Главная » Файлы » Рефераты |
[ Скачать с сервера (660.0 Kb)
]
Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті] |
02.04.2015, 12:09 |
ДЕСЕРТАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫС. ХАЛЫҚ АҚЫНЫ МАНАП КӨКЕНОВТІҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ
МАЗМҰНЫ КІРІСПЕ----------------------------------------------------------------------------------- 3 І ТАРАУ. МАНАП КӨКЕНОВ АҚЫНДЫҒЫ ҚАЛЫПАСУЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТА МЕН КЕЗЕҢДЕР -------------------------------- 7 ІІ ТАРАУ. АҚЫН ӨЛЕҢДЕРІНІҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ----- 20 ІІІ ТАРАУ. АҚЫН АЙТЫСТАРЫНДАҒЫ УАҚЫТ ШЫНДЫҒЫ МЕН КӨРКЕМДІК ТАНЫМ БІРЛІГІ - 62 ҚОРЫТЫНДЫ ------------------------------------------------------------------------- 105 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР --------------------------------------------- 110
КІРІСПЕ Тақырыптың өзектілігі: ХХ ғасырдың 40-90 жылдарындағы ақындық поэзия өкілдерінің «Халық ақындары» болып мемлекеттік дәрежедегі ресми түрде атанғаны – тарихымыздың шындығы. Белгілі әдебиеттанушы ғалым Ә.Нарымбетов ақындық поэзияның ХХ ғасырдағы ресми бағалануы хақында энциклопедияға енген мақаласында сол кезеңнің тарихи шындық деректерін жазады: «Қазақ ССР-інің халық ақыны» – қазақ совет поэзиясын жазбаша да, ауызша да дамытуда зор еңбек сіңірген және қоғамдық өмірге белсене қатысқан ақындарға берілетін құрметті атақ. 1948 жылы белгіленген. Бұл атақ республикада мыналарға берілді: Т.Көбдіков (1954), К.Әзірбаев (1961), Қ.Жапсарбаев (1961), Ү.Кәрібаев (1961), О.Шипин (1961), Ғ.Игенсартов (1962), Н.Ахметбеков (1963), М.Көкенов (1980), К.Шәкеев (1987)» [8, 335]. ХХ ғасырдың аяғына таман бұл тізімге Ә.Қалыбекова, Ә.Беркенова, Қ.Әбілев есімдері де қосылды. ХХ ғасырдың 40-90 – жылдарындағы ақындық поэзия өкілдерінің Қазақстан тарихындағы еңбектері айрықша даралана көрінді. КСРО атты көп ұлтты мемлекеттің құрамында болып, қазақтың рухани мәдениетінің деңгейін көтеру, таныту жұмыстарының көпшілігі Жамбыл, Нұрпейіс, Тұрмағамбет, Доскей, Нұрлыбек, Нартай, Шашубай және осы ресми түрде «Халық ақыны» атағы берілгендер және т.б ақындардың шығармашылық жұмыстарымен байланысты айқындалады. Халық ақындарына Кеңес мемлекеті тарапынан айрықша көңіл бөлінуінің себебі, олардың шығармалары идеологиялық насихаттың бағдарымен үндес болды. Ежелгі замандардан бүгінге дейін тек қана адамгершілік биік мұраттардың жыршылары болып келген дара ақындық поэзия өкілдері халықтың арманын, үмітін, сенімін толық таныта білді. Халықтың басына түскен барлық ауыртпалықтар кезінде ақындар елдің ортасындағы рухани демеушілер болу тұғырынан айныған емес. Халықтың жабыққан жүдеген кезеңдерінде жыр мен ән ықпалымен жігерлендіре білді, елдің ертеңгі жарқын күндерге деген үміт отын бағалаған халық көңілі олардың шығармаларын жаттады, ұрпақтан-үрпаққа тағылы етті, тыңдаудан әсте жалықпады. Демек, ақындық поэзияның көп ғасырлық қалыптасу, даму жолындағы ауызша және жазба шығармашылықтың бірлігі сақталуы кешеден бүгінге жетіп, енді болашаққа ұласуда. Себебі, ХХ ғасырдың 80-90 