Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Әлемнің тілдік көрінісінің тіл мәдениетіндегі бейнесі


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті]
02.02.2012, 14:23

ӘЛЕМНІҢ ТІЛДІК КӨРІНІСІНІҢ ТІЛ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ БЕЙНЕСІ

О.Сапашев

ШҚМУ «Түркітану» оқыту-ғылыми-зерттеу

орталығының директоры

филология ғылымдарының кандидаты

 

Тілдің табиғилығы мен оның даму мәдениеті қадым заманнан бері көтеріліп келе жатқан мәселе, бұл ұлттық таным мен ұлттық сана сезімнің қалыптасуынан келіп шығатын үрдіс екені белгілі. Қазіргі тілдің даму ширегіне жеткен кезінде, және жаһандануға байланысты тіларалық қарым-қатынастың тереңдей түскен шағында бұны ескі сарынмен және біржақты заңдылықтардың шеңберінде қарау көп жағдайларда қазір тілшілердің, тіл жанашырларының сыңаржақ пікірлерін туындатып жататыны да аян.  Қазіргі тіл тазалығымен оның мәдениетінің дамуын әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, когнитивті лингвистика сияқты тілдің ғылымның өзге ұштасқан салаларымен байланыстыра қарап бағамдауымыз қажет.

Айырықша теориялық ғылыми пәндердің қазіргі өмір талабына байланысты тәжірибеге араласуы қоғамдағы қалыптасқан тілдік ахуалға байланысты. Қазақстандағы тілдік қарым-қатынастың сан қырлылығы мен күрделілігі қазір тілдің типологиялық, генетикалық және функционалдық қасиеті жөнінде тұрақталған тұжырым айтуға негіз бола алмайтынын байқап отырмыз.

Ұзақ жылдар бойы орыс тілінің басымдылығын көріп келген қазақ тілінің тазалығымен мәдениетін орыс тілінің қарым-қатынасынсыз қарастыру мүмкін болмай отыр. Бұл мәселелерді көтермес бұрын қазіргі қазақ қоғамында қалыптасқан тілдік ахуалға назар аударуымыз қажет. Тарихта біртұтас ұлттың дінге, мәдениетке, идеологияға және тілге байланысты себептердің салдарынан екіге бөлінуі бізге белгілі. 

Қазіргі қазақ қоғамына көз жүгіртетін болсақ, қазақтардың тілге байланысты орыс тілді және қазақ тілді қазақтар болып екіге бөлініп қалыптаса  бастағанын байқаймыз. Бұл әсіресе Қазақ елінің егемендік алуынан кейін жандана бастағаны айқын болып отыр.

Осы мәселелерге түбегейлі көз жүгірту үшін бірнеше жәйіттің басын ашып алуымыз қажет. Мәселен, қазақтардың ұлтқа ұюы мен олардың консолидациялану жолы, әдеби тілдің қалыптасуының ұлттық сезімді қалыптастыруға ықпалы, қазақ әдеби тілінің қалыптасу, даму жолдары және осыдан келіп шығатын тіл мәдениеті мен оның тазалығын сақтаудың проблемалары сияқты мәселелерге ұласады.

Түркі тілдес тайпалардың ХІІІ – ХІҮ ғасырларда дербес ұлттарға айнала бастауына, біріншіден, олардың тілдік туыстықтары негіз болды. Түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінің ең жаңа түркі тілдер категориясына жататыны, қазақ тілінің көнеден дами келе жаңарған, өміршең тіл екенін дәлелдейді. Сондықтан сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамдарға қызмет етіп отырған, Орталық Азиядағы іргелі бір мемлекеттің тілі болып табылатын қазақ тілі сияқты ірі тілдің тұтас тарихын таныту үшін оның даму кезеңдерін қоғамдық құбылыстармен байланыстыра отырып сипаттау, дамуын дәуірлеу, оны дамыту мен ары қарай жетілдіруіне үлес қосқан қайраткерлер әлемінің тілдік  көрінісін бағамдау сияқты қыруар мәселелерді жүйелеу қажет болады. Бұны бір мақаланың көлеміне сыйдыру мүмкі емес. Қазақ тіл мәдениеті қазақтың ауызша және жазбаша көркем әдеби тілімен ұштасып жатқандығы, оның көптеген мәселелері қазақ қауымының қазақ поэзиясы тарихын танып-білуімен шешілетіні мәлім. Кез-келген тілдің стильдерінің барлығы әдеби тілден тарамдалып шығады.

