алынған шумақтарының астарына тереңірек үңілудің тартыншақтағаны да байқалады. Біздіңше, өлеңнің дәл осы тұсы Асан қайғының болашақты болжағыш, көрегендігі десек те, жеткіліксіз болар еді. Жырау бұл жерде ескертумен қоса, кейбір көршілес елдердің халықтың береке-бірлігіне нұқсан келтіретін бір мінез-құлқын, астыртын ой, жасырын сырларын, керек десеңіз, саясатының астарын ашып, болашақ ұрпаққа ишара еткен. [5,6 бет]

 Ұлт тәрбиесінің сезімдік әсері зор. Сондықтан халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Бұл қазаққа тән жақсы қасиеттер мен ұлттық сананы ұрпаққа қалыптастыру, ұлтымыздың дүниетанымдық тәжірибесін жалғастыру дегенге саяды.

Қазаққа тән игілік пен ұлттық сана дегеніміз ол - әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, ұрлық, қиянат жасамау, үлкенді сыйлау, тағы сондай сияқты.

 Қазақ ойшылдарының көзқарасындағы басты идея «атаның баласы болма, адамның баласы бол, жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін», деген гуманистік ой-пікірді қуаттау болды.

 Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болуын, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі өң мен түрден ләззат  ала білетін, һәм байсалды, ойламды, шымыр болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұсынған.

Ұрпақ тәрбиесінде кешігу дегеніміз мертігумен бірдей. Тәрбие - бала тумай тұрып, дүниеге әлі келмей тұрып, басталуы тиіс.

Халық сондықтан да:

«Отбасында шырақ болып жанады,

Мейірімділік тарататын жанары,

Анасының тәрбиесін, тәлімін,

Сәби болса іште жатып алады.

Бала тәрбиесі  басынан, еңбекке баулу  жасынан», - дейді.

«Баланы бақырып үйретпе, ақырын үйрет». Халық асқан тәлімгер осылай талап қойған. Зекіру – зердеге У.... Байбалам  салмай, бабын тауып үйретсең ғана еңбегің жемісті. Адам тәрбиесінде зорлыққа есік жабық. «Ықтиярсыз ашқан көздің нұры жоқ», деп ойды сығымдап, нақышты әрі санаулы сөзбен әрі өткір, әсерлі айтып бізге қалдырған ой-парасат мирасы даңғыл жол сияқты!

Бала жеке адамның ғана емес, ұлыс пен ұлттың ертеңі, келер тарихқа аманат. Бүгінгі бөбекке қамқорлық жасаған адам ертеңге еңбек сіңіреді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер. Беске толып қалыптасып санасы, алты жаста болар сәби арқадай. Кісі болар баланы кісесінен танитын, кісі болмас баланы мүшесінен танитын» сыншылар туралы ел аузында аңыздар көп кездеседі. Соның бірі тоғыз жастағы Төле биге  айтылған: «Мынау бала көрерсің, бір жылы болар хақында нұқыл болат денесі, адамның болар төресі», - деген сөз шындыққа айналғаны бізге мәлім.

«Бала болсаң, болғандай бол, айналаңа қорғандай бол. Бұтақпен ағаш сымбатты, ұрпақпен адам қымбатты. Жеті атасын білген ұл, жетті ұлттың  қамын жер. Өзін ғана білген ұл құлағы мен жағын жер»,- деген бабаларымыз. Осы ойын тағы жалғастырып олар: «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар. Екі баласы бардың, өкпе, бауыр, жалы бар. Үш  баласы бардың Бұқарада пұлы бар», - деген.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол. Бес жастан кейін құлша жұмса. Он бес жастан кейін досыңдай сырлас», - деген ата-бабамыз, бала тәрбиесін ең алдымен мейірбандыққа үйреткен, ақылын дамытқан. Ақыл - ауыздан, мерей көзден танылған. Содан кейін барып білім берген.

