Главная » Файлы » Рефераты |
Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті] |
02.02.2012, 13:48 |
Ежелгі түркілердің наным-сенімдері
Халықтың діні, наным-сенімдері мен көзқарастары оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор болып табылады. Дін – руханияттың өзекті саласы. Дін тарихын білмейінше белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың тұрмысын, өмірін, мәдени болмысының қыр-сырын терең тану мүмкін емес, яғни кез келген ұлттық мәдениеттің рухани бастауларын, оның менталитеті мен дүниетанымын ұғыну үшін мәдени тұтастықтағы діни жүйелерді терең зерттеп, зерделеудің маңызы ерекше. Ежелгі руханиятта дін оның негізгі құрамдас бөлігі екендігін ескерсек, айтылған тұжырымның маңыздылығы арта түседі. Себебі дін өткен тарихи дәуірлерде мәдениеттің барлық салаларын қамтып жатты.
Көптеген мәдениеттанушылар дінді мәдениеттерді бір өркениетке біріктіретін фактор ретінде қарастырады. Н. Данилевскийдің, К. Ясперстің, А. Тойнбидің, О. Шпенглердің, П. Сорокиннің еңбектерінде тарихи-мәдени типтердегі діни ерекшеліктер бітім құрастырушы және мәдени айрықшалықты білдіретін нышан ретінде баяндалады. Үлкен өркениеттердің қалыптасуында ұлттық діндердің тар шеңберден шығып, рухани-мәдени тұтастықты құрауы, дүниетаным мен адами қасиеттердің жаңа мазмұндарын қалыптастыруы ерекше маңызды.
Алайда, өркениет ағымына қосылған этностар мен этностық топтар өркениетке ортақ дінді, оның рәсім-рәміздерін қабылдағанмен, олардың наным-сенімдері мүлдем жоғалып кетпейді. Олар халықтың әдет-ғұрпында, дүниетанымдық рәміздерінде, дүниені түйсінуінде, сезінуінде сақталады. Сол себепті қазақтардың діни көзқарасында Алла мен Тәңірі ұғымдары синонимдер ретінде қолданылады. Әрине, қазақ мәдениетінде қалыптасқан архетиптік наным-сенімдерден исламдық діни жүйеге ауысу бірнеше ғасырларға созылды және бұл қарым-қатынас тұтастану бағытында өтті.
Ислам діні мен араб мәдениетінің қазақ халқының руханиятына тигізген игі әсерін, тарихтағы үйлестіруші қызметін теріске шығаруға болмас, алайда қазақтарды өзіндік халық, этнос ретінде қалыптастырған, руханиятының өзегін құрап, тұрақтандырған архетиптік наным-сенімдерін ұмытпаған жөн, оларсыз мәдениетімізді толыққанды түсіну мүмкін емес.
Қазақтардың діни жүйелерін қарастырғанда олардың бір-бірімен қатар дамығанын, оларды бөліп қарастыру тек ғылыми абстрактілеу арқылы, қолайлылық мақсатында қолданылғанын естен шығармаған жөн. Нақтылы тарихи даму барысында олар бір-бірімен қабаттасып, тұтасып кеткен.
Қазақтардың мифологиялық және архетиптік тарихи даму кезендерінде генотиптік діни жүйелер басым болды. Профессор Т.Ғабитов генотиптік діни жүйеге төмендегідей анықтама береді: "Генотиптік діни жүйе деп рулық-тайпалық қауымға тән ілкі ата текті қастерлеп, оларды жаратушы және қоғамдық өмірдің барлық салаларында шешуші күш ретінде қабылдайтын сенімдер мен нанымдардың бірлігін айтады. Генотиптік сенімнің орталық бейнесі –аруақ”. Ата-баба аруағын қастерлеу – сақтар заманынан осы күнге дейін жалғасқан дәстүр. Қазіргі күндері ел мен жерді жаудан жан аямай қорғап, ерлігімен, әділеттілігімен көзге түскен, сол арқылы халық жадында сақталған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек сияқты батырларды, Төле, Қазыбек, Әйтекедей билерді қастерлеп, оларға атап ас беру – осы дәстүр көрінісі. Артында қалған ұрпағы о дүниелік болған адамның аруағын риза етуді парыз санаған. "Өлі риза болмай, тірі байымайды” деген халық даналығында аруаққа деген көзқарас айқын көрініс тапқан.
Көне түркілердің генеалогиялық мифтері тотемистік нанымдардың да генотиптік сипатта болғандығын айқындайды. Түркілердің ұйытқысы болған ашин тайпасының өкілдері өздерін көк бөрінің ұрпақтарымыз деп санаған.
