Главная » Файлы » Рефераты » Қазақ әдебиеті



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Қазақ әдебиетіндегі терме жанрының қалыптасуы мне дамуы
Жарнамаға бір басып сайтка көмектес! 02.02.2012, 14:04

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ТЕРМЕ ЖАНРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

 

М.Т. Мұқашева

№8 Төле би атындағы гимназия, Тараз қ.

 

Қазақы сөз арнау дәстүрі түрлі жанрлық, тақырыптық сипатымен өзге түрік халықтарына қарағанда өте бай. Ең бастысы байырғы рухани құндылықтарымыз таза, бастапқы пішінін жоғалтпай бүгінгі күні жалғасын тауып отыр.  Қазақы сөз арнау заман өзгерісіне байланысты тақырыптық жағынан түрленіп, мазмұны тереңдеп, өлең жүйесі күрделеніп отырды. Бұл заңды құбылыс.

Қазақ ұлтының өзіне ғана тән бірнеше сөз арнау дәстүрі бар. Толғау мен терме соның бір көрінісі. Халқымыз ықылым заманнан келешек тағдырына алаңдаушылық білдіргені тарихтан мәлім. Келешек тағдыры дегенде елді, жерін, ұрпақ тәрбиесін, тілін, дінін айтып отырмыз.  Осы қасиеттердің ұрпақ санасына сіңіріп, атадан балаға мирас қылып қалдыру дәстүрге айналған. Осы мақсатта терең мәнді терме, толғаулар өмірге келді.

Толғау мен терменің табиғатын ажыратуға арналған тұңғыш зерттеу Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты еңбегі болды.  Аталмыш еңбегінде ғалым толғау мен термеге анықтама беріп, ара жігін ажыратуға талпыныс жасайды. «Толғау- қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құстың сайрауы, жанның тартатын күйі», - дейді ғалым. [1.104]. Демек, іш қазандай қайнағанда ойға ерік беріліп, күрмеуі қиын мәселелердің шешімі табылады. Яғни философиялық ой қорытудың ұлттық үлгісі толғауда анық байқалады.

«Терме (яки түрлі өлнеңдер). Терме деп ат қойылудың мәнісі: бұл түрлі шығармалар бір нәрсенің жайынан сөйлеп тұрмай, көп нәрсені теріп сөз қылып өтеді. Көп нәрсені сөз қылғанда, әрқайсысына айналып, баяндап жатпайды. Түрлі шөптің басын шалып, оттап, тоқтамастан желге қарай тартып бара жатқан мал сияқты.  Терме айтушылары түрлі нәрсені сөз қылып, бірақ ешқайсысына айналмастан, кідірместен ілгері қарай сырғи береді,»- дейді А.Байтұрсынов. [1.124].

«Терме» атауының өзі туынды сөз. «Тер» етістік болса, оған «ме» болымсыз етістің жұрнағы жалғану арқылы зат есім жасалып тұр.

Сонымен, ғалымның сөзіне назар аударсақ термеде бір ғана нәрсе айтылмай, онда бірнеше мәселе қатар айтылып, өлең сөздің ауқымы кеңейе түспек екен. Демек, термеде ортақ түйін болмайды. Түйін болмаған соң ой қорытылмайды. Осы жерде терменің мақсаты не деген сауал туындайды. Ұрпаққа терең тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңңіру дәстүрге айналғандығы мәлім. Өйткені ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық қндылықтарды сақтайтын сол ұрпақ емес пе? Олай болса ұрпақтың бойына осындай қасиеттерді сіңіру бірінші орынға қойылғаны анық. Демек, дидактикалық сарынға құрылған терменің басты мақсаты келешек ұрпақтың санасын ұлттық құндылықтарды сақтауға, қастерлеуге, бойына сңіруге бағытталған деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, Майлықожа ақын:

Бұл дүние кімге жолдас ойлап тұрсаң,

               Тірлікте бенде жүрер күліп-ойнап.

