Главная » Файлы » Рефераты » Қазақстан тарихы



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Қыпшақ дәуіріндегі Қазақстан
Жарнамаға бір басып сайтка көмектес! 04.02.2012, 10:09

Қыпшақ дәуіріндегі Қазақстан

 

Қыпшақ хандығы (11 ғ.б.-1219 ж.). "Қыпшақ" атауы 760 ж. ежелгі түркінің руна ескерткіштерінде аталады. Араб географы Ибн хордадбехтың (9 ғ.) түркі тайпаларының тізімінде көрсетілген.

 

656 ж. Батыс түркі қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтардың едәуір топтары кимектердің басшылығымен тайпалар одағының өзегін құрайды. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-өзі билеуге ұмтылған талаптары сәтсіз болып, 9-10 ғғ. Қимақтар тарихымен бірге болды. Қыпшақтар қимақ қағанатына саяси тәуелді болды.

 

11 ғ. басында қимақ қағанаты тарағаннан кейін, кимек, қыпшақ және куман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери-саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. Олар Сырдың орта және төменгі бойларынан, Арал мен Каспий өңірі далаларынан оғыз жабғыларын ығыстырады. Енді "Оғыздар даласы" (Мафазат әл-гуз) орнына Дешт Қыпшақ (Қыпшақ даласы) атауы пайда болады. 11 ғ. ортасында қыпшақтар Еділ бойымен, батысқа қарай жылжиды. Ертістен Днестрге дейінгі бүкіл аридтік зонаны алып жатқан Дешті Қыпшақтың тарихи-географиялық облысын шартты түрде Еділ бойы арқылы екі үлкен этникалық -территориялық бірлікке бөлуге болар еді: басында Тоқсоба рулық әулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі және Ел-бөрілі руының хан әулеті тұрған Шығыс Қыпшақ қағанаты.

 

Оның даму жолы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең: қимақ тайпалық бірлігі өзегінің құрылуына байланысты, онда 7 ғ. 2 жартысынан бастап, 8 ғ. соңына дейін қыпшақтар елеулі роль атқарады. Осы кезеңде қыпшақтар мен теле тайпалары өзара тығыз этникалық-мәдени байланыста болып, жақындасып кетеді.

 

Екінші кезең - 8 ғ. соңынан 11 ғ. басына дейін. Қыпшақтар бұл кезеңде, шығысында Алтай мен Ертістен бастап, батыстағы оңтүстік Орал таулары мен Еділ бойына жетеді. Қыпшақтармен бірге Батыс Қазақстанды, орталыпы Мұғаджар тауларында болған кумандар жайлайды. Негізгі үш этникалық-саяси бірлестік -қимақтар, қыпшақтар мен кумандар өзара бір-біріне ықпал етті. Сондай-ақ теле, угро-финн, сармат-алан сияқты этникалық компоненттерде қыпшақтана бастады. Қыпшақ этносы қандас туыстар байланысы емес, территориялық-шаруашылық қарым-қатынасы принципінде біріккен, көптеген рулар мен тайпалар негізінде құралды.

 

Үшінші кезең: 11 ғ. басынан 13 ғ. басына дейін қыпшақтардың этникалық қауымдастығының қалпытасуы. Көптеген тайпалар мен этникалық топтар өздерінің бір этносқа жататынын мойындап, күшейіп келе жатқан қыпшақтардың атын алады. Алайда қыпшақтардың құрылып, қалыптасып болуының соңын монғол басқыншылығы тоқтатып тастайды.

 

Қоныстануы. 11 ғ. ортасында қыпшақтар Қазақстанның шығысындағы Алтай мен Ертістен бастап, батысындағы Еділ мен Оңтүстік Оралға дейін, оңтүстігіндегі Балқаш көлінен теріскейдегі оңтүстік-батыс Сібірдің орманды дала аймағына дейінгі территорияны мекендеді. 11 ғ. 2 ж. қыпшақтар Маңғыстау мен Үстірт жерлеріне орналасты, олармен бірге оғыздар да көшіп-қонып жүрді. Қыпшақтардың 11 ғ. ортасында батысқа қарай жылжыуының бастапқы кезеңі Махмұд Қашқари картасында бейнеленген, ол картада қыпшақтардың мекені ретінде Еділдің ар жағы мен Каспий теңізінің арғы бетіндегі солтүстік-батыс жерлері көрсетілген. Еділ өзені қыпшақ елінің ішінде қалған. Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шекарасын кеңейте отырып, оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді, сөйтіп Қарахандармен шектесіп жатқан жерден Қанжек бекінісін салады. Қыпшақ билеушілері мен Қарахандар арасындағы табиғи шекара Балқаш көлі мен Алакөл шұңқырының көлдері болады. Олардың шығыс шекарасы Ертістің оң жағалауындағы алқаппен Алтай тауларының жоталарын қамтыған. 12 ғ. Алтай мен Ертістің жоғарғы бойындағы қыпшақ тайпалары наймандармен, қаңлы, керейттермен шектесіп жатады.

