Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

БҰҰ – соғыс және бейбітшілік мәселелеріне тиімділікпен ықпал ете алатын бірден-бір халықаралық орган


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақстан тарихы]
04.02.2012, 20:43

БҰҰ – соғыс және бейбітшілік мәселелеріне тиімділікпен ықпал ете алатын бірден-бір халықаралық орган

 

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясы ресми түрде 18 қыркүйекте ашыл­ған. Содан бері мұнда жұмыс қы­зып жатыр. Сессияның күн тәр­тібіне көз жүгіртсеңіз бас айналады – 160-тан астам мәселе қаралады екен. Олардың арасынан жотала­нып көрінетіндері – бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікпен күрес, адам құқық­тарын, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік және экономикалық даму, СПИД-пен күрес мәсе­лелері. Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды қарасты­руды да жалғастырады. 62-ші сессияның төрағасы болып бұ­рынғы Юго­сла­вия Республикасы – Македония­ның бұрынғы сыртқы істер ми­нистрі Срджян Керим сайланған.

Осы жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы Қанат Сауда­баев­тың АҚШ-қа сапарына орай Ва­шингтонға жолымыз түскенде біз мұндағы көрнекті конгрессмен­дердің бірі Эни Фалеомаваегамен сұхбаттасқан болатынбыз. Айтқан­дай, ол кісі жақында біздің елімізге келіп кетті, екі ел арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Президент Н.Ә.Назарбаев Эни Фалеомаваегаға бірінші дәрежелі "Достық” орденін табыс етті. Шет жағасы газетте (2007, 10 маусым) жарияланған сол әңгімеде конгрессмен АҚШ-тың Киото хаттамасына қосылмау себебі жайындағы біздің сұрағымызға да жауап қайтарған, Буш әкімшілігінің бұл қадамын құптамайтынын жасырмай айтқан. Біз Нью-Йоркке келіп түскен күні, 24 қыркүйекте ғаламшардағы климаттың өзгеруіне байланысты бүкіл адамзатты алаңдатып отырған осы мәселе Бас хатшының бастамашылығымен 62-ші сессияда арнайы қаралыпты. Мұның алдында жаһандағы климат ахуалы БҰҰ-ның штаб-пәтерінде де екі рет талқыланған екен. Ға­лым­дар мен сарапшылар ауа райының жаппай жылынуы ең алдымен адамның өндірістік қызметіне, атап айтқанда, буланатын газдардың ат­мосфераға көтерілуіне байланысты екенін қадап көрсетуде. Журналис­терге таратылған ақпараттың өзі шошындырады: 1970 жылдан бері Жерді жаппай жылытуға соқтыра­тын булы газдардың көлемі 70 пайызға артқан екен, егер апаттың алдын алмаса 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш қазіргіден тағы да 25 пайызға көбейетін көрінеді. Мұ­хит­тағы мұзтаулардың ери бастауы әлем­дегі талай қаланы су алып кетуіне соқтыруы да мүмкін. 1997 жылы Киото хаттамасына қосылған елдер 2012 жылға қарай буланатын газдардың деңгейін 1990 жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға кемітуге уағдаласқан. Алайда ол хаттаманың мерзімі 2012 жылы бітетініне әрі АҚШ сияқты бірнеше белді мем­ле­кеттің оған қол қоймауына байла­нысты бұл мәселе едәуір ушы­ғып тұр. Дүйсенбі күнгі жалпы пікірталас барысында бұл мәселені талқылау желтоқсан айында Бали ара­лында жалғасатын болып шешілді.

"Бүгін – Елбасы сапарының басты күні. Бүгін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең биік мінбері­нен сөз сөйлейді” – кеше Астанаға жолдаған алғашқы мақаламызды осылай аяқтаған едік. Иә, БҰҰ Бас Ассамблеясының сес­сиясы – әлем­нің ең биік мінбері. Адамзат тағ­дырының талай-талай мәселелерін шешкен осынау залдан кеше Қа­зақстан Президентінің дара дауысы дүйім дүниенің қиыр-қиырына сан тілде қатарласа тарап жатты.

