Главная » Файлы » Шығармалар » Шығарма



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Атамекен - Қазақ елі
Жарнамаға бір басып сайтка көмектес! 09.02.2012, 10:32
Атамекен

О-о, қазақтың қасиетті қара топырағы! Менің ата-бабамның асылы, ұрпағына қалдырған баға жетпес мұрасы, ең аяулы дұғасы, енді менің балаларыма ақтық тапсырар аманатым, баға жетпес байлығым. Егемендігім мен елдігімнің тұғыры.
Жанында бүкіл Еуропаның көрікті жерлерін аралап келген «жаңа қазақ» ініммен сұхбаттасқаным бар. Ол кәрі континентте көрген кереметтерін: салтанатты сарайларын, аспанмен тілдескен ғимараттарын, аспалы көпірлері мен көз жауын алар көрмелерін, мұражайлары мен мұрағаттарын... әйтеуір қойшы бәрін, бәрін таңдайын қаға таңданысын жасыра алмай сөз етті. Сөз соңында әлгі: «Басқа халықтың ұрпағына қондырған асыл мұраларын көре жүріп: «Құдайым-ау, біздің ата-бабаларымыз екі-үш әйел алып о төбеден бұ төбеге мал соңынан салпақтап көшіп-қонғаннан басқа не бітірген? Ұрпағына, мына бізге бөгде жұртқа мақтан етерім не қалдырған? Немізбен мақтана аламыз?» - деген өкпелі ойда болдым дегені.
Әсем қалалар мен көрікті көпірлер салып келешегіне мұра етіп қалдырмағанына кейінгі ұрпақтың алдыңғы ұрпағына ойлы көз, ояу жүрек талқысынан өткізілмеген өкпесі еді бұл.
Мен оған: «Қарағым, ата-бабаға бекер өкпе артасың. Оңтүстігінде сан жұмбағын ішіне жасырған, айдаһардай ысқырған, алпыс айлалы, құрттай құжынаған Қытай, солтүстігінде жерің мен еліңе көз алартқан аюдай Ресей екі алып империяның қыспағында ат төбелідей аз ғана қазақтың өмір кешкенін тарихтан білесің. Егер екі-үш әйелден некеге отырып, ұрпақ өрбітіп отырмаса, біздің тарих бетінде қалар-қалмасымыз неғайбіл еді ғой. Бұл көрегендігі емей немене?
Салтанатты сарайлар мен аспанмен тілдескен ғимараттар салмаған деп кінә артасын. Өткен ата-баба тарихына ақыл көзімен қарайықшы. Сонау жаугершілік заманда Күлтегін баба қала салып, көп қабатты қорғанмен бекінеміз дегенде дана кеңесші Тоныкөк: «Хан ием, саны аз халқыңның басын қосып, қорғанды қалаға жидың делік. Ал құмырсқадай қаптаған тобгачтар қалаңды қоршап алып, ары кеткенде бес-алты айда қорғаныңды да, халқыңның да күлін көкке ұшырады, қашаңғы шыдарсың. Інге кірген қасқырдай қан қақсатады. Біз сияқты аттың жалында түйенің қомында өсіп, шыныққан жамағатқа ат үстінде жүріп тиіп-қашып, қапылыста тап беріп, айламен соғысқан тиімді. Белі бесіктен шыққаннан ат жалын ұстап өскен біздің жұрттың бір сарбазы он тобгачыңа дес бермейтінін білесің», - деп қала салуға оны берік қорғанмен қоршауға үзілді-кесілді қарсы болады. Осылайша жүйелі сөз өрісін тауып, Күлтегін баба да парасатты сөзді хош көріп, қала салудан бас тартады.
Санының аздығына қарамай шойын білекті, арыстан жүректі бабаларымыз «еңкеу-еңкеу жер салып, егеулі найза қолға алып» ұлан-ғайыр сары даласын сан ғасыр жаудан қорғап, бізге, мына саған, мұра етіп қалдырған. Дала болғанда тағы қандай дала десеңші! Түгін тартса май шығатын, қойны қазыналы, үсті жазиралы құнарлы дала! Ата-бабаның бұл мұрасы аз ба? Жоқ аз емес, көп дер едім. Көп болғанда да досың сүйсініп, дұшпаның күйінетіндей мол мұра, үлкен сыбаға.
Ал енді сол далаңа саялы «Бәйтеректеріңді» тігіп, келер ұрпақ мақтан етерлік, көз жауын алатын әсем қалалар салу, пирамидалар тұрғызу бүгінгі ұрпақтың, яғни біз бен сенің міндетің», - дедім.
Менің айтқанымнан «жаңа қазақ» баһра алды ма, жоқ әлде алмады ма ол жағы маған белгісіз.
«Жаңа қазақ» қалай қабылдаса, солай қабылдасын, батыр бабаларымыз мұра етіп қалдырған мына ұлы дала біз үшін алтын сарайлар мен аспалы көпірлердің бәрінен де қымбат. Өйткені бұл топырақ қан майданда мерт болған қазақ сарбаздарының қаны мен оны жоқтаған қара көз арулардан көз жасына суарылған. Сондықтан елімнің әр уыс топырағы қазақ үшін қасиетті де қастерлі.
Қасиетті жер, қастерлі топырақ демекші, мынандай аңыз есіме түсті.
- Уа, қадірлі жамағат! - деп сөз бастады хан кеңесші уәзірлеріне.
- Мына көрші Хань елінен елшілер келгеніне хабардар шығарсыздар. Аса мәртебелі императоры аламан бәйгеде еліміздің даңқын төрткүл дүниеге жайған, шашасына шаң жұқтырмас Күреңқасқа тұлпарды сұрата жіберіпті. Оның бұл өтінішін орындаймыз ба, жоқ әлде басқа білдірер уәждарың бар ма? Кәне, не айтасыздар?
- Тақсыр, берілмейді тұлпар.
- Неге берелік? Бермеу керек Күреңқасқаны.
- Күреңқасқаны ата жауға бергенше жағаласып өлу керек.
- Көппіз деп басынбасын тобгачтар.
- Тұрысар жерін айтсын! - болды уәзірлердің айтқаңдары. Көздеріне қан құйылып, маңдай тамырлары білеулене.
Тұлпар хандікі болғанымен, қазақта қазан ат пен сұлу қыз, балуан жігіт бүкіл рудың, қала берсе күллі елдің мақтанышы деп есептелетін. Бұлар жеке біреудің ғана меншігі емес, бүкіл руға, күллі жамағатқа ортақ мүкәмалдар деген әлімсақтан қалыптасқан ата дәстүрді ұстанған уәзірлердің шамдануларының да жөні бар еді.
Кеңесші уәзірлерінің сөзін асықпай-саспай тыңдаған хан үнсіз ұзақ ойланып отырды да:
- Жауға бір қыл құйрықты қимаймыз деп ананы ұлынан, әйелді ерінен, баланы әкесінен айырып, халқымды қара жамылдыра алмаймын. Алсын! Елшілерге Күреңқасқаны жетектетіп жіберіңдер. Қазақтың кебеже қарын биелері аман болса, әлі-ақ мың сан Күреңқасқаларды құлындар, - деді.
Хан екі сөйлемейді. Оның сөзіне қарсы уәж айтылмайды. Айтқаны айтқандай, дегені дегендей мүлтіксіз орындалады. Күреңқасқа кісіней-кісіней жау жетегінде кете барды.
Келесі жылы көрші Хань елінен елшілер келіп, императорларының былтыр берген тұлпарына аса риза болғанын, ендігі жерде нұр дидарлы ханшайым Нұршешек сұлуды әйелдікке сұратып жібергенін жеткізеді.
Хан ақыл-кеңес алуға уәзірлерінің басын қосты. Тобгачтар елі императорының екінші өтінішін жеткізді оларға.
- Не дейді, мына қысық көздер, көппіз деп басынайын деген екен.
- Біз елміз бе, жоқ, әлде езбіз бе?
- Нұршешек ханшайымды бергенше, жау жағасына жармасып өлеміз.
- Сүйекке таңба ғой бұл.
- Соғысу керек, тәубасына келтіру керек сұмырайлардың.
- Тұрысатын жерін айтсын тобгачтар! - болды, уәзірлердің айтқаны. Бойларын кернеген ызаға булығып, қарттары түйілген жұдырықтарын көкке білеп, жастары семсерлерінің балдағына жармасты.
Ел тізгінін ұстаған ханның бәйбішесі түгілі жесірін жатқа қимайтын қазаққа Нұршешектей аруды жау қолына беруге намыстануының да жөні бар еді.
Қабағынан қар жауып, ұзақ ойланды хан. Бір кезде сөз бастады.
- Уа, жарандар! Бір сәтке ашуды ақылға жеңдіріп, теке-тіркестің соңы не болатынын ой елегінен өткізіп көрдіңдер ме? Ерегіс соңы қан майдан, қан төгіс екені бесенеден белгілі. Құмырсқадай қаптаған тобгачтардың жүз, бәлкім одан да көп сарбазына бір-ақ қазақтан шығара аламыз. Жеңіске жеткен күннің өзінде сан мыңдаған жастарымыз опат болып, сонша әйел жесір, сансыз жас жетім болары хақ. Халқымды қабағат қасіреттен сақтау үшін Хань елі императорының бұл өтінішін де орындап, сүйікті бәйбішем Нұршешекті беруді ұйғардым. Тас түскен жеріне ауыр демекші, бұл ауыртпалықты бүкіл халыққа артып күңіретпей, бір өзім намыс өртіне өртенсем өртенейін. Елім үшін Нұршешектей ару құрбандық. Қазақтың ақ жаулықты аналары аман болса, ай мен күндей небір Нұршешектер дүниеге келер, - деді.
Хан екі сөйлемейді. Шешім дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па ешкім төрелігін айта алмайды. Айтылған тұжырым сөзсіз орындалады.
Нұршешек бәйбіше де жылай-жылай ата қоныс елімен хош айтысып, жау жетегінде кете барды.
Үшінші жылы көрші елдің елшілері қайта төбе көрсетті. Бос келмепті, бұл жолы төмен ел қоныстанатын жер сұрай келіпті.
Хан кеңесші уәзірлерін жинап, көрші ел елшілерінің бұйымтайын жеткізді.
- Онсыз да бос жатқан жер ғой, берсек берелік.
- Жоқ, ата қоныс мекенімізді неге береміз. Бермейміз.
- Жер жетеді. Өгіздің талысындай кең жеріміздің бір пұшпағын берсек берелік. Жарлы болып қалмаспыз.
- Берілмесін.
- Тобгачтарды өкпелетіп алып, басымызға бәле сатып алмайық. Бергеніміз дұрыс, -болды уәзірлердің жауабы.
- Жоқ, - деді хан қырандай шаңқ ете қалып, ата-бабамыздың маңдай тері мен алқызыл қанына шыланған осынау киелі мекеннен, алдыңғы ұрпақ мұра етіп қалдырған жер-анадан айрылып қалу, ата-баба әруағын қорлау. Жер-ананы қолдан шығарып алсақ, бізді әруақ атады. Қасиетті жерсіз біздің еркіндігіміз де, тіршілігіміздің де мәнісі болмайды. Келешек ұрпақ атамекенсіз қалса, бөгде жұрттың құлы мен күңіне айналады. Тоз-тозы шығып, қасиетсіз тобырға айналады. Сондықтан келешек бізді кешірмейді. Қазақтың ұлтарақтай жерін ата жауға таптатпау үшін семсерімізді қыннан суыратын күн туды. Не табанға салып жеңгенше, не қазақтың соңғы шамы өшкенше суырылған семсер қайта қынға салынбасын.
Қысық көз елшілерге жеткізіңдер, қазақтың сыйға берер жері жоқ. Ол сатылмайды да, өйткені жер-қазақтың өзі. Сондықтан тобгачтар тұрысатын жерін айтсын! Хан екі сөйлемейді. Мынауыңыз дұрыс, мынауыңыз бұрыс дей алмайды. Оның шешімі мүлтіксіз орындалады.
Қазақ жері отқа оранды, жалыны көкті шарпыды. Сайын дала төсін сан мың ат тұяғының дүбірі, аруақ шақырған батырлардың қиқуы, семсерлердің бір-біріне қақтығысқан сыңғыры құлақ тұндырды. Жердің шаңы аспанға көтеріліп, бір тозаң бір тозаңға ұласты. Жан беріп, жан алысқан ұлы шайқастар болып жатты.