Адам баласы өз табиғатында тек тәндік қана емес, сонымен қатар руханилықтың бар екендігін ерте ұғынса керек және ол осы ұғымын мифологиялық тұрғыда бейнелеген. Мысалы, Өгізхан, Шыңғысхан туралы аңыздарда олар күн сәулесінен жаралған делінеді. Бұл аңыздарда хан қызы күн сәулесі түскеннен кейін жүкті болып, ұл туады. Аталған аңыздарда ел билеуші хандардың құдайлық табиғатын, яғни билігін заңды деп тану мағынасында қолдану кейінгі кездерде қалыптасқан, ал олардың бастапқы мәні адамның руханилығын, трансценденттігін негіздеу болып табылады.
Көк аспанды, жұлдыздарды, күн нұрын — жан тұрағы деп қарастыру оларды құдіреттендіруге жол ашады. Дамудың белгілі бір сатысында адам болмыс пен сананың, тән мен рухтың аражігін ажыратады және соңғысын жоғарғы әлеммен байланыстырады.
Исламға дейінгі қазақ халқының рухани мәдениетінде тәңірлік сенім мен шаманизм айрықша орын алады. Тәңірді зерттеушілердің тұжырымында еуроазиялық көшпелі шаруашылық – мәдени типтің қажеттіліктеріне икемді сенім жүйесі ретінде бейнеленеді, яғни ол көшпелілердің шындықтағы болмыс тәсілінен, дүние түйсінуінен туындаған. Академик Ғарифолла Есім "Хакім Абай” кітабында: тәңірге сыйыну – сенім емес, дін емес, ол Адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділікті мойындағандық деп тұжырымдаған. "Тәңірді мойындау адам еркін шектемейді. Тәңірге көзқарас өзіне қарама-қарсы түсінікті қажет етпеген. Себебі, тәңір – деген табиғат, ол өмір сүру үшін қажетті жағдай. Тәңір табиғаттың өзінен туған түсінік. Оны табиғаттың синонимі деп те қарауға болады. Адамның табиғатқа табынуы, бір жағынан, натуралистік түсінік болса, екіншіден, өзінен тыс рухты іздеу, оны субъект ретінде қабылдау, дерексіз ойлаудың жемісі”, –дейді. Яғни, біздің арғы ата-бабаларымызға догматталған діни жүйелерге қарағанда, ашық дүниетаным тұрпатындағы сенім көбірек тән, жан дүниесі мен рухани ізденістеріне әлдеқайда жақын. Барлық діни жүйелердегі тәрізді тәңірлік сенім де табиғат күштерін құдіреттендіруден, құпия тылсым тіршіліктің терең қатпарларынан тамыр алады. Алайда, Тәңірге табыну діни түсінік эволюциясындағы табиғат діндерінен кейінгі жоғары саты болды. Барлық халықтар рухани дамуында діни көзқарастар эволюциясын бастан өткізді. Әрине, оны бірінен соң бірі келетін діни жүйелер хронологиясы деп қарастыруға болмайды, шындық әрқашан теорияға қарағанда әлдеқайда күрделі, көпжақты болып келеді.
"Ол (тәңір – авт.) – әр түрлі наным-сенімдердің, көбіне табиғатқа, оның стихиялық күштеріне табынудың және оларды бұрмалап бейнелеудің біртіндеп дамуынан туған құбылыс. Тәңірліктің дүниетанымдық негізі дүниедегі заттар мен құбылыстар жанданған деп қарастыратын натурфилософиялық гилозоизм болып табылады, ол түптеп келгенде табиғатты құдай деп қарастыратын пантеизмнің негізін құрайды”, –деп жазады С.Н. Ақатаев. Қалыптасуының бастапқы сатысында Тәңір протоқазақтардың құдайлар пантеонындағы жоғарғысы деп танылады. Ежелгі қазақтар тәрізді қазақтардың ілкі тектері де табиғат объектілері мен құбылыстарын құдайландырып, оларға табынған.
Тәңірлік діннің өзіне тән ерекшелігі – ол өзіне дейінгі діни наным-сенімдерді теріске шығармайды, қайта оларды бір жүйеге келтіріп синтездеуші рөл атқарады. Плано Карпини түркілердің бір құдайға иланатындығын айта келіп, "... оның үстіне олар күнге, айға және отқа, сонымен бірге таңертеңгілік тамақ жеудің немесе су ішердің алдында сол ас-дәмдерінен ауыз тидіретін сыбаға арнап, су мен жерге де құдай деп табынады”, – дейді. В.В. Бартольд: "Ежелгі түркілер дінінің негізі Көкке (Тәңір) және Жерге (жер-суға) сыйыну болды”, – деп жазады. Тәңірді түркілер барлықты жаратушы "объективті идея” ретінде қарастырса, жер-су – тіршіліктің тірегі.