Сессияны БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун жиырма минөттік сөз сөйлеп ашты. Бразилия Президенті Л. да Силваның, АҚШ Президенті Дж.Буштың, Гана Президенті Дж.Куфуордың сөздерінен кейін төртінші болып кезек біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа тиді.

– Мен баршаңызды сондайлық та алыс емес тарихқа қайта оралып, БҰҰ Бас Ассамблеясының ең бірінші қарары неге арналғанын еске түсіруге шақырғым келеді, – деп бастады сөзін Қазақстан Президенті.

Бұдан алпыс бір жыл бұрын, 1946 жылы алғаш шақырылған БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің бірінші шешімімен Атом энер­гиясының ашылуына байланысты туындаған проблемаларды қа­рас­тыру үшін комиссия құрған бо­ла­тын.

Міне, сол уақыттан бері адам­заттың алаңдаушылығын азайта алатындай ештеңе дерлік болған жоқ. Керісінше, бүкіл осы жылда­ры ядролық қаруға ие болу жолын­дағы жанталас жалғасуда, бүгінде оған тіпті лаңкесшіл ұйымдар қосылып отыр.

Әлемдік қоғамдастық халықара­лық қауіпсіздік жүйесін реформалау қажеттігін әлдеқашан мойындаса да, айтарлықтай ілгерілеушілік жоқ.

Бұл мәселелер бойынша халық­аралық консенсустың жоқтығы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің кілт әлсіреуіне соқтырды. Тұтастай алғанда әңгіме халықаралық бас­қарымдылықтың жүйелік дағдарысы туралы болып отыр.

Бәрінен жаманы мынау, әлем­дік қоғамдастықта жаппай қырып-жою қаруының таралуын тоқтатуға қабілетті жария тетіктер барған сайын азайып барады.

Бірінші кезекте Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) асимметриялық келісімге айналғанын мойындау керек. Онда ядролық емес мемлекеттерге ғана санкция­лар көзделген. Ал енді ядролық державалар ядролық қару әзірлеуге тыйым салуға шақырса, онда олар­дың өздері атомдық арсеналды қысқарту мен одан бас тартудың үлгісін көрсетуі тиіс.

Мұндай әділетсіздік жаппай қырып-жою қаруына ие болу ниеті­нен арылмаған мемлекеттер үшін түрткі себеп болып табылады.

Біздің тұрғыдан мұндай ұмты­лыс ақылға сыйымсыз екенін қосқан жөн.

Қазақстан халқы атомдық жа­ры­лыстар салдарының бүкіл қасіретін өз басынан өткерген. Семей ядролық полигонында олар 456 рет жарылған.

Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның бірінші та­рихи шешімі Семей ядролық поли­гонын жабу болды. Соның артынша әлемдегі қуаты бойынша төртінші ракеталық-ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұры­лымдарын жою жүзеге асты.

Айта кетейін, сол кезде бізде оқытылған қызметкерлер ғана емес, сонымен бірге іс жүзінде ядролық оқтұмсықтарды жеткізу жөніндегі құралдардың барлық түрлері бар еді.

Бұл қадамдар жаһандық қауіп­сіздік саласындағы біздің мемле­кетіміздің стратегиясын айқындап берді. Адамзат тарихында алғаш рет сойқан салу күшіне ие ел өз ер­кімен одан бас тартты.

Осы шешімімен Қазақстан әлемге сенім туғызғанына нық се­німдімін. Осының арқасында біздің елімізге бүгінде бүкіл әлем білетін дамудағы таңғажайып табыстардың негізі болған елеулі инвестициялар ағыла бастады.

Біз осы қадамымызбен барлық ядролық державалардан қауіп­сіз­ді­гі­мізге кепілдік алып, өз тәуелсіз­дігімізді нығайттық. Неге өзгелер де қару-жарақ шығаруға орасан зор қаражат жұмсағанша, біздің өнегемізді жалғастыр­мас­қа?

