Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті]
02.02.2012, 15:14


Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)

  Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 ж. шілденің 11-де дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді.

  Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені „жетім" деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады.

  Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармонда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.


Шығармалары


«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 ж. жарық көрген. Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылсандық шарты» атты туындылары, әлеуметтік-ағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман — Мамыр», «Ләйлі — Мәжнүн» т.б. жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан. Оның сезімді жүрегінен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туған.

Хафиз, Физули, А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.


Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім — онда ісің жоқ,
Бәрібір сен де елірме дуанасың.

Дос мақтасса, не пайда онан саған,
Дұшпан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса,
Мақтау — пайда, зиян ба жамандаған?

Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұшпан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап-тағы ақылды солай айда.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұшпан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.

Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер, айласын ойла-дағы.

Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске — ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жында боласың есі жоқтау!

Шәкәрім Құдайбердіұлы
(1858-1931)

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ірі ақын, ғұлама ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының орны үлкен. Шәкәрім қазіргі Семей облысы, Абай ауданындағы Шыңғыс тауының бөктерінде 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден туған. Құдайберді 37 жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған.
Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады. Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады. Молда сабағынан басқа, орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым-білім қуумен қатар, домбыра тарту, гормоньда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы - Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды.
1905-1906 жылдары Шәкәрім ел, жер тану сапарымен Араб, Түрік, Еуропа елдерін аралауға шығады. Меккеде болады. Ыстамбол кітапханасында отырып жұмыс істейді.
1908 жылдан бастап Шәкәрім жалғыз өзі елінен жырақтау, бұрын саятшылық мақсатпен тау арасына салдырған, Саятқора деген қыстауына қоныс аударады. «Ойға оңаша жер керек» деп шығармашылық жұмыспен оңашаланып оқу, жазумен шұғылданады.
Ш. Құдайбердіұлы Қазан төңкерісіне дейін сыншыл реалист ақын ретінде қалыптасты. Идеялық мақсаты жағынан демократтық-халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытты ұстанды.
Шәкәрімнің Шығыс әдебиетімен шығармашылық байланысын мысалдар жазуынан да көруге болады. Үнемі іздену үстіндегі Шәкәрім өзін толғандырған қоғамдық жайларға қатысты философ Шопенгауэрдің еңбектерін де оқып, оның дүние, өмір туралы көзқарасына сын пікір айтады. Американ жазушысы Бичер Стоу Гарриеттің (1811-1896) Америкадағы құл иелену озбырлығы туралы жазған «Том ағайдың лашығы» романын оқып, көптеген ой-пікір үндестігін табады.
Шәкәрім - өзінің ізгі ойларын, халқына деген ақ, адал көңілін өлеңмен өрнектеген ақын. Қай тақырыпты жырласа да, ол Абайдың гуманистік идеясын реалистік тәсілмен жеткізуге күш салады.
«Жастарға» өлеңі - Шәкәрімнің ағартушылық нысанасын жария еткен әйгілі өлеңі. Тақырыбы - Абай көтерген адам болу, азамат болу идеясы. Ол өз ортасынан білімді, әрі ойшыл ақын, парасатты әділ жан деп Абайды ғана таниды. Содан үйренуді жастарға үлгі етеді.
«Талап пен ақыл» өленінде ақын адамға тән жақсы қасиеттердің бәрін ақыл мен талаптың аясына сыйғызуға тырысады. Бұл өлендегі идея Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі әйгілі ойлармен үндеседі. Шәкәрімнің ғылым үйрен деуі өз заманының талабына сәйкес, туған халқының болашағын көздеген парасатты үні еді.
Шәкәрім - Абайдың сазгерлік ән дәстүрін әрі қарай дамытушы. Оның әсем сазға толы «Жастық», «Шын сырым» әндері 21-23 жасында жазылса, өмірінің соңына дейін әр жылда шығарылған әуені мен өлеңі үйлесім тапқан жиырмаға жуық әндері бар.
Шәкәрім ақындық жолының алғашқы туындыларынан бастап адам сезімдерінің ішіндегі ең асылы махаббат пен сүйіспеншілікті көтере жырлады. «Жастық туралы», «Шын сырым» өлендерінде махаббат сезімінің нәзік иірімдерін берудегі сөз қолданысынан Абайға тән сезімді бейнелеу суреті, өлең өрнегі байқалады. Кейде ақын мақал-мәтелді жарым-жартылай поэзиялық қатарға қисынын тауып қалап жібереді.
Шәкәрім қалдырған бай мұраның ішінде «Қалқаман - Мамыр» (1888), «Еңлік - Кебек» (1891) поэмаларының өзіндік орны бар. Бұл поэмаларға ақын қазақ жұртында ертерек замаңда болып өткен оқиғаларды арқау еткен. Кейіпкерлері тарихта болған адамдар, жер-су атаулары да нақты. Бұған қарап тарихи поэма деуге болмайды. Поэмалардағы тарихи деректер оқиғаның қашан, қай жерде болғанын таныстыру мақсатында алынған.
«Еңлік - Кебек», «Қалқаман - Мамыр» поэмалары Абайдың көзі тірісінде оның ақылымен жазылған. ХVІІІ ғасырдың 80 - жылдары шамасында Шыңғыстауда өткен осы оқиғаларды Абай шәкірттеріне айтып беріп, поэма етіп жазуды ұсынған. Шәкәрім соның екеуіне де үн қосып, дастандар шығарған.
Шәкәрім реализмі - Абай реализмінің заңды жалғасы. Ол айналасындағы кемшіліктерді, адамдардың мінез-құлқындағы, әлеуметтік өмірдегі кереғарлықты сынағанда, халқын надандықтан, келеңсіз атаулыдан арылтуға, экономикалық және рухани дамудың таза жолына салуға ұмтылды. Осы бағыт Шәкәрімді ағартушылық арнаға әкелді. Болашақ дамудың бірден-бір жолы ғылым мен өнер үйрену, еңбек ету, бірлікті сақтау және озық елдерден үлгі алу деген тоқтамға келді. Бұл көзқарас Шәкәрімді Шоқан, Ыбырай, Абайлардың идеяларымен сабақтастырады.
Тапсырма:
1. Шәкәрімнің өскен ортасы, алған өнегесі туралы әңгімелеңдер.
2. Ұстазы Абаймен үндестігін қалай дәлелдеуге болады?
3. Шәкәрім поэзиясының көркемдік ерекшеліктері?
4. Шәкәрім Абай реализмін, оның сыншылдық сипатын дамытты дегенді қалай дәлелдеуге болады?
5. Ақат Шәкәрімұлының әкесі туралы естелігін оқыңдар («Жұлдыз» журналы, 1992ж., № 11)

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, (1858-1931), Құдайбердіұлы, Шәкәрім
Просмотров: 21305 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 3.5/8
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]