Главная » Файлы » Рефераты » Қазақ әдебиеті



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ. ақын-жыраулардың тәлімдік идеялары. Билердің шешендік сөз өнерінің үлгі-өнегесі
Жарнамаға бір басып сайтка көмектес! 02.02.2012, 12:42

АҚЫН–ЖЫРАУЛАР МЕН БИЛЕРДIҢ ШЕШЕНДIК СӨЗ ӨНЕРIНДЕГI ТӘЛIМДIК ОЙЛАР

 

ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ. ақын-жыраулардың тәлімдік идеялары. Билердің шешендік сөз өнерінің үлгі-өнегесі

 

1. Асанқайғы Сәбитұлы, Шалкиiз Тiленшiұлының этнопедагогикалық ой-пікірлері.

2. Ақтамбердi Сарыұлы Бұхар Жыраудың тәлімдік ойлары.

3. Билердiң шешендiк сөз өнерiнiң үлгi-өнегесi.

Қазақ мемлекеттiгi құрыла бастаған заманда хандар мен сұлтандардың өздерi iрiктеп алған жыраулары - хан мен қараның дәнекершiсi болды. Олар ханның ел басқару жетiстiгiн мадақтап қана қоймай, сондай-ақ қалың жұрттың мұң-мұқтажын және тiлегiн жеткiзетiн өрен ақындар едi. Жыраулардың ақындардан ерекшелiгi сол, олар халық рухына, ел бiрлестiгiне, хандардың билiк өнерiн жетiлдiруге белсене араласатын болды. Солардың бiрi – дала философы атанған Асанқайғы Сәбитұлы (ХIV-ХV) халық есiнде абыз, философ, ақын болып, мәңгi жатталып қалған. Оның бар ғұмыры халықпен бiте қайнасып өткен. Ауызбiрлiгi жетiспеген ортада елiнiң ертеңiн, қамын ойлап, үнемi мұңға батып жүретiндiктен замандастары оны "Асанқайғы” атап кеткен. Аңыз-әңгiмелерде Асанқайғы жүзден асып көп жасаған, үнемi ел кезiп сыншыл көзқарасты қалыптастырған Елдi ауызына қаратқан, көшпендiлердiң мiнез-құлқын жетiк бiлген, дәстүрлерiн құрметтеген ақылды, дана, сәуегей баба атанған.

Ол ХV ғ. Алтын Орда ханының, соның iшiнде ұлы Мұхамедтiң кеңесшiсi болған. Қазан қаласынан Дештi Қыпшақ жерiне қайтып оралған Асанқайғы Алтын Орданың орнында пайда болған ұсақ -хандықтардың өмiрi ұзаққа созылмайтынын болжай бiлген. Асанқайғы, Керей, Жәнiбек сұлтандар бастаған қазақ руларының Әбiлхайыр хандарынан бөлiнуiн жақтайды. Бiрақ сұлтандардың қазақтарды Жайық пен Жем бойына қоныстандырмақ ниеттерiн де құптамайды. Асанқайғы өз халқының "Жерұйығын” Шу, Сарысу бойынан, Ұлытау төңiрегiнен iздеуге тiкелей араласады. Сондағы дiттегенi: ежелгi скиф, қыпшақ даласынан безбеу, ел iргесiнiң берiк, ағайын ұжымының күштi болуы, "Ел бiрлiгiн нығайту, халық ауызбiрлiктi болса, мемлекеттiк билiк те берiк болады, ондай ел ешкiмге есе берiп, жеңiлмейдi” деген тоқтам.

Асанқайғы дүниетанымында адамгершiлiк мәселесi негiзгi орын алады. Асанқайғы адамның өзiн-өзi танып бiлуiн, ашылып түсiнуiн, өмiрдегi орны мен деңгейiн дұрыс бағалайтын, әрекет-қимылдарын сын тұрғысынан саралай алатын қабiлетiн адамгершiлiктiң түпнұсқасына балайды. Оның өмiрге деген парасатты көзқарасы, елiне деген бекем сүйiспеншiлiгi, адамдықты құрметтей бiлген қабiлетi қазақ халқының сана-сезiмiн жаңа сатыға көтеруге зор ықпал еттi.