Алайда таралу үдерісіне мораль­дық, экономикалық және басқа себептермен қатар құқықтық тос­қауыл­дар керек. Сондықтан Қазақ­стан Шартты жаңа нақтылықтарға қарай бейімдеуді ұсынады.

Бұл соңғы жылдары халықара­лық лаңкесшілдік әлемдік қоғамдас­тықтың қауіпсіздігін айтарлықтай әлсіреткені үшін әсіресе өзекті болып отыр.

Лаңкесшілдікке халықаралық есірткі саудасы қаржылық тірек болуда. Бүгінде "лаңкесшілдік эко­номикасының” жыл сайынғы ай­налымының үштен бірі нақ осы есірткі индустриясына келеді.

Лаңкесшілдік тұрақсыз және кедей елдерде өзіне орта тауып отырғаны жалпыға мәлім. Біздің өңірде Ауғанстан сондай ел болып табылады. Нақ осы елден есірткі­лерді сату барған сайын өсе түскен көлемде жүргізілуде.

Кедей мемлекеттерге дамыған елдердің көмегі, нақты нәтижелерге жеткізе аларлықтай көмегі қажет.

Осы таяуда ғана шетелдік көмектің реципиенті болған біздің еліміз экономиканың қауырт өсуі арқасында "жаңа нәрлендіруші” мемлекеттер тобына еніп келеді. Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда жыл сайын экономиканың өсуі 10% төңірегінде болды. Енді біз де көршілерге көмектесудеміз.

Қазақстан Иракты қалпына келтіру және Ауғанстанда ахуалды тұрақтандыру үдерісі бетпе-бет келіп отырған қиындықтарға алаңдаушылық білдіреді.

Қазақстанда Ауғанстан бойын­ша арнаулы бағдарлама әзірленге­нін айтқым келеді. Ол ауған эконо­ми­касын инвестициялауды, гума­ни­тар­лық жобаларды іске асыруды қа­мтиды.

Бүгінде бітімгершілік операция­ларын жүргізу жөніндегі БҰҰ-ның күш-жігері өңірлік дағдарыстарды бейбіт реттеудің барынша тиімді құралы болып қалуда, деп жалғас­тырды сөзін Қазақстан басшысы.

Бұдан 15 жыл бұрын Қазақстан осы мінбеден Ұйымның бітімгер­шілік әлеуетін нығайту жөнінде бастама көтерген болатын. Біз мем­лекеттер өздерінің әскери бюджет­терінің бір пайыз қаржысын ерікті түрде аударуы есебінен БҰҰ-ның Бі­тімгершілік қорын құруды ұсы­намыз.

Бұл идея әскери мақсаттардың әлемдік шығынынан 1%-ын даму мақсаттарына қайта бағдарлауды ұсынған Бас хатшы Пан Ги Мун мырзаның тарапынан қолдау тапты. Бүгінде бұл сома триллион американ долларынан астамды құрайды.

Бұл шешім БҰҰ-ның Мыңжыл­дық даму мақсаттарына жету жөніндегі стратегиясын іске асыру жолында маңызды қадам болар еді деп есептеймін.

Бұдан кейін Мемлекетіміздің басшысы сессия отырысына қаты­сушы ханымдар мен мырзалардың назарын Қазақстанның БҰҰ-мен және оның мүшелерімен ынтымақ­тастық тұрғысынан маңызды мәні бар бірқатар мәселелерге аудартты.

Бірінші. Қазақстан Бас Ассам­блеяның климаттың өзге­руіне байланысты проблемаларды осы сессияның басым тақырыбы ре­тінде даралап көрсету шешімін құптайды.

