Главная » Файлы » Балабақша



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Жеке тұлғаны қалыптастырудағы ұлттық ойындардың маңызы
[ Скачать с сервера (87.2 Kb) ]

Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Балабақша ойындары]
21.08.2015, 11:28

ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

Абенова М.С.
МКҚК «Балбөбек» балабақшасының тәрбиешісі,
Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Луговой ауылы
Жантелі батыр көшесі №32

Ұлттық ойындар жөнінде сөз қозғамас бұрын алдымен жалпы «Ойын»дегеніміз не? деген сұраққа жауап іздеп және оны зерттеп ол жайында пікір айтып, тұжырым жасаған ғалымдар мен ойшылдардың еңбектеріне тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Өйткені, кез келген нәрсенің шығу тегі мен қалыптасу жолдары болатыны тарихтан белгілі. Сол сияқты ойын тарихының да өзіндік құпиялары жетерлік. Көшпелілер өмірі табиғатпен кіндіктес болғандықтан, оның тіршілігі ме көңіл көтеруі де тікелей табиғатпен үйлесімдік арқылы жүзеге асады. Олардың еңбек құралы-алдындағы малы. Соның жайын ойлап үнемі көшіп отырған.Көшпелілердің рухани өмірі мен дүниетанымы кездейсоқ ұғымдардың жиынтық тізбегі емес. Ол біртұтас мұраттық үрдіс ретіндегі мәдени құбылыс.
      Қазақ халқының ежелден қалыптасқан, түп тамыры тереңнен тартылған төлтума мәдениеті бар, ол мәдениеттің өзіндік даму жолы, талай ғасырлар бойғы өз тарихы бар. Сонау ерте заманда-ақ өзіне тән мәдениеті, әлемдік келісіммен тығыз байланыста дамыған қоғамы, өзіндік жазбасы, ерекше экономикасы, салт-дәстүрі, өнері, сан-салалы ойындары болған.
     Сол сияқты халқымыздың түп төркіні, адамзат тарихындағы өз орны, туған жұртымыздың әлемдік ұлы мәдениетке қосқан үлесі жайлы жазылған үлкенді -кішілі ғылыми туындылар жарық көрді. Қанша заманнан бері қазақ мәдениеті сан зерттеуге түсті. Әйтсе де, мәдени мұраның көптігі, мағынасының тереңдігі олардың толық игерілуіне әлі де болса мүмкіндік бермей отыр. Сондай мәдени мұраларымыздың бірі-біз тақырып етіп алып отырған ұлттық ойындар.
       Халқымыздың ұлттық ойындары жайлы Б.Төтенаев, Е.Сағындықов, М.Тәнекеев, К.Ісләмжанұлы, Ә.Диваев сынды ғалымдар мен жазушылардың еңбектерінен,жекелеген үлгілерден,әр жылдары жарық көрген «Қазақ ұлттық ойындары»(1957), «Соқыртеке» (1990) әдебиеттер жазылғанымен, оның қыр-сырын,  ұрпақ тәрбиесінде алатын орны мен рәміздік ерекшеліктерін ашып көрсететін еңбектер жоқтың қасы болғандықтан, біз ежелден келе жатқан ұлт ойындарын зерттей отырып, ондағы қазақтың ойы мен асыл арманы, тұңғиық сыры, көрегендігі туралы ой қозғауға барынша тырыстық.
    Мектеп жасына дейінгі жас ұрпақтың қалыптасуына әсер ететін фактордың бірі, дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты халықтың ұлттық ойындары. Ата-бабамыз ойынды тек баланы алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, ол халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, баланың көзқарасы,мінез-құлқын қалыптастырып, бір жүйеге келтіретін тәрбие құралы деп санаған.
       Ойын- мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болар ма?»деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады.Ойын балалар өмірінің нәрі,яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде,табиғат құбылыстарын тануда олардың көру, сезу, есту, қабілеттерін зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады.Ойын арқылы балалар қоғамдық тәжірибені меңгереді,өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады.Ойнау процесінде сөйлесу қарым қатынасы үлкен рөл атқарады.Сөйлесе жүріп,балалар өзара пікірлесіп, әсер алысады. Ойын баласының жан-жақты дамуын көздейтін,оның тілін жаттықтыратын,қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын,басқа адамдармен қарым қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негіз бола алады.
       Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері өте көп.Солардың қай-қайсы да адам игілігіне қызмет етуге бағытталған.Қазақтық ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті,батылдықты, дененің шынығуын қажет етеді. «Теңге алу», «Асық ату», «Түйілген орамал», «Қыз қуу», «Ұшты-ұшты», «Ханталапай», «Арқан тартыспақ», «Соқыр теке»т.б. ұлттық ойындар баланың сөздік қорын молайтуға, өмір тәжірибесін кеңейту,ептілік қабілеттерін жетілдіруге өз әсерін тигізеді.
        Ұлттық ойын баланың дамып жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің артуына, психикасына да тигізетін әсері мол. Ұлттық ойындар арқылы өз халқының тарихын,жерін даму сатысын, әдет-ғұрпын,салт-дәстүрін айқындап көруге болады. Балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы әділдікке, достыққа, сыйластыққа, кішіпейілділікке тәрбиелей отырып,яғни адамгершілік қасиеттері де қалыптастырылады.Басқа ойындар сияқты қазақтың ұлттық ойындар тәртібін бұлжытпай орындауы баланың ойын барысында тәртіп сақтауы, баланы осы кезден бастап тәртіпке, әділдікке, жинақылыққа баулиды, адал, қайырымды, өжет болуға тәрбиелейді.
        Ұрпақ тәрбиесі жайындағы озық ұлттық мұраны бүгінгі тәләм-тәрбие жұмысына пайдалана отырып, атадан-балаға жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді  қадірлеуді балаға сәби кезінен қалыптастырған жөн. Қазақтың ұлттық ойындары аңға, малға байланысты алуан түрлі заттармен ойналатын, зеректікке, ептілік пен икемділікке,батылдыққа баулитын ойындар деп бірнеше түрге бөлінеді. Қайсыбір ғалымдар қазақ халқының ұлттық ойындары түрінің жүзден асып жығылатынын айтады.Мұның өзі қазақ халқының ежелден –ақ айрықша дарынды һәм білімді болғанының дәлелі. Тағы бір ерекшелігі,ұлттық ойындардың,әсіресе,балаларға арналған түрлері әдетте өлеңмен «өрнектеліп» те отырған.Демек халқымыз ұлттық ойындар арқылы балаларды өмір сүруге дағдыландырып,қиындыққа төзе білуге,қиын сәттет жол таба білуге машықтандыруды басты мақсат еткен.Мәселен, «Аламан бәйге», «Аударыспақ»,  «Арқан тарту»ойындары адамды төзімділікке үйретуге ерік-жігерді игере білуге, білек күшін дамытуға бағытталған. Ұлттық ойындардың тағы бір ерекшелігі әр ойын жас ұрпақты салиқалы да салмақты, шебер әрі епті болуға баулиды. Өйткені әрбір адам өзінен өрбіген ұрпақтың ынжық, бойкүйез болып қалмай, жан-жақты, білікті де күшті болып өсуін өмірдің мәңгі мәні ретінде қабылдаған.
       1. «Соқыр теке». Балалардың сүйіп ойнайтын бұл ойынына қатысушылардың саны 10-15 адамнан аспуы керек. Ойын алаңында,жазық алада,орман-тоғай ішінде ойнай берсе болады. Ойын ережесі. Балалар кез-келген жерге дөңгелене тұра қалып орталарына көзін байлап «соқыр текені»шығарады. Шеңбер бойында тұрған ойыншылар білдірмей барып,соқыр текені түрткілеуге кіріседі. Осы кезде ол өзін түрткен ойыншыны ұстап алып,оның атын айтуы керек. Ал ұстамаса,түрткен баланың атын айтуы шарт.Осылайша «Соқыр теке » түртушілердің біреуін ұстап, я атын айтқанша ойын жалғаса береді. «Соқыр теке»көзі байлаулы болғандықтан түрткенді қуалап жүріп, өзін түртпеген,орнында тұрған ойыншыны да ұстап алып,атын айтуы мүмкін. Онда ұсталған ойыншы «Соқыр теке» болады, сондықтан бір орында тұрмай, үнемі түртпесең де қашып жүруі керек. «Соқыр теке»кез-келген түртушілердің біреуін ұстап алып атын айтса,онда ұсталған ойыншымен рөлдерін ауыстырады. Ойын барысында «Соқыр текені»шеңберден шығарып жіберуге болмайды, себебі, көзі байланған ол басқа бір нәрсеге ұрынып құлап қалуы мүмкін. Сондықтан ойын жүргізуші «Соқыр теке»басқа жаққа кетсе оны топтың ортасына қайта әкеліп жолға салып отыруы керек. Осылайша ойын жалғаса береді.
       2. «Теңге алу».Жерде жатқан теңгені атпен шауып келе жатып іліп алу-үлкен ептілікті, ат құлағында ойнайтын шабандоздық тәжірибені қажет етеді. Теңгені жерден іліп алғандарға бәйге беріледі.
      3.  «Қыз қуу». Бұл - ұлттық ат спорты ойыны. Қыз қуу жарысында атқа мінген жігіт атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп,оның бетінен сүюі керек. Бұл жігіттің жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз жігіт пен оның атын қамшының астына алады. Бұл қыздың жеңгені.

