Главная » Файлы » Рефераты |
Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті] |
02.02.2012, 13:21 |
Мағжанның өлеңдері
Мағжан Жұмабаевтың алғашқы өлеңдері ағартушылық сарында жазылды. Ол түсінікті еді. Мағжан өмір сүрген уақыт қаншалықты күрделі саяси, қоғамдық тақырыптарды алға тартқанымен, оның алдындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлар бастап кеткен ағартушылық ой-пиғыл бұл кезең әдебиетінде басымдау жатты. Мағжан да Абай дәстүрінде жыр жазды, ұлы ұстаз үлгісін жалғастырды. Алғашқы өлеңдерінің бірін "Алтын хакім Абайға" деп атауының өзінен ақынның ұлы Абайды ерекше құрмет тұтқаны сезіледі. Өз өлеңдерінде қазақ арасындағы әр түрлі келеңсіз мінез-құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынайды. Елін білім алуға, өнер үйренуге шақырады. "Жазғы таң", "Өнер-білім қайтсе табылар", Қазағым", т.б. өлеңдерінде ақын осы тақырыпты көтереді. Мағжанның ағартушылық сарындағы өлеңдерінің арасында ел мен жер тағдырына алаңдаушылық жатады. Ақын туған елін сүйді, туған жерінің әрбір пұшпағын жүрегіне жақын тұтты. Ол:
Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр, Кілтін өнер-білім ашып жатыр,-
дей келіп, қазақ арасында мұндай ұмтылыстың әлі де жоқ екеніне өзегі өртенеді. Қолында дәулеті бар деген бай-болыстар да, азын-аулақ оқыған төрелер де өз басының қамын ойлаумен жүр. Халықтың жайына алаңдайтын ешкім жоқ. Оқудағы шәкірттерге де дұрыс білім берілмейді. Қыз балалар малға сатылуда. Өзара дау-жанжал, айтыс- тартыс көп. Міне, Мағжанның өкініші - осылар. Дегенмен Мағжанның ойлары мұнымен шектелмейді. Бір ұлттың өз халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймайды. Мағжанның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Туған халқы туралы айтқанда, оның кешегі өткен жолын еске алады, оны бүгінгі жағдайымен салыстырады. Онымен де шектелмей, ақын жалпы түріктік идея көтереді. Түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтеді, жалпы Шығысты пір тұтады. Бұл қатарда ақынның "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан", От", т.б. тәрізді бірсыпыра өлеңдерінде түптің түбінде жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан торлаған қою қара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі ғана талқандамақ. Бұл өлеңдерінде ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді. Күншығыс өлеңінде:
Қисық көзді Күншығыс, Бұл тұруың қай тұрыс? Серпіл енді, алыбым ! —
деп, Шығыс елдеріне ұран тастай отырын, өз ойларын әйгілі "Пайғамбар өлеңінде былайша жалғайды :
Күншығыстан таң келеді, мен келем, Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем. Жердің жүзін қараңғылық қаптаған, Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем ! Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры ! Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы. Күншығыста ақ алтын бір сызық бар: Мен келемін, мен — пайғамбар, Күн ұлы.
Өлеңде ақын шабытының ғаламат күші қаншалықты сезіліп тұрса, ақынның Шығысқа, оның ұлдарына деген махаббаты мен мақтанышы да соншалықты жарқырап көрінеді.
Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі елдерінің кешегі тарихына көз жібереді. Бір кезде жайлаған мекенін еске алады. "Түркістан" өлеңі соның айқын айғағы.
...Түркістан — екі дүние есігі ғой, Түркістан — ер түріктің бесігі ғой
деп басталатын өлең жолдары кешегі тарихқа жетелейді. Ертеде Тұран аталған бұл жерді мекендеген ата-бабаларымыздың өмірінен елес береді Ақын Тұранның жері мен суын, көлі мен шөлін, өзен-суларын, тауларын, Теңізі мен Аралын, Ыстықкөлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь-Шаньдай, Памир мен Алтайдай тауларын ғажайып көркемдікпен суреттейді. Тұранды мекен еткен ер түріктің билері мен батырларын, ғұлама ғалымдарын, ел басқарған хандарын еске алады. Міне, осылайша бірлікте өмір сүріп, іргесін жауға бермеген түрік дүниесі бүгінде бірнеше елге бөлініп кеткен.
Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? —
деп, Мағжан қазақты да сол ер түріктің бір мұрагері санайды.