Осы үш жолда да дене, сұлулық, мінез-құлық, құқ-тәртіп мәселесі естен шығарылмаған, ұлы жол,  үйінің табалдырығынан басталған.

Баланы - жастан »дегенім:

Бойына үлгі жастай ек,

Діні мен тілі не екенін,

Дегенім ұқсын жастай көп.

Жад етіп сөзін көненің,

Дегенім өссін өренім.

Ақын «ындыны жаман жалтақ, тегі жақсы арамдыққа жүрмейді» деп қазақта көп айтылатын текті-тексіз ұғымдарының бір қырын ашады. Ол «сырт тазасы не керек, тазарт әуел ішіңді» немесе, «ниет тазалығы істің оңалуының кепілі» десе, сөздің, қарым-қатынастың басты құралы ретіндегі қасиетін «сөз түбіне жетермін.... сөзімді қойма тыңдамай... сөзіне қарсы сөз айтып...үш  ауыз сөзбен құтылдың...айтқан сөзің емеді... аузынан балды тамызған (жақсы сөз туралы).... сөзімді тыңда», - деп сөз өнерінің қасиетін жеткізе айтады.

Ақын-жыраулар поэзиясындағы тұнып тұрған тәлімдік-тәрбиелік ойлардың бір парасы міне, осындай. [9,11 бет]

 Қазақ тағылымының ұстанған негізгі бағыты-ата-бабалардың үлгі-өнегесі, ақыл-кеңесі, дүниеге шынайы көзқарасы, бостандыққа, еркіндікке, тәуелсіздік- дербестікке ұмтылысы. Бұл – алдан күткен арманы, ойға алған негізгі мақсаты. Тәрбие – ұрпақ үшін  күрес.

Ұлы ойшыл осы сөзімен әйел-қоғамның ұйтқысы екенін, әйел еркіндікке жетпесе, адамшылық та күрмеулі болатынын қадап айтып, егер, қазақ, мүшел болып қалмайын десең, бесігіңді түзе, әйелдің халін түзе!,-деп сол тұстың да, қазіргі біздің заманымыздың да ең зәру идеясын ұсынып еді. [2]

 Қазақ елі ел болғалы, қазақ қазақ болғалы өмірбақи анасын сыйлап өткен. Ертеден келе жатқан наным-сенімдерінің түп-тамыры да – ана.

Аспанда Тәңірі, жерде Ұмай ана деп табынады қазақтар. Ұмай ана –қамқоршы, жарылқаушы, демеуші, жанұя, отбасының пірі.

Мұсылман дінінде бүкіл адамзаттың анасы, аналардың анасы деп Хауа  ананы құрмет тұтады. Хауа ана – Адам атаның зайыбы.

Мұхаммед (СҒС) пайғамбарымыз әйел затын аса биік бағалап; «Әуелі  анаңа, тағы да анаңа, содан соң Отаныңа жақсылық жаса!», - деп өсиет айтып кеткен.

Томирис – Тұран  патшасы. Афрасиябтың қызы. Патшайым болып ел басқарған батыр қыз.

Зарина – Сақ патшасының қызы.  Ел тағдыры үшін өз махаббатын  құрбан етеді. «Жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да жоғары нәрсе бар, ол – менің елім», - дейді Зарина.

  Бөрте  ханым – Шыңғыс ханның әйелі. Қоңырат тайпасының қызы. Жат елдікке пенде болғанымен ұрпақ тәрбиесінде өз елінің ұлттық тағылымын меңгерте білген.

Гауһар – Қабанбай  батырдың жары, арғын – Малайсары батырдың қарындасы.

Есенбике – Олжабай батырдың анасы, үйсін Қарасай батырдың қызы.

Назым – Қабанбай батырдың қызы.

Айтолқын – Абылай ханның қызы.

Бұл батыр қыздарымыз ұлттық намысты ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсеткен батыл жандар.

 Бопай – Кеңесарының қарындасы, бес жүз сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен батыр қыз.

 Мамыр – Байқазы арғынның қызы. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр»  дастанындағы батыл қыз. Нағыз махаббаттың мәңгі символы ретінде танылған батыр қыз.

 Айбике – Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздардың басшысы болған қыз. Талай шайқаста жауынгерлердің  ұлттық рухын көтеріп, ерлікке шығарған.

 Домалақ  ана (Нұрила) – Бәйдібек бидің әйелі. Нұрила барлық адамдарға өте мейірімді, ақылды, әулие әйел болған. Домалақ ананың осындай қасиеттерін бүгінгі ұрпақ  бойына сіңіріп өссе, онда келешегіміздің көкжиегі одан сайын кеңи түсер еді.

 Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы. Жазушы Сәбит Мұқанов «Балуан Шолақ» романындағы аналар бейнесін қызықты етіп сомдаған. Өмірде өнегелі болған аналар образы көркем өнерде жас ұрпаққа ғибрат берерліктей тәрбиелік мәні зор.

 Халқымыздың тарихында «Ақтабан  шұбырынды, алқакөл сұлама» кезең  боп таңбаланған зұлмат заманындағы қазақтың мұңы мен зарын, арманы мен аңсарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дәуірдің дауылпазындай дабыл қағып, ерлік пен елдікке үндеген әйгілі «Елім-айдың» әнін шығарған Айша  Қабыланқыз – атақты Қожаберген жыраудың жары.

 Қарашаш – Жиренше шешеннің жары. Қарашаш қазақ қыздарынан  шыққан сөзге шешен, ақылды, тапқыр, дана қыз. [1]

 Ел басына қауіп төнген кешегі екінші дүниежүзілік соғыста «Ер апаларының» ерліктерін жасаған қазақтың Мәншүк пен Әлиясы шығыс халықтарының-мақтаны. Қашанда қиын-қыстау кездері батыр қыздарымыздың ерлігі ерекше көзге түсетінін тарих та, өмір де дәлелдеп келеді.

 Желтоқсан оқиғасының  батыл қыздары Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамметжанова сияқты ұлттық намысты берік  ұстаған, ерлік пен елдікті  ұран еткен ұлтжанды қыздарымыз қаншама. Қазіргі заманда ұл-қыздарымыз бен немерелеріміз өздерінің әкелері мен бабаларының әулетті ісіне, олардың, салып берген игі жолына мақтанса, соларға еліктеп өссе дейміз. Ал ата-аналарымыз сондай салауат иесі боп өсіп келе жатқан ұл-қыздарына сүйсінсе дейміз. Өздерінің жақсы ісін, жарқын мұрагерлеріне мақтанса дейміз. Біздің ұрпақ адамзаттың ізгілігі мен инабаттылығын, олардың әділдігін бағалай білетін байыпты азамат болса дейміз» [7]

Сондықтан да қайырымдылық, кішіпейілділік, мейірімділік, жанашырлық, үлкенді сыйлау, адалдық, батырлық сияқты құндылықтарды бала бойына қондыратын, ғасырлар тезінен, ата-баба елегінен өткен қазақы мінез-құлықтың алтын діңгегі, темірқазығы, бағдаршамы болып табылатын, яғни ұлттың дәстүрлі тәрбиені, мақал-мәтелдердегі үлгі мен өнегені, ұрпақ бойында жандандыру – бүгінгі ұрпақ, біз үшін, жауапты  міндет деп ойлаймыз.

 Халықтық тәрбиенің құяр  сағасы – қайратты азаматты баулу, халықтың мұң-мұқтажын сол азаматтың жоқтауы, өз жұртының өркендеп өсіп, көркеюі жолында жанқиярлықпен қайрат жұмсауына саяды: «Ердің баласы – елдің панасы!». Мақал – ақиқат! Өлең – нақыл!

