Главная » Файлы » Рефераты |
Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті] |
02.02.2012, 14:40 |
Орыстың көрсе ұлығын, Қыздан-дағы қылықты. Ұлық кетсе, қазаққа Қорқау қасқыр құлықты, –
деп шенеп, күлкі етеді. Әйтсе де Дулат Сүлейменге елдің нағыз еріне лайық іс тындырдың демейді. Қайта "ниетің түзу болғанмен, сен де айтарлықтай ештеңе тындырған жоқсың" дегенді астарлап жеткізеді.
Бірақ, жалған, қайтейін, Мезгілсіз келіп дүниеге, Аптапқа түскен басың бар. Жау айбынар досың жоқ, Жар-жапсарда қосың бар. Жылайсың да шыдайсың, –
деп, төренің тілегі мен іс-кимылының арасындағы алшақтыққа кешіріммен, түсіністікпен қарайды. Бұл – өте мәнді мәселе. "Отарлық жүйе толық үстемдік құрған жағдайда елі үшін туған ерлер не істеу керек" – деген сұрақ туатыны заңды. Дулаттың күмілжуі мен Сүлеймен төренін бойындағы қайшылыққа "түсіністікпен" қарауы әлгі сұраққа өзінін де анық жауабының болмауынан.
Елің үшін еңбек қыл, Отыра берме бекерге. Көмбеге тақап қалғанда, Жүйрікке керек көтерме.
"Толқынды теңіздегі сенімді кеме" жайында астарлай сөйлей келе, ақыры шыншыл ақын төренің әрекетсіздігін айтып тынады.
Елің үшін еңбек қыл, Отыра берме бекерге, –
дейді. Мұның өзі – білген кісіге ауыр сәз. Ал Сүлеймен төре – білетін кісі. Дулаттың іле-шала "жүйрікке керек көтерме" деп, ауыр сынын жуып-шаюы да сондықтан. "Атаны бала алдады" деген толғауында ақын елдің жағдайына үңіледі.
Елімде ер қалмады, Артына қарап бұрылып, Ашпассың елім, көзіңді, – дейді.
Сонда халық "артына қарағанда бұрылып", яғни өткен тарихына көз жібергенде қайтер еді? Әрине, бұл арада, алдымен үш жүздің хандары мен билері, қаһарман батырлары қазақтың басын біріктіріп, жоңғар шапқыншыларынан Отанын азат еткенін көрмек. "Ата қоныс Арқадан" толғауында мұны Әмір Темір, Әбілпейіз, Абылай есімдерімен байланыстыра қарайды.
Кешегі сенің бір ауызды күніңде, Үш жүздің ұлы қараған Әбілпейіз, Абылай – Екі сұлтан сұңқарға, –
деп, халқы үшін жауға қарсы аттанған хандардай басшы – көсемдерді армандайды. Ақын әкімдерді туған еліне "қорқау қасқыр құлықты", "елін жаудай талаған", "ашылған әбден араның" деп қана сынап, сол үшін ғана жек көрмейді. Елді патша өкіметінің жемтігіне беріл қойды, онымен ауыз жаласып, елдің сорын қайнатты, сатты деп кінәлайды. Елді шен-шекпенге сатылған ел басшылары қор қылғанын айтып, күйінеді. Заман осы қалпынан өзгермесе, келешекте мұның ақыры халықты көз көріп, құлақ естімеген қандай сұмдықтарға душар ететінімен шошытып, үрейлендірмек болады.
Сырғалынды күң қылып, Солқылдақты жүн қылып, Күніңді тұман түн қылып, Қыл мойынға тақалтып, Шабақтай жемге қақалтып, Көмейіңе салар қармақты... Жібек жалын жайнатып, Ортекедей ойнатып, Қабырғаңды сөгілтіп, Аш күзендей бүгілтіп, Әлі-ақ шауып алады Түйең менен жылқыңды. Егін себер жерді алып, Бұрынғысы өтірік, Шыныменен енді алып, Кетірер кәпір сыйқыңды.
