Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Халық әндері және олардың жанрлық стильдік ерекшеліктері.Тарихи, лирикалық әндер, айтыс өнері, оның музыкалық-поэтикалық құрылымы


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақстан тарихы]
04.02.2012, 19:57

Халық әндері және олардың жанрлық стильдік ерекшеліктері.Тарихи, лирикалық әндер, айтыс өнері, оның музыкалық-поэтикалық құрылымы

 

Халық әндері

Кез келген халықтың ғасырлар бойы жасалған мәдениеті болады. Оның бір саласы тарих болса, келесі бір арнасы - әдебиет пен өнер.

Өз кезегінде өнер де сала-салаға жіктелелі. Оларды қол өнері, сүрет онері, сәулет өнері және саз өнері дейміз.

Халкымыздың ғасырлар тереңінен жеткен саз өнері үлкен екі арнада көрінеді. Олар: ән және аспаптық дәстүр. Зерттеушілердің анықтауынша, бұл екеуінің ерте туғаны — ән.

Ән - халық мұрасы. Халық әндері — сарқылмас қазына. Оны жай ғана ән салу, коңіл көтеру деп түсінуге болмайды. Себебі әннің толып жатқан өзге қасиеттері де бар. Ең алдымен, ән — өнер. Ән - адамның көңіл-күйі, тебіренісі мен толғанысы, қуанышы мен жұбанышы. Ән - табиғат сүреттемесі. Ән – халыктың өмір айнасы. Олай болса, бізге әсер еткен өмір құбылыстарының барлығы дерлік  ән  арқауына айналып отырған.

Ерте дәүірлерде ән, өлең және би бөлінбей, біртұтас күйінде болған. Оның ізі қазақ халқының бақсылық дәстүрінен XIX ғасырға дейін көрініс тауып келді. Ондағы бақсы әрі әнші, әрі ақын, әрі биші. Ол өзі тартып отырған кобыз сарынына қосылып ән салады, би бнлейді және аруақтарға бағыштап олең айтады. Сөйтіп бір өзі өнердің үш түрін қатар атқарады. Мұны өнердің біртұтастығы немесе синкреттік белгісі дейміз.

Уақыт өткен сайын өнер де дамып, жетіліп, жіктеліп отырған. Енді ән, би, өлең жеке-жеке өнер түрінде  қалыптасады.   Оның бір  ғана  саласымен

шұғылданатын орындаушы мамандар туады. Сөйтіп онердің әр саласы кәсіби сипатқа ие бола бастайды. Солардың бірі — ән өнері.

Әрбір дәуірдің, әрбір тарихи кезеңнің өз үні, өз әуені, өз мақамы болған. Сол сипатына қарап кез келген әннің туған кезеңін дөп басып анықтауға болады. Ән — өмір айнасы дегеніміздің мәнісі осында. Мұны әннің тарихи сипаты дейміз,

Әннің келесі бір қасиеті — әуезділігі, әсерлілігі, көркемділігі. Бұл уақыт сынынан мүдірместен өтіп, біздің заманымызға келіп жеткен халық әндерінің барлығына дерлік тән белгі. Жазба мәдениеті туа қоймаған дала жағдайында нағыз көркем, тыңдаушысына терең әсер ететін әуезді саз ғана ел аузына ілігіп, ұзақ мерзім өмір сүре алған.

Халық әндеріне тән тағы бір белгі — әннің мазмұндылығы, елдің өмірі, тұрмыс-тіршілігімен сабақтастығы. Кез келген ән белгілі бір оқиғаға құрьлады. Соған орай оның айтайын деген ой-мазмұны да болады. Сол ой терен сезім арқылы тербеліп, көркем кесте — өлең түрінде сыртқа шығып отырған. Мүны әннің поэзиялык арқауы немесе әдеби сипаты дейміз.

Осы үш белгі жоқ жерде оны ән жанрына жатқызу қиын. Уақыт пен кеңістіктен тыс өмір сүретін ән болмайды.

Әннің осы аталған үш сипатына орай тарихшы, ақын және сазгер қызметіне де тоқтала кеткеніміз орынды. Әнді тудырудағы бұлардың қызметі қандай? Өзара ерекшелігі неде?

Тарихшы — шежіреші. Әдетте ол нақты бір оқиғаны  қара сөзбсн баяндайды.  Өлең кестесін, поэзия тәсілдерін қолданбайды. Сондықтан оның тілінде өлеңге тән ырғак, өлшем, ұйқас бола бермепді. Егер әлгі шежіреші баяндаған тарихи оқиғаны  өлең кестесіне түсірер болсақ, оның мазмұны өзгерер ме еді? Осы мәселеге токталған  жерде тарихшы мен ақынның айырмасы олардың бірі болған  оқиғаны, екіншісі болуы мүмкін оқиғаны баяндауында, деп көрсетеді Аристотель. Сөйтіп поэзияның тарихи шежіреден гөрі маңызды әрі күрделі жанр екенін айтады.

Тарих жеке бір оқиғаны баяндаса, поэзия сол оқиғаны жалпылай жырға қосады. Оған ән әуенінің де қатысы зор. Демек поэзия сияқты әннің де әлеуметтік маңызы елеулі. Ән — халықтың көркем ой-санасы деген сөзіміздің мәнісі осында.

Қазақ халқының ән өнері сан-салалы. Көне дәүірлерден келіп жеткен бұл мәдениет саласын бірнеше арнаға бөлуге болады. Олар: бақсы сарыны, жыраулық дәстүр, ертегілік, тарихи және лирикалық әндер.

Ән - вокалдық жанр. Халық әндеріне тән мынадай белгілерді көрсетуге болады:

1) әннің мазмұны, яғни әдеби мәтіні.