Бұлардан басқа көне түркілердің наным-сенімдерінде әйел-құдай – Ұмай ерекше құрметтелген. Әйел тәңірі Ұмай – отбасы мен бала-шағаның жебеушісі болған. Аталған үш құдай түркілердің пантеонында маңызды болып саналады. Тоныкөк құрметіне орнатылған ескерткіште: "Көк, Ұмай құдай, қасиетті жер-су, міне, бізге жеңіс сыйлаған осылар деп ойлау керек!”, – делінеді.
Жер-су құдайына келетін болсақ, ол да табиғатты пір тұтудан туындайды. Алтайлық аңызда: "Үлген жаратылысқа дейін шексіз-шетсіз, түпсіз-тұңғиық теңіз үстіндегі кеңістікте тіршілік етеді. Сонда Үлгенге судан Ақ ана шығып, оған жер мен аспанды жаратуды үйретеді” делінген. Бұл аңызда да матриархаттық, рулық, қауымдық қатынастар ықпалы байқалады. Матриархаттық-рулық қауымнан патриархалды қауымға біртіндеп өту барысында жер-су соңғы орынға ығыстырылады. Көк аспан ретіндегі Тәңір өзінің жоғарғы құдай ретіндегі маңызын жоғалтпайды, патриархалдық-қауымдық қатынастардың күшейіп, нығаюына байланысты ол зор, қаһарлы тұлға сипатына ие болады. Тәңір сөзінің этимологиясын С. Ақатаев "таң” және "ер” сөздерінің бірігуінен шығуы мүмкін деп қарастырады. Бірінші буын "таң”, автордың пікірінше, күннің шығуымен байланысты болса, "ер” – түрік тілдерінде ер адамды білдіреді. Осы тұрғыда Тәңір "Күн адам”, "Аспан адам”, яғни құдай дегенді білдіреді.
Тәңірлік дін адамды өз іс-қимылына, әрекетіне, пиғыл-ниетіне есеп беріп отыруға үйретеді, ісі түсіп, жолы болса түркілер тәңір қолдады, дейді, қателік жасап, адасса, "Тәңірім, кешіре гөр”, –дейді.
Қазақ мәдениетіне үлкен ықпал тигізген келесі діни наным-тип – шаманизм болды. Шаманизм ұғымы ғылыми әдебиетке XVІІІ ғасырда енгенмен, ол туралы айқын түсінік әлі қалыптасқан жоқ. "Шаманизм” термині әр түрлі мағынада қолданылады. Кейбір зерттеушілер шаманизм дін емес, себебі онда құдай туралы түсінік жоқ десе, басқалары оны діннің әмбебап формасы деп санайды. Бұл құбылысты ғылыми бағалауда да қарама-қарсы көзқарас бар. Шамандық қасиеттің психикалық науқаспен байланысына басты назар аударған зерттеушілер, оны ессіздікке табыну (культ безумия) деп қарастырса, ғалымдардың басқа бір тобы қазіргі психоанализдің түп бастауы деп бағалайды.
Шаманизмді зерттеген еуропалық ғалымдар көп құнды пікірлер айтқанмен, ғылымдағы еуроцентристік көзқарас шеңберінде қалып қойды. Шаманизм олар үшін бөтен мәдениет туындысы болғандықтан, еуропалықтар оған экзотикалық құбылыс, архаикалық дүниетаным рудименті ретінде қарады, ал бұл шаманизмге әділ ғылыми баға беруді қиындатты.
Шамандық дінді жүйелі түрде, оны қалыптастырған мәдени жүйемен бірлікте, тұтастықта зерттеген ғалымдар Д. Банзаров пен Ш. Уәлиханов болды. "Шамандық дегеніміз, – дейді Шоқан, – әлемді, дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлеңдердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау. ...Шамандық сенім табиғатқа бас иеді”. Қоғамдағы шаман рөлін де қазақ ғалымы басқа тұрғыдан бағалайды: "Шамандар аспан Тәңірі мен рухтың жердегі қолдаушы адамдары ретінде саналған. Шаман сиқырлық қасиеттермен қоса білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған”.
Ғалым Қ.Ш.Шүлембаев шаманизмді революцияға дейінгі Қазақстанда кең тараған діни наным-сенімдердің айрықша формасы деп санайды. "Шаманизм анимизм мен магия элементтері басым "пұттық” діндердің күрделі қоспасы”. Бұған қарама-қарсы көзқарасты Ғ. Есімнің "Шамандық деген не?” атты мақаласынан кездестіреміз. Автор шамандық пен бақсылықты әр түрлі, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құбылыс деп қарастырып, шамандық туралы былай дейді: "...шамандық деген дін жоқ... шаманизм діндердің синкретизмінен туған, қолдан жасалған түсінік” .
Шамандықты зерттеген қазақ ғалымдарының бір тобы оны адамның виртуалдық, тылсымдық дүниесіне әсер етудің ерекше дәстүрі деп санайды. М.С. Орынбековтің пікірінше, бақсы адам мен әлем арасындағы ажыраған байланысты қалпына келтіреді. Мистикалық желігу, зікір салу практикасы арқылы адам мен әлемді біріктіріп, сананың тұтасуына ықпал етеді. "Шаман дүние түйсінуінің негізі бұл дүниедегі сананың толымдылығы, үйлесімділігі, кең ауқымдылығы болып табылады. Ол сырқат адам мен дүние арасындағы үйлесімділіктің бұзылуының салдары”.
Шамандық қасиет адамға рухтың қалауымен қонады, бақсы зікір салардың алдында рухтарын көмекке шақырады. Көңіл аударатын тағы бір нәрсе шамандық тұқым қуалаушылық, тегіне тартушылық арқылы мұраланады. Барлық шамандар өз әулетінде, ата-бабаларының бірінде осындай қасиет болғандығын айтады. Осыны ескере отырып, біз шамандықты генотиптік сипаттағы діни жүйе деп санаймыз және оның төмендегідей ерекшелігін атап өтейік: шаманизмде өлі табиғат ұғымы жоқ, табиғат жанданған, барлық құбылыстың, жер мен судың киелі иесі бар. Адам мен әлем тұтас. Оларды бөліп тұрған құз-жартас жоқ. "Адам – табиғат патшасы”, –дейтін еуропалық ұран шамандыққа жат. Адам қанша құдіретті болса да табиғаттан жоғары емес, ол тіршіліктің ерекше бітімі. Дүниедегінің барлығы бір-бірімен тығыз байланыста. Бұл байланыс шаман-медиум арқылы іске асады. Ғарышты мекендейтін рухтар адамның күнделікті тұрмысына жақын араласып отырады, қолдайды немесе жазалайды. Рух ниетін, әмірін адамдарға жеткізуші тұлға – шаман, бақсы. Шамандық қасиет тұқым қуалау, тегіне тарту, рухтың қонуы арқылы дариды. Шаманизм рулық қоғамның діни идеологиясы ретінде қалыптасады, шаман бір әулеттің немесе рудың абызы қызметін атқарады. Ол діни әдет-ғұрыптарды өткізеді, әулеттің немесе рудың болашағын болжайды, сол арқылы шаруашылық әрекетін, тұрмыс-тіршілігін айқындайды.
Шаманның рухтар тандаулысы болуы және сәуегейлік, яғни болашақты болжау қасиеті әлемдік діндердегі пайғамбар идеясының қалыптасуында маңызды рөл атқарған деп топшылауға болады, сол сияқты жаратушыны таза рух ретінде түсінуде де шамандық әсерін жоққа шығаруға болмайды. Жалпы жаратушы-құдай идеясының түп-тамыры табиғатқа табыну, оны құдіреттендіру мен аруаққа, рухқа табыну десек, артық айтпаған болар едік.
Қазақ халқының арасында шаман атауына қарағанда бақсы атауы кең таралды. Біздің пайымдауымызша, бақсылық шамандықтың инварианттылығы, яғни халық тұрмысына икемделген нұсқасы болып табылады. Бақсылар ислам діні таралғанға дейін ру-тайпалардың саяси-әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі қызметі адам мен әлеумет өміріне қауіпті құбылыстарды залалсыздандыру, алдын алу болса керек. Бақсылар өз ойыны арқылы ұжымда қордаланып қалған жағымсыз психикалық қуатты бейтараптандырып, әлеумет өмірін үйлестіріп отырған. Орталық Азия мен Қазақстанда ислам діні таралу барысында шамандық көне наным- сенім ретінде шеттетіле бастайды. Енді олар жын-шайтандармен байланысқа түсе алатын адамдар ретінде қабылданады. Қоғамда шамандарға қатысты екі ұшты ұстаным қалыптасады. Бір жағынан, олардан қорқады, өйткені олар адамға кесір келтіруі мүмкін. Сондықтан бақсылар ауылдың шетіне оңаша қоныстанады. Күнделікті тұрмыста мұқтаждықсыз оларға бара бермейді. Екінші жағынан, сыры беймәлім сырқатты тек бақсы ғана емдей алады деп саналады. Сондықтан бақсысыз аурудың алдын алу мүмкін емес. Ислам үстемдік еткен дәуірде шамандар қоғам өмірін үйлестіруші, реттеуші қызметінен айырылып, тек бақсы-балгерлік қызметін ғана сақтап қалады.