Қазақ тіл білімінде осы күнге дейін «әдеби тіл» деген ұғымға тиянақты бір анықтама берілмей келеді. «қазақ әдеби тілі», «қазақ жазба әдеби тілі», «қазақтың ауыз әдебиеті тілі», «қазақтың жалпыхалықтық тілі» деген ұғымдар бір-бірінен ажыратылып, әрқайсысы нақты анықтамаға ие бола қойған жоқ. Өйткені қазақ тілінің бізге мәлім тарихының өн бойындағы сыры, ерекшеліктері, жұмсалу өрісі толық зерттелініп, қазақ қауымы тарпынан түйсініліп біткен жоқ. Халықтың әдеби тілінің қалыптасып, дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты. Қауымның ру-тайпалық дәуірін айтпағанда, бірнеше саяси-территориялық бөліктерге бөлініп келген дәуірдегі халықтың әдеби тілі мен ұлт болып құралғаннан кейінгі ұлттық әдеби тілінің сипаты бірдей болмайды. Осы күнге дейін «ұлт» деген ұғымның нақты мағынасына жете түсінбей жүрген қазақ үшін бұл мәселе күрделі. Орыс тіліндегі «нация» мен «национальность» атаулары қазақтың бір ғана «ұлт» сөзімен беріледі. Шын мәнінде орыс ұғымында «Русская нация» тек орыс халқын қамтымайды, Ресей Федерациясын мекендейтін, мемлекетті құрайтын барлық ұлттардың мемлекетті құрайтын бірлік ретіндегі атауы, ал «национальность» ұғымы белгілі бір этностың өзіндік шығу тегін білдіреді. Ал біртұтас Қазақ мемлекеті үшін «қазақ» этнонимінің мемлекетті құрайтын барлық этностардың ұлттық ортақ атауы екінін түсіндіру үшін біз Қазақстанда бір ғана қазақ ұлты, 130 этностың не халықтың бар екенін дәлелдеп беруіміз қажет. Лингвистикадағы әлемнің тілдік көрінісі деген саласына жүгінетін болсақ, халықтың санасында осы ұғымның тұрақтылығын біз Ресейге қоныс аударған орыстарды ресейліктердің қазақтар деп қабылдауынан, Монголия мен Қытайдан қоныс аударған қандастарымызды жергілікті қазақтардың монғол не қытай деуінен байқаймыз, бұл мемлекеттен сырт халықтардың оларды өздері келген мемлекеттегі ұлттың құрамдас бөлшегі деп тануынан шығып отыр.

Қазақтың жазба, төл ұлттық тілі ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Абай мен Ыбырай шығармаларының негізінде қалыптаса бастағаны белгілі. Әдеби тіл осы ауызша және жазбаша тілден нәр алып қалыптасады, дамиды, сөйте тұрып, олардың да нормаға түсіп, толысуына ықпал етеді. Тілдің ауызша және жазбаша формалары жетіліп, кемелденіп, әдеби тілдің көрсеткіші дәрежесіне жету үшін нормаға түсуі қажет. Нормалар неғұрлым бірізді, қалыптасқан болса  тіл де соғұрлым мінсіз қызмет етеді.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына байланысты қазіргі жағдайы нормадан ауытқушылықтарға ұрындырып, әркімнің еркін көсеуіне айналып, ала-құла терминдер мен аудармалардың қаптап кетуіне әкеп соқтыруда.

1947 жылы ҚССР ҒА –ның сессиясында ғалымдар тарапынан айтылған орыс графикасына негізделген қазақ жазуы сөздердің дыбысталуы мен жазылуы арасындағы кереғар алшақтықты жояды деген сыңаржақ пікір «қазақ тілінде сөздер қалай жазылса солай оқылады» деген ұғымның қалыптасуына әкеп соқтырып, қазіргі қазақ орфоэпия саласын тұралатып, транскрипциялау әдісінен жұрдай болуына алып келді. Қазақтан тұңғыш шыққан тілші-ғалым С.Аманжолов ХХғасырдың 20 жылдарынан бастап-ақ қазақ тілінің графикасы қалыптастыруға ерен екбек еткені белгілі. Алғашында латын графикасына көшірілген қазақ тілінің тазалығымен мәдениетін сақтау үшін күрескен ғалым-жерлесіміз 40 жылдары қазақ тілі кирил графикасына көшірілгенде орыс әліппесінің қазақ тіліне неғұрлым зиянсыз қолданылу жағын барынша зерттеген болатын. Ғалымның орыс графикасының қазақ тілін берудегі қыры мен сырын түсіндіретін тұжырымдары кейінгі тілші ғалымдардың тарапынан көзге ілінбей, 30 жыл бойы ғалымның жеке архивінде қалып қойғаны белгілі.