"Тұран", "Түркістан" деген образды бейнелер арқылы Мағжан осылайша Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды. Оның бүкіл өткен жолына шолу жасай отырып, тарихтың небір ерлікке толы, бейбіт өмір жайлаған беттерін парақтайды. Оларын өз заманымен салыстырады. Көп нәрсеге көңілі толмайды. Бір кезде Тұранды мекен еткен ер түріктің бүгінде бірлігі азайған. Бас-басына ел болған, жеке халықтарға бөлініп кеткен. Шығысты дәріптейтін өлеңдерінде Мағжан осынау түркі халықтарын бірлікке шақырады. Сонда ғана Батыстан келген қиянатқа, Ресей патшасының отаршыл саясатына қарсы туруға болатынын ұқтыруға тырысады.
Бұған дәлел — ақынның "Орал тауы" атты өлеңі. Өлең кейіпкері - Орал тауы. Мағжанның бейнелеуінде ол – бүкіл түркі дүниесінің символы.
...Аспанмен таласқан көкпеңбек таулар. Қарағай, шыршасы сыңсыған, бауырында не түрлі аңдары жортқан, қойнауында алтыны мен алмасы тұнған Орал тауы. Тау табиғатының әсем суретін сала отырып, ақын Мағжан сөзін ары қарай жалғайды:
Бір күнде сенің иең түрік еді, Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді. Қорықпайтын таудан, тастан батыр түрік Қойыныңа жайыменен кіріп еді. Ер түрік ен далаға көрік еді, Отырса, көшсе, қонса — ерік еді. Тұрғанда бақыт құсы бастарында, Іргесі жел, күн тимей, берік еді.
Мұндағы ақыннын "ер түрік" деп отырғаны — түркі дүниесі, түрік, қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, башқұрт, т.б. халықтардын жиынтық бейнесі. Бір кезде ен даланың көркі болған осынау халықтардың бүгінгі халі қандай? Мағжан соған үңіледі.
Оралдай ата мекен жерлеріне, Қасиетті атаның көрлеріне, Аузы түкті шет елдер ие болып, Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне, —
деп, ақын тарихи шындықты баяндайды. "Аузы түкті шет елдері" — Ресей патшалығы. Соның қысымымен бір кездегі асқақ Оралдың да жүзіне қаяу түскен. Өлеңнің соңын Мағжан бүкіл түркі жұртын бірлікке шақырумен аяқтайды:
Анамыз бізді өсірген, қайран Орал, Мойның бұр тұңғышыңа, бермен Орал! Қосылып батыр түрік балалары, Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал.
Туған халқының, түркі дүниесінің басындағы ауыр халді, мұңдана баяндаған өлеңдерінің өзін Мағжан айрықша оптимизммен қорытып отырады. Ақынның лирикалық кейіпкері — аса батыл, нені болса да кесіп айтатын өткір жан. Арыстанмын, айбатыма кім шыдар? Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар? Көкте — бұлт, жерде желмін гулеген, Жер еркесі — желдің жөнін кім сұрар? —
деп басталатын "Мен кім?" атты өлеңінде Мағжан өзінің лирикалық кейіпкернің дәл осындай айбатты да қайратты, адал да қайсар бейнесін ашьш береді. Ақынның "мені" өзін көктегі күшке, түпсіз теңізге, кызуы мол жалынға, жүйрік тұлпарға теңейді. Патшадай қаһарлы, казыдай әділ, бидей шешен де өзі. Олай болса, оған қарсы тұрар күш бар ма?
Өзім — тәңірі, табынамын өзіме, Сөзім — кұран, бағынамын сөзіме! Бұзушы да, түзеуші де өзіммін, Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе, —
деген лирикалық кейіпкер сөзінде алапат күш-жігер мен шынайы шындық қатар өрілген.
Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да "арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш—жастар. Олай болса, өмір бойы "алаш" ұранын көтеріп өткен Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің "Мен жастарға сенемін" деп аталатын өлеңінде ол жас жеткіншектерге үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан кыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен сүйкімді мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанады. Шабыттана жырлайды. "Мен жастарға сенемін!" деп асқақтай сөйлейді.
Мағжан өлеңдеріндегі ең басты тақырып — ел мен жер тағдыры. О бастан-ақ халқына азаттық өмір тілеген ақын туған елінің өткен тарихына үнемі көз жіберіп отырады. Сол арқылы тарихи шындықтың бетін ашады.