               Жақсылар, бір құдайға құлшылық  қыл,

               Өтерін дүниенің жүргін ойға ап,- [2.17]

деп бес күндік мейрамға мастанбай, өткен күннің мәнділігіне көңіл бөлуді насихат етеді.

Термені де, толғауды да өмірге әкелетін жыраулар, ақындар. Олардың арасында ұқсастықтардың болуы сондықтан деп білеміз. Зерттеу барысында терме мен толғаудың арасында бірнеше ұқсастықтар бар екендігін аңғардық. Біріншіден, терме мен толғаудағы насихат, дидактика, философиялық түйін заман құбылысымен жымдаса айтылып отырады. Мысалы, Хандық дәуірдегі жыраулар толғауларындағы басты тақырып елдік, ерлік өресінде жырланып отырса, ХІХ ғасырдағы ақындарда отаршылдықтың ызғарын жырлау негізгі тақырып болды. Ал ХХ ғасырдағы  тарихи өзгерістер мен сол өзгеріс тұсындағы адамдардың әрекеті осы кезеңдегі ақындардың негізгі лейтмотивіне айналды. Ол – жалпы халықтық ояну. Екіншіден, екі жанрда ортақ тақырыптар баршылық. Жаман мен жақсы, адалдық пен арамдық,  адамның әр кездегі қылықтары, әрекеттері т.б.

Мысалы, Майлықожа ақында:

                           Бай-мырзалар жегізді мерекесін,

                           Жақсы ауылға тоқтамай көре өтесің,

                           Үй басына үлесіп жеген пара,

                           Қысқартты қыдырлының берекесін, - десе, [2.19]

Осы күнгі жерлес ақынымыз Аяз Бетбаев:

                           Алғаны пәре болады,

                           Қалтаға тиын салады,

                           Қоғамның етпей жұмысын,

                           Жайына бәрі қалады.

                           Қылмысы кейін ашылып,

                           Қураған шөптей солады, - дейді ақын. [3.27]

Екі ақын екі бөлек ғасырда өмір сүрсе де  қоғамды жегідей жеп отырған парақорлықты басты нысанаға алып отыр. Ал бұл проблема Шортанбай, Дулат ақындарда да жырланады. Тегінде терме мен толғауда көтерілетін тақырыптар өзара жуық болғандықтан олардың ара жігін  ажырату қиынға соғады.  Белгілі әдебиетші ғалым Б.Абылқасымов «Жанр толгау в казахской устной поэзии»  атты еңбегінде толғауды жан-жақты саралап, оны жанрлық жағынан талдап кетті. [4]. Ендігі кезекте терме жанрының табиғатын ашу, оның басты белгілерін анықтау, ғылыми тұжырым жасау қажет екендігін айтып өтпекпіз.

ХІХ ғасырға дейінгі қазақ ақын-жырауларының мұраларын толғау деп атап жүрміз. Ал терме атауы ХІХ ғасыр ақындарының шығармаларына байланысты атала бастады. Бірақ соған қарап ХІХ ғасырға дейін қазақ сөз өнерінде терме болған жоқ деген ойдан аулақпыз. Өйткені ғайыптан ешнәрсе пайда болмайды. Оның алғашқы бастамасы  болуы шарт. Олай болса терменің шығу төркінінде қандай да бір бастама болуы тиіс. Егер А.Байтұрсыновтың толғау жайлы берген анықтамасына сүйенер болсақ, ХҮ – ХҮІІІ ғасырдағы жыраулардың толғауларының басым бөлігі толғаудан гөрі термеге жақын. Мәселен, Бұхар жыраудың «Тілек» деп аталатын толғауы бір нәрсе  төңірегінде айтылмай, бірнеше мәселені қамтып кетеді. Бірақ соған қарамастан «Тілекті» толғау деп атап жүрміз. Осы сияқты мысалдар баршылық. Демек, терме, толғау жанрлары ғасырлар бойғы даму сатысында тақырыптық, жанрлық жағынан кірігісіп, өздерінің бастапқы ерекшелігінен ажырап қалған.  Яғни, сыртқы пішіні мен мазмұны өзара үйлесіп, бастапқы кездегі терме толғау деген атауды иеленіп кеткен. Әрине, бұл біздің нақты кесіп, пішкен тұжырымымыз деп айтудан аулақпыз. Осы жерде қазақ жырауларының байырғы мұраларын терең талдап, олардың шығармаларын жанрлық жағынан екшелеу қажет деген ойға келеміз.

Сонымен, терме жанрының пайда болу кезеңі толғаумен тұспа-тұс келеді. Өйткені әйгілі Базар жыраудың:

                           Сөз асылын теріп айт,

                           Ақын болсаң бал таңдай, - [5.23] деп айтқанындай ақын-жыраулар сөздің мәйегін қалқып, асылын теріп тыңдаушысын жалықтырмауды ойластырған.  Сол сияқты:

                           Семізін сөйле сөзіңнің,

                           Мың жылқының ішінде

                           Он жылғы қысыр байталдай, - дейді жырау. [5.23].

Термешінің терме айтудағы мақсаттарының бірі тыңдаушысына ой салу. Өмір сүрудің оң-солын үйрету. Мұнда терең философиялық талдау болмайды, қорытынды мен түпкі ой байламы да кездеспеуі мүмкін. Бірақ айтушының өмірлік тәжірибесінен алынған үлгі, насихат терменің өн бойында кездесіп отырады. Әдетте термешілер «не артық?», «не пайда?» деген риторикалық сұрақтар қоя отырып, сол сұрақтарға жауап іздеуде өмірлік тәжірибеден жиған ойларын ортаға салады.

Базар жырау «не артық?» деген сауалға жеті артықтың атын атап, түсін түстеп кетеді. Мәселен, қаба жалды берік артық, баса киген бөрік артық, мақтасы қалың көрпе артық, бір көруге көркі артық, аққа берген серт артық, құдайдың берген дерті артық және пейілі бұзықтың өлгені артық. Сол сияқты Аяз Бетбаев «не пайда?» деген сұраққа алты пайдасыздықтың табиғатын ашып көрсетеді. Әрине риторикалық сұраққа риторикалық жауап беріледі. Және да бұл жауаптар ақынның жеке көзқарасы. Оған келіспейтіндер де табылуы мүмкін. Терме қоғамдық дау-дамай туғызу үшін емес, жоғарыда айтқанымыздай қоғамдық ой туғызу үшін айтылады. Демек, «не пайда?», «не артық?»  деген сауал қоя отырып, термеші өзінің көкейінде жүрген күрделі мәселлелерді сырғытып айтып өтеді.  Терме ол аксиомалық тұжырым емес. Сондықтан бір сұрақ көлемінде түрлі жауаптар айтуға болады. Бірақ ол жауап ғасырлар бойы қоғамда орныққан, көшпелі өркениет қалыптастырған заңдылықтар аясынан шығып кетпеуі тиіс.