2) әннің әуені, яғни музыкасы.

3) әннің жанрлық ерекшелігі.

Әннің алғашқы сипатына орай В.Е.Гусев: ."Песня поется, и ее содержание выражает не только слово, но и мелодия, и ритмический ее строи, песенный образ не тождествен образу стихотворному" (Эстетика фольклора.-Л.,1967, 88-б-),- деп жазған болатын. Халық әндерін  біз тақпақ сазды речитативтік, тарихи және лирикалық деп білеміз. Бұл ерекшеліктер бірде әндердің музыкалық интонациялық жүиесіне қатысты  болса, енді бірдс жанрлық сипатьн білдіреді.

В.Я.Пропп музыкалық шығарманың жанры оның тарихи шындықты бсйнелеу немесе көрсету дәрежесіне байланысты деген пікір айтқан. Осы тұрғыдан келгенде халық әндерін тарихи, лирикалық деп бөлуге әбден болады. Тарихн әннің ел аузында сақталған улгілері аз емес. Бізге жеткен көркем бір нұсқасы - "Елім-ай" XVIII ғасырдың бас кезіндегі жоңгар шапқыншығына байланысты туған шығарма.

Халық арасына кең таралған лирикалық әндерге келер болсақ олардың жүздеген үлгілерін атауға болады. "Қамажай", "Бипыл", "Сәулем-ай" секілді толып жатқан әндердің барлығы да лирикалық жанрға жатады. Лирикалық әндерге катысты бір ерекшелік - онда сюжеттің болмауы, оның есесіне эмоцияға негізделген сезім лирикасы, поэзиялык. параллелизмдердің басым кездесуі. Оның мәнісі, әннің бір шұмағын құрайтан алғашқы екі жол басқа, соңғы екі жол өзге ойды білдіруінде. Әннің тұтастығы осы ойлардың сабақтастығынан туады.

Халық әндерінің стильдік ерекшеліктеріне бойлай түсетін болсақ, олардың музыкалық әуені мен әдеби мәтінінің бірде сәйкес, бірде сәйкес еместігін аңғарамыз. Бұл ерекшелікті ғылым тідімен синхрондық және асихрондық деп екіге жіктейміз. Асинхрондық жүйеге негізделген әндердің музыкасы мен әдеби мәтіні әр түрлі кезеңдерде тугандықтан, олардың құрылымдық жағынан бір-біріне сәйкес келмейтіні байқалады.

Речитативтік әндер халық шығармашылығына да авторлық шығармашылыққа да тән құбылыс.

 Олардың басты ерекшелігі - өлең жолының әр буынына жеке музыкалық үн-дыбыстың келіп отыруы (слогонота). Мұндағыы жеке буындар бірнеше дыбысқа созылмайды, музыкалық интонациясы бір деңгейде дамиды. Оның диапазоны-шектеулі, ннтонациялык секірістер өте сирек кездеседі.

 

      Қазақ фольклоры аясьнда жегкен әндерге тән ладтық құрылым -диатоника. Хроматикалық жүйе речитативтік, созылмалы лирикалық әндерде мүлде кездеспейді. Музыка теориясында бірінші "гептатоника" немесе "классикалық диатоника" аталып жүрген халық ладтарының көптеген үлгілері кездесіп отырады. Тағы бір ескертеріміз, халыкқ әндеріне келгенде тональдік терминін қолдануға болмайды. Олардың ладтық негізі ғана анықталуға тиіс.

Тональдік     —      классикалык музыкаға тән ұғым. Ондағы дыбыс қатары міндетті түрде 8 басқыш болып келеді; кез келген октаваның тоникалық дыбысы сол шығарманың тұрақты басқышы болып табылады.

Қазақ фольклорындағы мақам (лад) - әдетте 7 кейде одан да аз басқыштан тұратын дыбыс қатарына байланысты қолданылатын атау. Одардың ладтық тұрағы -тоникасы міндетті түрде дыбыс қатарының төменгі дыбысы болып табылады.

Халық әндерінің интонациялық-диапазондық құрылымын талдағанда оларға классикалық музыкаға тән терминдерді қолдануға болмайды. Музыкалық фольклортану ғылымында халық әндерінің дыбыс қатарына байланысты мынадай терминдер қалыптасқан:

1. Трихорд (до- ми- фа; ре - ми ~ соль) ~ үш дыбыстан тұратын құрылым.

2. Тетрахорд – төрт дыбыстан тұратын құрылым.

3. Пентахорд - бес дыбыстан тұратым құрылым.

4. Гексахорд - алты дыбыстан тұратын құрьлым.

5.Гентахорд - жеті дыбыстан тұратын құрылым.

Фольклорлық шығармалар  тұсында  оларға

қатысты   ғылыми  үғым-түсініктер  мен  арнайы терминдерді ескеру қажет.

                                 

Айтыс

Қазақ музыкалық фольклорының дара бір саласы  - айтыс. Айтыс көбіне түркі тектес халықтардың мәдениетіне тән құбылыс. Оны Еуропа халықгарының әдеби-музыкалық дәстүрінен табу қиын.

Эпос бір адамның орындауында жеткізілетін ірі жанр болса (монолог), айтыс екі адамның (диалог) тартысына құрылған шығарма. Оның да көптеген түрлері болған. Мысалы, ертеде ру-тайпа арасындағы айтыстар болса, кейін айтыс әлеуметтік тақырыптарға негізделетін болған. Оның келесі бір түрі — қыз бен жігіт айтысы.