Осыған байланысты Тұрақты даму жөніндегі Йоханнесбург саммитінде ұсынылған біздің бастамамызға назар аудартқым және БҰҰ аясында Әлемдік эколо­гиялық проблемалар реестрін жасау­ды тағы бір рет ұсынғым келеді. Бұл құжат экологиялық апаттарға қарсы күрес тетіктерін әзірлеуге көмектеседі.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына қарай бір кездегі ішкі ірі Арал теңізі өз су массивінің төрт­­тен үш бөлігін жоғалтты. Бұл теңіз төңірегінде тұратын миллиондаған адамдар үшін апатқа айналды. Теңіздің жалаңашталған табанын­дағы тұз экологияға зардап келтіре отырып, бүкіл Еуразияға таралуда.

Орталық Азия өңірінің елдері теңізді қалпына келтіру жөнінде көп іс атқарды, алайда бұл проб­леманы шешу бойынша әлемдік қо­ғамдастықтың күш-жігерін топ­тастыру керек. Сондықтан да мен 2002 жылғы Жер саммитіндегі секілді тағы да Аралды құтқарудың халықаралық қорына БҰҰ инсти­ту­тының статусын беруді ұсы­намын.

Екінші. Бүгінде әлемдік қоғам­дастық үшін жаһандық энергетика­лық дағдарыстың тереңдеуі және планетада қолайсыз климаттық өзгерістер қатерінің өсе түсуі аса өткір проблемалар болып табы­лады. Біз бұл проблемаларға "8 тобы” және АТЭҚ басшыларының алаңдаушылық білдіруін бөлісеміз.

БҰҰ аясында Жаһандық энер­гиялық-экологиялық стратегияны әзірлеп, оны 2012 жылғы Тұрақты даму жөніндегі Бүкіләлемдік саммитте талқылау орынды болар еді, деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Үшінші. Қазақстан бір бөлігі болып табылатын Каспий өңірі ха­лықаралық энергетикалық рынок­та барған сайын өскелең рөл атқаруда.

Бүгінгі күні Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 7-ші орын, газдың қоры бойынша – 6-шы орын, уран қоры бойынша 2-ші орын алады.

2017 жылға қарай Қазақстан әлемдегі аса ірі мұнай өндірушілердің ондығына кіреді. Қазақстан елде өндірілетін газдың көлемін де ұлғайтуда. Уранның ірі қорына ие бола отырып, біз атом энерге­ти­касын дамытуда маңызды рөл атқаратын боламыз.

Бұл ретте Қазақстан жаһандық энергетикалық тепе-теңдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген өз жауапкершілігін толық мәнінде сезінеді.

Энергия тасымалдаушылардың тұтынушыларға жеткізілімін одан әрі әртараптандыру, сондай-ақ энергия ресурстарын өндірушілер үшін кепілдік беру мақсаттарында Қазақстан Энергия жеткізілімдерінің Еуразиялық тұрақтылық пактісін қабылдауды ұсынады, деді Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев.

Төртінші. Қазақстан жерінде БҰҰ тарихында теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдердің проблема­лары бойынша алғашқы жаһандық конференцияның өткізілуі 2003 жылы халықаралық құжат – "Алматы іс-әрекет бағдарламасы­ның” қабылдануына жеткізді. Ол осы елдер тобына көрсетілетін ық­пал­ды көмекке септеседі деп білеміз.

Бұл бағыттағы маңызды да қи­сындық тұрғысынан дәйекті қадам Қазастанда осы жылғы мамырда өткен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және Әлеуметтік комиссияларының (ЭСКАТО) соңғы сессияларында қол жеткізілген өңірлік ынтымақ­тас­тықты және көлік-транзиттік инфрақұрылымды дамыту жөнін­дегі шешім болды, деп түйін­деді ойын Қазақстан басшысы.

Бесінші. Азия туралы айтқанда континенттік ауқымдағы ұжымдық қауіпсіздік тетіктерін қалыптастыру тақырыбын айналып өтуге болмай­ды. Бұл Азиядағы өзара ықпал­дас­тық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы қазақстандық бастаманың іске асы­рылуы арқасында мүмкін болды.