Тағы бір ескеретін мәселе «не керек?», «не пайда?» деген сұрақты философиялық тұрғыда түсінуге болады. Себебі, адам бүкіл өмір жолында өзіне түпкілікті не керектігін, нендей істің пайдалы екендігін білмей өтуі мүмкін. Бұл сұрақтарға жалпылама түрде жауап бере алса да оны өмірлік ұстанымына айналдырмауы мүмкін. Демек, «не керек?», «не пайда?» сұрақтарын екі түрде қойып, екі түрде жауап беруге болады.  Біріншісі философиялық бағыт, екіншісі дидактикалық бағыт. Философиялық болу үшін ой түйіні анық, нақтыланған шешім болуы қажет. Ал дидактикалық болу үшін үгіт-насихат басты мақсат болуы тиіс деп ойлаймыз. Демек, жоғарыдағы мысалдарда философиялық сарыннан гөрі дидактикалық сарын анық аңғарылады. Адам - өте күрделі жаратылыс иесі. Оның тек сыртқы болмысы ғана емес, ішкі дүниесі де күрделі. Ол айналадағы болып жатқан өзгерістерді, құбылыстарды жайдан-жай қабылдай бермейді. Және қабылдаған нәрсеге сан түрлі жауап қатады. Адамның ішкі дүниесіне сәулеленген құбылыстар мен өзгерістер қоршаған ортаға көзқарасын білдірумен қатар, жеке ой-пікірін, дүниетанымын, азаматтық позициясын танытады. Әр замандағы  әдебиет өкілдерінің  өмір сүрген дәуір қым - қуыт тарихи оқиғаларға толы болды. Тіпті қайбір дәуірде өмір сүрген адамдар зымырап өтіп жатқан тарихи оқиғаларды ой елегінен өткізіп үлгере алмай жатты. Бірінен кейін бірі лек-легімен тізбектелген тарих өзгерістері адамның жедел өсіп, сол тарих керуенінен қалмауды талап етті.

Өмір талабы өмірге жаңаша ойлайтын, өз көзқарастарын сол өмір талабына сай білдіре алатын адамдарды алып келді. Ал кез келген нәрсеге оңай жауап табылмайтыны белгілі. Айнала саналуан сұрақтар тізбегі  қоршап, жан-жақтан жауап сұрап анталап тұрған кезде адам санасы өз-өзінен тұмшаланып дағдарысқа түседі. Кейбіреулер сұрақтан қашып немқұрайлы өмір сүруге бейім тұрса, ал енді біреулер сұраққа жауап іздеп, басын тауға да, тасқа да соқты. Тарихи өмірде соңғысынан гөрі алғашқылары көп болды. Табылмаған жауап, қанағаттанбаған көңіл жылдар өткен сайын қордаланып, ғасырлар өткен сайын адам санасында жаңғырып отырды.

Өмірлік мәнді сұрақтар жеңіл-желпі жауаптарға қанағаттанбайды. Өйткені оның астарында халықтың өткені мен бүгіні және келешегі жатыр. Өткендегі шешілмеген мәселе бүгін не халде, болмаса келешекте неге апарып соқтырады деген төңіректе ой қорыту үлкен дайындық пен асқан даналықты қажет етеді. Осы кезде бір топ ақын-жыраулар  ой түйіндеуге бейім тұрса, ал енді бір тобы насихат айтып, келешекке аманат етуді қалайтын тәрізді.

Терме қоғамдық қажеттіліктен туындаған синкреттік жанр. Терме айту үшін ақындық өнері меңгеру аздық етеді. Оған қоса өмірілік тәжірибе, орындаушылық қабілет, өткеннен хабардар болу талап етіледі. Және өз заманының озық тұсы мен кері кету заңдылықтарын білу де қажет. Өйткені қайбір термеші терме айтуда өткенді бағамдап барып тыңдаушысының назарын негізгі ой желісіне бұрады. Насихат сөзін ұсынады.

Мысалы, Базар жыраудың термесінде:

                           Құмарың тарқар халайық,

                           Керектерің сөз боса.

                           Аздыра ма халқыңды,

                            Ішіңнен шыққан ер болса, - [5.25]

дей келіп, қоғамдағы оңды қасиеттерді насихат етеді.

Терме айтудың жолын шартты түрде екі бағытта бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, жақсы қасиеттерді насихаттау, тыңдаушысына үлгі ету. Екіншісі, қоғамда орын алып отырған өрескел әрекеттерді сынау, әшкерелеу. Мысалы, Майлықожа ақын:

                            Жастарды тәрбие қып сөйлеу керек,

                           Ер жетіп еске толып есейгенше.

                           Шын достың көңілі өсіп қуанбай ма?

