Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Майқы би (Байқы, Байки, Байку) (ХІІ - ХІІ)


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті]
31.01.2012, 18:00
Әдебиеттерде оны "Майқы би", "Байқы", "Байқу" деп те атайды.
Әкесі — Ман. Майқы жастайынан ақсақ болды. Сондықтан да болар Майқы атанғаны және оның 18-атасының да есімі Майқы болған. Шыңғыс ханның замандасы әрі кеңесшісі. Ел оны ең беделді адам, әулие деп те атаған, себебі, ол ел тағдыры мен оқиғаларды болжай білген. Шыңғысханның ұлы Батысқа жорыққа аттанған кезде әскерінің оң қанатын сеніп тапсыратын болған. Абай Майқы биді 12 бидің санатына қосқан, сонымен бірге ол 1206 жылы Шыңғыс хан моңғолдардың ханы болып сайланған кезде құттықтауға барған 12 ханның бірі көрінеді.
Аңыздар бойынша, ноғайлықтар көшіп, Орманбет би қайтыс болған соң, Майқы би қазақтарды үш жүзге бөлген екен. "Жүз" деген сөз араб тілінен аударғанда "бөлім" деген мағынаны білдіреді. Үйсіндерді "Ұлы жүз", Қабанүлы Болатқажы бастаған бөлікті "Орта жүз", Алшын бастаған бөлікті "Кіші жүз" деп атады. Ноғай хандарының бірі — Ахметті (Алаша хан) үш жүздің ханы етіп сайлады. Бұл бірлестікке барлық 40 рудың өкілдері енген және әр бөлімге айырма белгісі берілді. Сірө, "Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді калам беріп дауға қой, Ұлы жүзді таяқ беріп малға қой" деген мәтел сол кезде шықса керек. Сондай-ақ, барлық 40 рудың өкілдеріне де өзіндік айырма белгілері берілген. Үйсіндерге — "жалау", арғындарға — "көз"... Олар (таңбалар) тасқа қашалып салынды. Бұл тастар тарихта "Майқы таңбасы" (Майқы белгілері) немесе "Нұра таңбасы" (Нүра белгілері) деген атпен қалды. Мүның соңғысы жердің атауына байланысты қойылған. Оның көп баласы болған. Ұзын және Қортық атты ұлдарына көңілі толмайтын. Сонда таңданған Майқы би: "Жаманнан жақсы туады дегенге сену қиын, бірақ жақсыдан да колынан іс келмейтін жамандар туатын жағдайлар кездеседі", — деген екен. Халық арасында Майқының бірқатар нақыл сөздері мен ой-толғамдары қалды."Майқы би айтыпты" дейтін мақал, нақылға айналып кеткен сондай аталы сөздің кейбіреулері мыналар:
“ Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Ханның биі ақылды болса,
Қара жерден кеме жүргізеді.
Би екеу болса, дау төртеу болады.
Дауыл болмай жауын болмас,
Даулы болған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Есерге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.
Ақиық қыран қартайса,
Жас жағалтайдан тепкі жейді.
Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.
"Кімнен кім туады?"
деген сұраққа Майқы би былай деп жауап берген екен:
Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұнқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады.
Майқы би жүздер арасында болып жататын қызу айтыс-тартыстар мен дау-дамайларға да қатысып жүрген. Ол әрқашан халықтың шешендік сөздері мен мақал-мәтелдеріне сүйене сөйлеген. Ол халық бірлігін бәрінен де жоғары қойған. "Бірліксіз — тірлік жоқ" деген аталы сөз де Майқы бидің аузынан шыққан. Майқы бидің пікірінше, мемлекеттік бірлестіктер халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бойынша басқарылуы тиіс. Ұмыт болған дәстүрлердің де өзіндік мән-мағынасы бар. Оны қазақтар ғана емес, татарлар, башқұрттар, қарақалпақтар, өзбектер де өз биіміз деп есептеген. "Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би" деген нақыл бар. Майқы би ұзақ ғұмыр сүріп, 120 жасында қайтыс болған.
Майқы би
Майқы би (Байқы, Байки, Байку) (ХІІ - ХІІ) – аңызға айналған тарихи тұлға, атақты би, шешен. Ол әділ билігімен, тапқыр шешендігімен бүкіл қазақ қауымының арасында атағы шыққан адам. Халық арасында: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген ескі сөз бар. Шежірелерде Майқы би деген атпен өмір сүрген бірнеше тұлға кездеседі. Кейбір зерттеушілер оны біздің заманымыздан бұрынғы үйсін мемлекеті билеушілерінің бірі деп есептейді. Ол Майқы би Мәнұлы деген атпен біздің заманымыздан бұрынғы 178-89 жылдары өмір сүрген және аңыз бойынша би атанған тұңғыш адам. Шежірелерде кездесетін екінші Майқы би Төбейұлы (1105-1225) Шыңғыс ханның замандасы әрі оны хан көтерген 12 бидің бірі болған. Парсы тарихшысы Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты шығармасында (қошындық Байку деген атпен) Майқы бидің Шыңғыс ханның оң қолы, ел басқару ісіндегі ақылшысы, бас биі болғаны, Жошы хан әскерінің оң қанатын басқарғаны айтылады. Осы дерек моңғол жылнамасы «Алтын тобчида» да бар. Шежіре деректері бойынша Ұлы жүздің түп атасы Ақарыстан Ұзынсақал Ыбырайым, одан Кейкі, одан Төбе би, одан Қойылдыр, Қоғам, Майқы, Мекре тарайды. Кейбір шежірешілер оны барша үйсіннің бабасы етіп, Ұлы жүздің шежіресін содан таратады. Майқы есімі қазақтардың шығу тегіне қатысты көптеген аңыз-әңгімелерде кездеседі және Дешті Қыпшақта түркі қауымдарының негізін құрушы ретінде ұдайы айтылады. Қазақ аңыздары оны қазақтың үш жүзге бөліну кезеңінде үлкен рөл атқарды дегенді айтады. Мұнда Майқы би Орманбет би өліп, он сан Ноғай елі бүлінгенде, қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер есебінде көрсетіледі. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың ерекшелігіне қарай белгілейді. Ұлыс туын ұстаған Үйсінге «жалау», ортада жүрген Арғынға «көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «найза» таңбасын берген. Аталмыш 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Кезінде «Майқының таңбасы» деп аталған бұл таңбалы тас кейін жер атымен «Нұра таңбасы» аталып кеткен. Майқы би қазақ ұлысын құра отырып, кейінгі ұрпақтарына: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді... Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ел болуды ойлаңдар» деп өсиет қалдырған. Ел аңыздарының деректеріне қарағанда, Майқы бидің өз заманында ел қамын ойлаған үлкен ойшыл адам болғаны аңғарылады, халықтың әдет-ғұрып, салтын, жол-жоралғысын заңға айналдыруда Майқы бидің орнының ерекше болғаны көрінеді. Майқы биді өзбек, татар, башқұрт халықтары да өз биіміз деп есептейді. Бұған шежіреде көрсетілгендей, Төбе биден тараған Қойылдыр, Мекре есімді балаларының осы халықтардың арасына барып, сіңісіп кетуі себеп болса керек. Дерек көзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы.