Күнiнде өзiм болдым деп,

Кең пейiлге таласпа.

Ғылымым жұрттан асты деп

Кеңессiз сөз бастама.

Жеңемiн деп бiреудi

Өтiрiк сөзбен қостама – деп,

Асанқайғы азаматтық мiндеттiң жүгiне, күнделiктi нақты түрiне көңiл бөледi. Кiсiлiк қасиеттер - адамгершiлiк пен бiрлiктiң құт-берекесi. Асанқайғының ұғымында, жұртты бай, кедей деп немесе үлкен-кiшi деп жiктеу, бөлу жарамсыз. Ел-жұрт үшiн бәрiнiң де мiнез-құлқының жақсы болуы қажеттi, өзара оңды қарым-қатынас жасауы орынды. Абыздың пайымдағаны: "Таза мiнсiз асыл тас, су түбiнде жатады. Таза мiнсiз асыл сөз, ой түбiнде жатады”. Асанқайғы сөздiң нарқы мен парқын бiлiп, қадiрiн түсiнген шешен. Ол кiмнен болса да қасиеттiң рухын күттi. Өмiр сүрудiң негiзгi мәнi туралы айта келiп, Асанқайғы жақсылардан үлгi алып, жамандардан бойды аулақ салудың қажеттiлiгiн, жас ұрпақтың ата-анасын, үлкендердi сыйлап қастерлеуiн, олардың ақылын тыңдап үнемi басшылыққа алуын, iзгi ниеттi жайсаң жан болып өсу қажеттiгiн еске салады. Осыған орай жыраудың: "Арғымаққа мiндiм деп, артқы топтан адаспа, артық үшiн айтысып, достарыңмен сынаспа” немесе "Қарындасыңды жамандап, өзiңе туған табылмас” деген сөздерiнiң тәлiм-тәрбиелiк мәнi зор. Оның толғауларында адамға деген мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, сұйiспеншiлiк қай жағынан болса да, бiрiн-бiрi толықтырып жатады, туған-туыстармен тiл тигiзiп қырқыспайтын, бет жыртысып көңiл қалдырмайтын татулық сезiмi айқын бiлiнедi.

 "Мiнезi жаман адамға, ендi қайтiп жуыспа. Тәуiр көрер кiсiңмен, жалған айтып суыспа”- деген өсиеттi ұстайды. Жырау бiрде: "Ғылымым жұрттан асты деп, кеңессiз сөз бастама” дейдi. Сөз астарында өзiм болдымдыққа салынып тоқмейiлсiме, жеңiл мiнездiлiкке ерме деген уағыз сарыны аңғарылады.

"Есенiңде, тiрiңде, бiр болыңыз бәрiңiз” деп халықты бiрлiкке шақырады. Онсыз "Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар” деп ертеңгi күнге бұлыңғырлық төнiп қалар деген болжамын еске салады. Адамдық ұстаным — борышты мiндеттердiң жауапты саласы. Оны бұзушылық — ойшыл үшiн жат құбылыс. Абыз әдептiлiк сұранысын былай түйiндейдi:

"Естi көрсең кем деме, бәрi тұйғын табылмас”;

"Нәпсi алдаушы дұспанның, насихатын алмағұл,

 Бақыты оянған ерлердiң, әрбiр iсi оң болар”;

"Сөз сөйлесе жөн бiлiп, не десе де жарасар”;

"Ауылдағы жамандар, ел қадiрiн не бiлсiн!”.

Болатын адам, өсетiн ел тәуiр көретiнмен жалған айтып суыспайды, болмайтын нәрсеге кiжiнесiп, желке құрыстырып ұрыспайды.

Әдептiлiктiң әр қыры мен сыры — бақыт көрiнiсiне лайық. Дегенмен бақыт — адамға деген ерекше сыйласу мен махаббат сезiмнiң үйлесiмi мен иiрiмi. Бақытты жандар ғана өзара түсiнiсе де, жақындаса да, бiрiге де алады.