Айтыс - музыкалық-эпикалык дәстүрдің бір арнасы. Оның негізгі ерекшелігі импровизацияға негізделіп, сөзбен жеткізілетін ой тартысына кұрылуы. Айтыстың кайым, бәдік, сүре, т. б. түрлері бар. Ал музыкалық әуеніне келгенде олардың бір-бірінен пәлендей айырмасы жоқ Айтыстың жоғарьда аталған кез келген түрі белгілі бір музыкалық мақаммен орындала береді. Сонымен бірге, әрбір айтыскер өз ойын ел арасына тараған әуен-саздарды қолдану арқылы да жеткізетін болған. Бүгінде айтыс өнері қайта жанданып отырса, оның музыкалық табиғаты бізде енді зерттеліп келеді.

 

Айтыс күйлері

 Күймен айтысу, күймен сайысу арқылы өнерлерін сынғасалу қазақ күйшілерінің ертеден бар дәстүрі. Елге есімі мәлім күйшілердің қай-қайсысы да небір әсем өрнекті күйлерін егес үстінде төгіп тастайтын болған. Күй айтысында ердің намысы ғана емес, елдің де намысы сынға түскен сәттер аз емес. Бұған қазақ пен түрікмен, қазақ пен қырғыз, қазақ пен қалмақ арасында болған күйшілер сайысы, соған орай туған толып жатқан күйлер куә. Дәулеткерей, Өскенбай сынды күйшілердің түрікмен күйшілерімен арада болған күй сайыстарында дүниеге келген небір сиқырлы саздары мен шежірелі аңыз-әңгімелері ұрпаққа мұра.

         Күй айтыстары тек әсем сазды күйлерді ғана дүниеге әкеліп қоймайды, сол күйлердің қалай дүниеге келгенін баяндайтын тамаша аңыз-әңгімені де туындатып отырады.Мұндай аңыз-әңгімелер өзінің деректілігімен, ширыққан оқиғасымен ерекшеленеді. Әсіресе, айтыс барысында тың күйді төгіп тастайтын арқалы өнерпаздың шеберлік шалымы күй айтыстарына қатысты аңыз-әңгімелердің негізгі арқауы – болып отырады.

         Өскенбай Қалмамбетұлы шығарған «Жаңылтпаш» күйінің аңыз-әңгімесінде тарихта болғанадамдар, олардың арасындағы туысқандық, достық қарым-қатынастар, жер-су атаулары, ол жерлердің аңы мен құсы, адамдардың қарым-қатынасындағы этнографиялық көріністер, ең соңында күйшілердің арқалы өнері, міне осының бәрі де тарихи деректілігімен, ақпарлық мағлұматының молдығымен назар аударады. Түптеп келгенде, күй айтыстарына байланысты айтылатын аңыз-әңгімелердің өзекті бір ерекшелігі де осы болса керек.

Жалпы өнер жарысының, оның ішінде күй айтысының дәстүрге айналуы өнерпаздардың кемелдігін танытып қана қоймайды, ең мәндісі халықтың рухани мәдениетінің кемелдігіне де айғақ. Өнері бүкілхалықтық өмір салтқа ұласқан ел рухани бәсекені дәстүр етеді. Мұндай дәстүр әдетте мемлекеттік нұсқаудан ада, саяси науқаннан тыс, халықтың табиғи-рухани сұранысымен, шынайы демократиялық сипатта өтеді. Бұған күй айтысы жарқын айғақ бола алады.

Күй айтысының қазақ арасында ежелден орныққан екі түрлі үлгісі бар. Оның біріншісі – «қара тартыс», екіншісі – «түре тартыс» немесе «қайым тартыс» деп атайды. Қара тартысты таңдаушылар, әдетте, күйдің санын асырып жеңуді мақсат етеді. Ал, түре тартыстың шарты бойынша, бірінші адам тартқан күйді екінші бәсекелесі айнытпай қайталап тартып отыруы керек. Күй айтысының осы екінші үлгісі мейлінше қиын болғандықтан, кезекке таласып қалатын жағдай жиі кездесіп отырған. Кейбір күйшілер түре тартысты бастау құрметіне ие болса да, мінез көрсетіп , қарсыласынан күй тарту тәсілін жасыру үшін киіз үйдің іргесін түргізіп  қойып, керегенің екі жағында айтысатын болған. Әрине, айтыстың бұл үлгісіне шын мәнінде өзіне -өзі сенген нағыз дәулескер күйшілер ғана тәуекел еткен. Соның өзінде, неше жерден дәулескер күйші болса да, тосын естіген қиын күйді бірден айнытпай қайталаудан мүдіріп, өзекті сарынын ғана іліп қалып, нобайын тартып беретін кездер болады. Мұндайда төреші болып отырған адамның алды кең болса  «жетеді-жетеді, күйдің құлағы шықты, келесі күй тартылсын» деп отырады.

Сөз орайында «Күй айтысының үлгісі» деген тіркестің әдейі қолданылып отырғаны ескерте кеткен жөн. Ауызекі сөзде күй айтыстың қара тартыс және түре тартыс болып бөлінуін «күй айтысының түрлері» деп те айта беретіні белгілі. Алайда, «Күй айтысының түрлері» деген тіркестің басқа мағынада қолданылатыны төменде сөз болады.

Әдетте, күй айтысы алқалы жиында, ас берілгенде, ұлы дүбір тойда алдын ала  дайындалып келіп өтетін болса, төреші белгілейтін дәстүр бар. Сөз жоқ, төрешінің өзі де, күй тарта алатын, білікті адам болуы шарт. Мұндай күй айтысында алдымен күй тарту кезегі төрешіге беріледі. Мұны «бата тартыс» немесе «күй шақыру» деп атайды. Бата тартыс, біріншіден – төрешінің күй жайын білетін лайықты адам екенін танытса, екіншіден – күй айтысына түсетіндердің шабытын шақыру үшін қажет.

Күй тартып айтысу дәстүрі, күймен жауаптасу дәстүрі қазақ даласының барлық өңірінде болған. Күй аңыздарының дерегіне қарағанда, осынау тамаша өнер жарысының ертеден-ақ орныққан дәстүр екенін аңғаруға болады. Жалпы көшпелілер өмір салтында мәдениет өзінің біртектестігімен, біртұтастығымен ден қойдырады. Дегенмен, күй айтысын айрықша дәстүр еткен өңірлер назар аудармай қоймайды. Бұл орайда күй айтысы айрықша дамыған өңір ретінде Маңғыстау, Арқа алабын алдымен атауға болады. Бұл өңірлерде күйшілік өнердің сыналар тұсы да, нағыз күйдің дүниеге келер сәті де көбінесе намыс қозғар әрекет үстінде өтеді. Тіптен, тосын күй, сәтімен шыққан күй қоғамдық өмірдің күрделі мәселелеріне араласып, көбінесе оң шешімдердің кілті болып отырған. Сөзбен жібіте алмаған жүректі күймен жібіткен, күшпен қайтара алмаған ашуды күймен тоқтатқан, байлықтың кеудемсоқ арынын күймен басқан оқиғалардың небір мысалдары айтыс күйлерінің аңыздарында мол ұшырасады. Бұл ретте, тек айтыс күйлері ғана емес, жалпы күйшілік өнер бір ғана эстетикалық әсермен шектеліп қалмай, қоғамдық өмірдің реттеушісі ретінде де көрініс табатыны айрықша назар аударады.

Жоғарыда күй айтысының қара тартыс және түре тартыс деп бөлінетін үлгілерінің бар екені айтылды. Енді осы күй айтысының үлгілері біртұтас музыкалық дәстүр ретінде өз ішінде төрт түрге бөлінеді. Бірінші – күйшілердің алдын – ала құлақтасып, хабарласып сайланып келіп айтысатын түрі. Екінші – күйшілердің тосын кездесу сәтінде, ерегіс үстінде немесе даулы жағдайға тап болғанда дүниеге келетін күйлер. Үшінші – күйші куә болған оқиғаға арнап немесе бұрын өткен, бірақ ел есінен өшпей жүрген оқиғаға арнап күй шығарады. Ол оқиғаның желісі күй тілінде екі дай ерегіс, бәсеке түрінде баяндалып, одан әрі ширыға өрбіп, ақыры түйінді шешіммен аяқталады. Төртінші – күймен жауаптасу, сәлем айту, күйшілердің бір-біріне күй арнау дәстүрінде күй айтысының бір түріне жатқызуға болады.

Күй айтысының бірінші түріне сайланып келіп айтысатын күйшілердің өнері жатқызылады. Әдетте, мұндай күй айтыстардың өтетін мезгілі, мекені алдын ала белгілі болып, тіптен айтысқа түсетін күйшілердің кімдермен өнер сынасатынын алдын ала біле алады. Сондықтан да, айтысқа түсетін күйшілер де бір-бірінің  қандай күй тартатынын, қандай бұрауға салатынын, күй тарту мәнері қалай екенін алдын ала түрлі тәсілдермен білулеріне мүмкіндік болады. Әрине, күйшілердің бәрі бірдей көпшіл емес, олардың ішінде өз өнеріне ерекше қызғанышпен қарап, әркімнің алдында ашыла бермейтіндері де болған. Мәселен, Сайдалы Сары Тоқа өз күйлеріне мейлінше қызғанышпен қарап, әлдекімнің бұзып тартқанын естісе қатты ашуланатын болған. Өз күйлерін оңаша отырып тартуды ұнататын күйшілердің бірі Сүгір екені айтылады. Әрине, күй айтысына түсерде мұндай мінездегі күйшілерден сыр тарту, алдын ала өнерпаздың қарамын болжау қиын. Мұндай жағдайда айтыс күйшілері бір-біріне түрлі кейіптегі жансыздарын жіберіп алдын ала шолу жасасатын да дәстүр болған. Бір мысал келтіруге болады. Тарбағатай сілеміндегі Маңырақ тауының арасынан ағатын Терісайрық өзенінің бойындағы Қайрақбайдың Заманбегі деген дәулескер күйші 19 ғасырда ғұмыр кешкен. Руы-Найман. Бұл өңірде Қайрақбайдың Заманбегінің «Қайрақбай» деген күйі күні бүгінгі дейін тартылады.

Сол Заманбектің буынсыз күшілігіне, алысьан жеткен даңқына Керей Жұмажан деген күйші ынтық болады. Жұмажанның өзі де қаражаяу емес. Керей ішіне аты жайылған өнерпаз болса керек. Бірақ, келген-кеткеннен құлағы шалып қалатын небір сиқырлы саздың тегін сұраса, ылғй Заманбекке барып тіреле береді ғой.

Бір күні әбден төзімі таусылған Жұмажан ел ақтаған дуананың киімін киіп, мылқау адамның кейпіне тұсіп, Найман ішіне келеді. Содан елдің көзін үйретіп біраз жүрген соң, Заманбектің де үйіне жетеді. Бұл үйдің тобылғысын бұтап, суын әкеліп, біраз аялдайды. Ертелі-кеш Заманбек күй тартса болды, босағаға отыра кетіп, телміріп күй тыңдайды. Мұндайда Заманбек: «Қайтсін, тегін адам тіл ауыздан қала ма, ішінде бір шер бар ғой!» деп мүсіркеп, Жұмажанның көңілін аулау үшін одан сайын егіліп тартады. Осылайша Жұмажан сол үйдің есігінде жүріп, Заманбектің баойындағы өнерін көкірегіне түйіп алған ғой.