  4. «Асық ату».Бұл балалардың ежелгі ұлттық ойыны. Тақыр алаңға көлденеңінен түзу сызық сызады да,соны бойлай тігілген кенейді кезектесіп сақамен ату арқылы мергендік сынасады. Асық ойынының үш табан,бір табан,шығу,шеңбер секілдібірқатар түрлері бар. Ертеде қазақтың қыз-келіншектері де асық ойнаған. Олар ойнаған асық ойындары -қора хан, құмар  т.б. аталған. Асықтың «Хан талапай», «Төрт асық», «Атпақыл», «Қақпақыл»,   «Омпы»,«Сасыр» секілді түрлері де бар.
       5. Арқан тарту-халық арасында ертеден келе жатқан танымал ойындардың бірі. Ойын мерекелерде, ертеңгіліктерде, оқу іс-әрекеттерінде баланы сергіту сәттерінде де ойналып жүр. Арқан тарту көп күш жұмсауды қажет етеді. Ойын өтетін жер тегіс болуы шарт.Алаң ортасына көлденең сызық сызылады.Сызықтан тепе-тең қашықтықта екі межені белгілейді.Ойынға екі ұшы тұзақтап байланған ұзын жіп немесе арқан керек.Оған қатысушылар теңдей екі топқа бөлінеді.Арқанның қақ ортасынан белгі үшін түйін түйіледі.Ойынға қатысушыларөз топтарымен бірге екі жақтан арқанды белге салып өзжағына қарай тартады. Ортадағы көлденең сызықтан қай топ бұрын сүйреп өткізсе, солар жеңіп, жүлде алады.Ойында жеңіске жету үшін қара күшпен қатар әр топтың қозғалысындағы бірыңғайлық,ұйымшылдық қажет.
       6. «Ханталапай » ойыны бүкіл қазақ жеріне кең тараған ойын. Ойынға екеуден он адамға дейін қатысады. Асықтың көп болғаны жақсы. Көп асықтың ішінен біреуін қызылтүске бояйды. Сол асық «хан»деа аталады. Ойынды бастайтын бала асықтың бәрін қос уысына жинап алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді. Балалар «ханның»қалай түскенін бақылап отырады, егер «хан»бүк, шік, не тәйкі түссе, ойын бастаушы бала «ханның» түсуіне қарай жақын жатқан асықтарды бас бармақтың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере ыршытып бір-біріне дәл тигізуі қажет. Тигізген асықтарды ол өзіне алады. «Ханды»жатысы «хандікіндей»ең соңғы асықпен ғана атып алады. Сондықтан асықтарды атқан ,кезде есепке,дәлдікке,мергендікке жүгінуге тура келеді. Ойын бастаушы баланың қолы басқа асықтарға тиіп кетсе,сондай-ақ атқан асығы басқа асыққа барып тисе, балалар жарыса «ханталапай»деп дауыстап, «ханды»өз қолына түсіруге тырысады. «Хан»кімнің қолына түссе,сол бала жеңіске жеткен болып есептеледі. Онда ойынды сол бала қайта бастайды.      
         7. Орамал тастамақ. Балалар шеңбер жасап тұрады. Бастаушы(тәрбиеші) балаларды айнала жүріп бір баланың артына орамал тастап кетеді. Артына орамалды тастағанын сезген бала менің артымда деп жауап береді. Артына орамалдың тасталғанын сезбесе ол өлең, тақпақ айтып немесе билеп беруі керек. Балалар шеңбер бойында көздерін жұмып тұруы керек. Ойын осылай  жалғасады.
         8. Ақсерек-көксерек. Бұл ойынды ойнау үшін балалар екі топқа бөлінеді, қолдарынан ұстап тұрады. Арасы 20-30 қадам. І-топ ойынды бастайды:
Ақсерек–ау,ақсерек
ІІ-топ:Ақсерек-ау,ақсерек
Бізден сізге кім керек?
Сізден бізге (баланың аты) керек.
Аты аталған бала келесі топқа дейін жүгіріп барып ортасынан ұстасқан қолдарды ажыратап кету керек. Егер өтіп  кетсе сол топтан бір баланы тобына алып қайтады, өте алмаса сол топқа қалады. Ойын  осылай жалғаса береді         