жылдары ақын Жүрсін Ерманның ұйымдастыруымен тұрақты теледидар бағдарламасы аясында жүйелі өткізілген ақындар айтыстары импровизация өнері психологиялық сипатының ауызша және жазба ақындық дарынның ішкі жан дүниесіне ортақ қасиет екендігін дәлелдеді. Ақындық поэзияның осы ұлттық сипатын сақтай дамуы ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында да күшейе өркендей түсуде. Қазақ әдеебиеттануы ғылымының тарихында ақындық поэзиядағы көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармаларын жекелеп, сонымен қатар әдеби ортасымен бірге қарастыратын зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл орайда, көрнекті ақын Манап Көкеновтің әдеби мұрасын қалыптасқан шығармашылық ортасымен бірге қарастырудың да өзектілігі айқындалады. Манап Көкенов (1928-1990) – шығармашылық өмір жолында лирикалық өлеңдер мен эпикалық дастандар, мол шоғырлы айтыс өлеңдері бар көрнекті ақын. Ақынның шығармалары мен қоғамдық-әлеуметтік қызметі 40-80 жылдардағы Қазақстанның рухани мәдениеті дамуына елеулі үлес болып қосылды. Ақынның шығармалары «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» (1973), «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» (1975), «Халық поэзиясы және бүгінгі өмір» (1976), «Жыр шашу» (1982), «Мәңгі көктем» (1988) атты жыр жинақтарында жарияланды. Ақынның өзнің жеке кітаптары да бірнеше рет жарыққа шықты. Ақынның орындауындағы ақындық поэзия өкілдерінің шығармалары грампластинкаға да жазылған. «Қазақстанның халық ақыны» (1980) сынды мемлекеттік мәртебелі атақтарды шығармалары арқылы иеленген. М.Көкеновтың әдеби мұрасын өзімен тектес шығармашылық өнер дәстүрлі жолымен сабақтастыра зерттеудің маңыздылығы айқын. Қазақ сөз өнері тарихындағы Құлан, Базар, Майлықожа, Бұдабай, Мансұр, Тұрмағамбет, Нартай сынды ақындық мұрасын зерттеу арқылы біз әдеби дамудағы дәстүр жалғастығы аясындағы өзекті мәселелерді толтыра аламыз. Академик Серік Қирабаев қазіргі тәуелсіз Қазақстанның әдебиеттану ғылымының алдында тұрған бұл мәселенің де аса көкейкесті екендігін атап көрсетеді: «Қазіргі дәуірдегі халық поэзиясының дамуы оның ерекшеліктері-ғалымдардың назарын аударып отырған үлкен проблеманың бірі. Бұл ауыз әдебиеті тарихының белгілі бір бөлігін құрайды. Онда халық поэзиясының алыбы Жамбыл бастаған жыршы-ақындар творчествосы мен ауыз әдебиеті жанрларының бүгінгі халық әдебиетімен дәстүрлі жалғастық табуы кеңінен қаралады» [15]. Қорыта келгенде айтарымыз, қазақ әдебиеті тарихының негізгі халықтық өзегі ақындық поэзияны зерттеу – әдебиеттану ғылымының күн тәртібінен түспейтін аса өзекті мәселелердің бірі. Халық пен сөз өнерінің ажырамас бірлігін ешуақытта әлсіретпей бүгінге жетіп, енді болашаққа ұласып жатқан ақындық поэзия тағылымы – біздің ұлттық келбетіміздің көрінісі. Зерттеудің мақсаты: Халық ақыны Манап Көкеновтің өмірбаяндық деректерің әдеби-шығармашылық мұрасының ерекшеліктерін айқындау. Осы мақсатты орындау үшін төмендегідей міндеттер жүктелді: – Манап ақынның шығармашылығымен өзектес қоғамдық-әлеуметтік қызметінің маңызды кезеңдерін бағалау; – ақынның әдеби-шығармашылығымен бірге аталған