Главная » 2012 » Февраль » 2 » Дінмұқамед Ахметұлы Қонаев 100 жыл
16:26
Дінмұқамед Ахметұлы Қонаев 100 жыл

Дінмұқамед Ахметұлы Қонаев

 

   Құрметті азамат атағына ие болғандар туралы кітабымды Дінмұқамед Ахметұлы Қонаевтан бастағалы отырмын. Өйткені республика халқы оны көрнекті қайраткер, ұлы адам, ірі түлға деп таныды.

     Д.А.Қонаев 1912 жылы қаңтардың 12-де Алматы қаласында туды. Еңбек жолын 1936 жылы Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтын бітіргеннен кейін Қоңырат кенішінде бастады. Ол дипломын Қоңырат карьерінің қуаттылығын 90 мың тонна қара мыс беруге жеткізу жөнінде жазып, оны үздік бағамен қорғап шығады. Өзі жұмыс істеген үш жылда бұрғылау станогінің жұмыскерлігінен бастап цех бастығы, рудниктің техника бөлімінің меңгерушісі, бас инженері, директоры болып қызмет атқарды. Димаш Ахметұлының бұрғылау станогі ескерткіш ретінде Қоңыраттың кіре берісінде мәңгілік сақталуда.

Сол жылдары Қоңырат құрылысы қарыштап дамыған еді. Д.Қонаевтың өзі тұрған үй, балабақша, аурухана, мәдениет үйі салынды. Осындай қажырлы еңбегі үшін 1938 жылдың шілде айында "Ерекше еңбегі үшін" медалімен   марапатталды.

Бұл    оның    бірінші    марапаттау    белгісі    еді.  Аз уақытта іскер басшы, зор талап иесі болып көрінген Д.Қонаевты Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті 1939 жылы Ридер кен басқармасының директорлығына ұсынды. Өйткені Ридер полиметалл комбинатының жұмысы, әсіресе шикізат кеніштері ақсап қалған еді. Бұл ұсыныс кенді Алтайдың экономикасын жедел көтеруге жасалған шара болатын. Сонымен Орталық Комитет жас коммунист Қонаевқа зор сенім білдірді, ауыр міндет жүктеді. Тұралап қалған аса ірі кәсіпорынның жұмысын жолға қою оңай болмасын білсе де, Димекең "жігіт аспайтын бел, жүрмес жол болмайды" деп нартәуекелге бел байлады. "Қашан да бірінші болу құрметті, бірақ тыңнан соқпақ салу, мешеу елде ірі кәсіпорынды жолға қою маған оңайға түскен жоқ" деп жазады өзінің естелік кітабында.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ол өндіріс жұмысын жоғары дәрежеде ұйымдастырушылардың қатарында ғана қалған жоқ, 1942-52 жылдары Қазақ КСР-і Халық Комиссарлар Кеңесінің орынбасары болды. Одан кейін 3 жыл Ғылым Академиясының Президенті болып қызмет атқарды. Республика Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып екі кезең-1955-60 жылдары және 1962-64 жылдары жұмыс істеді. Онан кейін Д.Қонаев республика партия ұйымын 1986 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін ширек ғасырға жуық уақыт басқарды.

Өткен өмірі қаншалықты күрделі де қарама-қайшылықта болғанымен Дінмұқамед Ахметұлы экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылымды, ұлттық мәдениетті дамыту ісінде Қазақстанның көп ұлтты халқының   алдында зор еңбек сіңірді. Ол үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алып, сегіз рет Ленин орденінің және басқа да еліміз бен шет мемлекеттердің ордеңдері мен медальдарының иегері болды Ол еліміздің партия және шаруашылық жұмыстарымен өзінің ғылыми еңбектерін ұштастыра білді, 100-ден аса ғылыми еңбектері жарық көрген. Академик Қонаев тағылымы терең, ой-өрісі кең білімдар адам болған.

Белгілі журналист-жазушы Г.Толмашев өзінің "Д.А.Қонаевпен кездескен 50 сәт" деген естелік кітабында еліміздің біраз белгілі азаматтарының берген мінездемелерін жазған. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың естелігінде:

"... Д.А.Қонаев Қазақстан тарихында ірі түлға болып қалары даусыз" дейді. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Әшімов өзінің Қонаевпен көп жыл бойы бірге қызметтес болғанын айта келіп, оның Қазақстан тарихында және халық есінде аса көрнекті қайраткер ретінде қалатынын айтқан. "... Егер Қонаевтың "ерекшелігін" ірілік тұрғысынан бағалау керек болса, онда ең әуелі ұлттық мемлекеттің негізін қалаушылардың қатарына қосуға болады. Оның кезінде республика гүлденіп, интернационалдық қарым-қатынастың және Халықтар достығының лабораториясына айналды. Ол қызмет еткен жылдардың ішінде республикамыздың өндіргіш күші 700 проценттен астам өсті. Басқаша айтсақ, жаңадан жеті Қазақстан орнапты. Өнеркәсіп 9 есе, ауыл шаруашылығы 6 есе, курделі құрылыс 8 есе өсті" деген естелігінде бұрынғы Семей және Ақмола обкомдарының бірінші хатшысы Н.Морозов.

Димекең өзі еңбек жолын бастаған Балқашты ұмытқан емес. Кей кезде қала басшылары Димекеңнен ақыл-кеңес, күрделі мәдени-тұрмыс мәселелерін шешу үшін көмек сұрады. Оның бірде бірі шешілмей қалған жоқ. Оған Балқаштағы сауда орталығының салынуы, Алматыда "Балқаш" демалыс үйінің ұйымдастырылуы дәлел бола алады.

Осы қалада Дінмұқамед Ахметұлымен талай қызықты кездесулер өтті. Балқаштықтар әр уақытта Димекеңді үлкен құрметпен қарсы алып отырды Ол кісінің Балқашқа соңғы сапары 1992 жылдың күзінде болды. Ең алдымен әдеттегідей Қоңыратта болып, көз көрген қариялармен әңгімелесті. Өзі бұрын тұрған үйдің жаңа иесінде қонақ болып, қонақасы жеді. Қала ардагерлерімен кездесіп, өндіріс орындарының жұмысымен танысқан еді. Осы сапарында өзінің "Өтті дәурен осылай" кітабымен таныстырды. Бұл кезде Димекең 80 жастан асып кеткен еді. Сонда да Балқашқа арнайы келіп қайтты.

Дінмұқамед Ахметұлы Қонаевқа "Балқаш қаласының құрметті азаматы" атағы 1974 жылы берілген.
Просмотров: 2860 | Добавил: Admin | Теги: Қонаев, Ахметұлы, Дінмұқамед, жыл, 100 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]