Мұндай төніп келе жатқан қауіпті сезініп, қам жасаушы ұлтжанды, сергек ойлы, серке сипатты жандарды ел тізгінін ұстағандар арасынан көре алмай торығады. Оның есесіне, "бозақор өңкей мастар", "есерсоқ, ойсыз жастар" көбейіп бара жатқанына налыған кемеңгер жырау:
Менің айтқан бұл сөзім, Саналы болса ой көзің, Өлең емес, жыр емес, Құнсыз сөздің бірі емес, Басыңа түссе білерсің, –
дейді толғанып. Ол еркіндігі жоқ халықтың ауыз бірлігі, елдік қасиеті азаяды, әркім қара басының қамын ойлап, сенім-нанымынан айырыла бастайды, ел ішіне неше түрлі жаман қылықтар жайылады деп біледі. Сөйтеді де, дүние-мал мен қарынның құлы – тоғышарлардын қайырым-сыздығын, екіжүзді арамзалығы мен енжарлығын көріп:
Тесекте жатқан керіліп, Түзге отырса ерініп, Аяғын буған қойға ұқсап, Мойнын ұсынып беріліп, Қол созбайды азатқа, –
деп ашынады, азаттық, еркіндік дегенді естеріне де алмай, құлдыққа, малайлыққа мойын ұсынып отыр деп кейді. Түптеп келгендегі Дулаттың аңсаған арман-тілегі – халықтың ұлттық рухын, өзіндік салт-сана, дәстүрін, елдік, ерлік, адамшылық туралы ұғым-түсініктерін сақтап қалу.
Би мен бектің сәні жоқ: Елін қорғай алмаса, Тура жолға салмаса, Ыстығына күймесе, Суығына тоңбаса. Батырлықтың сәні жоқ: Елірген тұлпар ерттеліп, Толғаулы найза қолға алып, Тұйрын құстай толғанып, Сары садақ асынып, Егескен жауды қашырып, ....Ұлын қорып жауынан, Ереулеген егер дауынан, Тұтамдап оқ жанбаса.
Қазақ жерінің қиыр шығысы мен қиыр батысында араға бір ғана жыл салып дүниеге келген Дулат пен Махамбет туындыларындағы ұлттық бостандық, әлеуметтік әділеттік идеялар әуендестігінің көрінісі болып табылатын бұл өлеңнен де оның авторының шығармашылығына тән сыншылдық ел тәуелсіздігі мен жер бүтіндігін сақтаудан туындап жатқанын көреміз. Дулаттың арнау өлеңдері ішінде "Ақтанға" деген өлеңінің сипаты өзгешелеу. Жетім бала Ақтанның өмірі ақынның аяушылық сезімін қозғап, жүрегін тебірентеді. Ал Дулатты баланың болашағы көбірек толғандырады. Ол осы Ақтан баланың бойынан ел тілегін арқалап, халық басына өз еркі өзіндегі өткен дәуренін қайта оралтар ерді, батырды көргісі келеді. Ақын Ақтан бала ер жетіп, "бадана көз тоғыз тор сауыт" киіп, қашан ғана жауды қуар екен деп армандайды.
О, Ақтан жас, Ақтан жас, Жау қашырар ма екенсің? Сен ер жетер ме екенсің, Тұлпар атты жаратып, Жетімдіктің белінен, Құйрық, жалын таратып, Асып өтер ме екенсің?.. Бежін ерді ерлетіп, Бадана көз тоғыз тор Жорыққа жортып терлетіп, Сауыт киер ме екенсің? Сырты қырлы, жүзі алмас, Білтеліні тұтатып, Салған дағы жоғалмас Түтін үзбей оқ атып, Сапы асынар ма екенсің? –
деп толғайды. Ақынның ойынша, жігіттің даңқын шығарып, оны дегеніне жеткізетін бір-ақ жол бар. Ол – ел мақсаты үшін жан аямай күресу жолы. Ақын Ақтанның ел үміт күткен сондай жас болуынан үміттенеді.
Жетімдіктен өтерсің, Шаң бермей әлі кетерсің, Қажыма, Ақтан, қажыма, Жетерсің, әлі жетерсің.
Талмай талпынса, қайраттанып алға ұмтылса, жетім Ақтанның да кейін қатарға қосылатыны, жетілетіні күмәнсіз дейді ол. Адамдардың мінез-құлқындағы өзгерістер. Дулат ел өміріне көз жібергенде, адамдар арасындағы қарым-қатынас көріністерін хандық замандағы, бұрыннан келе жатқан өмір қалпы бұзылмаған кездегісімен салыстыра қарайды. Тегінде мәселе хандық билік, бұрынғы ел билеу тәртібі мен феодалдық өмір қалпының ескіргенінде немесе оларға замана ағымына үйлесетін өзгерістер енгізілудің қажеттілігінде емес еді. Мәселе халқымыздың қоғамдық өміріндегі өзгерістердің тарихи қажеттіліктен, эволюциялық даму жолымен емес, күштеумен, отаршылдық саясаттың мүддесіне бағындыра жүзеге асырылғанында еді. Туған халқын отты жүрегімен емірене сүйіп, оның тағдыры толғандырған – Дулат Бабатайұлының шығырмашылығында және сол ұлттың менталитеті мен рухына жат өзгерістер сыншылдық тұрғысынан көрініс тапты. Ақын:
Қой зор болып түйеден, Құлын зор боп биеден, Сөз оралмай жүйеден, Бұзақы би боп тізілді. Лашын өрлеп ұша алмай, Ер майданға түсе алмай, Үлкеннің тілін кіші алмай, Елдегі жақсы бұзылды, –
деп, жақсы мен жаман, құндылық пен құнсыздық туралы ұғымдардың әділдік, шынайылыққа кереғар түрде өзгергенін сыншылдық, шыншылдықпен көрсетеді. Ақын байлар саудагерлік жолына түсіп, соның арқасында жамандардың бағасы көтеріліп, қырандар – асыл азаматтар ескерусіз, елеусіз болып қалғанын айтады.