      9. Сақина салмақ.Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі ойыны.Оны халық арасында сақина салу, сақина тастау деп те атайды.Ойынға он-он бес адам қатысып, ортаға бір ер баланы немесе қыз баланы шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын ережесі бойынша қызбалалар  мен ер балалар үйде дөңгелене отырып, екі алақанын бір-біріне қабыстырып алға созады. Ойын жүргізуші алақанындағы сақинаны кімге салса да өз еркі. Ол адаидардың барлығының алақанына сақина салған болып шығады да дауыстап: «Тұр сақинам,тұр» деп дауыстайды. Сол сәтте сақина тасталған адам «Сақина менде» деп орнынан тез тұруы керек. Оны көршісі ұстай алмай қалса, жұрт алдында өз өнерін  көрсетеді. Ойын  осылай   жалғаса   береді.
       10. Көтермек. Қазақтың  ұлттық  ойындарының  бірі. Өз  еркімен  сайысам  деген  екі  бала ортаға   шығады  да, бір-біріне  қарама-қарсы  тұрып, қарсыласты  өзінің  арқасына  көтеріп  алуға  тырысады. Ойын  күшті  дамытады.
       Қорыта келгенде, қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысының да қоғамдық және әлеуметтік мәні зор. Оған қоса,ұлттық ойындар қазақ халқының о бастан ерекше мәдениеті болғанын айқындайды. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған. Шындығына келсек адамның өмір сүруінде қазақтың ұлттық ойындарының атқаратын маңызы ерекше. Басқаны былай қойғанда,әр ұлттық ойын оған қатысушыны өмір сүруге бейімдеп қана қоймай, қиындықтан қорықпай, қарсы тұра білуге үйретеді. Мысалы,бір ойын шеберлік пен ептілікке, енді бір ойын талғампаздыққа, ал енді бір ойын қиын-қыстау кезеңде тез шешім қабылдап, оңтайлы жол таба білуге баулиды. Оның үстіне ұлттық ойындардан спорт пен патриоттық тәрбие айқын аңғарылады. Мұның өзі қазақтың ұлттық ойындаының бала тәрбиесінде маңызы зор екендігін дәлелдейді.
     Егеменді еліміздің бүгінгі таңдағы ең басты мақсаты жан-жақты әлемдік білім кеңістігінен орын алу болып табылады. Бүгінгі жас ұрпақ-егемен еліміздің болашағы, халық тағдырын жетелейтін азамат. Ал сол ұрпаққа әлемдік деңгейде өркениетті негізде білім мен тірбие беру, ұлттық құндылықтарды жасұрпақ бойына сіңіру ғаламдық мәні бар мәселеге айналып отыр. Ғаламдану үрдісінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрін сақтау жолындағы күрес ұлттың сананы сақтау күресі екенін түсіну,яғни ұлттық сана сезімімен мінез құлқының ана тілінде, ата тарихын, төл мәдениетін,және ұлттық салт дәстүрді меңгеруі негізінде қалыптасқан жеке тұлғаны тәрбиелеу міндетін айтамыз.
    Бүгінгі жас ұрпақ- егеменді еліміздің ертеңгі ұрпағы. Ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті саналы ұлттың ойлау қабілеті мен білімі болуы керек.

     
        Пайдаланылған әдебиеттер:

1.«Сен  білесің бе?» энциклопедиясы / Қ.Ж.Райымбеков; Қ.Т.Байғабылов
Алматы-Аруна 2011 жыл
2. «Ұлттық  ойындарды  оқу-тәрбие ісіне  пайдалану»  Е.Сағындыков Алматы 1993жыл
3. «Қазақ  ұлттық  спорт ойыны  түрлері»  Ш.Балғымбаев  Алматы  1985жыл

 

 

Категория: Балабақша ойындары
Просмотров: 3914 | Загрузок: 76 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]