Майқы (ХІІ-ХІІІғ.ғ.) - аты аңызға айналған данагой би, түркі халықтарына тегіс төрелік айтқан тарихи тұлға. Өмірбаяны мен шығармашылығы әлі терең зерттеле қоймаған. Майқы би туралы « Түгел сөздің түбі — бір, түп атасы - Майқы би» деген нақыл бар.


Хан әділ болса - халық ынтымақты болады.
Әділдік туралы

Алтау ала болса - ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса - төбедегі келеді.
Ынтымақ-бірлік, татулық туралы

Бірлік түбі - береке.
Ынтымақ-бірлік, татулық туралы

Би екеу болса - дау төртеу болады.
Ынтымақ-бірлік, татулық туралы

Естіге айтқан ақыл сөз - шыңға тіккен тумен тең,
Ессізге айтқан ақыл сөз - құмға сіңген сумен тең.
Асыл сөз туралы

Жаман әйел ер қадірін білмес.
Әйел, ана туралы

Хан - халықтың қазығы.
Бек, хан туралы

Уәзіріне сырын алдырған хан - қақпанға түскен аң.
Бек, хан туралы

Таста тамыр жоқ, ханда бауыр жоқ.
Бек, хан туралы

Дау - арашасыз болмас, хан - қарашасыз болмас.
Бек, хан туралы

Сараң үйге - кісің түспесін, парақор биге - ісің түспесін.
Сараңдық туралы

Хан қасында ақылды би болса - қара жерден кеме жүргізеді.
Ақыл-ой туралы

Асылдан - асыл туады, жалқаудан - масыл туады.
Мылжыңнан - езбе туады, қыдырмадан - кезбе туады.
Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Жетесіз жігіт - ел қадірін білмес, некесіз әйел - ер қадірін білмес.
Әйел, ана туралы
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: ХІІ), (ХІІ, байки, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, Байку), (Байқы, Майқы, би
Просмотров: 14577 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 3.0/3
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]