         Кейін Найман мен Керей арасында өткен бір бәсекеде қос күйші кездесіп, өнер сынасқанда, Заманбек: «Япырай, біредің өзегін жарып шыққан перзентін екінші біреу жатсынбай бауырына салып, мәпелеп ұстай алады екен – ау!» деп, Жұмажанның күй тартысына тәнті болады. Мұнысы, Заманбектің күйін Жұмажанның шебер тартатынына сүсінгені ғой. Бір қызығы, күні бүгінге дейін, Найман арасында Заманбектің  «Қайрақбай» деп тартылатын күйі Керейлер арасында Жұмажанның «Арманда» деген күйі болып тартылады.

Осы орайда көшпелілер үшін өнердің жеке адамға атақ-даңқ әкелуі басты мұрат емес, өнердің әрі таймай халық көңілінен шығуы, халыққа қызмет етуі негізгі мақсат екені аңғарылды. Көшпелілер қоғамының демократияшыл болмысымен үндес бұл да бір ерекше құбылыс. Біртуар дарындарының өз өнеріне қатысты авторлық абырой-атақ туралы эгойстік пендешіліктен ада болуы, жалпы шығармашылық психология туралы арнайы зерттеуге болатын жайт. Мұны өнердің мифтік немесі діни мүддеден арыла қоймауынан деп шолақ қайыра салуға ешқандай негіз жоқ. Бәлкім ұжымдасып-ұруласып қана күн көре алатын көшпелілер үшін өнердің қоғамдық өмірді реттеп отыруда белсенді ролінің болғанына ден қою керек шығар.

Алдын ала сайланып өткзілетін күй айтысы  әдетте ірі жәрмеңкелерде, күні бұрын сауын айтып берілетін астарда, салтанатты жиындарда, той-думан, бас қосуларда өткізілетін болған. Қырғыздың белгілі манабы Шәбденнің асына қазақтың жеті уезінен адамдар қатысқан. Соның ішінде Ақмола уезінің адамдарын әйгілі күйші әрі болыс Тоқа Шоңманұлы бастап келсе керек. Осы аста бірнеше жұп күй айтысы болып, Сайдалы Сары Тоқа қырғыздың Ыбырай Тұманұлы және Қарамолда Оразұлы деген «жас пері» атанған қос күйшісімен айтысқа түскен. Тоқа өле-өлгенше осы күй айтыстарын еске алып: «Ыбырай да, Қарамолда да түпсіз терең күйшілер екен. Қырғыздың әрідегі Арыстанбек, Қайду, Абақ сияқты күйшілерінен бастап, берідегі Мұраталы, Тоқтағұл, Ниязалы, Айдарлы сияқты күйшілердің мұрасын таңды-таңға ұрып тартады екен. Қара тартыстан күйдің түбі көрінбейтін болған соң, жұртшылық кеу-кеулеп, бізді түре тартысқа салды. Әлі есімнен кетпейді, Ыбырайдың «Қамбархан», «Бата», «Тертолғау» деген, Қарамолданың «Қамкейдің арманы» деген күйлері кісінің буынына түсетін асыл өнер еді-ау! Қырғыз ағайынның көңілі көлдей, мейірімі таудай халық қой , менің жасымның үлкендігін сыйлап, түре тартыста кезекті маған беріп отырды. Намыс деген қиын ғой, біраз теріс бұрауға салып тартқан күйлерім жанымды алып қалды» - деп отырады екен.

Қырғыз өнерпаздарымен әйгілі күйші Ықылас Дүкенұлы да талай рет күй айтысына түскен. Сондай-ақ Жамбыл мен Мұраталының күй айтысы да ел есінде күні бүгінге дейін сақталған.

Алдын-ала сайланып өткізген күй айтысының небір қызықты үлгілері Маңғыстау өңірінде өткен. Күй өнерін бұл өңірде мейілінше қадір тұтатыны соншалық, күй қоғам өмірінің үлкенді – кішілі мың сан жағдайына араласып, талай-талай кісілікті шешімдердің кілті болып отырған. Абыл, Боғда Қоңыр сияқты дәулескер күйшілердің қанатты өнерінің дүниеге келеп ортасы үнемі додалы айтыс үсті, тосын сын сәті болып отыратынын көреміз. Мұның жарқын үлгісі сияқты «Үш ананың айтысы» атты күй сайысы күні бүгінге дейін Маңғыстау өңірінде мәлім. Бұл айтысқа Әлімнен Тоғызбай, Табыннан Наушағыз, Бойұлынан Еспай сияқты күйшілер сайланып келіп қатысқан. Күй айтысының аса қызу тартысты өткені сондай, нәтижесінде «Шиелеме-шегелеме», «Терісқақпай», сияқты тамаша күйлер дүниеге келіп ұрпақтың рухани игілігіне айналған.

Сайланып келіп өткізетін күй айтысының бір ерекшелігі, мұнда бір-бір қайырым күй тартумен тынбайды.

Күй айтысының екінші бір түрі күйшілер тосын жағдайға атп болғанда, немесе намыс қазғар ерегіс үстінде туатыны айтылады. Көшпелі өмір салтта туыстық қарым-қатынастың бүкіл этносты біріктіріп ұстауы, жеті атадан арғы буынмен ғана қыз алысып, қыз берісуі кеңістік аясында ұдайы қозғалыста жүруі, көрші мен көршінің, ауыл мен ауылдың, ру мен рудың ұдайы қарым қатынаста болуын қамтамасыз еткен. Мұның өзі, алуантүрлі салт-дәстүрдің қалыптасуына, моральдік – этикалық қалыптардың орнығуына себепші болған. Күйшілердің күтпеген жағдайда күй айтысына түсуі қаншалықты тосын болғанымен халықтық дәстүр аясынан, кісілік жолынан әсте шықпайды. Сондықтан да күйшінің өнері көп жағдайда тығырықтан шығудың кілті болып отырады.