Таулардың етегінде, мидай жазықта, жота мен қыратта, өзен аңғырында қазақтың не бір апайтөс өрендері, қуатты да ер жүрек сан мыңдаған ұландары опат болды. Сан мың малшы, сан мың диқан, сан мың әке қыршынынан қиылды. Қазақ топырағы сан мың перзентінің алқызыл қанына, төгілген теріне малшынды. Қан мен терін босқа төккен жоқ өзінен он есе, жүз есе көп жауларын баудай түсіріп, жайратып салды. Ұлтарақтай жерін де жат жұртқа таптатпады.
Күнделік дәптерден. Қайран ұлы дала, қазақтың алтын бесік Атамекені! Бір шаршы метр жеріңде қазақтың он жігітінің, жүз шаршы метр жерінде жүз жігітінің, барша қасиетті жеріміздің топырағы сан мыңдаған ата-бабамыздың маңдай тері мен алқызыл қанымен суарылған.
Ерте көктемде қазақтың сайын даласы жасылды, алқызыл түске бөленеді. Алыстан көз салған жанға жер ана төсі алқызыл дақтарға малшынып жатқандай, жақындап келіп қарасаң сансыз қызғалдақтар қоңыр салқын самалға еркелей тербетіле сұлулық пен нәзіктіктің қоспасындай көңілге ләззатты сезім ұялатады. Қиялыңа қанат бітіріп, көкірегіңе ғажайып сүйіспеншілік сазын құяды.
Жер ананың төсін жарып шыққан нәзік сабақты әсем гүлдер алқызыл түсті қайдан алды екен? Қазақтың сайын даласын қорғап, опат болған батыр бабаларымыздың ағызған қаны емес пе екен, бұл?
Жер-ананың әр көктем сайын иісі жұпар аңқыған, алқызыл қызғалдақты шешек атқызып, бүгінгі ұрпаққа, бізге, ұлан-ғайыр жерге мұра етіп қалдырған ата-бабаның төгілген қаны мен аққан терін ұмытпасын, жадында сақтасын, естен шығармасын деген үнсіз ишарасы шығар, кім біледі?
Қасиетіңнен айналайын батыр ата-бабаларымыз тұмақтарын жалпылдатып, жан беріп, жан алысып жүріп бізге осынау ұлы даланы мұра етіп, көздің қарашығындай сақтауды, жат жұртқа сыйламауды, сатпауды аманат етіп кеткен еді. Сол ата-баба аманатын орындауға лайықты ұрпақ бола алдық па, жоқ әлде ...?!
Лес досым айтады. Ерте көктем. Жер ананың қақаған қыстан құрысқан бойын жазып, төсі иіген шағы, саумал сүттей жылы жаңбырдан соң марқа қозының кұйрығындай аппақ қозқұйрықтардың қаптаған кезі.
Немерем: «Қозықұйрық теруге барайықшы, ата», - деп қыңқылдап қоймаған соң, меселін қайтармайын деп, әрі десе майға баптап қуырылған дәмі тіл үйіретін таңсық асты мен де шет көрмейтіндіктен оның ұсынысын хош көріп, жолға шықтық.
Қаладан - 50-60 шақырымдай жол жүріп, Қазғұрт тауының бауырындағы кең алқапқа келіп тоқтадық Айнала жасыл желекке бөленген, кұлпырып тұр. Немеремнің қуанышында шек жоқ.
Ыдыстарымызды ыңғайлап, іске кіріскелі жатқанымызда бір салт атты бізге қарай жосытып келе жатқанын байқадым. Ойымда еш нәрсе жоқ. Іштей: «Мал іздеген біреу шығар» дедім де қойдым. Ол әні-міні дегенше салып ұрып қасымызға жетіп келді. Иығында асынған қосауыз мылтығы шошаяды. Аузы-басын түк басқан, құс тұмсық, шегір көз, түрі суық жігіт амандық-саулық жоқ:
- Не қылған адамсыңдар? Қане табандарыңды жалтыратыңдар бұл жерден, - деді қамшысын көкке білеп.
Мына шегір көздің бізді басынып тұрғанына тыз ете қалған мен:
- Ей, сен қашаннан бері құдайдың жеріне қожайын болып қалғансың бізді қуатын, -дедім ашуға бұлығып.
- Әй, қаусаған шал, бұл құдайдың жері емес. Бұл Могомедтің жері, біліп қой.
- Могомедің кім, тағы?
- Осы алқаптың иесі ол. Сатып алған бұл жерді. Бұл маңдағы жүгірген аң, ұшқан құс ендігі жерде Могомедтігі, білдің бе? Жекешелендіріп алған. Заңды құжаттап берген өкімет. Жақсылықпен қараларыңды батырыңдар, әйтпесе... Күш қолданамын дегендей мылтығына қол жүгіртті.
Өз жерімде өгей бала кейпіне түскеніме зығырданым қайнап:
- Әйтпесе не? Атасың ба? Ат онда. Кеше ғана тағдырдың тәлкегіне ұшырап, азып-тозып келгеніңде төрімнен орын беріп, бір үзім нанымызды бөліскен едік. Енді тойынған кезіңде бар қайырды ұмытып, мылтық кезенейін дедің бе? - деп көкірегімді тосып, тұра ұмтылдым.
- Ата, ататай, қойыңызшы, кетейікші, - деді немерем зәре-кұты ұша мені құшақтай алып.
Менің іс-әрекетімнен, болмыс-бітімімнен ғибрат алатын, әлі оңы мен солын танымаған ұрпағымның алдында ақылды ашуға жеңдірмейін деп лап еткен сезімді зорға тежедім. Қабырғам қайыса, жан дүнием езіле, ұнжырғам түсе машинаға келіп отырдым. Әлгі аузы-басын түк басқан, шегір көз дүлей өзінің шоқтығының биіктігіне, біздің шарасыздығымызға мейманасы таси, миығынан кекете күліп шығарып салды. Шығарып салған жоқ-ау масқаралап ит қосып қуып шықты.
Кунделік дәптерден. Өзіне өріс бермейтін, өзгеге өзегін үзіп беретін, қайран жұртым-ай, қайтейін...! Бұл қасиетіңе не дейін? Не дейін-ау, не дейін?
Ираннан келген қандасымыз Әмин айтады: «Мен Иранда дүниеге келдім, көз ашып көргеннен қоғамдағы адамдар арасындағы, әсіресе жергілікті ұлт пен тағдыр тәлкегіне ұшырап келген біз сияқты бөгде жамағаттар арасындағы теңсіздікті көріп өстім. Ата-анамыз отбасында қазақ тілінде қарым-қатынас жасайтындықтан менің де тілім ана тілінде ұшталды.
Мектеп жасында жергілікті тілді жете меңгермегендіктен мұғалімдердің сыныптас балалардың мазағына ұшырадық. Көрген келемежіміз еттен өтіп, сүйекке жеткенде көз жасымды көл ете отырып әкеме: «Әке, жастайымнан неге маған парсы тілін үйретпегенсіңдер. Қазіргідей қор болмас едім», - дейтінмін. Ол: «Балам, сен қазақсың, ирандық емессің. Сондықтан сен өз тіліңді, қазақ тілін білуің қажет. Әке өлгенде артындағы ұрпағына үйі, жері, малы, домбырасы мұра болып қалмақ. Ал алдыңғы ұрпақ кейінгі ұрпағына тілді, ана тілін мұра етіп қалдырады. Тілі бар халықтың тарихы, салт-дәстүрі, ділі мен діні, яғни сол халықтың ата-бабадан желі тартқан бар қадір-қасиеті сақталады. Тілін жоғалтқан халықтың өзі де жоғалады. Саналы түрде өзіне-өзі қол жұмсайды. Шариғатта өзін-өзі өлімге қиған адамға жаназа оқылмайды, жаназасыз өлім-аяушылық, қимастық тудырмайтын, жоқтау айтылмайтын өлім», - дейтін әкем.
Ол кезде әкемнің терең мағыналы бұл сөзіне аса мән бермегенімді жасыра алмаймын. Жергілікті балалардан себепсізден-себепсіз зорлық көрген кездерімізде ата-анамызға шағынып келгенде олар: «Балам, шаңыраққа қарамайсың ба, төр солардікі, жергілікті иттің де құйрығы қайқы келетінін білмейсің-ау, сорлы бала», - дейтін әкем.
Бала кезімізде өзімізге асқар таудай көрінетін ата-анамыздың әлгіндей жұмбақ сөздеріне де, сөзімізді сөйлеп, ақымызды әперуге дәрменсіздік танытатынына түсіне бермеуші едік. Ержете келе мүшкіл хәліміздің, шарасыздығымыздың басты себебі табан астындағы басып жүрген топырақтың біздікі еместігінде екендігін түсіндік.
Әке-шешем бесіктен белім шықпай жатып туған халқымның тілін, құлақ құршын қандыратын ән-күймен сусындатты. Сонау алыста менің де ата мекенім барын, ақпейіл де адал, дархан қазақ деген халқым барын санама сіңірді. Олар: «Тағдыр солай болған соң амал қанша, туған жерден айрылып, талай таудан асырып, тауқымет таттырып жат елден бір-ақ шығарды бізді», - дейтін анам мұңайып.
«Әке жолын өзіме-ақ қалдыр, балам. Өз соқпағыңды тап. Өзіңнің үйіріңді ізде. У ішсең руыңмен деген бар», - дейтін әкем.
«Жат жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. Есің барда еліңді тап. Біз секілді өміріңді өкінішпен өткізбе», - дейтін әке-шешем.
«Қай жерде менің елім, не деп аталады ол..? деп сұрайтынмын мен олардан:
- Қазақ Елі «Қазақстан» деп аталады.
- Қай жерде орналасқан «Қазақстан»?
- Ертіс пен Еділдің арасындағы атырап.
- Ертіс пен Еділіңізді білмеймін ғой мен, - деймін. Олар:
- Арқа мен Алатаудан арасы қазақтың алтын бесік Атамекені.
- Арқа мен Алатау Иран географиясында жоқ қой. Ол қай жер? - деймін елімнің қай жерде орналасқанын біліп алғым келіп.
- Қытай мен Ресей сияқты алып мемлекеттердің арасындағы ұлан-ғайыр өлке Қазақ Елі.
- Әке, күні бүгінге дейін «Қазақстан» деген мемлекеттің бар екенін, есітпедім мен, -дедім.
- Е балам, - деді әкем ауыр күрсініп, - өкінішке орай ол бүгінде Ресейдің қарамағында.
- Бейшара болған ата-анам-ау, өз қолы өз аузына жетпеген, бөгде жамағатқа кіріптар халқымыздың бесік жыры мен әндерін, тілі мен ділін маған несіне үйретумен келесіңдер онда, онан да...
- Не айтайын дегеніңді білем, балам, - деді әкем сөзімді бөліп,-онан да парсының тілі мен ділін неге үйретпедіңдер демекшісің ғой. Сен қазақсың, сондықтан өз халқыңның күйін күйлеп, жырын жырлағаныңды мақұл көрдік. Батыр да ер жүрек халқың тұрғанда өз шаңырағын көтерер, үмітсіз шайтан деген. Сонда әлгі біз үйреткендер кәдеге асады, әлі.
Кейде анамнан ел жайында айтып беруін өтінетінмін. Ол мұндайда әжімді жүзі жадырап, сөнуге айналған жанары ұшқынданып: «Қазекемнің ұшы-қиырсыз дархан даласының шүйгін де, құнарлы шөбін айтсайшы! Оған қоңданған малдың майлы еті аузыңа салдырмайды-ау, салдырмайды. Исі мұрын жаратын жусаны қандай керемет! Әлемнің төрт бұрышын шарласаң да таппайсың ондай жұпар иісті. Көктемде қызғалдақтың көптігі сонша алыстан көз салған адамға жер ана төсі лаулап өртеніп жатқан секілденеді.
Не жазығымыздың барын білмеймін, жаратқанның қаһарына ұшырап, бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Алайда туған жердей жер жәннатын көргеніміз жоқ. Енді көрмеймізде-ау, - дейтін көкірегі қарс айрылып анам жарықтық.
Әкем сәждаға басын қойған сайын: «оһ, жаратқан ием, жамбасымды туған топыраққа тигізе гөр», - деп жалына мінәжат ететін.
Ата-анамның маған айтқан өсиетінің алтын арқауы «Туған жерсіз көкірек-жүрексіз құр бос кеуде, туған жұртсыз адам-құр сүлде».