                           Сағынып бірін-бірі есен көрсе, - [2.11]

- деп адал достыққа шақыра отырып, достық қасиеттің озық тұстарын үлгі етеді.

   Аяз Бетбаев:

                           Алдына қойған мақсат жоқ,

                           Әке менен шешеге,

                           Бұларға келер жақсы ат жоқ.

                           Ата-ананың мойынында,

                           Киім бүтін, тамақ тоқ,

                           Қалаға барар қыдырып,

                           Арақты судай сіміріп, - [3.24]

- деп ХХ ғасырдың кемелденген тұсында қоғамда орын алып отырған сорақы қылықтарды қатты сынға алады.

Терме түріндегі өлең өрімдерінде де заман құбылысы жырланып отырады. Мәселен термеші ақын А.Бетбаев ХХ ғасыр көгінде тұрып, сол кездегі заманның кері кетуі жайлы жырлап отырды. Ол араққа салынған жастар, ұлттық құндылықтардың әлсіреуі, ауылдан қалаға жөңкіле көшкен халық ж.т.б. Осының барлығында ақын жыраулар сияқты ой түйіндеп жатпайды. Ақын заманды жырлауда жастарға насихат үлгісінде сырғыта айтып отырады.

Әуел баста қазақ сөз арнау дәстүрі белгілі бір қоғамдық өзгерістерге негізделген. Өйткені қайбір тарихи өзгерістер тұсында қазақтың да сөз арнау дәстүріне өзгешеліктер болып отырғанын байқағандай боламыз. Өйткені жыраулық мектептің соңғы кезеңі ХІХ ғасырдың екінші жартысымен шектеледі. Ендігі жерде әдебиет сахнасында ақындық мектеп орын алды. Яғни ХІХ ғасырдан бастап сөз майданындағы әдебиет өкілдерін ақын деп атау дәстүрге айналды. Жыраулардың қоғамдық қызметі заман ағымына байланысты  біршама өзгеріп, ел басқарудағы рөлі төмендеді. Жыраулар ел тұтқасын ұстаған рухани жетекшісі ретінде танылудан қалды. Сонымен бірге жыраулар мұрасының негізі саналатын толғау жанры да өз мазмұны мен пішінін  өзгертті. Сондықтан  толғау ХІХ ғасырдан былайғы жерде жеке жанр ретінде дамудан кенже қалды. Ал оның орнына термеші ақындардың қатары молайып,  толғаудың рөлін терме атқара бастады.  Бірақ терменің қызмет аясы толғауға қарағанда біршама өзгерісте болды.

Сондықтан болу керек бүгінгі таңда толғаушы ақын дегенді кездестірмейміз. Ал оның есесіне термеші ақындардың қатары әлі әдебиет сахнасынан түсе қойған жоқ. Терме жанры заман ағымынан қалмай онымен қатарласа өмір сүріп келеді. Демек, терменің қалыптасуы мен дамуы жайлы сөз қылғанда осы мәселені естен шығармаған абзал. Толғау талайлаған ғасыр ел мүддесіне қызмет етіп келгенімен, келе-келе оның қызмет аясы тарылды. Ал терме болса екі жанрдың атқарар жүгін мойынына алып қазақ елінің игілігіне айналып отыр.

 

Пайдаланған әдебиеттер

1. Байтұрсынов А. Ақ жол. Алматы. Жалын. 1991ж.

2. Майлықожа. Дүние-ай… Шымкент. «Шымған», 1993 ж.

3. Бетбаев А. Шу толқындары. Шу. 1991 ж.

4. Абылкасымов Б. Жанр толгау в казахской устной поэзии. Алматы. 1984г.

5. Базар жырау. Шығармалары. Алматы, «Жазушы», 1986 ж.

 

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: терме, қалыптасуы, дамуы, мне, жанрының, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, Қазақ, әдебиетіндегі
Просмотров: 1637 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
загрузка...
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]