 Дәстүр ұғымына жаңаша көзқараспен қарасақ, онда ол үш  нәрсемен сипатталады. Біріншіден, дәстүр дегенің – жалпыхалықтық. Олай деуге себеп – оның өзі әркімнің жеке басының жағдайына байланысты емес, халықтың әлеуметтік, психологиялық, мәдени, толып жатқан басқа да тұрмыстық, дүниетанымдық жағдайына байланысты. Екіншіден, дәстүрдің тағы бір сипаты – тұрақтылығында. Ол оңайлықпен өзгере салмайды, орнықтылығымен ерекшеленеді. Үшіншіден, дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Егер осы сипаттамаларға тереңірек үңілсек, онда ұрпақтан-ұрпаққа сол ұлт өмірінің желісін үзбей, біріктіре отырып берілетіндігін аңғарамыз. Әдетте бір ұлтқа жататындығы да осыған қарап анықталады. Көне грек ғұламаларының айтуына қарағанда, адамның белгілі бір ұлтқа, халыққа тән екендігін айқын сезіну үшін бес түрлі шартқа толық жауап беруі тиіс. Біріншіден, сол ұлттың тілін жақсы білуі қажет. Екіншіден, сол ұлттың дінін терең меңгергені жөн. Үшіншіден, сол ұлттың дәстүрін толық бойына сіңіруі тиіс. Төртіншіден, сол ұлттың тарихын бес саусағындай білгені абзал. Бесіншіден, сол ұлт мекендеген жердің ой-шұңқырын жақсы білуі парыз. Осындай бес сипаттаманы бойына дарытқан адам ғана сол ұлттың толыққанды өкілімін деуге құқылы- дейді грек ойшылдары.[1]

 

Пайдаланған әдебиеттер

 1. К. Қожахметова  «Ұлт тағдыры мен қыз бала тәрбиесі - біртұтас». «Ұлт тағылымы»  журналы 2005жыл.

2. К.Мәлікқызы «Козы Көрпеш - Баян сұлу»жырындағы тәрбие мәселесі. «Қазақ тілі мен әдебиеті»,2005жыл.

3. Б. Тойлыбаев «Ұлттық тәрбиеде жеке тұлғаның қалыптасуы». «Ұлт тағылымы»,2004,№2

4. Б. Жалмағамбетова «Ұлттық мектеп - ұлттық болмыс ортасы». «Қазақстан мектебі»,2005жыл

5. А.Сисенбердиева «Билер сөзінің тәрбиелік маңызы» «Қазақстан мектебі»,2006жыл

6. К. Оразбекова. «Қыз бала тәрбиесі». «Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы хақында»кітабы,2000 жыл.

7. Т. Жақсыгүл. «Тарихи тұлға - ұлттық құндылықтың қайнар көзі». «Қазақ әдебиеті - тұлғаның рухани дамуының бастауы» кітабы,2005жыл.

8. К. Оразбекова. «Тіл - ұлттық сана-сезімнің теориялық-әдіснамалық негізі». «Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы хақында» кітабы,2000жыл.

9. Б.Бәмішұлы «Ұрпақ тәрбиесі - ұлт тағдыры» «Қазақ тілі мен әдебиеті» кітабы,2005жыл.

10. А.Құсайынов  «Білім  алды - тәрбие»   Егемен  Қазақстан,2006 жыл

11. Ұ.Төлешова.      «Ұлттық  тәрбиенің  ерекшеліктері»     «Ұлағат» журналы,2000жыл.

12. Г.  Қошқарбаева    «Қазақ  тағылымындағы  ұлт  тағдыры»   «қазақ  әдебиеті»,2004 жыл

13. А. Ахметбекова   «Мұра»  «Қазақстан  мектебі»,2003жыл

14. Е. Ахмерова «Қазіргі    ақындар  айтысы» «Қазақ тілі мен  әдебиеті»,2005жыл

15. Б.  Мырзатаева.   «Халықтық  салт-дәстүрлердің  бала  дамуына  ықпалы»

«ұлағат»,2000жыл

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: бастауы, әдебиеті, дамуының, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, Қазақ, тұлғаның, рухани
Просмотров: 4069 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]