Бала күннен ата-анам арқылы берілген тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ата жұртқа деген сүйіспеншілік жүрек түкпірінде өмір сүріп, қиялыма қанат бітірді. Оң-солымды таныған сайын еселей арта түсті Қазақ Еліне деген махаббатым. Өмірдің бар мән-мағынасын, нәрі мен мазмұнын «Қазақ Елі» деген сөзбен байланыстырдым. Мен қазақ деген халықтың перзентімін, сондықтан өз жұртыма қосылуым керек деп шештім. Таршылық та болар, қиыншылық та кездесер өз халқым не көрсе соны көрермін. Ең бастысы жат жерде жүріп көрінген біреуден «Ей, монғол» деген кемсіткен, қорлаған сөзін естімейтін боламын.
Осылайша үзеңгіге аяқ салып, атқа отырғаныммен жүрер соқпағымды таппай дал болып жүргенде Қазақ Елінің егеменді ел болғаны жайында хабар естідік теледидардан.
Сол күнгі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кемпір-шал дауыс салып жыласын. «Өлгеніміз тірілді, жоғалтқанымыз табылды» деп.
- Ау, бұларың қалай? Қайта қуанбайсыңдар ма қазағымыздың жеке шаңырақ көтергеніне, қызықсыңдар ма? - десем. Олар:
- Ұлы атаң мен әжең арманда боп жетпей кеткен күн туды, байқұс балам. Айымыз оңынан, күніміз соңынан туған күн. Өмір бақи отырсақ ойымыздан, жатсақ түсімізден шықпайтын бостандық таңы атты. Қорқыныш пен қуаныш бірдей деген бұл қуаныш жасы. Бүгіннен бастап өлсек те арманымыз жоқ. Енді біздің де іздеріміз, сұрарымыз бар. Жаратқанның мұнысына шүкір, - деп кемсеңдеп, көз жастарын көл етсін кемпір-шал.
Қуаныш құйыны саябыр тапқан шақта әкем:
- Ал, балам, біз тағдыр тәлкегіне ұшырап, бөгде елде, жат жерде түтін түтетіп, тіршілік тауқыметін тарттық. Еш жерде көсегеміз көгерген жоқ. Әркімге көз түрткі болып, күн көрістің күйкі тірлігін бастан кешірдік. Еңсе көтеріп өмір сүрмедік. Тауқыметтен көз ашпадық. Өйткені шаңырақ біздікі емес, басқанікі болды.
Біздің кәрі қойдың жасындай жасымыз қалды. Сен әлі жассың, бар өмірің алдыңда. Өз жұртың егемендік алды. Енді есің барда еліңді тап. Ата жұртыңда тамыр жайып, түтін түтеткенің жөн.
Өмір бойы тырнақтап жиған азын-аулақ қаржатым бар. Ала кет. Кәдеңе жарар. Түтінің түзу шығып, жағдайың түзелсе, бізге елдің бір уыс топырағын бұйыртарсың, одан басқа арманымыз жоқ біздің, - деді.
Сол күннен бастан Ата жұртқа ат басын бұруға дайындала бастадым. Жылға жақын құжаттарымды дайындап, уһ дегенде Қазақ Еліне баруға рұқсатқа да қол жеткіздім.
- Жортқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын, ел-жұртқа бізден дұғай сәлем айта бар, - деп шығарып салды әке-шешем.
Қоштасар сәтте сабырлы да салмақты болып көрінуге тырысты олар. Өздерінің ықтиярымен сонау бала кездерінде амалсыздан көз жазып қалған Атамекендеріне аттанып бара жатсам да ішкі сезімдерінің астаң-кестең болып жатқандығын жасаураған жанарлары хабардар етіп тұр. Ұлы мұратқа қол созып бара жатқан перзентіне деген ата-ананың лезде шарпып өтетін, лып етпе қимастық сезімі еді бұл. Мен де мәз емеспін. Ішкі дүнием боз боран. Алда не күтіп тұр? Дүниеде маған жаны ашитын жандар көздері жаутаңдап қалып барады. Алайда екі жақты да сабырға шақырып, тәуекелге бел байлатып тұрған Ата жұртқа деген сағыныш пен үкілі үміт.
Тегеран - Шымкент бағытына ұшатын ұшаққа құжаттарды рәсімдеу басталды. Мен кезекке тұрғаным сол еді, бір топ иран жігіттері дабырлай келіп:
- «Ей, монғол», саған не жоқ, сен бізден кейін рәсімдерсің билетіңді, - деп қол жүгімді лақтырып, өзімді кимелей ығыстырып жіберді. Оншақты дарақыланған оспадар жігітке не қайрат көрсетпекпін. Жалғыздың үні шықпас деген осы. Ол жақта біз сияқты бөгде жұрттың сөзін сөйлеп, қол ұшын берер пенде жоқтығын бесіктен беліміз шыққаннан көріп өскенбіз,көндігіп өскенбіз. Бұл бұл ма? Бұдан да сорақыларын бастан кешіргенбіз.
Мыналардың көрсеткен қорлығына күйініп, өзімнің қорғансыздығыма ұнжырғам түсіп, кезектің соңына барып тұруға мәжбүр болдым. Әкемнің: «Балам, шаңыраққа қара, төр солардікі, амал жоқ» деген сөзі есіме түсті. «Бірер сағаттан соң мен де өз шаңырағымның астына барармын, менің де өз Атамекеніме табаным тиер» деген ой бойыма еселей қуат құйып, жігерімді жаныды. Жаңа ғана көрген қиянатқа қарсылық көрсетпегеніме, құлдық, көмпістік танытқаныма өкіндім! Енді бір, тиіссе жағасынан ала түспек ниеттемін. Бірақ әлгілердің менімен ісі болмады. Өзара тәжікелесіп, бірін-бірі келемеждеп, құжат рәсімдеу залын бастарына көтерумен болды.
Бүкіл жолаушылар ұшу алаңына шықты. Сонадайдан бауырына «КАZАКНSТАN» деп жазылған ақ қанатты ақ ұшақ көзіме оттай басылды. Қуанғаннан жүрегім кеудеме сыймай аттай тулады. «Менің егеменді елімнің, Ата жұртымның ақ қанатты ақ ұшағы» деймін іштей қайта-қайта. Кеудемді қуаныш кернеп, төбем көкке жеткендей болды. Мұндай күйді басынан кешірмеген адам қайдан білсін? Тілмен айтып жеткізу мүмкін емес ол қуанышты.
Ұшаққа енуім сол-ақ еді, радиодан баяу ғана әсем ән беріліп тұр екен. Жастайымнан сіңісті болған таныс саз. Туған елін, өскен жерін сағынғанда анамның салатын әні. Дәл сол. Мен оны жазбай таныдым. Оркестрмен сүйемелденген халық әні ерекше маһаммен құбылады. Онсыз да шарықтаған көңілімді желпінтіп, қиялыма қанат бітіреді.
Жат жерде жүрсе де, халқымның құлақ құрышын қандырар сұлу ырғақ, әсем әуенін бойыма сіңдірген асыл анамның ұлттық өнерге адалдығына тәнті болдым іштей.
«Өз шыңында қалықтамай өлексе жеген құзғындардың арасында жүрген қыран қыран емес. Өз халқының әнін салмаған адам адам емес», - деп отыратын анам.
Ұшақ салонын тәтті қиялға бөлеген сұлу әуен үзілді. Сәл үнсіздіктен соң қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұшқалы тұрған ұшақтың бағыт-бағдары, жолаушыларға қызмет көрсететін ұжым жайында мәлімет берілді радиодан. Ұлы тілдердің қатарында менің де ана тілім үзеңтілес тұрғанына масаттанып, жан жағыма қораздана көз тастадым.
Жат елде жүрсе де ата-бабадан жалғасқан желі үзілмесін деп ана тілінің қадір-қасиетін танытқан ата-анамның ұлттық рухына риза болдым ұшақ үстінде. «Олар маған тіл ұстартқандағы мақсаты күндердің бір күнінде кәдесіне жаратар, ұлттық қасиеті мен тек өзіне тән қазақи ерекшелігінен махрум болып қалмасын деп үйреткен екен-ау» - деп ойлаймын бүгінде.
Ақ қанатты, ақ ұшақтың үстіндегі көтеріңкі көңіл-күйдің көрігі Егеменді елімнің шарапаты екенін жан дүнием елжірей сезінеді.
«Жат жерде дүниеге келген бір перзентің ұшып келеді, Атамекен! Қалай қабылдар екенсің, Ата жұрт! Әуелі қабылдар ма екенсің мені? Жоқ әлде...», - үміт оты бір жанып, бір сөнеді. Бір жанып, бір өшеді.
Осындай әре-тәре ой үстінде отырғанда ұшақ радиосынан: «Қымбатты жолаушылар, ұшақ Шымкентке қонуға бет алды. Қауіпсіздік белдіктерін тағынуларыңызды сұранамыз», -деп қазақша, орысша және ағылшынша хабарлады.
Шамы самсаған қаланы көремін ғой деп терезеге үңілдім. Жылт еткен от көзге түсер емес. Тұңғиық қара түнекке сүңгіп келеміз.
Бір кезде ұшақ дөңгелегі жерге тиді. Ұшақтың дөңгелегі жерге тиюі мұң екен, бір шаттық сезім тамыр-тамырымды қуалай жөнелді. Жұдырықтай жүрегім кеудемді соққылап, бостандық сұрағандай. Бұл алай-дүлей ненің әсері? Ұлы ата-бабамның сайын даласына алғаш рет табан тіреген қуанышының әсері ме?
«Армысың Атамекенім мен Ата жұртым. Менің әке-шешемнің исі бұрқыраған жусаныңды құмарта иіскеуді аңсаған, ақыретте бір уыс топырағың бұйыруын армандаған қасиеті Жер ана», - дедім тебірене.
Жат жерде қалған ата-анамның туған елі, өскен жері жайында айтқан өсиеті мен көрсеткен өнегесі есіме түсіп, ойдың ұшы-қиыры жоқ тұңғиық түкпірінен қайта бетіне қалқып шықты. Қазақ Елі мен дарқан даласын сүюді бала жастан көкейіме құйып келген, көкіректерін туған жеріне деген сүйіспеншілік кернеген шерменде әкем мен шешемнің сонау бөгде елде қалып қойғаны, хоштасар сәтте көздері жасаурап, діріл қаққан қолдарын көкке жайып, бата бергендері есіме түсіп, бір сәт қамығып та қалдым.
Ұшақ дөңгелегі Шымкент әуежайына тиюі мұң екен, Тегеранда тайраңдаған жігіттерді әлде бір күштің мысы басқандай даурықпа қалжың, оспадар қылық, дарақы күлкілері сап тыйылды. Бір-бірімен сыбырласа үн қатысып мүләйім күйге түсті де қалды. Мен қайранмын.
Әкемнің: «Балам, шаңыраққа қара, төр солардікі»,- деген сөзі есіме түсіп, бұл сөздің мәнін енді түсінгендей болдым. Бұл жердегі шаңырақ та, төр де қазақтікі. Мұнда көргенсіздік керсетуге, шектен шығуға болмайтынын біледі олар.
Өмір деген қоштасу мен көрісуден тұрады. Қоштасу адамды мұңға бөлесе, көрісу қуанышқа кенейді. Ұшақтан түскен көп жолаушы қарсы алған туған-туысқандарымен қауышып, мәз-мейрам болып жатыр. Мені шығарып салушылар болғанымен, күтіп алушы болмағаны белгілі. Өйткені мұнда дос-жорандарым мен ағайын-туғандарым жоқ.
Атамекенге табан тіреген кездегі бойды кернеген қуаныш бірте-бірте сейіліп, «Ата жұртта мені не сыбаға күтіп тұр, қол ұшын берер пенде жоқ, тағдырым не болмақ?» деген ой бір сәтке қамықтырғандай болды. Әр жерде өлеусіреген шамдар да үміт отын тұтандыруға пәрмені жетпей, қайта жабырқата түскендей. Әре-тәре көңілмен күңгірттеу күтушілер залына келіп жайғастым. Әлгі мүсәпір күйге түскен ирандық жігіттер де осында екен. Мен сияқты атар таңды осында күтпек болған тәрізді. Баяғы дарақылық ізім-қайым, сахараның құмына сіңген судай, күбір-күбір, сыбыр-сыбыр мүсәпір күйге түскен. Оларды осынау күйге түсірген ненің құдіреті? Оларды жуасытқан ненің кереметі? Әрине ол ата-бабам ұрпағына мұра етіп қалдырған ұлан-ғайыр жерінің құдіреті ғой деп топшыладым мен. «Мен де сол ұрпақтарының бірімін. Өз жерімді баса отырып, мен неге қамығам? Неге жабырқауым керек?» деген буырқанған ой бауыра суық қара жердің астынан күнге қарай жол тапқан өсімдіктің нәзік сабағы сықылды көктей шығып, көңілдегі күдікті сейілтіп жіберді. Сәттілік те, сәтсіздік те кездесер өмірде. Алайда мен өз шаңырағымның астында тіршілік етуге келдім емес пе? Өз төрімде...
- Құрметті жолаушылар,- деген полицейдің сөзі бөліп жібереді ойымды.
- Күтушілер залында ұйықтауға болмайды. Қол жүктеріңізге әзір болыңыздар! - деді. Сәл кідірістен соң:
- Араларыңызда қазақтар бар ма? - деді.
- Бар аға, - дедім орнымнан тұрып, әлде бір кібіртік, жасқаншақтық бойымды билеп, мен қазақпын, көке.
- Жүктеріңді алып, бері шық, - деді бірден даусы жылып. Даусы жылыды ма, жоқ әлде маған солай көрінді ме, әйтеуір жүрегім бір жылылықты сезгендеймін.
Жап-жарық бөлмеге бастап келген әлгі жігіт ағасы құжаттарымды тексеріп болып:
- Ал, Әмин бауырым, Атамекеніңе келуіңмен құттықтаймын, түбегейлі келдің бе, жоқ әлде алыс-жақыннан ағылып келіп жатқан көптің бірі сияқты нәпақа теруге келдің бе?
- Ата жұртымның басы болмасам да, сайының тасы болайын деп келдім, көке.
- Солай де, сайының тасы болайын деп келдім де. Онда жарадың . Бетіме таңдана қарап тұрды да, - Шетте жүрсең де қазақшаға ағып тұрсың ғой, бауырым, - деді.
Сол кезде ағаның соншалықты разы болғанына түсінбедім де. Сөйтсем Атамекенде туылып, ата жұрттың ортасында өссе де ана тілінен мақұрым қалған қандастарымыздың бар екенін мен кейін білдім ғой.
- Көке, мені не құдай ұрыпты ана тілін білмей Шет жерде туылсам да бесік жырын есітіп өскенмін анамның.
- Солай де, бесік жырын есітіп өстім де. Ал Ата жұртыңа келуіңмен тағы да құттықтаймын бауырым, - деп орнынан тұрып, жанарынан мейір оты төгіле, қолымды сілкілей қысты.
«Бауырым» деген сөзді естігенде тұла бойым шамырқанып, сөзбен айтып жеткізгісіз күйге түстім. Тамағыма бір түйін кептеліп не жауап айтарымды білмей, тұтылдым да қалдым. Қуаныш жасы кірпігіме ілініп барып, төмен қарай домалай жөнелді.
«Қабылдады... жат жерден келген бір перзентік Ата жұрт қабылдады», - дедім іштей ет-бауырым елжірей тебіреніп.
Күнделік дәптерден. Қазақ Елінің сонау тәй-тәй басқан сәби шағында, қиыншылықтар шаш етектен болса да егемендіктің тәтті дәмін татқан кезінде келген Әмин бүгінде жүздеген жанға жұмыс орнын ашып, тасы өрге домалаған білікті кәсіпкер. Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларында сауда нүктелері бар. Миллиондап табыс салығын төлеп, Ата жұртының гүлденуіне өз үлесін қосып келеді.
Қазақтың қара көз аруымен шаңырақ көтеріп, үйелмелі-сүйелмелі төрт бірдей ұл-қыз өсіріп отыр ол.
Кейде мен Әминнен: «Бақыт деген не?» - деп сұраймын. Ол:
- Мен үшін бақыттың үш түрі бар. Біріншісі, табаныңның астында өзіңнің туған жерің болып, дүниенің төрт бұрышына емін-еркін көз жібергеніңе не жетсін. Екіншісі, қайталанбас, тек өзіңе тән салт-дәстүрі бар Ата жұртыңның болуы. Үшінші, одан басқа бақыттар.
Кунделік дәптерден. Ұлы далам болмаса, ақ қанатты, ақ ұшақтың бүйіріне жазылған «КАZАКНSТАN» атты ел болмас еді.
Ұлан-ғайыр жерім болмаса, алтын кірпікті күн астында қалықтаған қыранды көк байрағым болмас еді.
Сайын далам болмаса, қазағымның аузы болса да тілсіз, даусы болса да үнсіз мәңгүрттенген тобырға айналар еді.
Ұлы далам болмаса,...
Лес досым айтады. Бегман, тұңғышымнан кейінгі сүйікті қызымның есімі Қарлығаш екенін білесін. Мен оны үшкір қанатты, ақшыл төсті, сүп-сүйкімді қарлығаштай құсты сүйіп өскендіктен солай атаған едім.
Қарлығаш ерте көктемде туған өлкесіне келіп, үй бұғаттарына ұя салып, балапан басатын. Шіркіндердің тамылжыта сайрағанын айтсайшы! Нәп-нәзік көмейден төгілген әсем әуезді тыңдаудан жалықпайсын-ау, жалықпайсын. Оның жемтігін ұшып жүріп қағып әкететін ұшқырлығына таңдана қарайтынмын, бақшаларды құрт-құмырсқадан арылтатын қасиетін айтсаңшы!
Бүгінде адамға үнемі жақын жүретін сол қарлығаш ауылға мүлдем жоламай кетті. Бауыр басқан, туып-өскен жерінен неге безінді екен, ол шіркіндер! Оны елден айырған лашын құстың екпіні ме екен? Лашын болса да мейлі еді-ау. Ол да төре құстардың бірі ғой. Өкініштісі Қытайдан ба, әлде Ауғаннан ба ауып келген шаруаға зияны шаш етектен алақанат бажылдақ құстан озбырлық көргені болып тұр ғой.
Былтыр, жоқ бұрынғы жылы болса керек біздің үйдің бұғатына қарлығаштар ұя салды. Бірнеше аптадан соң ұядан балапандардың әлсіз шиқылы естіле бастады. Ата-анасы тынбай құрт-құмырсқа тасуға кірісті.