ақындық ортасымен ықпалдастық мәселелерін айқындау; – лирикалық, дидактикалық өлеңдерінің жанрлық ерекшеліктерін анықтау – дастандардағы эпикалық баяндау мен көркемдік жинақтау сипаттарын байыптау – айтыс өнерін дамытудағы өзіндік шеберлік, импровизациялық дарын нәтижелерінің көркемдік дәрежесін таныту – ауызша және жазба ақындық дәстүрін біртұтас ұстанған шығармашылық қабілетінің сипатына баға беру – ақындық өнер өнегесінің өзіндік мектеп дәстүрін қалыптастыруға әсерін аңғарту Зерттеудің ғылыми жаңалығы: ХХ ғасырдың екінші жартысындағы ақындық поэзияның көрнекті өкілі Манап Көкеновтің өмірі мен шығармашылығы оның ақындық мектеп дәстүрімен, оның ортасымен тұңғыш рет біртұтас алына зерттелуі жұмыстың жаңалығын көрсетеді. Манап Көкеновтің он беске жуық айтыстары, лирикалық, дидактикалық өлеңдері, эпикалық дастандары зерттеліп, ақындық өнер ерекшеліктерін толықтыратын пікірлер ұсынылды.Ақынның тәлім-тәрбиелік, дидактикалық және лирикалық өлеңдерінің композициялық құрылымындағы көркемдік астарларға ғылыми тұжырымдар жасалды. Ақын өлеңдерінің классикалық Шығыс әдебиетінің көркемдік дәстүрлеріне тақырыптық-идеялық, жанрлық, стильдік-көркемдік жақтарынан үндестіктеріне, даралық белгілеріне баға берілді. Сонымен бірге, ақын дастандарының сюжеттік желісіндегі лиризм, кейіпкерлерді мінездеу, даралау ерекшеліктері де поэтикалық заңдылықпен қарастырылды. Манап ақын айтыстарының импровизация және жазбаша да өткен үлгілері авторлық поэзия заңдылықтары аясында сарапталады. Манаптың және онымен кезеңдес ақындар айтыстарының көркемдік жетістіктері, ақындық поэзияны әдеби даму деңгейінде танытудағы ықпалы, өнегесі анықталады. Сонымен бірге, Манаптың және оның ақындық ортасы дәстүрінің қазақ мәдениетін дамытудағы эстетикалық маңызы бағаланады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. - Манап ақын мен оның ақындық ортасы – ақындық поэзия дамуының жаңашыл буыны; - Манап Көкеновтің лирикалық, дидактикалық өлеңдері – қазақтың ақындық дәстүріндегі авторлық поэзияның жалғасы; - ақынның эпикалық дастандары халық тұрмысының поэтикалық келбеті; - ақынның импровизациялық айтыстары – шығармашылық шабыт психологиясының дара құбылысы; - ақынның жазба айтыстары – фольклор мен көркем әдебиет дәстүрлерінің синтезі; - Манап Көкеновтің ақындық мектебі – қазақ сөз өнеріндегі халық эстетикасы қуаттылығының мәңгілік кепілі. Зерттеу әдістері. Халық ақыны Манап Көкеновтің әдеби мұрасының қарастырылу бағдарына орай жүйелі сипаттама, тарихи-әдеби, тарихи салыстырмалы әдістер пайдаланылды. Зерттеу нысаны ретінде Манап Көкеновтің әр жылдары жарияланған «Сырдария саздары» (1983), «Екі мыңыншы сапар» (1987), «Сыр әуендері» (1991) атты кітаптарындағы, «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» (1973), «Жыр шашу» (1982), «Жамбыл және қазіргі халық поэзиясы» (1975), «Халық поэзиясы және бүгінгі өмір» (1976), «Мәңгі көктем» (1988) жыр жинақтарындағы шығармалары, баспасөз беттерінде жарияланған материалдар пайдаланылды. Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
| |
Просмотров: 3419 | Загрузок: 28 | |
Всего комментариев: 0 | |