Мәстек озып, бәйге алды, Тайша бұл боп, тай қалды, Бағасыз қыран жай қалды, Достықтың қылы үзілді, –
дейді кейіспен. Бірталай үлкен ақындар, солардың ішінде Абай, Сұлтанмахмұт та бар, назар аударған: еңбек етіп, бала-шағасын бағудың орнына тамағы піскен үйді аңдып, иесінің қас-қабағын бағып, жағынатың, аузына бірдеңе тисе, елеуреп шыға келетін кер жалқау қазақ кедейінің бейнесін Дулат та айнытпай жасайды. Ондай сорлының өлер жерін білмей, әулекіленген сыйқы әрі күлкілі, әрі аянышты. Сен де ақынды қайталап:
Қымыз құмар, сөз құмар, Сор құмар өңшең сорлылар,-
дейсің ішіңнен. Ал енді ұлы сықақшы суреттеген мақтаншақ, өтірікшінің сатиралық бейнесі әлгі жалқау кедейдің екінші нұсқасы іспетті.
Жау көргенде, көздейсің Ши бұтаның тасасын; Жау кеткен соң, жотада Кердең-кердең басасың; Бір күн тойса тамағың, Тасқын судай тасасың; Қарның ашса бір түске, Солбырайып солғандай...
Адам баласы өмірінің мән-мағынасы бақытқа талпынудан тұрады. Ал сол шынайы бақытты отбасынан ғана табуға болатыны жайында ұлы ойшылдар мен ақындар бірін-бірі қайталап айтумен келеді. Отбасы дегеніміз – ерлі-зайыптылардың бірлікте өмір сүретін ұясы ғой. Демек, бақыт – тағдырларын табыстырған қыз бен жігіттің бір-біріне деген айнымас сүйіспеншілігі, өмірде кездесетін куаныш пен қайғыны, баршылық пен жоқшылықты қатар тұрып, тең бөлісуі, сергек сезімталдықпен бірін-бірі аялап, тату-тәтті ғұмыр кешуі деген сөз. Бұл үйлесім бұзылған бойда, отбасының қызығы мен берекесі кетіп, бақыты сорына айналмақ. Қазақ фольклоры мен ақын-жыраулар шығармашылығындағы отбасы мәселесінде "жақсы әйел – жаман әйел" тақырыбы дәстүрлік сипатқа ие. Ақын-жыраулар арасында аталған тақырыпқа жыр тудырмағаны кемде-кем. Дулат жаман әйел тақырыбын жекелеп алып, мейлінше өткір де шынайы суреттейді.
Жаман болса қатының, Көрінгенмен ұрысып, Қонбаса айтқан акылың, Қайраумен тілің мұқалып, Үйіңнің іші жау болып, Қалың өңің жұкарып, Отыңның басы дау болып, Үйіңнің іші қаңырап, Көп көзінше қыжыңдап, Өмірден көңлің тоқырап, Оңашада ызыңдап, Белдеу жаудан жаман жоқ. Құрбың келсе, құрысып,
Ащы болса да, шындық. Және бұл – бір дәуірге, бір ұлт пен ұлысқа ғана емес, барлық заманалар мен халықтарда кездесетін шындық. XX ғасырдағы орыстың аса көрнекті ақыны А.Твордовскийдің "Василий Теркин" атты поэмасында үйінің шырқын бұзып, дозаққа айналдыратын әйел туралы:
Отырғанша оның қасында Миды жеп, төбе тестіріп, Шыққаның жақсы күніне Атакаға бес кіріп, – (Қ.Аманжолов аудармасы.)
деген ғой. Дулат дәстүрлі суреттеу тәсілдерін шебер жаңғырта отырып, көркем, шыншыл өлең түрін жасаған. | |
Просмотров: 3380 | Загрузок: 1 | |
Всего комментариев: 0 | |