Главная » Файлы » Рефераты » Қазақ әдебиеті



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Әбілахат Еспаев
Жарнамаға бір басып сайтка көмектес! 02.02.2012, 14:42
Әбілахат Еспаев 1925 жылы 25 қазанда Қостанай қаласында, оқығаны мен тоқығаны мол, текті тұқымның тұяғы – Ыбырай Алтынсаринмен аталас Смағұлдың отбасында дүниеге келеді. Қостанай – Торғай өңіріндегі басталған жаппай ашаршылық репрессияға жалғасатынын іштей сезді ме, әкесі Әбілахаттың алты жасында еліміздің оңтүстік өңірінің Меркі ауданына қоныс аударыпты. Шыбық ексең орман болып жайқалатын Әулиеата жері Еспаевтар әулетінің тамырын тереңге жібере бой көтеруіне, жапырақ жаюына мүмкіндік туғызды. Болашақ композитордың ең алғашқы кеңінен танымал "Туған ел” әні мектеп қабырғасында, 17 жасында, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Сапақовтың өлеңіне жазылыпты. Бұл туындыдан композитор қаламынан болашақта көптеп туатын әндердің табиғатын, жалпы Еспаев лирикасына тән сазды жазбай танисың.
        Мектеп бітірісімен Ә.Еспаев өз өтінішімен Ұлы Отан соғысына аттанады. Жойқын Днепр шайқасына қатысып, контузия алады (оның тұтықпасы осыдан екен). Бұл кезеңге арнап ол артынан "Днепро туралы жыр” (өлеңі С.Мәуленовтікі) атты тамаша туынды жазды. Табиғатынан зерек, білімге аса құштар, ұқыпты да тәртіпті балаң жігітті КСРО қорғаныс министрлігі Ресейдің Могилев қаласындағы жоғары әскери училищеге оқуға жібереді. Оны Әбілахат 1945 жылы үздік бітіріп шығады. Біраз уақыт Кавказ аймақтық әскери академиясында ұстаздық етіп, дәріс береді. Кеңестер одағы жас офицері ендігі жерде әскери баспалдақтармен өсе бермекші, әскери шенін өсіре бермекші. Бірақ оған жатса да, тұрса да маза бермейтін көкірегіндегі шалқып-тасып жатқан әуез сазы кәсіби музыкант болу жолына меңзейді. Бұл арман оны Құрманғазы атындағы консерватория¬ның композиторлық бөлімінің табалдырығын аттатады. Ахаң бұл кезде кең тараған "Жайық қызы” (З.Қабдолов), "Маржан қыз” (Н.Шәкенов), "Жылқышы әні” (С.Мәуленов) туындыларының авторы болатын.
        Білімге әбден шөліркеп келген жас ком¬по¬зитор үшін екі жыл мейілінше тез өте шық¬ты. Тұрмыстық қиындық – жақында отау тіккен жас отбасын студенттік сти¬пен¬дияға ұстау ауыр тигендіктен, профессор Василий Великановтың сыныбынан дәріс алуды уақытша үзе тұруға тура келген. Әбіла¬хат¬тың ойы – аяғынан тік тұрған соң оқуды әрі қарай жалғастыру еді. Бірақ өмір тол¬қыны, тағдыр жолы бұл ойын іске асыруға мұрсат бермеді.
        Өткен ғасырдың 50-70-жылдары отандық музыка өнерінің небір қарқындай дамып шарықтаған кезі болды десек, ән жанрында өндірте, жемісті еңбек еткен Әбілахаттың орны ерекше болғанына ешкімнің таласы болмас. Оның ғажайып туындылары бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. "Аққуым”, "Ақ сәуле” (сөзі Қ.Аманжоловтікі), "Қазақ частушкасы” (М.Әлімбаев), "Шофер келді қырманға” (Т.Ысмайылов), "Қыз қуу” (Қ.Шаңғытбаев), "Бейбітшілік сақталады” (Н.Шәкенов), "Республика туралы жыр” (І.Мәмбетов), "Торғай толғауы”, "Жанкелдин отрядының әні” (Ғ.Қайырбеков), "Солдат сәлемі” (Н.Шәкенов), "Тобыл толқыны” (С.Тұрғынбеков), "Сағыныш екен бала кез” (О.Әубәкіров), "Өзің де жігіт, қызықсың” (М.Әлімбаев), "Қыз әзілі” (Қ.Шаңғытбаев), "Жігіт жауабы” (Ә.Жәмішев), "Ұстазым” (Н.Шәкенов), "Қайдасыңдар, достарым” (Ә.Дүйсенбиев)... Қандай текті, есті әндер десеңізші! Бұлардың бәрі де көпшіліктің сүйіп айтар әніне айналды.
        Бұл жылдар тоталитаризмнің қазақ жеріне халқымыздың еңсесін басып, етене бойлаған кезі екені өзімізге белгілі. Алайда Әбілахаттың сыршыл да сырбаз, қуатты да асқақ әндері халқының сана сезімін қуаттандырып, оны рухани мүлгуге жібермеді. Компози¬тордың осы азаматтық-шығармашылық дәстүрін Шәмші, Әсет, Ескендір өміршең етіп жіксіз жалғастырды.
        Ә.Еспаев — ән жанрының шеңберін кеңейткен композитор. Бұл тұрғыда оның Абайдың өлеңіне жазылған "Өзгеге көңілім тоярсың”, "Мен сәлем жазамын” ән-романстары әріптестері М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев туындыларымен иық тіресіп тұр. Ал оның балалар музыка¬сына қосқан үлесі бір төбе. "Ойлан, тап!”, "Құлыншақ”, "Ортеке” балалардың сүйіп айтар әндеріне айналды. Сонымен қатар, композитор Қ.Аманжо¬лов¬тың "Досымның үй¬ленуі”, С.Адамбековтің "Күн мен кө¬лең¬ке”, И.Байзақовтың "Ақбөпе”, Ә.Тәжі¬баев¬тың "Той болады” спектакльдеріне тамаша музыка жазды. 1973 жылы Бүкілодақтық ән байқауына бүкіл КСРО-ның жұртқа әйгілі композиторлары қатысты. Сонда Жамбыл атамыздың өлеңіне жазылған "Одағым – бақыт ордасы” атты әні жүлделі екінші орынды жеңіп алғаны әлі есімізде. Бұл Әбіла¬хат талантының ешқашан ортаймайтындығын көрсетсе керек! Себебі, ол үнемі іздену, толығу, оқу-тоқу үстінде болатын. Бірде ол маған өз шығармашылық жолы жайлы айта отырып, біздер, қазақ композиторлары қазақ әйелдерінің алдында мәңгі қарыздар екенімізді айтты. Мүмкін, бұған төрт баланың анасы, өмірлік сүйікті жары Назым апамыз себепкер болған шығар. Осыған дәлел ретінде ақын Жұбан Молдағалиевтің "Мен қазақ әйеліне қайран қалам” деген өлеңіне симфониялық оркестрге, аралас хорға, жеке әнші-тенорға көлемді дүние жазғысы келетінін айтқаны бар еді.
        Еліне-жеріне төгіле еңбек еткен, шынайы халық композиторы Әбілахат Еспаев ағамыздың артында қалған ғажайып ән мұрасы тәуелсіз мемлекетіміздің рухани құндылықтары ретінде бүгінгі күні де сүйсіне шырқалар жан азығына айналғанының куәсі болып отырмыз. Сондықтан суреткер есімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба беретініне күмән жоқ.
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: Еспаев, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, Әбілахат
Просмотров: 2363 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
загрузка...
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]