Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Оңтүстік Америка


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [География]
03.11.2012, 16:18
                             Оңтүстік Америка 

Оңтүстік Америка – батыс жарты шардың оңтүстігіндегі құрлық. Жерінің аумағы (аралдарымен қоса есептегенде) 18,28 млн. км2. Халқы 340 млн. адам (2000). Солтүстіктен оңтүстікке қарай 7150 км-ге, батыстан шығысқа қарай 5150 км-ге созылған. Құрлықтың солттүстіктен Кариб теңізімен, батысын Тынық мұхиты, шығысын Атлант мұхиты, оңтүстіктен Магеллан, Дрейк бұғаздарының суы шайып жатыр. Солтүстік-батысында жіңішке Панама мойнағы арқылы Орталық және Солтүстік Америкамен жалғасады. Ең биік жері – Аконкагуа (6960 м). Теңіз деңгейінен ең төмен жатқан жері – Вальдес ойысы (–40 м). Оңтүстік Америкадағы ең ұзын өзен жүйесі – Амазонка (Мараньон саласымен қоса есептегенде – 6437 м). Дүние жүзіндегі теңіз деңгейінен ең биік орналасқан көл – Титикака (биіктігі 3812 м), ең биік су құламасы – Анхель (1054 м) және ең биік жанартау – Льюльяйльяко осында орналасқан. Оңтүстік Америка құрамына Отты Жер, Фолкленд, Галапагос аралдары, Чили топаралы, т.б. ұсақ аралдар кіреді.

Климаты:
Оңтүстік Америка дүние жүзіндегі ең ылғалды құрлық, әрі жерінің басым бөлігі төменгі ендіктерде орналасқандықтан күн сәулесін де мол алады. Оңтүстік Америка 6 климаттық белдеу деңгейінде орналасқан. Климаттағы өзгерістер әсіресе жауын-шашынның маусымдылығына тікелей тәуелді. Сол себепті құрлық үстінде қысым жыл бойы көршілес мұхит айдындарынан төмен болады да, ауа массалары оның ішінде экваторлық және муссонды-пассаттық циркуляция басым түрде құрлыққа қарай бағытталған. Оңтүстік Американың орографиялық ерекшелігі, яғни батыстағы Анд тау жүйесі құрлықта меридиан бағытында ауа қозғалысының қалыптасуына әсер етеді. Атлант мұхитына қарай жазық жер бедері басым болғандықтан мұхиттың климатқа әсер ету дәрежесі күшейеді. Қаңтар айында құрлықтың басым бөлігі қатты қызады. Ең қатты ыситын жер – Гран-Чако жазығы, ондағы абстракциялық максимум температура 49°С. Суық Перу ағысы шайып өтетін құрлықтың батыс жағалаулық бөлігі шығыспен салыстырғанда әлдеқайда салқын әрі құрғақ болады, бұл Атакама шөлінің қалыптасуына себепші болды. Жауын-шашынның мөлшері мен оның таралуы құрлық бойынша біркелкі емес. Ылғалдың ең көп түсетін жері Колумбияның батысы мен Чилидің оңтүстігі (5000 – 8000 мм), Амазонияның батысы мен оған жалғас жатқан Анд етегі, Гвиана таулы үстіртінің батысы, Бразилия таулы үстіртінің шығыс беткейінде 2000 – 3000 мм және одан да мол, ал құрлықтың қалған бөліктері 1000 – 2000 мм-ге дейін ылғал алады.

Ішкі сулары:
Оңтүстік Америка дүние жүзіндегі ең суы мол құрлық, басқа құрлықтармен салыстырғанда онда екі есе артық жауын-шашын түседі. Жер бетіндегі құрлықтың 12%-ын құрайтын оның аумағына дүние жүзіндегі өзендер ағынының 27%-ы тиесілі. Құрлық пішіні, оның климаттық жағдайы мен орографиялық құрылымы, жер бедері ірі өзен жүйелерінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Ірі өзендердің көпшілігі Атлант мұхитына құяды. Дүние жүзіндегі суы ең мол өзен – Амазонка осы Оңтүстік Америкада орналасқан. Мұндағы өзендердің гидроэнергетикалық әлуеті өте жоғары. О. А. жеріндегі көл қазаншұңқырлары қалыптасу жолына қарай тектоникалық, мұздық, жанартаулық және лагуналық болып бөлінеді. Маракайбо, Титикака тектоникалық көлдерге, Буэнос-Айрес, Аргентина, Сан-Мартин мұздық көлдерге, Патус, Лагоа-Мирин лагуналық көлдерге жатады. Жалпы атпен "саларес” деп аталатын батпақты көлдерге Уюни, Салинас-Грандес жатса, Поопо қалдық көлге жатады.