Бақытқа кедергi - ағайын мен ел арасындары бiтiмсiздiк,  ондағы мүдде  алшақтығы,   қасиет  кенжелiгi,  сөйлесу қағидасының  бұзылуы. Сөйлесуде өзара түсiнiк жетiспесе, онда үйлесiмдiлiктiң, ынтымақтың болуы   мүмкiн   еместiгiн,  зияндық — күйзелiс көрiнiсi, адамгершiлiктегi ғарiптiк белгiсi.

Бұл заманда не ғарiп?

Ақ қалалы боз ғарiп,

Жақсыларға айтпаған

Асыл, шығын сөз ғарiп;

Замандасы болмаса,

Қариялар болар тез ғарiп;

Қадiрiн жеңге бiлмесе

Бойға жеткен қыз ғарiп;

Ел жағалай қонбаса,

Бетегелi бел ғарiп,

Қаз-үйрегi болмаса,

Айдын-шалқар көл ғарiп;

Ата жұрты бұқара

Өз қолыңда болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғарiп.

Адамның iшкi дертi азғындаған уақытта, замандағы ғарiптiң түрi де, зардабы да көбеймек. Ғарiптiк — заман ағысы адамзат тiршiлiгiне ыңғайсыз жағдайда дерт болып асқындамақ. Бiрақ ақын заманды құрастырушы мен билеушiлердiң мiнез-құлқын, iс-әрекетiн сынап мiнедi. Адамын тану арқылы ақын заманды тануға, заманның ағымын пайымдауға талпынды. Мұраты биiк адам мен ұрпақ қана заманды өз талаптарына сай дұрыстауға ықылас-ынта бiлдiредi..

Асанқайғы — экологиялық тәрбие төңiрегiнде сөз қозғаған қазақтың тұңғыш ойшылдарының бiрегейi. Оның толғауларында қазақ даласының сұлулығы, жер байлығы, аң-құстар тыныс-тiршiлiгi, олардың географиялық мекен-жай күйi тiлге тиек болады. "Аққу құстың төресi, ен жайлап көлде жүредi” деген шумақтан, сұлулық сүйкiмдiлiктi ұштайтынын пайымдаймыз. Көркемдiктiң жан семiртетiнiн, сүйкiмдiлiктiң тән тазалығына еритiнiн "Бұл заманда не ғарiп” деген өлеңiнен аңғарамыз. Жыраудың "Иiс майын жамандап, жұпар қайдан табасың? Көлдiң суын жамандап, Едiл қайдан табасың?” дегенi, атамекендi ардақтай бiлуге шақырғанындай.

Жорықта айдынды аламан, ақындықта арқалы жырау атанған Шалкиiз Тiленшiұлы (1465-1560) Дештi Қыпшақ өңiрiне ғана емес, Қырым, Терiстiк Кавказ, Дон бойына да әйгiлi тұлға болған. Өз заманындағы Ноғайлы әмiршiсi Темiр, Қазақ Ордасы, Кавказдықтар арасындағы саяси күрестердiң ешқайсысынан сыртқары қалмаған. Жорықтың алдыңғы шебiнде, айтыс-тартыстың басы-қасында, елдiң бел ортасында жүрген Шалкиiз елдiк пен ерлiк, жақсылық пен жамандық, шеберлiк пен шикiлiк мәселелерiне баса көңiл аударған, кiсiлiк қасиеттерге әр сақтан қайта-қайта оралған. Шамасы, Шалкиiздiң өзi "жаурынына қанды көбе сыймаған, жағасына адам қолы тимеген” ержүрек, кеуделi батыр болғандай. Көп оқығаны көзiмен көрген, көп нәрсенi тоқыған сынды да, сындарлы қайраткерлiк деңгейге жеткен.

Жорықта, соғыста, айтыс жанжалда ел мен ердiң құны қатар сынға түстi. Ел ерлерсiз, ер өз елiнсiз бабына келмедi. Қысылтаяң кезде тума туыстан сүйенiш iздедi, жұрттан суырылып шығар дарадан тiрегiн көздедi.