Айтпақшы, бұл ұсынысты мен нақ осы мінбеден 1992 жылы Бас Ассамблеяның 47-ші сессиясының ба­рысында алғаш рет жария ет­кенмін.

Бүгінде АӨСШК Азия аумағы­ның 90 пайызын алып жатқан 18 мемлекетті біріктіреді. Бұл елдердің халқы бүкіл жер халқының жарты­сын құрайды. Уақыт АӨСШК үдерісінің қажеттілігін дәлелдеді, оның аясында Азия мемлекет­терінің саяси үнқатысуы қарқын алып келеді, деді Елбасымыз.

Алтыншы. Біз БҰҰ қызметін реформалау жөніндегі бірлескен күш-жігерге қолдау білдіреміз.

Біздіңше, Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту тұрақты мүшелер секілді тұрақты емес мүшелер желілері бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте әділ географиялық өкіл­дік және мемлекеттердің егемендік тендігін құрметтеу негізінде де жүзеге асырылуы керек.

Реформа сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің транспаренттілігі мен есеп берушілігін арттыру мақсатын­да оның жұмыс әдістерін қамтуы қажет.

Бас Ассамблеяға БҰҰ-ның бас кеңесші, директивалық және өкі­лет­ті органы ретінде негізгі орын тие­сілі болуы қажет дегенді Қазақ­стан басшысы атап айтты.

Болмай қоймайтын "өркениет­тер қақтығысы” туралы даңғаза бол­жамдардың көпшілігі, бақыты­мызға қарай, әзірге іске асқан жоқ. Алайда, конфессияаралық шиеленіс халық­аралық лаңкестік пен діни экстре­мизмнің әлеуметтік базасын нәр­лендіретінін айқын түйсінген жөн.

Діндердің келісімін, этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ету жаһандық қауіпсіз­дікті сақтау үдерісінде аса маңызды басымдық болып табылады деп есептеймін.

130 ұлт пен 45 діни конфессия­ның өкілдері өмір сүретін Қазақ­стан толеранттылықтың үлгісін көрсетіп отыр, ал ол Қазақстанда бей­бітшілікті, тұрақтылық пен экономикалық ілгерілеуді қамтама­сыз етудің шешуші факторына айналған.

Біз өркениеттер мен діндердің жақындасуына бағытталған әрқилы халықаралық бастамаларды толық­тай қолдаймыз.

Әлемдік конфессиялар арасын­да осы заманғы дүние құрылымы­ның түйінді мәселелері бойынша үнқатысуды жолға қою қағидаттық тұрғыда маңызды деп санай отырып, Қазақстан 2003 және 2006 жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің форумдарын өткізудің ордасы болды, бұл фо­рум­дарда діни мәртебелі тұлғалар өзара түсіністіктің тілін ғана емес, сонымен бірге планетаның "отты нүктелеріндегі” дінаралық шиеле­ніс­ті тоқтату тетіктерін іздестірді.

2009 жылы болатын Діни лидерлердің 3-ші съезі Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырымен өтуін ұсынғым келеді. Сондай-ақ таяудағы жылдардың бірін Біріккен Ұлттар Ұйымы Мәдениеттер мен діндер жақындасуының халықара­лық жылы деп жариялауын ұсы­намын, деп қадап айтты Елбасы.

Тарих – бұл даталардың қасиетті қабысуы екені белгілі.

Қалыптасуы солай болды да, бұрынғы Понтифик Иоанн Павел ІІ-нің біздің елімізге сапары 2001 жылғы қыркүйекке, лаңкесшілердің Нью-Йоркке және Вашингтонға шабуынан бірер күн кейінге келді.

Сол кезде ол Америкадағы 11 қыркүйектегі қасіретті оқиғалар діндер арасындағы текетірестің себебіне айналмауы тиіс деп мәлім­деген болатын. Ол діндарларды өзара өштескен топтарға бөлгісі келетіндерге біз үйлесімділікті, төзімділік пен діндарлықты қарсы қоятын боламыз деді.