Ежелгі түркі жерінде көне түркілердің дәстүрлі наным-сенімдерімен қатар басқа да діндер таралды. Солардың ішінде ең байырғысы зороастризм діні болды. Кеңес дәуірінің шығыстанушы ғалымдары В. Струве, В. Абаев және т.б. бұл діннің Орталық Азия мен Қазақстан жерінде б.з.д. VІІ ғасырда таралғандығын атап көрсетеді.
"Қазақстан жеріне әлемдік діндердің ішінде алғашқысы болып буддизм келді. Бумынның ұлы Мұхан қаған осы дінді қабылдады, ал оның мұрагері Тобо қаған "Нирвана-сутрадан” бастап будда әдебиетін түркі тіліне аударуға жарлық берді. ...Буддизм Шығыс Түркістандағы соңғы ғұн мемлекеттеріндегі түркілер арасында тарала бастады, ал ашин тайпасы олармен тектік тарихи байланыста болған еді”. Бұл деректер М.С. Орынбековтің "Қазақ сенімдерінің бастаулары” кітабынан алынды. Орталық Азиядан шыққан көшпенділер Үндістанға дейін барып, осы жерлерде Құшан, Ұлы Моғолдар мемлекетін құрғаны тарихтан белгілі. Буддизмнің бұл жерлерде таралуы империяны бір дін аясында біріктіру мүддесіне байланысты болса керек. Алайда түркілер бұл дінді жаппай қабылдады десек, тарихқа қайшы келер едік. Әрине, будда дінінің моральдық қағидалары олардың руханилығына жақын болғанмен, оның жарық дүниені тәркілеу, "әрекет етпеу” қағидаты көне түркілердің дүниетанымы мен өмірлік ұстанымдарына үйлесе бермеді. Түркілерге таныс болған мани дінінің де тағдыры буддизмге ұқсас болды. Мани ілімі баяндалған "Болжаулар кітабы” түркі тіліне аударылғанымен, бұл дін де түркілер арасында терең тамыр жаймады. Буддизмен қатар Ұлы Жібек жолы арқылы христиандық та таралды. Ол басында несториандық, кейіннен яковиттік түрінде V ғасырдан бастап қазіргі Қазақстан жеріне ене бастады және Шығыс Рим империясынан шыққан әулие Несторий сектасының өкілдерімен байланысты болды.
Византиядағы діни алауыздық пен қақтығыстар христиан дінінің әр түрлі бағыттағы өкілдерінің Шығысқа қарай ойысуына ықпал етті. Орталық Азия мен Қазақстан жерін паналаған христиандар бұл жерлерде өздерінің ғибадат ететін орындарын салды. Олардың басым көпшілігі саудагерлер болатын және қағанат қазынасына алым-салықтар төлеп тұратын. Бұл жағдайда басқа дін өкілдеріне төзімділік танытып, олардың жат жерде өз діндерін ұстап, әдет-ғұрыптарына сай құдайларына табынуына мүмкіндік берілді.
Сөз соңында айтайық дегеніміз, қадым замандарда көне түркілер жері, Ұлы Жібек жолы арқылы қаншама діндер өтсе де, түркілердің негізгі сенімі Тәңірлік дін, аруаққа табыну болды. Жоғарыда аталған діндердің ешқайсысы түркілердің руханилығында олардың көне сенімдерін ығыстырып шығара алмады. Вильгельм Рубрук түркі жұртын аралаған кезінде олар өздерінің Тәңірге табынатынын және оны таза рухани мән ретінде түсінетінін атап көрсеткен. Тек ислам діні ғана көне түркі сенімдерімен іштей синтезделіп, түркі жұртының рухани-мәдени ұстанымына айналды.
| |
Просмотров: 4226 | Загрузок: 1 | |
Всего комментариев: 0 | |