Ерлер кiмдер едi, нендей қасиетiмен үлгi едi? Ерлердiң "алдаспаннан игi қолы”, "жеңсiзден игi тоны”, "арғымақтан игi малы болар ма” — дейдi Шалкиiз жырау. Сондай ерлер жаудан да, сойдан да тартынбас, батырлығы басынан асқан жiгерлi жандар. Елi қолдаған, арғымағын оңдаған ерен батырлар бабына келдi. Осыдан: "Кенелейiн деген жiгiттiң, жылқы iшiнде екi арғымағы тел өсер. Сүйiнейiн деген жiгiттiң, сүбеде алтау-жетеу ағайыны тең өсер!” деген өсиет қалған.

Шалкиiз дүрлiккен, демiккен елге бас-көз болатын ханның бейнесiн iздестiредi. Байсалды, батыл, ұстамды хан, сұлтан ол үшiн алдаспан, "бармай тапқан қазбасы”. Пиғылы терiс хан iс етсе, ол "жиған малыңды тәрiк етер, ат-тоныңды бұлды етер, өз басыңды олжа етер”. Хан ием Темiрдiң осындай қиқарлығын көрген Шалкиiз одан алшақтайды. Қыр мен бөрiк астындағыны көре алмаған сұлтандар туралы: "Жақсыңнан менi кем көрдiң, жаманыңмен тең көрдiң. Жақсыңнан менi кем көрсең, жаманыңмен тең көрсең, ұлы берiкке қос артып, сен есенде, мен сауға ырысымды сындайын. Сегiз қиыр шар тараптан iздермiн!” — деп ойын ашық та, кесiп айтады.

Шалкиiз жырау жау жағадан  алғанда,   ел бiрлiгiнен  артық  қорған  жоқтығын  былай ескерттi:

  Жоғары қарап оқ атпа,

  Жуық түсер қасыңа.

  Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа,

  Күндердiң күнi болғанда

  Сол жаман айғақ болар басыңа.

Жемсаудан арылып, дұспан жауға қарсы бiрлесу, сүйтiп сәттiлiкке үлес қосу — қажеттi үндер және керектi күндер едi. Сондай сындарлы кезеңде, тар жерде кiмнiң кiм екенi бiлiне бастады.

Жақсының жақсылығы сол болар,

Жаманменен бас қосып.

Сөйлемекке ар етер,

Жаманның жамандығы сол болар.

Сөйлесе дәйiм қара етер,

Бiр жақсыға басың қосып сөз айтсаң,

Сол жақсы жаманлығың жақсылыққа жыр етер.

Жақсының тiлегi бiр, Тәңiрiмен ниеттестер дегендi айтады. Өзiне тегеурiндi жандарды iздеген жерден табады, жат жерде өзiн танытады. Жаманның жауы — тiлi мен пиғылында, икемсiз қылығында. Ерiккеннен қызыл тiлiн тыймайды, жалғандықты жамылған сусыма сөзi аузына сыймайды. Қисынсыз қылығымен көрiнгендi қинайды. Iске ебi жоқ, бос сөзi көп есiктен күле кiрiп, күңiрене шығады. Терiс пиғылды iштегi дұшпан. Жамандар қоңқалап, бiр жақсыны көре алмайды. Жаман ұшқан жапалақтай аяқ астынан табылады, жағасы оның тайғақ, әркiмге ұрынады. Өз пиғылына тоқ, жақсылыққа жоқ. Сөз ұқпай, ұлағат тұтпай, сырт айналып кетедi. Iштей менмен ел арасынан табылмайды, кiсiден тартып алғанымен жарымайды. Туырлығы жоқтың, туғаны жоқ, тыраңдап түзге де кетедi. Ниетi арам, өзiне жүк тиетпейдi. Жаманның жұғымсыздығынан елдiң, әйелдiң, сәбидiң қанша көз жасы төгiлдi. Жыраудың тоқтамы: "Күндердiң күнi болғанда, қырға шықпас жаманның барынан да жоғы игi!”.

Жақсы мен жаманды адамдық пен күрес өлшемiмен iспеттеген Шалкиiз жырау тағлымы мол өсиеттер қалдырды. Солардың бiрi:

Атаның ұлы ерлерге,

Малыңды бер де басың қос,

Басыңды қос та бек сыйлас,

Күндердiң күнi болғанда,

Басың жауда қалар ма!

Бас қосқан ел болса, оның арғы тегiн ойлайтын би-бегi болса, болаттай бекем батыры болса, ондай ел-жұртта арту-тарту тарылмақ, дұшпан тобы тозбақ. "Ер болсаң бопсаға шыда” деген қағиданы қалыс қалдырмайтын ортада ырыс мен ынтымақ, iс пен iзденiс артпақ.

Сырты құрыш, жүзi болат, ақыл-айласы көпке танымал, жанкештi ерлiгiмен көзге түскен жырау Ақтамбердi Сарыұлы (1675-1768) тұлғалық пен жорық тақырыбын жалғастырады. Адам бақытына жетсе, басына қондырса, жақсылармен тең өсер. "Бiлiмдi туған жақсылар, аз да болса көппен тең”, ақ пейiлмен сыйласар жолдаспен тең. Жақсылар елi үшiн батырларша жорықтайды,   қыңыр-қисықтан   қорықпады.   Жақсылардың   жетегiнде кетерiн Ақтамбердi жырау былайша жеткiзедi:

Әдiл туған жақсыға,

Екi даугер жүгiнсе,

Тiзесiн қисық бұрмаса,

Асылдығы бiлiнер. Ендi бiрде:

Орын тапқан ер жiгiт

Жерсiз болар деймiсiң,

Орда тiгiп орнаса

Төрсiз болар деймiсiң!

Ақтамбердi жырау өмiр ережесiн жақсыларды марапаттау арқылы ғана емес, жамандықтың бастауын iреп, салдарын саралайды. Жамандық адамдардың бiрiн-бiрi қорлаудан, зорлаудан басталады. Қорлау да, зорлау да — жендеттiк, пенденiң бағын аштырмайтын жексұрындық. "Жаман болса жолдасың, астыңнан өткен сызбен тең”, "Жаман туған жiгiтке, рақатты күн бар ма”. Жамандық — жауың. Екеуiнiң де түрi көп. Сонда кiм жаман? Дәулетiн көтере алмай желiккен, өз мiнiн бiлмеген, ата мен ананы сыйламаған, ертең не болатынын бiлгiсi келмеген, күнде жанжалдың делебесiн қоздырған, жетiм мен жесiрге қол ұшiн бермеген, жалаулы найзаны қолға алып, Жаманның көрiнiсi күңгiрт, салмағы сұмдық, әсiресе қашқанда ақыл, сасқанда дегбiр қалдырмайды.

Себебi: ұрысқақ болса ұлың жау,

Керiскек болса келiнiң жау.

Үйiңдегi ұлың жаман болса,

Есiктегi құлмен тең,

Қойныңдағы қатының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең. (Үмбетей)

Ел амандығы, жұрт жарасымдылығы жамандықта емес, тыныстың тұнығында, бiрлiктiң беделiнде едi. Есейгендер адамдық қасиеттiң құнын ертерек ұқты, елдiктiң күретамырына ту тiктi. Жырау: "Сары аязда қата ма, қайнардың аққан тұнығы. Қап түбiнде жата ма, болаттың асыл сынығынемесе "татулықта береке”, "бiрлiкте қасиет” деуi жаңа дәуiрдiң, жаңа қатынастардың талабына меңзегендей. Ойы сезiмталдар мұны ұғар, онсыз адам үмiтiнен де, жақынынан да ақсайды — деп көрегендiк танытады.

"Қалың қазақ елiм” деп үн қатқан, ұран тастаған жыраулар: "Ылайым, елiм аман болсын” деген тоқтамды алға тартты. Ол шешендiгiмен, көрегендiгiмен, қайырымдылығымен жамандықтан, жалғандықтан, жұғымсыздықтан, жауласудан сақтандырды.

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: ақын-жыраулардың, сөз, үлгі-өнегесі, ғ.ғ., Билердің, өнерінің, идеялары., ХҮ-ХҮІІІ, шешендік, тәлімдік
Просмотров: 3010 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
загрузка...
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]