Бір күні алақанаттардың бажылдаған, қарлығаштардың үрейлене шиқыдаған дыбыстарын есітіп, сыртқа атып шықтым. Алғашқыда еш нәрсеге түсінбей: «Неге бұлар осынша шулап кетті» деп зер сала қарасам, өз көзіме өзім сенбей сілейіп тұрып қалдым. Байқасам әлгі алақанаттар ұядағы сары ауыз шақалақ балапандарды шетінен бір-бірлеп тырбаңдата шиқылдатып алып кетіп жатыр екен. Кейбірі балапандарына арашаламақ болып зар илеген қарлығаштарды қақпайлап жолатар емес.
Мен ес жинап көмекке ұмтылғанымша ұяны тып-типыл етті.
Балапандарынан айрылған қарлығаштар екі күндей сай-сүйегіңді сырқыратар жоқтау зарын төкті де, үшінші күні ізім-қайым жоқ болды. Сол сол екен, қарлығаштар туған өлкесіне былтыр да, биыл да мүлдем жоламай кетті.
«Қанатты достардан» біз осылайша көз жазып қалдық.
Уақыт өткен сайын асылдарымыздан бірте-бірте көз жазып қалып жатырмыз. Таңданарлығы сол: біз оған өкінбейміз де, өйткені мұндайға етіміз үйренген.
Амангелді досым айтып еді. Аспирантым ойдағыдай қорғап, көңіл жайланып елге қайтуға әуежайға келдім. Ертерек келіппін. Алматы - Шымкент бағытына ұшатын ұшаққа құжаттарды рәсімдеуге әлі екі сағаттай уақыт бар екен.
Күту залындағы бос орынға келіп жайғастым. Адам деген қызық жаратылған жан ғой. Жұмыс үстінде де, жайлы орындықта түк шаруасы жоқ, жай мүлгіп отырса да санасы сапырылысып жатқан ой-қиял тізбегінен бір босасайшы. Бірі келіп, екіншісі кетіп жатады. Әйтеуір тыным болсайшы. Жүйкеге ауыр салмақ түсірмейтін жеңіл ойдың жетегінде отырған сәтте әкелі-балалы екеу келіп отырды. Қымбат бағалы иіс судың жұпар исі айналаны алып кетті. Жаңа ғана ине-жіптен шыққандай соңғы модамен киінген. Күйлі жүздеріне күн түгілі жел тимеген, бапты күтімде екендігі байқалады. Қазанның қақпағының жоқтығын пайдаланып, халық байлығынан молырақ қарпып қалған азулының бірі болса керек түр-тұрпатынан хандық пен паңдықтың, байлық пен барлықтың лебі еседі. Майға пісірілген үлкен бауырсақтай бортиған саусағына көзді сақина, кішісінің мойнында жуан алтын алқа.
Қасқырға ұлыған жарасқанымен итше үргені жараспайтыны белгілі. Әлгі әкелі-балалы ата-бабадан мирас болған ана тілінде емес, діні де, түрі де бөлек ұлт тілінде сөйлесіп отыр. Түр-тұрпаттары қазақ болғанымен, ойлы көз, ояу жүрекпен үңілер болсақ олардың өн бойынан қазақылықтың мысқал түйірін табу қиынның-қиыны. Қағынған жеріген, мәңгүрттенген жандар.
Сөз ауаңдарынан байқағаным әке баласын Қазақстан Республикасы президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Англияның ең беделді оқу орынының біріне аттандырып салмақшы екен. Әкесі баласына шетелдегі өмір жайында, ағылшындардың тұрмыс-тіршілігі, ділі жайында әңгімелей отырып, ең соңында: «Шетелде білім алған өзіңдей жастар Қазақстанның болашағы», - деп қорытындылады сөзін.
Мен: «Ата-бабадан берілген бүкіл қасиеттен жұрдай мәңгүрттенген жандар Қазақ Елінің болашағы болса, жарыған екенбіз», - дедім іштей күйіне.
Осы кезде әуежай радиосынан Ұлан-батыр - Алматы бағытындағы ұшақтың келіп қонғанын, монғолиядан келген қандастарымызды қарсы алушыларды ұшу-қону алаңына келулерін өтінген хабарландыру естілді.
Елге ел, жерге жер қосылып жатса шаттанбайтын қазақ бар ма, сірә келу-қарсы алу шаралараларың куәсі болу мақсатында сыртқа шықтым. Күту залында отырғандар да қопарыла алаңға қарай бас қойды.
Бір жігіттің сүйемелдеуімен ақ киімді, сақал-шашы аппақ қудай, пайғамбар сипатты қария траптан жайлап түсіп, қос қолын көкке жайып жіберіп біраз тұрды да, етпеттей кетіп, жерге маңдайын төсеп, екі-үш рет сүйіп-сүйіп алды.
Елін мен жерін сүйген батыр-бабалардан жалғасқан алтын арқауды бойында сақтаған ақ киімді, ақ сақалды пайғамбар сипатты қарияның туып өскен жеріне деген бұл ілтипаты тот баса бастаған жан дүниемнің астан-кестеңін шығарды. Неге осы қариядай сүймейміз туған жерді? Неге қадірлемейміз? Неге..?
- Смотри, папа, этот старик дурак, что ли, грязную землю целует, - деді біреу. Жалт қарасам шетелге оқуға бара жатқан «Қазақ елінің болашағы» екен. Әкесі:
- Сынок, они оралманы, - деді. Үніңде кемсітушілік, «надан ғой» деген пиғылды аңғартып.
Қазақтың бір уыс қара топырағын армандап келген қарттың жан дүниесін өз ұлтының қадір-қасиетінен, салт-дәстүрінен, тілі мен ділінен қол үзген мәңгүрттенген жандар қайдан түсінсін?! Қайдан...!
Біздің болашақ... қайдам қалай боларын? Қайдам..?
Күнделік дәптерден. «Енді қандай арманың бар? », - деп сұрағанымда Әмин:
- Өркениетті елден келген әрбір қонақ: «Шіркін, қазақтар бүкіл адамзаттың озық құндылықтарын игеріп алған, алайда ешбір халыққа ұқсамайтын өзгеше тұрпатты өз мәдениеті бар ұлағатты ұлт екен» дегізетіндей деңгейге жеткен халық болсақ деймін.
Категория: Шығарма | Добавил: Admin | Теги: Атамекен, елі, ҚОЛДАНУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ, Қазақ
Просмотров: 7506 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
загрузка...
Всего комментариев: 1
1  
kuwti eken

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]