Қазіргі кезде қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесі де осы «қазақ тілінде сөздер қалай жазылса солай оқылады» деген сарынымен дамып келеді. Қазақ тілін үйрету оқулықтарының ешқайсысында транскрипциялап оқыту әдісі жоқ, қазақ тілін меңгеріп шыққан тұтынушыларды былай қойғанда, қазақ тілінде ойлайтын адамдардың өзі қазақ тілі мәдениетіндегі сөз әуезділігінен айырылған. Қазіргі таңда қазақ мектебін бітірген қала жастарының арасында «койне» тілдің қалыптасып келе жатқанын байқау қиын емес.

Осыдан сексен жыл бұрын Халел Досмұхамедұлы: «...елдің елдігіне негіз болып тұрған нәрселердің де абайламастан өзгеріп кететіні болады. Мәдениет қуған елдің алдымен тілі өзгермекші», - деп, сақтандырып, тілдің төл заңынан, табиғи болмысынан қол үзіп қалмауына шақырды. Көрнекті фонетист-ғалым С.Мырзабеков: «Тілдің грамматикалық құрылымының жаны сірі, өміршең екені анық болды. Іргесі екі мың жыл бұрын қаланған жалғаулар мен жұрнақтарды бабаларымыз өзге тілдерге жалтақтамайтындай етіп, кең пішкен екен», - деп нақты айтқан.  

Флектив (қопармалы) тілдер жүйесіне жататын орыс тілінің заңдылықтарын негіз етіп алған агглютинативті (жалғамалы) қазақ тілі сөздеріндегі сөйлем мүшелерінің орын тәртібі бұзылды. Қазіргі кездегі заң құжаттарының қойыртпақ құрмалас сөйлемдермен берілген қазақшасын қазақ мектебін бітірген адамдардың өзінің түсінбеуі осының салдары. Ауызекі тілден де осындай сорақылықтарды ұшыратамыз, мәселен: «Мен айттым ол келмейді деп», «Қашан әкеп бересің маған кітапты?» деген сияқты сан-алуан сауатсыз тіркестер «Я сказал что он не придет», «Когда занесешь мне книгу?» деген орыс сөйлемдерінің тұп-тура көшірме аудармасы. А.Байтұрсынов: «Тілдің ауанына қарамай, харіптің, емленің ауанына бұрылып, тілдің көркін бұзған, әдеби тілмен жазамыз деп,  жат тілмен жазып, өз тілінен айырылған басқа түріктердің ізіне түсіп, тілімізді аздырғанымызды мақұл көрмейміз», - десе, Х.Досмұхамедов әдеби тіл бұқара тілге жақын болмаса халық арасына сіңбейтінін, сондықан жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге (яғни жалпыхалықтық тілге – О.С.) жақын қылып елге түсінікті қылуға тырысатынын айтқан.

Әрине әрбір халықтың тарихында үлкен әлеуметтік, қоғамдық, мәдени өзгерістер дәуірі болады. Бұлар сол халықтың тіліне жаңа тіркестер мен жаңа ұғымдарды алып келеді де соған орай тілімізде жүздеген жаңа сөздер мен тіркестер көрініс табады. Тілдегі жаңа сөздер мен молығулар 20-30, 40-60, 80-95 кезеңдерді қамтиды. Мәселен оқулық, мінбе, сенбілік, еңбеккүн, өнеркәсіп - 20-30 жылдары; аялдама, балмұздақ, бөлшек сауда, жылжымалы кітапхана, көрермен, оқырман, басылым сөздері - 40-60 жылдары; теледидар, азагүл, аялдама, мәлімет, құлақтандыру, жағажай, әуежай, мейрамхана – 80-95 жылдары қалыптасты. Ал шамамен 95 жылдан бастап осы атаулар сұрыпталып, тың ұғымдар аударманың бірнеше тәсілінің негізінде нормаланып ене бастады, қазіргі таңда біз терминжасау саласында атауларды саралап, олардың жасалуын нормалауға әрекеттенудеміз. Бұл қазақ тіл мәдениеті мен әдеби тілінің нормалануының соңғы кезеңі, яғни тікелей тілдің тазалығымен әуезділігіне бет бұрған кезең деп тануымыз тиіс.

Бұл мәселені көтергенде кірме сөздердің енуі мен олардың қазақ тіліне төселуін, бейімделуін айтпай кетуге болмайды. Жиырмасыншы ғасырдың басында  қазақ тіліне енген орыс сөздері ауызекі сөйлеу тілінің ықпалымен тез төселіп бейімделіп кетті. Мәселен жәрмеңке, жанарал, майыр, кереует, бөкебай, насыбай, самауыр т.б. сөздер бір ғасыр шамасында қазақ тіліне әбден сіңісіп кетті. Қазақ тілінің шұбарлануы жазба әдеби тілінің қалыптасуымен ілесе келді. Ең алдымен графикаға байланысты сөздерді дұрыс жазу мәселесі көтерілді. Орыс сөздерін былай қойғанда латын және орыс графикасы қазақ сөздерінің әуезділігі мен табиғилығын дұрыс бере алмады, осыған байланысты әр жылдары тілшілер тарапынан бірнеше түзетулер мен өзгертулер болды. Бұларды бір ізге түсіру үшін 1934 жылы терминкомдар құрылды. Оларға кірме терминдерде неғұрлым дәл баламалар табу жүктелген еді. Алайда жылдар өте келе терминком өзінің алғашқы міндетін атқаруды ұмытты. Енді бұл мәселемен БАҚ құралдары еркін айналысып, бір терминнің бірнеше атауларының қалыптасуына алып келді. Сондай-ақ қазақ тілінде терминнен басқа да осы күнге дейін бірнеше фонетикалық нұсқада қатар қолданылып, бірізге түспеген дублет сөздер бар. Мысалы, күнбағыс – пісте – шекілдеуік – шемішке, суағаш – мойынағаш -  иінағаш, сақпаншы – сақманшы, диірмен – тиірмен, кесе – кәсе т.б. көптеген сөздер. Бұл қазақ сөздерінің проблемасы болса, орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген кірме сөздердің дұрыс берілуі мен олардың қазақ мәтінінде бейімделуі мәселесі көтеріліп отыр. Бұл тек соңғы бес жылдың барысында қазақ тілінің орыс тілінің дәнекерінсіз-ақ шетел тілдеріне тікелей шығу мүмкіндігіне ие мамандардың пайда бола бастауымен байланысты көтерілді. Орыс тілі арқылы енген көптеген шетел сөздері түпнұсқа тілде мүлдем басқа естіліп, басқа жазылатынына көзіміз жетіп отыр. Қазақ тілі сонау 30-40 жылдары қалыптасып қалған орыс және орыстілі арқылы енген шетел сөздері орысша қалай жазылса қазақша да солай жазылсын деген кереғар пікірдің салдарынан тазалығына нұқсан келген. Мәселен Уашиңтоң сөзі қазақ мәтінінде Вашингтон, Бейжің Пекин, Ханс Ганс, Самсоң Самсунг, Тосиба Тошиба болып беріліп жүр. Бұл сөздер қазақша дыбыстармен берілген болса тұпнұсқаға әлде қайда жақын болатынын сәйкес. Сол сияқты қазақтың төл  дыбыстары: ң, і, ә, ө, ұ, ү, ғ, дыбыстары шетел сөздерінің осындай дыбыстарына дыбыстарына  субституция болады.     

Қорыта келгенде, қазақ тілінің мәдениеті мен тазалығы көптеген факторларға тәуелді екенін мойындауымыз қажет. Қазақ тілінің сауаттылығы, оның әуезділігімен табиғилығы үндіевропа тілдерінің кеселінен ұзақ жылдар бұзылып келді. Бұған тек орыс не латын графикасы ғана ықпал еткен жоқ, табиғаты жағынан бір-біріне қабыспайтын үндіеврпа тіліне алтай тілдері жүйесінің өкілі болып табылатын қазақ тілінің грамматикасы, сөзжасамы, фонетикасы, жасанды түрде телінгендігінде болып отыр. Яғни лингвистиканың заңдылықтары қазақ тіліне көп жағдайда сарапталынбай, табиғаты ескерілмей пайдаланылғандығынан туындаған.

Қазіргі таңда қазақ тілі оқытушыларының алдына қазақ тілінің табиғатын, тарихын терең тану, оның өзге де ғылым салаларымен ұштасуынан пайда болған пәндерін терең меңгеру міндеті жүктерінуі тиіс.

 

Пайдаланылған әдебиеттер;

 

1.Р.Сыздықова. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1993

2. С.Мырзабек. Қазақ тілініңайтылым сөздігі. Алматы, 2001

3.Ш.Сарыбаев. Қазақ тіл білімі мәселелері. Алматы, 2000

4.С.Аманжолов. Тіл және жазу. Өскемен, 2006

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: бейнесі, тіл, көрінісінің, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, тілдік, Әлемнің, мәдениетіндегі
Просмотров: 3887 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]