Тосын жағдайда күйді араға салу, күймен іс түйінін шешу, күймен түсінісу халық күйлерінің де, халық композиторлары күйлерінің де аңыздарында мол ұшырасады. Мәселен қазақ пен қалмақ арасындағы қан төгілер қақтығыстың түйінін қос күйшінің айтысымен шешетін «Қазақ пен қалмақтың күйі», қонақ жігіт өзі түскен үйдегі бойжеткен қыздың балағындағы жыртықты күймен сынаймын деп, ол қыздың өнерпаздығын білмей қарымта күйден тосылатын «Қағытпа» күйі сияқты халық күйлері тосын жағдайда күйшілердің шарпысуынан шығып отырған. Тосын жағдайда күй айтысына түсу немесе сырын білмейтін бейтаныс өнерпазбен күй тілінде жауаптасып қалу жағдайы халықтың күйші – композиторларының бәріне тән десе де болады. Тәттімбеттің күйші қызбен тосын айтысында етігін шешіп тастап, домбыраны башпайымен қағатыны, дәл осындай жағдайда Тоқаның домбыра пернесін бәкімен сыр еткізіп қиып тастап, пернесіз тартатыны Өскембайдың түркімен өнерпаздарымен өнер сайысы сияқты мысалдарды молынан кездестіреміз.

Осы сияқты тосын жағдайдағы күй айтысының әдемі үлгісі Адайдан шыққан әйгілі домбырашы Құлшардың басынан өткен. Күйші жолаушылап келе жатып ат басын бұрған үйдің қызы да, шешесі де асқан домбырашы болып кезіккен ғой. Алғашқыда «Күй дегенде күй таңдаймыз» деп менменсіп домбыра шерткен Құлшар, кешікпей-ақ  қыз бен оның шешесінің қақпақылына  түсіп, қатты сасады. Себебі, қыз бен оның шешесі  бір-бірінен асқан домбырашыдар болса керек. Осынау тосын оқиғаның айғағаындай болып, бүгінгі күнімізге «Қыз қамаған», «Сық-сақ» сияқты тамаша күйлер жеткен.

Тосын жағдайда өтетін күй айтысының негізгі бір ерекшелігіне айрықша назар аударған жөн. Ол- осынау өнер жарысында туған күйлердің ел ішіне бір күйшінің мұрасы ретінде тарап отыратыны. Мұның мәнісі, күйші өз басынан өткен оқиғаға байланысты тартылатын күйлерді өзінің толықтырып, өңдеп тартуы да мүмкін.  Мәселен, жаңағы Құлшардың басынан өткен оқиға бойынша оның өз жанынан шығарып тартқан күйі «Қыз қамаған» ғана. Ал, «Кербез Керік», «Ат жортақ», «Кебіс қалған», «Сық-сақ» сияқты күйлерді қыз бен оның шешесі шығарған болып баядалады. Осыған қарамастан бұл күйлердің бәрі де ел ішінде Құлшардың төл күйлері ретінде тартылады.

Яғни,әр түрлі тосын жағдайда өткен күй айтыстарында тартылған күйлер, әдетте, бір күйшінің мұрасы ретінде танылады.Мұның негізгі себебі, күйші тосын оқиғаның кейіпкері ғана емес немесе тартушысы ғана емес, ең бастысы сол оқиғалы күйлерді ұштап, толықтырып шығарушы да болып табылады.

Осы орайда, көшпелілер өнерінің тек өнер ретінде ғана тумайтыны, міндетті түрде нақтылы өмірдің айғағы, шежіресі әрі реттеушісі ретінде дүниеге келіп, өмір сүретіні тағы да айқын аңғарылады. Қазақтың дәстүрлі өнерінің төл сипатын даралап көрсететін тамаша қасиеті осы болса керек.

Енді, күй айтысының үшінші түрін тарата сөз етіп көрейік. Күй айтысының бұл түріне күйшінің өзі куә болған немесе бұрын өткен, бірақ ел есінен өшпей жүрген оқиғаға арнап шығарған күйлер жататыны аталып өтті.

Егер күй айтысы дегеннің өзі күй тіліндегі диалог екенін мойындасақ, онда белгілі бір түйінді оқиғаға байланысты кезектесе тартылған күйлерді де күй айтысына жатқызуға болады. Рас, бір ғана күйшінің белгілі бір оқиғаға арнап шығарған күйлерін көлденең тарта отырып, мұны айтыс күйі емес, арнау күйі деп қарастыруға да болар еді. Алайда, күй жанрының бірде-бірі белгілі бір өмір құбылысына немесе белгілі бір адамға арналмай дүниеге келмейтіні аян. Бұл ретте, қазақ күйлерінің бәрін де арнау күйлері деп қарастыруға болады. Мұның өзі түптеп келгенде, күй жанрының ғана ерекшелігі емес, жалпы көшпелілер өнерінің себепсіз дүниеге келмейтін, міндетті түрде өмірмен шендесіп жататын қасиетін танытатын құбылыс. Сондықтан күй жанрының арну түрінде дүниеге келуін оның жалпы типалогиялық қасиеті ретінде қаперде ұстай отырып, соның ішінде арнау айтыстарды күй айтысының қызықты бір түрі ретінде қарастырған жөн.