Дүниеде өзара сенім мен ын­ты­мақтастық негізінде шешуге бол­майтын проблемалар жоқ екеніне сенімдімін. Мұны ұғыну үміт ұялатып, болашаққа деген сенімді нығайтады.

Осы үмітті нығайтуда Біріккен Ұлттар Ұйымы айрықша рөл ат­қарады. Біз қауіпсіздік пен әділет­тілікті қамтамасыз етуде БҰҰ секілді көп қырлы тетіктердің халықаралық құқықтылығының жариялылығы мен тиімділігіне сен­беушілікке қатысты күмәншілдікке салынбаймыз.

Біз өзіміздің Ұйымды әлсірету­шілікке қарсымыз. Қазақстан БҰҰ-дан соғыс және бейбітшілік мәсе­ле­леріне тиімділікпен ықпал етуге қабілетті бірден-бір халықаралық органды көре отырып, оның рөлі мен беделін көтеруге әзір мемле­кеттермен ынтымақтастықта бо­ла­ды, деп аяқтады сөзін Мем­лекетіміздің басшысы.

Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің сөзінен кейін халықара­лық шарттарға қол қою рәсімі өткізілді. Азаматтық және саяси құ­қықтар жөніндегі халықаралық пактіге факультативтік хаттамаға, Ұрып-соғу мен басқа да адамдыққа жат, кісіні қорлайтын жаза түр­леріне қарсы конвенцияға факуль­тативтік хаттамаға қол қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Франция Президенті Н.Саркозимен, Авс­трия­ның Федералды Канцлері Альфред Гузенбауэрмен, Еуропа Одағы Кеңесінің Бас хатшысы, жалпы сыртқы саясат пен қауіп­сіздік жөніндегі мәртебелі өкіл Х.Со­ланамен, Босния мен Герце­говина Төралқасының төрағасы Ж.Комшичпен, Италия Премьер-Министрі Р.Продимен, Литва Президенті В.Адамкуспен, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті.

Олардың бәрінде де маңызды мәселелер қозғалды. Мысалы, Франция Президенті Николя Сар­кози Қазақстанмен стратегиялық әріптестік орнату қажет деп санай­тынын, біздің елімізді Орталық Азиядағы өңірлік көшбасшы ретінде танитынын, екі елдің арасындағы сауда айналымын тез арада екі есеге дейін өсіруге толық мүмкіндік бар екен деп білетінін, бұл үшін ірі француз бизнесін Қазақстанға тарту керек дегенді, Франция Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ниетіне қолдау білдіретінін атап айтты. Өз тара­пынан Нұрсұлтан Назарбаев Фран­цияның қай тұрғыдан қарағанда да Қазақстан үшін маңызды әріптес болып табылатынын, екіжақты ынтымақтастық барлық салаларда өркен жаюға тиістілігін мәлімдеді.

Италия Премьері Р.Продимен кез­десу кезінде екі елдің эконо­микалық байланыстарын өрістете беру қажеттігі басты тақырыпқа айналды. Көп кешікпей Премьер-Министр Қазақстанға сапармен келетіндіктен бұл елдің біздегі мұнай компанияларына қатысты мәселелер сонда қаралатын болды. Алайда бұл жолғы кездесуде Қа­ша­ған кен орнына қатысты жәйттерге саяси астар берудің қажет еместігі атап өтілді.

Құрама Штаттардың аса ықпал­ды саясатшыларының бірі, бей­бітшілік саласындағы Нобель сый­лығының лауреаты Генри Киссинд­жер журналистерге берген бри­фингінде: "Мен жаңа ғана Қазақ­стан Президентімен өте қызғы­лықты әрі пайдалы әңгіме өткіздім. Бұл әңгіменің жалғасын тағат­сыздана тосатын боламын”, деп мәлімдеді.

Елбасымыздың БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысымен алғашқы кездесуі­не орай ол кісі жөнінде тоқтала кеткен дұрыс болар. Пан Ги Мун БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы. Бұл қызметке Корея Республика­сының сыртқы істер және сыртқы сауда министрі болып тұрған жері­нен келген. Ұйыммен баяғыдан байланысты. Кореяның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшы­сы, БҰҰ-ның Сеулдегі бөлімінің директоры сияқты бірқатар қыз­меттер атқарған. Пан Ги Мунның ерекше көзге түскен уақыты – 2001-2002 жылдарда Бас Ассамблея аппаратының жетекшісі болған кезі. Сол тұсты Корея өкілі 11 қыркүйектегі қанқұйлы лаңкестік әрекетке байланысты алғашқы қа­рарды жедеқабыл дайындауға, қабылдатуға көп үлес қосқан. Әуелде дағдарыс жағдайында бас­тал­ған сол сессияда БҰҰ-ның қыз­метіне қатысты бірқатар реформа­ларды қолға алуға кеңестер болған еді. Пан Ги Мунның қос Кореяны қосуға байланысты жасап жатқан азаматтық, перзенттік, дипломат­тық қызметі де қыруар. Кездесу кезінде Қазақстанның негізгі халықаралық мәселелерге қатысты басты ұстанымдары да баян етілді. Біздің еліміз ядролық, радиология­лық, химиялық және биологиялық қару-жарақты таратудың жолын кесу жөніндегі көп векторлы стра­тегияны талдап-жасау идеясын қолдап қана қоймай, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы ел ретінде өз қызметімен бұл істе үлгі көрсетіп отыр. Ғарышты қарусыздандыру, ақпараттық қауіпсіздік, бейбітшілік орнату, қақтығыстардың алдын алу, құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету, лаңкестікпен күрес, есірткі тасымалына бақылау, өңірлік ынтымақтастық, БСҰ-ға кіру, теңізге шығатын жолы жоқ елдер­дің проблемалары сияқты бірқатар мәселелерде Қазақстанның ұста­нымы айқын. Қазақстан Республи­касы БҰҰ Хатшылығының қазіргі құрылымы, қағидалары мен жұмыс тәртібі Ұйымның бүгінгі таңдағы қажеттіктеріне толық сай келмейді деп санайды. БҰҰ-ның әкімшілік-қаржы жүйесі түбегейлі қайта құ­рылуы керек.

Осындай кездесулерден кейін Елбасы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі орналасқан ғимаратқа ке­ліп, оны аралап көрді. Ашығын айт­сақ, өкілдікке АҚШ-тың біраз конгрес­смендері, Ресейдің бірқатар ше­неу­ніктері, көптеген елдердің жур­на­лис­тері келген екен. Нұр­сұл­тан Әбішұлы ғимаратты аралап, өкілдік жұмысымен танысқан соң журна­листермен кездесуге де уақыт тап­ты. Мемлекет басшысы Қазақ­стан­дағы ахуал туралы айтып берді. Сонымен бірге Тұрақты өкілдіктің жұмысына қанағаттанатыны туралы мәлімдеп, дипломаттардың жұмы­сына табыс тіледі.

Кешегі түстен кейінге де бір­қатар кездесулер жоспарланған. Астана уақыты бойынша түннің бір уағында бітетін ол кездесулер жөнінде келесі нөмірге жолданатын мақалада жазуға тура келеді. Қазір­ше осы елдегі саяси ахуал, сайлау алдындағы сапырылыс тірлік туралы әңгімелей отырайық.

2006 жылдың 7 қарашасында өткен сайлау нәтижесінде Өкілдер палатасы мен Конгресс Сенатын­дағы басым көпшілік дауысқа демократтар ие болғаны, спикер орынтағына демократ Ненси Пело­си жайғасқаны белгілі. Қазіргі Пре­зидент пен Вице-президент – республикалықтар екені тағы бел­гілі. Өткен сайлаудағы үгіт нау­қанында республикалықтар негізгі күшті лаңкестікпен күрестегі, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудағы жұмысты көрсетуге салса, демо­краттар өз насихатын билік ба­сындағы республикалықтардың сыртқы саяси бағытын, әсіресе, Ирак мәселесіндегі олқылықтарды сынауға құрды. Олардың мұнысы өзін ақтады да. Сайлау нәтижесі бойынша демократтар Өкілдер палатасындағы 435 орынның 247-сін, Сенаттағы 100 орынның 51-ін алды. Екі партиялы жүйеде бір партияның олқылығының өзі-ақ қарсыластарына ұпайды үйіп-төгіп беріп жататыны болады. Буш әкімшілігінің Ирак мәселесін әлі шеше алмай келе жатқаны (амери­калық әскерилердің адам шығыны қазірдің өзінде 3 мыңнан асып кетті), "Катрин” дауылының зарда­бын жою кезіндегі оралым­сыздықтар, биліктің федералдық органдарындағы, атап айтқанда, Конгресстегі сыбайлас жемқорлық фактілері (олардың бірқатарының үстінен іс қозғалып жатыр екен) демократтардың сөзін өтімді етіп тұр. Президент Дж.Буштың, ол бастаған республикалықтардың экономикалық саясаты да көпші­ліктің көңілінен шықпай отыр. Биылғы бірінші тоқсандағы ІЖӨ өсімі небәрі 1,3 пайыз болған, өт­кен жылдың төртінші тоқсанында 2,5 пайызды құраған. Америка экономикасына осындағы жұрттың тауарға әбден тойынып болуы да кері әсер етуде – мысалы, кейінгі жылдары автомобиль мен ком­пью­тер сатып алу көлемі күрт түскен (қырсыққанда, ескі көліктерді жинап алып кететін ТМД елдері де алыста жатыр). АҚШ-тағы ипотека дағдарысы Батыс Еуропа елдеріне қандайлық соққы болып тигенін көріп отырмыз, оның тіпті бізге де әсер етуі ғажап емес. Ирак мәселесі деген қиын түйіннің қалай шешілуі келесі жылғы сайлауда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Қазір Буш әкімшілігі Ирактағы әскерді 21,5 мың адамға арттыруды көздеп отыр, ол жақта онсыз да 150 мың американ солдаты жүргеніне қара­май "Аль-Каиданың” Ирактағы жетекшісі Аль-Заркавидің көзі жойылғаны республикалықтардың Ирак мәселесіндегі жағдайын біршама түзегені де рас. Америка Құрама Штаттарының Ресеймен, Қытаймен қарым-қатынастарында да түйінді тұстар табылады… Осындай күрделі жағдайда біздің еліміздің әуел бастан таңдап алынған көпвекторлы сыртқы саясатты көңілдегідей ұстанып келе жатқанына іштей тәубе айтасың. Қазір Ақ үй Үлкен Орталық Азия деген тұжырымдама ойлап тапқан, оған сәйкес осы өңірге ерекше назар аударылып отыр. Вашинг­тон­дағылар Қазақстан "демокра­тия мен нарық Орталық Азияда, Азия­да, тұтастай алғанда ислам әлемінде жүзеге асатындығының нақты үлгісі” деп қарайды. "Президент Назарбаев тек өңірлік қана емес, жаһандық ауқымдағы ойыншы екенін көрсетті. Оның Мәскеу, Бейжің мен Вашингтон­ның ара­сын­да, ұлттық мүдделерін алға тоса отырып, өз бағытын шеберлікпен әрі барған сайын арта түсіп отырған сенімділікпен жүргізуі біз үшін өте маңызды”, дейді мұн­дағылар. Сырт көз – сыншы деген осы.

 

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Admin | Теги: ете, алатын, бейбітшілік, соғыс, БҰҰ, және, мәселелеріне, ықпал, бірден-бір, тиімділікпен
Просмотров: 4476 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]