Топырағы мен өсімдігі:
Құрлықтың топырақ-өсімдік жамылғысының қалыптасуы мен таралуы ең алдымен ылғалдану дәрежесіне тәуелді. Ұзақ уақыт құрлық жеке дара дамыған, органикалық дүниенің эндемизмі өте жоғары. Флоралық құрамы жағынан құрлықтың көпшілік бөлігі Неотропиктік, қиыр оңтүстік Голантарктикалық әлемге жатады. Неотропиктік әлем бес флоралық облысқа бөлінеді (Кариб, Гвиана, Амазона, Бразилия, Анд) және мезозойдан бері қалыптасқан көп түрлі өсімдіктердің эндемик формалардың көптігімен ерекшеленеді. Қазіргі флора бір кездегі Гондвана құрлығындағы ежелгі қоңыржай флора қалдығы мен неотропиктік флора өкілдерінің араласуынан қалыптасқан. Өсімдік түрлерінің 75%-ы эндемиктерге жатады. Олардың ішінен оңтүстік мәңгі жасыл шамшаты, бал пальмасы, чили араукарийі ерекше көзге түседі. Өсімдік жамылғысының таралуында белдемділік айқын байқалады. Құрлықтың көпшілік бөлігін құрамы мен аумағы жөнінен дүние жүзінде теңдесі жоқ ылғалды тропиктік орман алып жатыр. Орман өте тығыз, тек қана ағаштың 4000-ға жуық түрі бар, ағаштары бірнеше қабатты болып келеді, биіктігі 80 м, кейде 100 м-ге дейін жетеді. Оларға шарап пальмасы, алып сейба, жакаранда, пау-бразил, гуаякан, гевея, хинн ағашы, бразилия жаңғағы, какао, т.б. жатады. Бұл орман лианалар мен эпифиттерге өте бай, әсіресе, әдемі гүл ашатын хош иісті орхидеялардың 5 мыңнан астам түрі бар. Ылғалды тропиктік ормандар түр құрамы онша өзгеріске ұшырамастан 1000 – 1500 м биіктікке дейін көтеріледі. Бразилия таулы үстіртіндегі қызыл ферралитті топырақтағы саванна "кампос” деп аталады. Оның шөптесін бөлігі биік астық тұқымдастардан, бұршақ тұқымдастар мен күрделі гүлділерден, ағаштар қолшатыр тәрізді бөрікбасты мимозадан, кактустен, сүттігеннен құралады. Бразилияның солтүстік-шығысында балауыз беретін карнауба пальмасы өседі. Солт. бөлігінің Ориноко ойпатындағы пальмалы саваннаны "льянос” дейді. Қара шірікке бай, құнарлы саваннаның көп бөлігі кофе ағашы, мақта, банан, какао, маниок сияқты мәдени өсімдіктер өсірілетін плантацияларға айналған. Патагония жері қоңыржай климаттық белдеуге кіреді, оның батыс желдер жолында жатқан Патагония Андысында мәңгі жасыл субантарктикалық ылғалды орман таралған. Сонымен қатар лиана, мүк, қына, ағаш тәрізді папоротник, бамбук, магнолия кездеседі. Патагония үстіртіндегі құрғақ дала мен шөлейт белдемінде сұр-қоңыр тұзды топырақта биік шөптесін және ксерофитті бұталар мен аласа кактус басым өседі. Оңтүстік Америка көптеген бағалы ағаштар мен пайдалы өсімдіктердің отаны болып есептеледі. Оларға картоп, маниок, арахис, ананас, какао, томат, асқабақ сияқты мәдени өсімдіктер мен бромелия, настурция, канна, кактус сияқты бөлме және бақша өсімдіктері нақты дәлел болады.

Жануарлары:
Жануарлар дүниесі алуан түрлілігімен және эндемизм дәрежесінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Орталық Америкамен бірге Неотропиктік фауналық облысқа біріктіріледі. Сүт қоректілерден қалталы тышқандардың 70-тен астам түрі, құмырсқа жегіштің 3 түрі, сауыттылардың 20-дан астам түрі, жалқау аңның 5 түрі, приматтар және ірі жыртқыштардан: қабылан, шибөрі, оцелот, пампа мысығы, пума, көзілдірікті аю, жалды қасқыр, т.б. тіршілік етеді. Тұяқтылардан тапирдің 3 түрі, пекари, амазона бұғысы кездеседі. Андтың биік бөліктерін терісі өте бағалы аң – шиншилла мен америкалық өркешсіз түйе – ламаның екі түрі (гуанако және викунья) мекендейді. Құстардың 2,5 мыңнан аса түрі бар, оның 90%-ынан астамы эндемиктер. Әсіресе, басқа ешбір жерде кездеспейтін нанду, ара, тинаму, кондор, колибри (500 түрі бар), тукан, гоацин, т.б. бар. Жәндіктер, қосмекенділер және бауырымен жорғалаушылар да алуан түрлі. Галапагос аралдарының піл-тасбақалары (салм. 200 кг), анаконда (ұз. 11 м), саламандра, аяқсыз амфибиялар, игуана, боа, кайман соған дәлел. Мұнда кездесетін жәндіктердің 5600-ден астам түрінің 3400-ге жуығы эндемиктер. Тірі табиғат байлықтарын қорғау мен сақтау мақсатында Оңтүстік Америкада көптеген экологиялық және биологиялық резерваттар мен ұлттық саябақтар құрылды.
Категория: География | Добавил: mari | Теги: Оңтүстік Америка
Просмотров: 12855 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/3
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]