Белгілі бір оқиғаға арналған күй айтыстары да қазақ күйлерінің ішінде мол ұшырасады. Мәселен, «Кәрібоз бен Салторы» деген халық күйі бар. Мұндағы Кәрібоз бір кездегі алдыңғы қара салмаған жүйрік ат. Ал, Салторы болса кейін көне бастаған сәйгүлік. Күйші кәрі жүйрік пен жас жүйрікті оқиға кейіпкері етіп алуының өзінен-ақ бәсекелік жағдай бірден назар аударады. Күй тілінде осы екеуінің қатар бәйгеге түсуі баяндалады. Кейіпкер екеу болғандықтан, ол екеуі бәсекеге түскендіктен күй өзінен-өзі диалог айтыс түрінде тартылады. Тіптен, ел ішінде «Кәрібоз» бір бөлек күй болып, «Салторы» бір бөлек күй болып тартылатын да дәстүр бар. Бұл екі күйді аңыз ғана біріктіріп қоймайды, күйдің драмалық бітімі, әуендік шиеленісі, сөз жоқ, айтыс күйі екенін айқын аңғартады. Рас, мұндағы айтыс оқиға түрінде, яғни күй аңызы түрінде алдымен назар аударады. Алайда, кеүйді тыңдағанда аңыздан гөрі әуеннің тәжікесі басым екенін аңғару қиын емес.

Белгілі оқиғаға арналған күй айтысындағы күйлердің жеке-жеке, дербес күйлер болып келуі шарт емес. Айтыс, диалог белгілері бір күйдің ішінде болуы да мүмкін. Әйгілі Қазанғап Тілепбергенұлының шәкірті Қыдыралі Есжанов деген күйші болған. Сол Қыдыралы да «Күндестің күйі» деген күй бар. Бұл күй бастан аяқ бай мен бәбішесінің тәжіке диалогына құрылған. Әрине, күйдің аңызы ғана емес сол аңыз сөздерінің буын ырғағына бағынған әуендік диалогы да тыңдаушыға айтыс күйлерінің бір қызық үлгісіндей әсер береді.

Айтыс күйлерінің соңғы, төртінші түріне күйшілердің күймен жауаптасуы, күймен сәлем жолдасулары, күймен танысулары, бір- біріне күй сыйлауы, күй арнауы жатады. Күй айтысының бұл түрін саралап тану үшін Құрманғазы мен Дәулеткерей арасындағы кездесулерді еске түсіруге болады.

        Құрманғазы алғаш істі болып сауға сұрау үшін Дәулеткерейді арнайы іздеп келген. Қос күйші де бірін-бірі ең алдымен өнерде өрістес болғаны үшін қадір тұтса керек. Екеуі де көңілдеге айтар ой, шағар мұңын күй тілінде сөйлеткен. Бір жағы төрелігі бар, бір жағы үй иесі болған соң, алдымен домбыраны Дәулеткерей ұстап бір күй тартады. Бұрын естімеген әсем сазға Құрманғазы елең етіп, «Бұл не күй» дегенде, Дәулеткерей күйдің атын «Бұлбұл» дейді. Іле домбыраны Құрманғазы алып, ол да «Бұлбұл» деген атпен бір күй тартады. Сонда Құрманғазының құдірет өнеріне тәнті болған Дәулеткерей: «Жоқ, бұл жай ғана бұлбұл емес, бұлбұлдың құрғыры екен» депті. Осылайша екі ұлы күйші бір-біріне өлмес өнер мен белгі қалдырған. Құрманғазы күйінің «Бұлбұлдың құрғыры» деп тартылуы осы Дәулеткерейдің бір ауыз сөзіне сүйсіну сөзімен байланысты болса керек.

Дәл осы сияқты Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйі мен Тәттімбеттің әйгілі «Көкейкесті» күйі де екі ұлы күйшінің бір-біріне арнаған күйлері деген аңыз бар.

Әрине , өмір бірыңғай күнгей болып тұрмайды. Өмір болған соң әртүрлі жағдай өтіп жатады. Күй айтысының жауаптасуы, арнау түрлері сол түрлі жағдайда дүниеге келіп отырған. Жетісу, Шығыс Қазақстан өңірінде есімі кең тараған күйші Қожеке Назарұлының «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы» деп аталатын екі күйі бар. Аты айтып тұрғандай, бұл күйлерден белгілі бір жағдайға орай жауаптасуды аңғаруға болады. Яғни, күй айтысы демесек те, күй – диалог екені, қос күйді қатар тыңдаса ғана толық эстетикалық-деректік әсерінің болатыны аңғарылып тұр.

Күй айтысында күймен жауаптасу, күймен сәлем айту түрі де ел ішіне кең тараған дәстүр. «Кербез қыз» және «Сал жігіт» дейтін халық күйлерінде алдымен жұртты менсінбеген кербез қыздың мінезі суреттелсе кейін отырыңқырап қалған сол кербез қызға сал жігіттің базына сәлемі күй тілінде жетеді. Әрине күй тілін кербез қыз түсініп бір кездегі астамшылдығын мойындап мұңаяды.

Міне, бұл сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Соның қай-қайсысында да ұдайы қатар өрілетін екі тінді оқиға немесе қатар көрінетін қос тағдыр, қос тұлға күйдің оқиғасы мен әуенінің негізгі өзегі болып отырады. Мұның қай-қайсысы да күй айтыстарының оқшау бір саласына тән қасиеттер ретінде ден қойғызады.

 Айтыс күйлерінің музыкалық бітім болмысы сол күйдің аңызын айту барысында кеңірек ашылып, тыңдаушыны эстетикалық-эмоциялық терең сезімгебөлейді. Сондықтан да, қазақтың дәстүрлі талғамы бойынша оның айтыс күйімен аңыз әңгімесі бір бөлек, бір тұтас эстетикалық құбылыс ретінде бірге орындалып отырған. Былайша айтқанда, айтыс күйі бір бөлек, оның аңыз әңгімесі бір бөлек тартылмаған да, айтылмаған да. Егер бөлек- бөлек тартылып айтылатын болса, онда көркемдік – эстетикалық әсер қуаты да жартыкеш болып отырған. Күй мен күй аңызы арасындағы дәстүрлі байланыстың бір парасын осылайша байқауға болады.           

 

Лирикалық әндер

 Қазақ халқының терең сүйіспеншілік сезімге құрылған лиикалық әндері өзінің көркемдік келбеті, әуездік құрылысы мен жырлаған тақырыбы жағынан аса қомақты. Олардың арғы дәуірлерден келе жатқан үлгілері де жоқ емес. Мұндай әндердің әуен-сазы әдетте қысқа. Соған орай  өлең шумағы да ықшам, қос жолдық болып отырады. Сонымен қатар қара  өлең өлшеуіне құрылған үлгілері де баршылық.

Лирикалық әндердің басты ерекшелігі, оның адамның жеке  басына байланысты  сүйіспеншілік сезімге негізделуі дер едік. Сол себепті олардың туған кезеңін дөп басып айту қиын. Әннің мазмұны бірде ашық та айқын, енді бірде астарлы ойға құрылады. 

 

Япур-ай

Жас болса жарқыраған көлдің  беті,

Көгеріп толқындайды, япур-ай,  алыс  шеті.

Дірілдеп толқын басқан мөлдір суын,

Шайқайды жас балдай, япур-ай,  желдің лебі, -  деп басталатын  ән жайма шуақ жаз мезгіліндегі табиғат құбылыстарын аса бір нәзік сезіммен жырласа:

Алтын бу ақ көбіктің бетін жабар,

Судан бу көкке төніп, япур-ай,  маржан тағар.

Есіме  ақ еркемді алған кезде,

Ақ маржан жылт-жылт етіп, япур-ай, жерге тамар, -  деген келесі  шумағында сол сезім табиғат аясынан шығып, сүйген жанның ішкі жан-күйін, толғанысын білдіреді.

Ән бастан-ақ біркелкі созылмалы түрде орындалады.  Алғаш оның әсерлі әуені жоғары шарықтап, соңынан төмен түсіп, баяулап барып аяқталады. Бұл төменгі дыбыстың тұрақтылығына негізделген халық сазы.

Әннің осындай лирикалық мазмұнына сай оның әуен-сазы да барынша көркем, әсем әрі сырлы. Ол өлеңнің әр жолының ой-мазмұнымен тығыз байланыста көрінеді. Халық әндерінің көне үлгілері  сияқты "Япур-ай” сазы да ықшам, өлеңнің әрбір қос жолы сайын оның әуені қайталанып отырады. Алғаш баяу басталатын ән әуені бірте-бірте көтеріледі де, ұзамай қайта басылып, алғашқы сезім күйіне оралады. Әннің осы қарапайым құрылысы оның ел арасына  кең таралуына  себеп болған сияқты.

 

Сусамыр – елдің жайлауы

Бұл соңғы жылдары ел арасына  көңінен тарап жүрген әндердің бірі.  Соған қарамастан әннің лирикалық әуен-сазы мен сөз саптауы оның нағыз халық туындысы  екенін байқатады.

Айналайын, қарағым, хал жақсы ма,

Сала берме көзіңді әр жақсыға.

Сусамыр  бар ма байлауы, -  деген  жерде әннің негізгі шумағы да,  қайырмасы да екі жолдан құралып тұр. Бірі –11,  екіншісі – 8 буындық өлшеммен берілген. Қайырмасы ықшам, тұрақты.

Әннің  әуені мен мазмұны да назар аударады. Бұл әдеттегідей кең тынысты саздардың бірі емес. Мұнда  халықтың  көшпелі тұрмысына,  оның көркем ойлау жүйесіне тән бірқатар белгілер бар.  Ән жастарды  әсем сезімге  бөлей отырып, орныққан ел дәстүрінен, әдептен озбауға үндейді. Оның астарында ер жігіт қандай болу керек, сұлу қызға не жарасқан деген тәрбиелік мәні бар ұғымдар жатқаннын аңғарамыз. Мұның өзі халықтық тәлім-тәрбиенің ән өнеріндегі көрінісі болуға тиіс.  Әннің халық атынан айтылуының бір сыры осында.

 

Қоғалы –ай

Соңғы кездері  жиі айтылып,  ел арасына кең тараған әндердің бірі – "Қоғалы-ай”.  Бұл жері шұрайлы, шөбі шүйгін, малға жайлы қонысты, қазақ халқының белгілі бір таррихы кезеңіндегі тыныс-тіршілігін суреттейтінән.  Әуені созылмалы, қайырмасы сазды, әсерлі.

Боз беткейлі, ендеше, боз беткейлі,

Боз беткейден, ендеше, мал кетпейді.

Шөбі жұмсақ, шаруаға жері шүйгін,

Бағаналы Мансарға жер жетпейді, -  деп басталатын әннің өлең кестесі шалыс ұйқасқа құрылған  қазақтың қара өлең үлгісін еске салады. Әрбір екі жолдан соң қайталанатын "қоғалы-ай, қоңыр салқын-ай малға жай” деген жолдар әнді толық аяқтап отырады. Мұны халық әндеріне  тән көркемдік тәсілдердің бірі деп ұғынғанымыз жөн. "Қоғалы-ай” әнінің осы сипаты оны ғасырлар қойнауынан біздің дәуірімізге дейін жеткізіп отыр. 

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Admin | Теги: жанрлық, әндері, әндер, ерекшеліктері.Тарихи, олардың, лирикалық, және, стильдік, Халық, айтыс
Просмотров: 13776 | Загрузок: 1 | Рейтинг: 1.4/5
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]