 

Хандықтың құрылуы. Қыпшақ хандарының өкімет билігі мұралық жолмен берілді. Хандар шығатын әулеттік ру ел- бөрілі болды. Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандығы көне түркі дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінген. Оң қанат қосынымен Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанат қосынымен Сығанақ қаласында тұрған. Оң қанат екіншісінен күштірек болған. Хандықтың орталыпы Торғай даласында болса керек. Билевші ақсүйек топтың (хандар, тархан, басқақ, бек пен байлар) қатал иерархиялық жүйесі айқын көрініп отырған. Рулар мен тайпалардың өзі де әлеуметтік маңызына қарай бөлінген.

 

Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және жіктік жағынан да тең болмады. Малға жеке меншік, сондай-ақ жайылым жерлерде ақсүйектер меншігінде болған. Қоғамның қатардағы ерікті мүшелері малшылар болды. Құлдар соғыс тұтқындарынан құралды. Олардың бірқатары сатылып, жартысы жалшы, малай ретінде пайдаланылған.

 

Қыпшақтардың өзара саяси қарым-қатынасы. 1065 ж. салжықтардың билеушісі Алп Арслан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға жорық жасайды. Нәтижесінде қыпшақтардың бір бөлігі хорасан салжықтарына тәуелді болып қалады. 11 ғ. соңы мен 12 ғ. басында Жент, Янгикент, төменгі Сырдың тағы басқа қалалары да қыпшақ көсемдернің қолына қараған. 1133 ж. Жент қаласынан Дешт қыпшақ даласына тереңдетіп соққы жасаған Атсыз (хорезмшахы) қыпшақтарды талқандайды. Осы 12 ғ. ортасынан бастап қыпшақ хандығының ыдырауы басталады, оған себеп болған басты жайттар: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында хорезмге бейімделушілер қатарының молаюы, қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өзара әулеттік қырқыс күшеюінен болды.

 

12 ғ. 2 жартысынан әсіресе Текеш (1172-1200) билеген дәуірден бастап, хорезм Қыпшақ ақсүйектерімен жақындасуды мақсат етті. Қыпшақ хандары мен хорезмшах әулеті өзара туысқандық неке байланысын орнатуға көшті. Қыпшақ ханы Жанкеші -қызы Теркенхатынды хорезмшах Текешке береді. Қаңлы тайпалар бірлестігі 13 ғ. басында саяси тәуелсіздікке ұмтылып, қыпшақ хандығының саяси бірлігіне нұсқан келтірген. Хорезмшахтардың басты әскери күші қыпшақтар мен қаңлылар болды. 13 ғ. басында хорезмшахтар сарайында қаңлылардың басшысы Әмин Мәлік маңызды роль атқарған. Хорезмшах Аладдин Мұхаммед соның қызына үйленген болатын. Қыпшақ ақсүйектері хорезмшахтар мемлекеттік және әскери қызметпен қамтамасыз еткеннен кейін, олардың мүддесін қорғап отырды. Бұл қыпшақ қоғамында шиеленістерді күшейтті.

 

Бүкіл мұсылман Азиясы ішінде бірінші орын алуға ұмтылған хорезмшах Мұхаммед (1200-1220 жж.) мемлекеті құрамына 13 ғ. басында Сығанақ облысы да кіреді. Сығанақтан айрылып қалса да, қыпшақ хандары хорезмге қарсы күрестерін жалғастыра береді. Жент қаласынан солтүстікке қарай Дешт-қыпшақ еліне Мұхамед хорезм шах көп рет жорық жасайды. 1216 жылы Қадырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетіп, Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуып келе жатқан Шыңғысхан қолымен кездесіп қалады. Монғолдар түн жамылып шегініп кетеді. Бұл монғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді. Қыпшақтардың хорезмшахтармен бәсеке соғысы тоқтап қалды. Монғол басқыншылығы келіп қалды.

 

Наймандар ұлысы. 11-13 ғасырларда Қазақстанның шығысында өмір сүрген іргелі мемлекет. Жазба деректер бойынша Найман мемлекетінің алғашқы билеушілері 1143 жылдан бастап белгілі. Соның ішінде Рашид-ад-Дин: «Наймандардың хандығы қадірлі, қуатты, халқының саны көп, әскерлері де жауынгер еді» деп жазады. Оның ол кездегі ең белгілі қағаны Білге Бұқа қаған еді. Елді тайпалардың белді өкілдері мен ақсақалдар, батыр, қолбасшылары бас қосатын «Хан Кеңесі» арқылы басқарған. Білге Бұқаның екі баласы Таян хан мен Бұйрық хан таққа таласып қыорқсып мемлекетті екіге бөліп алды да өзара соғысып әлсіретіп тынды. Сондан қазір Наймандардың бір бөлігі – Солтүстік Наймандар –Алтай, Зайсан, Марқакөл, Қара Ертіс бойында қалып қойды, бұл «Бұйрық ханның Наймандары» деп аталды, екінші бөлігі Оңтүстік Наймандар – Жетісу, Сыр бойына қарай ойысты да оларды «Күшлік ханның Наймандары» деген.

 

Осылайша өзара бөлшектеніп әлсіреген Наймандар елін, соның ішінде 1199 жылы Бұйрық ханның елін және 1204 жылдары Күшлік ханның елін Шыңғысхан мен оның Одақтастары жаулап алды. 1208 ж. Шыңғысханнан қашқан Күшлік бастаған наймандар Қарақытай еліне қашып келеді. 12 ғ. керейттер мен меркіттер қосылған Наймандар конфедерациясы Орталық Азиядағы ірі мемлекеттік құрылым болады. Ал наймандардың шығу тегі әлі белгісіз, жаңа мәліметтер олар түркі тілдес тайпалар дегенді айтады. Ол "сегіз" деген мағына береді дегенді айтады. Көп тарихшылар Наймандардың арғы шығу тегін Қиыр Шығыстан келген Ляо империясымен, яғни Қидан империясының тарихымен байланыстырады. Оған дәлел ретінде жазба деректер бойынша Солтүстік Наймандардың халқын Найман, Арғын, Қаңлы, Қаракерей рулары құрағанын, ал Оңтүстік Наймандар елінің халқын Найман, Албан, Суан, Ысты рулары құрағанын айтады. 

 

Наймандардың батыс жағында - Ертіс бойын мекендеген Қаңлылар елі мен Сарыарқа даласындағы Қыпшақ хандығы бірлестігі, солтүстігінде - Енисей қырғыздары мен Хакастар, шығысында - Шығыс Моңғолияда көшіп жүрген Керей хандығы, ал оңтүстігінде отырықшы Ұйғырлар болды.

 

Керейттер ұлысы.

Керейт мемлекеті 9 ғасырдың аяғында Алтайда, Монғолия далаларының батысында қалыптасады. Этникалық құрамы түркі тілді және монғол тілді жұрттан құралды. Керейттердің батысында - наймандар, солтүстігінде меркіттер, шығысында татарлар, оңтүстігінде - таңғұттар тұрады. Керейт тайпалары көсемдерінің екі ордасы болған. Солтүстік ордасы Орхон өзені бойындағы Қатынбалық қаласында және оңтүстік ордасы Хуанхэ өзені бұрылысының теріскейінде. Орхондағы Бас орда өте қолайлы географиялық жерде орналасқандықтан, сауда дамуына қолайлы болды. Сондай-ақ миссионерлер жиналатын орынға да айналды. 1007 ж. Керейттердің ақсүйектері наймандардың билеушілерімен бірге христиан дінінің нестроиандық тармағын қабылдады. Ал көпшілік қара халық баяғы көшпенділердің Тәңіршілдік дінінде қала берді. Іс жүргізу кең тарады. Құжаттар мөр басу арқылы бекітілген. Қоғамның таңдаулы тобында қызмет орындары мұра болып берілген.

 

Керей хандығына енген негізгі тайпалар – керейіт, сахайыт, тумауыт, албат, тункайт-кирун, торғауыт рулары болса олардың халық санын Рашид-ад-Дин «200 мыңдай халқы бар еді» деп көрсетеді. Керей хандығы 12 ғасырдағы Маркуз Бұйрық ханның тұсында өрлеген мемлекетке айналады. «Алтын кеседен ас ішіп, алтын ер-тұрман сайлаған бұл халық еді» деп көрсетеді орта ғасырлық жазбалар Керейлер ұлысын. Тайпалар мыңдықтар мен Жүздіктерге бөлінген. Олардың бас қаласы Қарақорым болды. Маркуз Бұйрық ханның немересі Куржакуз Бұйрық хан қаза болғаннан кейін оның ұрпақтары арасында тақ таласына қырқыс басталады. Осы кезде Тоғрул хан (Уаң хан) бастаған жікшіл топқа Монғолдардың Есугей ханы (Шыңғысханның әкесі) бастаған көршілес далалықтар қолдау көрсетеді. Содан соң Керейлер мен Моғолдар өзара ант су ішкен Тату көршілер ретінде («Анда» дейді) ант беріседі.

 

Осы қатынас Шыңғысхан тұсында да жалғасын табады. Шыңғысханның Монғолдардың ханы тағына келуін Тоғрул ханның Керейлері қолдайды, одан соң Шыңғысханның әйелі Бөрте ханшайымды қайтадан тартып алуға Темучиннің ар-намысын үшін Меркіттерге қарсы 1719 жылғы жорыққа бірге қатысады (Тоғрул-Жамуха-Темучин одағы). Бұл жорыққа қосылуға Керейлер 20 мың атты әскер жіберген.  1198 жылы Шыңғысханмен бірігіп, татарларды талқандайды, 1201 жылы Темучинмен ашық тайталасқа шыққан Жамуханың Алақай-бұлақ одағын күйретеді. 1203 жылы тағы да Темучинмен бірлесіп, Наймандар еліне жорыққа қатысып, Найман елінің батыс қанатына соққы береді. Бұл жорықтар Шыңғысханның ұлы империясының құрылуына Керей мемлекетінің қосқан орасан зор үлесін көрсетеді.

 

Алайда 1203 жылы осы «екі алыптың» шайқасында Тоғрул хан жеңіліп, оның халқы Шыңғысхан әскерлерінің жартысын құрады. Бұлар Абақ Керейлер болса, Шыңғысханға мойын ұсынғысы келмеген Керейлер Орта Азия мен Батыс Қазақстан жерлеріне жеткен. Соның ішінде Орта Азиядағы Керейлерді қазір Ашамайлы Керейлер деп атайды. Ашамайлы Керейлер Қазақ халқымен бірге Қарақалпақ халқының және Өзбек халқының құрамында кездеседі.  Олар бұл аталған халықтар құрамында негізінен Керей деп емес «Ашамайлы» руы деп аталады. Ал батыс Қазақстан жеріне жеткен Керейлер қазір Кіші жүздің құрамында. Бұл ру қазір Керейіт (Кіші жүз Керейлері) деп аталады. Керейіттердің және оның ішіндегі аталарының Торғай, Орал бойын мекендеген бір бөлігі Башқұрт және Ноғай халықтарының құрамында кездеседі.

 

Тарихта 12 ғ. соңында Темучиннің саяси өрлеуі басталады, ол меркіттер мен татарларды талқандағаннан кейін, сөйтіп 1203 ж. керейттерді бағындырады, ал 1206 ж. наймандарды жеңеді. Қалған наймандар Күшлік бастауымен Алтайға, керейттер мен меркіттерге қосылады. 1211 жылы Күшлік пен онымен одақ құрған хандар Жетісудағы Қарақытай мемлекетін жояды. Шыңғысхан әскерлері көп кешікпей оларды өкшелеп, Қарақытай мемлекетін де, одан әрі Хорезмшах елін де жаулап алды.

 

Сонымен, бұл аталған кезеңдегі, қыпшақтар, қаңлылар, меркіттер, керейттер мен наймандардың мемлекеттері 10-13 ғасырларда қазақ халқының этногенетикалық процестеріне үлес қосқаны созсіз. Сондықтан бұл кезең тарихта қазіргі Қазақ халқының қалыптасу кезеңі оретінде танылады да аталған елдер алғашқы мемлекеттіліктің көріністері ретінде анықталады. Қыпшақ-Керей дәуірі Шыңғысханның жорықтарымен аяқталып, енді Қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге – Алтын Орда-Ақ Орда кезеңіне аяқ басады. Бұл кезең Шыңғысханның көшпенді империясы иемденген қазақ халқының жерінде «Жошы Ұлысы» және «Шағатай ұлысы» деп аталған мемлекеттердің құрылуынан басталады.

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Admin | Теги: ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ, Қазақстан, Қыпшақ, дәуіріндегі
Просмотров: 2224 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 2.0/1
загрузка...
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]