Атап айтқанда, "Өткен күн" атты өлеңінде Еділ мен Ертістің арасын жайлаған қазақтың бір кездегі жайнаған даласы мен көкорай шалғынды жайлауын, айна көлдері мен алаңсыз күн кешкен тұрмысын, қаһарман батырлары мен әділ билерін, ел тұрмысының сәні болған ұлттық салт-дәстүрлерін мақтан ете отырып:
Өткен күнді ойласам, Ойға терең бойласам, Кешегі қайран қазақтың Сәулеті мен дәулеті Көз алдыма келеді, —
деп, бұдан ары қарай осы тіршіліктің шырқы бұзылғанын баяндайды. Өткенді аңсап емес, колда бар асылынан айырылғанын өкіне баяндайды.
Оның себебі неде? Бейбіт өмір неге қара түнекке айналды? Қазақтың қазіргі күйі қандай? Күшің кеткен баяулап, Жүрсің атсыз жаяулап, Ит надандық желкеңде Шабайын деп аңдып тұр Қылышын ұстап таяулап, —
деп, ақын сол заманның шындығы арқылы әлгі сауалдарға жауап береді.
Қазақ даласындағы 1917 жылғы төңкерістер тұсындағы жағдайды жырлауда да ақын дәл осындай шыншылдықтан жаңылмады. "Бостандық'', "Есімде... тек таң атсын", т.б. өлеңдерінде ақынның халқының тәуелсіздігі жолындағы жанын құрбан етер ерекше қайраты сезіледі. "Бостандық" өлеңінде:
...Көк есігі ашылды, Жұмақ нұры шашылды. Келді ұшып бостандық, — деп қуанады, бостандықты ізгі періштеге теңейді. ;
Ақын өлеңдерінде бостандықты аңсау сезімі аса күшті. Екі дүние алмасып, аласапыран болып жатқан тұста өмір сүрген ол халқына тәуелсіздік күнінің жақындағанын сезеді. Әйтсе де оған жету оңай емес. Сенімінен гөрі үміті басымырақ акынның. Осындай көңіл күйде жазылған Мағжан өлеңдерінің бірі — "Сағындым". Өлең абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді.
Қабырғасы қара тас абақты іші қара көлеңке. Сасық иіс қолқаны атады. Кіп-кішкене терезеден келіп жететін жарық та, таза ауа да шамалы. Осындай тар қапаста отырған ақын сары даласын, алыстағы анасын, туған елін, құрдастарын, сүйген жарын сағынады. Содан соңғы сағынары — бостандық.
Бостандыкта өткен күнді сағындым, Желдей зулап кеткен күнді сағындым. Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті, Ойдағыны өткен күнді сағындым, —
деп адам баласының еркін өмір сүруін аңсайды. Сол еркіндікке жету жолында абақтының азабын тартып отырғанын ақын өлең жолдарына түсіреді. Онда мұңнан гөрі жеке адамның көңіл күйіндегі кейбір толғанысты сәттердің суреті басымырақ. Ақын жырында болашаққа сенім мол.
Не көрсем де алаш үшін көргенім, Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! — деген жолдарда Мағжанның ұлтына, халқына деген шексіз махаббаты сезілсе, одан кейінгі: Қалың елім, калың кара ағашым, Кайраты мол, айбынды ер, алашым! Өзі-ақ кұлар, сырың берме, сабыр қыл, Ақымақтар байқамаған шамасын, —
деген жолдардан оның ертеңгі болашақтан үміті, қалай болғанда да осы қиындықтың артында азат күндердің келеріне деген сенімі көрінеді.
Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер-анаға ғашықтық туралы ойлар — Мағжан өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.
"Сүйемін" атты өлеңін ақын қартайған анасына, күнделікті тұрмыстың жетегінде жүрген қарапайым жарына деген сезімін суреттеуден бастайды. Өлеңде өмірдің жүрекке жылы, көзге таныс суреті бар. Ана да, жар да әркімге қымбат екенін есіңе қайта салғандай. Одан кейін ақын:
Жүрген ескі заңымен, Алдындағы малымен Бірге жусап, бірге өрген, Алаш деген елім бар. Неге екенін білмеймін, Сол елімді сүйемін. Сағым сайран кұрады, Бораны ұлып тұрады, Қыс — ақ кебін, жаз — сары. Орманы жоқ, шуы жоқ, Тауы да жоқ, суы жоқ, Мәңгі өлік сахарасы, Сарыарқа деген жерім бар. Неге екенін білмеймін, Сол Арқамды сүйемін! — деп, өзінің туған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін жайып салады.
Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі — адамды бәрінен жоғары кояды. Бұған дәлел — "Сен сұлу" өлеңі.
Өлеңде сұлулықтың көркіне көз тоймай, айналасына таңырқай көз салған ақынның бейнесі бар. Ол айрықша тебіреніс үстінде. Оның көңіліне қуаныш, мактаныш сезімін ұялататын кең даланы гүлге ораған көктемнің арайлы күні, күміс табақтай көкте жүзген сұлу Ай, жібектей есіп, жанды жадыратар Жел, асқар тау, көлде жүзген аққулар, көк аспанда нұрын шашьш тұрған Күн. Ақын осы көріністің тамаша картинасын жасайды. Табиғаттың әр құбылысынан, туған жердің әр тынысынан сұлулықтың тамаша белгілерін көреді. Сонда да болса, дүниедегі ең сұлу жаратылыс Мағжан үшін бұл емес. Сұлудың сұлуы — оның жүрегі қалаған сүйікті адамы.
Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде, Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!
Мағжанның таза махаббат тақырыбына арналған лирикасы — аса көркем мұра. Табиғатынан жаны сұлу сыршыл ақын адамның ең асыл сезімін жеткізуге келгенде ғажап шеберлік танытады. "Сүй, жан сәулем", "Сен сұлу", "Жұлдызды жүзік, Айды алқа қып берейін", "Шолпы", т.б. өлеңдерінде Мағжан адамға тән осынау ұлы сезімді аса биікке көтере жырлайды. Ақынның лирикалык қаһарманы үнемі ғажайып сезімнің кұшағында жүреді. Шын сүю — Мағжанның ұғымында әрі ләззатты, әрі азапты күй. Қуанышы да мол, азабы да аз болмайтьш сезім. Ақынның сезімі кіршіксіз мөлдір. Сонымен бірге ол махаббатқа шексіз адал. Сүйген жанының бір сәттік қуанышын ол патшаның тағына да, дүниенің малына да айырбастамайды. Сүйген жары үшін не қиындыкқа да төзуге даяр.
"Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін" өлеңі дәл осындай кіршіксіз махаббаттан туған шығарма.
Сүйгеніне қол созған ғашық жан: Кел, жұлдызым, жылжып кана жібектей, Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін, —
деп, жүрек сырын ақтарады. Оның ғашығы — сөзі сиқыр, шашы толқын, күлкісі күміс табақтай сыңғырлаған ғажайып сұлу. Ақын осы сұлулыққа жету жолында бәрін де құрбан етуге даяр ғашық жанының бар сезімін тамаша суреттермен, бейнелі кестелермен береді. Лирикалық кейіпкерінің "көз жасынан меруерт тізіп", тіпті аспандағы жұлдызды жүзік, айды алқа етіп ғашығына сыйға тартқызады.
Мағжан — қазақ өлеңінің көркіне көрік қосқан, саздылығы мен әуезділігін әсемдеген ақын. Жоғарыдағы өлеңдерінің бәрінде де ол қарапайым өмір кұбылыстарын әсем суретке айналдыра жырлайды. "Толқын", "Шолпы", т.б. өлеңдерінде Мағжан өлеңдеріне тән ерекше бір әуезділігі айқын көрінеді. Мысалы: "Шолпы" өлеңіндегі:
Сылдыр, сылдыр, сылдыр, Қанымды қайнатты кұрғыр. Шық-шық жүрекке тиеді, Күлпәра талқан боп сыңғыр, —
деген жолдардағы қазақ қызының шашына таққан шолпысының сыңғыры әркімнің құлағына қазір де жетіп тұрғандай әсер береді.
Ал "Толқын" атты өлеңінде ақын өмір философиясы туралы толғанады. Толқыннан толкын туады, Толқынды толқын қуады, Толқынмен толқын жарысад, —
деп, ақын айтқандай, өмірдің өзі бірін-бірі қуған, жарысқан осындай толқындардан тұрмақ. Өмір ағысы осындай.
Мөлдіретіп көз жасын, Жасымен жуьш жартасын, Сүйіп сылқ-сылқ күледі. Жылағаны — күлгені, Күлгені оның — өлгені, Жылай, күле өледі. Сылдыр, сылдыр, сылдырлап, Бірінің сырын бірі ұрлап, Толқынды толқын қуады. Жарына бал береді, Береді де өледі, Өледі толқын тынады. | |
Просмотров: 7657 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |