Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті]
30.01.2012, 16:47

Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 ж. шілденің 11-де дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Абаймен әкесі бір, шешесі бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді.

Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені „жетім" деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады.

Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармонда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.

Шығармалары

«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 ж. жарық көрген. Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде де танытатын «Үш анық», «Мұсылсандық шарты» атты туындылары, әлеуметтік-ағартушылық арнадағы «Жолсыз жаза», «Қалқаман — Мамыр», «Ләйлі — Мәжнүн» т.б. жыр жинақтары мен поэмалары басылып шыққан. Оның сезімді жүрегінен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туған.

Хафиз, Физули, А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім — онда ісің жоқ,
Бәрібір сен де елірме дуанасың.

Дос мақтасса, не пайда онан саған,
Дұшпан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса,
Мақтау — пайда, зиян ба жамандаған?

Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұшпан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап-тағы ақылды солай айда.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұшпан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.

Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер, айласын ойла-дағы.

Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске — ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жында боласың есі жоқтау!

Шәкәрімнің дүниетанымының ерекшеліктері

Шәкәрімнің асқан жоғары білімдарлығына, Батыс пен Шығыстың мәжениетін жетік білгендігіне оның өзінен кейін қалдырған рухани мұрасы куә. Ол қазақтың тұңғыш кәсіби философы ретінде саналады, қазақ философиясының деңгейін кәсіби деңгейге көтере алды. Шәкәрімнің өлеңдерінде, поэмаларында, тарихи-философиялық трактаттарында Шығыс пен Батыс елдерінің талай ойшылдарының тек еңбектерінің аттары жазылмай, мазмұнын да аша білген. Соның нәтижесінде, Шәкәрімнің басқасына ұқсамайтын дүниетанымы қалыптасады. Себебі, Шәкәрімнің көп шығармалары терең философиялық, тарихи сипатта жазылған.

Шәкәрімнің дүниетанымдық ой жүйесінде философиялық терең бағыт, бағдар байқалады. «Тіршілік, жан туралы» деген философиялық өлеңідерінде былай дейді:
Өсімдік күннен алады ас,
Күн суық болса, түпке қаш.
Дым тиіп, нүр кеп жылытса,
Өс тағы жайнап, көңіл аш,
Жұмыртқада ұрық жатпай ма?
Олар да тамақ татпай ма?
Жылынса, яки егілсе,
Оның да тағы таңы атпай ма? [1]

Бұдан көретініміз, Шәкәрім органикалық тіршіліктің біртіндеп, себеп – салдар принципі бойынша дамитындығы, жәндіктің өсімдіктен, адамның жәндіктен таралу идеясын жақтап отыр.
Ал мына өлең жолдарында:
Құт болған дәнде неше мың сан,
Жарылып шықтық біз сонан.
Ұсақ құрт дәннен жарып шыққан,
Жасаған құрттар әртүрлә тән.
Құс, балық, шаян, көп айуан,
Айуаннан өсіп, болдық адам.
Тәніміз топырақ пен судан,
Күн-атам, анық жер – анам,- [2]
ғалам болмысын, адамзат табиғатын әдеттегі Құдай қолымен емес, жаратылыс тұрғысынан түсіндіруге тырысты. Яғни, Шәкәрім Батыс ойшылдарының көбісі сияқты, эволюцианизмді құптағаны көрінеді. Бұл оның материалистік бағыттағы алғашқы қадамы еді.
Шәкәрім өмірдің мәні мен дүниенің динамикасы жайлы көп жазған. Ол жас кезінен-ақ өмірдің өтпелі кейпін мойындаған, әлем құбылыстарының тоқтамай, таусылмай, жаңарып отыратынын сөз еткен. Айнала өмірге, табиғат құбылыстарына қарап, ненің болса да бас – аяғы жалғас жататынын, сонымен бірге ол өзгеріп, жаңарып отыратынын өзгеше қорытады. Мұны келесі өлең жолдарынан көруге болады:
Өмір-дүние, жер мен көк, өткен заман,
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман.
Өлмей-өшпей, қартаймай жүргің келсе,
Ол болмай ма тағдырды жамандаған?
Немесе:
Дүние – үлкен көл,
Заман – соққан жел.
Алдыңғы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер,-
Кетті, келді,
Толды семді,
Өзгеленді бұл ғалам. [3]

Шәкәрім дүниетанымындағы маңызды да мәнді тағы бір аспектісі, оның динамиканы, яғни қозғалысты түсінуі. Оның ойы бойынша, қозғалыс – материяның өмір сүру тәсілі. Құран сөзі бойынша әлемнің пайда болуы – Құдайдың ықылас , еркіне байланысты кенеттен жасалына салған, сондықтан кез келген уақытта өзгеруі немесе жоғалуы мүмкін. Ал Шәкәрім философиясы бойынша, біртіндеп туатын қажеттілігіне қарай, белгілі бір тәртіп пен себеп – салдар қатынасы бойынша дамып отыратын мақсатты процесс.

Өз заманында әлемді хаос, кездейсоқтықтар патшалығы деп түсініп, ақырзаманды күтушілерді Шәкәрім батыл сынаған. Бұл мақсатта ол өзінің жаратылыстану саласындағы терең білім – танымына сүйенеді. Ғалымның санауынша, табиғат құбылыстарын бірдей көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес. Оларды танып – білетін бір ақ нәрсе – таза ақыл. Таза ақылдың арқасында адам абстрактылы меңгереді, жақсыны жамандайды, сұлулықты ұсқынсыздықтан, пайдалыны зияннан ажыратады. «радийді бұрын біліп пе ең? Электрді ұстап көріп пе ең? Бәрін де тапқан таза ақыл», -[4]деп, өз риторикалық сұрақтарына «ақылмен» жауап қайтарған.
Шәкәрім ұғымында адамның барлық танымдық, психологиялық қабілеті оның жан шарапаты арқасында қалыптасады. Барлық жан- жануарлардан адам ақылмен және санамен ерекшеленеді.

Шәкәрім дүниетанымдық көзқарасындағы жоғарғы қабатында сөз болатын мәселе түпие мен соған балама ретінде қолданылатын жан сөзі жайында ой толғайтыны бар:
Жаралыс басы – қозғалыс,
Қозғауға керек қолқабыс.
Жан де мейлі бір Мән де,
Сол қуатпен бол таныс,
Әлемді сол Мән жаратқан, – [5]
деп түп ие сөзінің синонимі немесе балама ұғымы ретінде «Жан» сөзі мен «Мән» сөзін тең дәрежедегі мағынасы жағынан бір ұғым ретінде қолданады. Бүкіл әлем немесе сол әлемнің ішіндегі жанды-жансыз нәрселердің бәрін де жаратушы қуат иесі – түп ие (арабша – Алла, парсыша – Құдай, қазақша –Тәңірі немесе Жаратушы). Ал «Жаралыс басы – қозғалыс» болса, сол қозғалысты «қозғаған қуат – жан дейміз» деп, басты себепкер күш ретінде жанды ерекше даралап, атап өтетіні бар. Ақын «қозғаған қуат – жан дейміз» деп, «Жаралыс басы – қозғалыста» қозғаушы қуат күші жан болып саналатынын алдымызға жайып салады.

Шәкәрім деизмі.

Түпиені іздеуге қозғау салған, өмірді жете танып білуге деген құштарлық пен талпынудан туған:
1. Неден бармын?
2. Не қылған жөн?
3. Жоғала ма жан өлген соң?
деген үш сұраққа Шәкәрім айрықша мән бере қараған.

Осы аса күрделі үш сұраққа жауап іздеу жолындағы Шәкәрім ізденістерінің бастау көзі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы «Ақын аға» тарауында Абайдың әдеби мектебіндегі ақын-шәкірттері Дәрмен, Көкбай, Шұбар (Шәкәрім), Ақылбай, Мағауия, Кәкітай т.б. арасындағы хақиқат жайлы талас-пікірлерде жатыр. Осы пікір таласына сөзге төрелік айтатын Абай толғаныстарында берілетін «…Хақиқаттың шешуі: Жаратушы кім? Ғалам дегеніміз не? Жан не нәрсе және адамның хақиқатты білудегі дерегі не?» деген күрделі сұрақтарға берген жауап сөзінде зор танымдық ойлар төркіні жатыр. Заман қысымын көп көрген кеменгер жазушы М.Әуезов аталы ой танымын яғни Абай мен Шәкірімнің жантану ілімінен із тастап кетуді мақсат тұтқаны аңғарылып тұр.
Түп ие (Хақиқат) пен ғаламды танып білудегі Шәкәрім көзқарасында қос қабатты қатпарлы таным жігі жатқаны да аңғарылады.

Шәкәрім танымындағы төменгі қабат – күн жүйесіне байланысты туындаған. Шәкәрім күн – ата, жер – ана деп қарап, жер планетасындағы тіршіліктің пайда болу, даму жолын яғни, «неден бармын?» деген философиялық сұраққа жауап беруге ұмтылатыны «Тіршілік, жан туралы» өлеңіндегі ой-толғаныстарында тереңнен талдай отырып берілген.

Шәкәрімнің екінші сұрағының яғни «не қылған жөн?» деген мәселеге беретін жауабы – адамның уақытша өмір жолында құлшынып әрекет ететін мақсаты ар ғылымы жолында табанды түрде еңбектенуін айтады. Сондықтан үжданды пенденің мұрат-мақсаты қайда жатқанын, арман-мақсатының темірқазықтай адастырмас бағытын үлкен сеніммен бағыт-бағдар бере жөн сілтейтінін көреміз.

«Ар ғылымы оқылса», – деп армандаған ойлы ақынның келер ұрпаққа нұсқаған адамшылық жолы – әр адамның жан тілегіне айналған Ұжданды (әділет, ынсап, мейірім) тұла бойына ұялату болғандықтан: «…ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен Ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол – осы мұсылман жолы сияқты», [6] – деп осы жолды бүкіл өмір бойғы ізденісінен туған аса зор мән-мағынаға толы ой-қорытындысын ұсынады.

Шәкәрім қойған үшінші сұрақ – «Жоғала ма жан өлген соң?»
Жантану ілімі Абай мен Шәкәрім мұрасындағы философиялық лирикалары мен қара сөздерінде желі тартады. Жантану ілімі жайында Жүсіп Баласағұн мен Ясауи шығармаларында теологиялық тұрғыдан тереңірек қарастырылса, ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы қазақтың ауызша жырланған поэзиясында да тікелей болмаса да, жанама түрде ой-пікірлер айтылып табиғи жалғастық тауып келген. Ал ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында жантану ілімі Абай мен Шәкәрім мұрасының өзекті желісінің ғылыми рухани кілтіне айналып, өз заманының шырқау биігіне көтерілді.

Шәкәрім күннің нұрынан келген адам жаны оның тән өлген соң, қиянатқа жол бермей, ізгілік жолында болса, келген жері күнге қарай, яғни мәңгілік тұрағына қарай қайтады деген соны да тың танымға келеді.

Күннің өзі жарық нұрдан, яғни түп иеден – мәннен жаралғаны себепті «Жарық нұрдан жаралған күн жоғалмас» деп, өз дүниетанымының төменгі қабатынан өрлеп, жоғары қабаттағы жанға, мәнге яғни түп иенің өзіне қарай тартады. Өйткені «жаралыс басы – қозғалыс» болса, «қозғаған қуат – жан дейміз» деп, түп иені жанға балауы айқын көрініп тұр. Түп иенің яғни жанның нұры күнге берілсе, адам жаны күннің нұрынан жаралады. Яғни адам жанының түп төркіні күн нұрынан ары өтіп, түпиенің (жанның) өз нұрынан келген болып шығады. Адамның түп төркіні түпиемен тікелей ғарыштық байланыста болуы себепті, бұл құбылысты ойшыл ақын:
«Жоғары ғарыштан затың
Анық шын бұл маған көңіл» [7]
деген ой байламына келіп отыр. Шәкәрімнің бұл байламға келуінің негізі түп иенің нұрында жатуы себепті:
Нұрына күн нұры жетпес,
Жетекшім – себеп, тым күшті ол, –– [8]
деп ой-толғауында бүкіл әлемнің қозғалысына бас себепші болған күш түп ие нұрына, тіпті, күннің нұры да жете алмайды. Өйткені оны шартты түрде айтқанда ол төменгі қабаттағы, яғни күн жүйесі шеңберіндегі құбылысқа жатады екен. Оның өзі түп иенің нұрынан жаралып, жер бетіндегі өсімдік, жан-жануар мен адамның дүниеге келуіне тәннің топырақ пен судан жаралып, пайда болуына тікелей себепкер болып отыр.

Жанның қайдан келгендігі жөнінде теология мен бүгінгі ғылымда әр түрлі талас пікірлер бар. Бірі жан жолдан қосылды десе, бірі жан өмірдегі өзіндік дамудан (саморазвитие) жанды табиғи құбылыс ретінде пайда болған шыңдық деп қарайды. Ал Шәкәрім болса, осы пікірлерді сынға ала отырып:

«Жан жолдан қосылды деп дін де, пән де
Ақылды байлап қойған соған мүлде, ––
дейді.
Бірақ адам өз жанын танымады,
Біледі бір өзінен басқаны адам, ––[9]
деп адамның жаны ғарыштан, бас қозғаушы күште жатқанын меңзейді. Адам баласының өз жанын танып білмеуіне философ ғалым Конттың (1797-1857) жанның ғарыштық табиғатынан көз жазып қалуы себепті:

Ойменен тапқан бұлдыр деп,
Дене мен пәнге байлаған
Баяғы Конттың сөзі еді, ––
деп батыс философының пікір танымын қатты сынға алатыны бар. Өйткені Конт(1797-1857) сыртқы бес сезім арқылы танылатын нәрсені ғана шындық деп білгендіктен, жан сырын танып білуден сырт қалды. Осы себепті Конт жанның ғарыштан келу жайын терістесе, Шәкәрім жанның түп иеден келгендігін «Бас қозғалыс ғой – жанның атасы»деп жанның келетін түп төркіні қайда жатқанын дәл меңзеп көрсетіп отыр.

Шәкәрім жантану іліміне терең бойлап, Абай салған сара жолмен адамның өз жанын танып білуі қажет екенін ұғынады. Осы себепті 30 жыл бойы ізденіп, адамның жан сырын танып білуге түрткі болған адам қайтыс болғаннан кейін оның жаны өле ме, немесе мәңгі жасауы мүмкін бе деген сұрақтың соңына шырақ алып түседі, өмір бойы ізденеді.

Шынды білмек болсаң сен,
Алдыменен жанды біл, – [10]
деп хақиқатты яғни түп иені танып білу үшін алдымен жанның сырын танып білуді шешуші орынға қоюында терең мән жатыр. Өйткені әлемдік қозғалыс жаралыс басы болса, Шәкәрім ол қуатты «жан, мән» деген екі сөзбен қосарлап беруінде үлкен мағына жатыр. Дүниені жаратқан ұлы қуат - жан мен мән болуы себепті, осы қуатпен таныс болуды шешуші орынға қоюында да айрықша мән-мағына жатыр емес пе?

Шәкәрімнің:
Бас қозғалыс қой жанның атасы
Ол жаратады түрлеп [11], –
деп, халық аузында айтылып жүрген «18 мың ғаламның жаратушысы жаппар хақ» деуімен де үйлесім тауып тұр.
Қозғаған қуат – жан дейміз
Жан өсті жаннан сан дейміз.
Сол жандар әсер берген соң,
Жаралды сансыз тән дейміз.
Жанына қарай тән болар ,– [12]
деп жоғарыда айтылған ойын осы өлең жолдары арқылы айғақтай түседі.

Жанның өлмеу, жоғалмау себебін іздеген Шәкәрім өзгелер айта алмаған соны пікір желісін тартатыны бар.

Хақиқат жан нұрына қанса біреу,
Оның жаны өлмейді балталаса [13], –
деп ой толғауына қарағанда, жанның өлмеуінде екі түрлі себеп жатқан тәрізді: біріншісі – сопылық поэзиядағы «ашық-машұғ» ұғымындағы перделеп бейнелеп берілетін сопылық өлең табиғатына көңіл бөлген Шәкәрім:

«Менің жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры», –[14]
деп жазуында ең өзекті мәселенің астарлы мағынасы жатыр. «Хақиқаттың шын нұры» деп отырғаны – түп иені танып білу арқылы шындыққа көз жеткізу.

Екіншіден, Шәкәрімнің «Ғылымда не бар болса, бәрі жанда» [15] деп жатуына себебі де бар сияқты. Дене (тән) мың құбылып өзгерсе де, оның ескі жаны өзгермейді. Дене киген киім сияқты ескіріп тозып қала береді, бірақ жан (ескі жан) өзгермейді, өлмейді. Осы себепті Шәкәрім «жан менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді, құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ» [16], – деп ой байламын жасайды. Жан әр түрге түседі, мысалы, инстинкті – сезімді жан, сознание – аңғарарлық жан, мысль – ойлайтын жан, ум – ақылды жан. Сезімді жан (инстинкт) – өсімдіктер жанына тән құбылыс. Аңғарарлық жан (сознание) – жануарлар әлеміне тән қүбылыс. Мысль (ум) – толық, терең ақыл адамзатқа ғана тән құбылыс болып саналады. Адамның хайуанаттан артықшылығы да осында, ақылында, алды-артын болжай алу қабілетінде жатса керек. Өйткені:
Тән – терезе, ой – қожасы,
Ойлап анық байқасаң,
Бар ғылымның түп атасы
Таза ақылмен ойлану, –
деп адамға тән ой мен ақылға, оның дамыған түрі таза ақылға мән береді де, «толық терең ақыл адамнан шығады» [17] деген байламға келуі жай нәрсе емес, ұзақ жылдар бойы ізденістің жемісі.
Шәкәрім дүниенің түпнегізі төрт нәрсені – от, су, топырақ, ауаны айта отырып, грек философтарының бұл жөніндегі пікірлерімен таныс екендігін білдіреді. Сондай-ақ дүние бөлінбейтін түпнегіз атомдардан тұратындығын, оның арабша аты мадда немесе әсер екенін айтады. Ол «дүниені былай қылатын жаратқан ие жоқ» деген ойға өз трактатында бес нақты дәлел келтіреді:
«1-дәлел: қайта айналыс жолы. Барлық нәрсенің түп себебі бұрыннан бар қуатты дене – атом. Әр нәрсені өсіріп – өндіретін сол дүниеде еш нәрсе жоғалмайды, бірақ өзгереді.
2-дәлел: жаратылыс жолы. Мұқым барлықтың бәрін бар қылып тұрған жаратылыс долы. Сондықтан біліп жаратушы ие деген бекер сөз.
3-дәлел: тұқымдастықтың жолы. Жоғарыда айтылғандай, бар нәрсе өздігінен жаралып жатқан соң, жаратушы деген жоқ. Құрғақтағы хайуандар, адамдар, өсімдіктер, құстар – бәрі теңізден туған.
4-дәлел: дене сезімі. Біз әр нәрсені денедегі сезіммен білеміз. Мұқым барлықтың бәрі жаратылыс жолмен еірксіз болып жатқанын көріп – біліп тұрмыз. Егер біліп жаратушы ие болса, бұл жаратылыс себептерінің түк керегі жоқ болар еді. Неге десеңіз, бір жаратушы білімді құдырет бар болған соң, бұл себептердің керегі не? Сондықтан жаратушы жоқ, Бұл – Бюнхер сөзі.
5-дәлел: әртүрлілік. Барлық дүниеге қарасаң, тасы, ағашы, басқа өсімдіктер, хайуандар, адамдар, су, от, сияқты тіпті бір-біріне ұқсамайды. Бұл нені көрсетеді? Бұл нәрсе әр қалай болса, солай кезі келгендіктен, себебіне қарай жаратылып жатыр. Оны былай болсын деп жаратушы жоқ екенін осыдан мәлім. Бұл – Ғайсадан үш жүз жыд бұрынғы Демокрит сөзі» [18]

Бұл дәлелдердің нақты дәлелдігіне қарамай, Шәкәрім оны қабылдап, философиялық материализм жағына шығуға асықпайды. Оған қашанда жаратылыстану ғылымдары адам жанына, табиғатына аз мән беретін сияқты болып көрінеді.

Сонымен қатар, Шәкәрім мұсылмандықтан толығымен бас тартпайды. Оның ойынша, Батыс қоғамы дамып отырған Христиандықтан гөрі, өз халқына ислам діні жақын келеді және дұрыс долға әкелер деп үміттенеді.

Шәкәрім этикасы

Сондай – ақ, Шәкәрім дүниетанымының тағы бір бағыты – адамзат қоғамының дамуын табиғи тұрғыдан түсінуге тырысуы. Ол этик – ақын болғандықтан, бұл саладағы көзқарастары ағартушы Абай идеалымен үндес болып келеді. Шәкәрімнің көптеген шығармалары әдептілік, мораль мәселесінә арналған, жастарға ақыл – кеңес, өсиет түрінде айтылады. Өзінің «Шын бақ қайсысы?» атты өлеңінде адам баласының этикалық және эстетикалық қазынасы – «кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» [19] бірлікке, бақытқа жеткізетінін айта келе, сол бақытты күндейтін күншілдіктің бар екеніне, өзімшілдер басқа дамдардың бақытқа жетуіне жарқанатша қызғаныш білдіретініне ашынады.

Оқу, ағарту, білімділік, мәдениеттілік, ақыл, қабілеттің жетілуі – адамзат тәртібінің, тәрбиесінің сипаты мен қимыл әрекетінің өлшемі ретінде де ұсынылады. Халықты ағартуға, оқу – экономикалық және рухани дамуға қарсы ескілікті салт – дәстүр мен наным – сенімдерді сақтап қалуға әсер ететін барлық әрекеттерге қарсы шығып, мәдени прогрессті жақтаған. Ақын ғылым мен өнердің дамуына сәйкес әрекеттерді үлгі тұтарлық ең асыл моральдық қазына деп қарастырады.

Шәкәрім әрбір қоғамдық қатынастардан адамды, оның мәнін іздеді. Адамның адамдық мәніне сәйкес келмегенде оларды сынға алып отырады. Бірақ Шәкәрім өз заманындағы қоғамдық процестерден адамды тапқан жоқ. Қоғамдағы саяси әлеуметтік жағдай, қоғамдық ортаны адамдандыруға мүмкіндік туғыза алмады. Бұл ойшылдың қалыптасқан қоғамдық қатынастарды жатсынуына себеп болды. Қоғамдық қатынастар адамнан жоғары тұрған кезде жатсыну басталған еді.
Шәкәрімнің ойынша сол кездегі қоғамдық ортаны түзету үшін алдымен адамды түзету қажет. Ақ патша үкіметі ұстанған саясат, Шәкәрімнің ойынша ондай мүмкіндікті қанағаттандырмайды. Ендігі мақсат рухани еркіндікке жету. Ол үшін адамның еркіндігін көксеген қоғам орнату қажет. Патша үкіметін құлатқан соң орнаған кеңес үкіметінің де адамға деген көзқарасы түзелудің орынына тіптен сорақыланды. Шәкәрімнің кеңес үкіметі кезеңіндегі шығармашылығы мен оған деген көзқарасы туралы мәселе өз алдына бөлек тақырып.
Қоғамдық өмірде Шәкәрім үнемі адамды ең басты орынға қойып, оның бақыты мен болмысын әрқашанда негізгі мәселе ретінде қарастырады. Алдыңғы қатарлы деп саналып келген демократиялық орыс мәдениеті, империяның отаршылдық саясаты, Еуропа мен шығыстың рухани мұралары, мұсылмандық пен христиан мәдениеті, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындығы рухани өмірге тікелей ықпалын тигізген негізгі қайнар көздер болды. Міне, осы ғасырлар тоғысындағы адамның рухани дамуы, ойлау еркіндігі, қаншалықты дамуда, қай жолмен жүрген дұрыс деген сұрақтар Шәкәрімді толғандырмай қоймады.
Сонымен қатар, Шәкәрім жалқаулық, енжарлық өте зиянды әдет деп әшкерелеп, жастар бойында ғылымды меңгеру, халық ағарту ісі мен туған елдің прогестік дамуы жолындағы барлық қиындықтарды жеңу үшін күш – жігер, ерлік, еңбек сүйгіштік қасиеттердің мол болуын уағыздайды. Қай өлеңін алып қарастырмайық, ақын адам мұраты, адамның жақсы қасиеттері адал еңбек нәтижесінде қалыптасатынын тұжырымдайды. Мысалы:
Мейірім, нысап, ақ пейіл, адал еңбек –
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол. [20]
Шәкәрім 1898 жылдан бастап түп иені танып-білумен ол жолдағы пайда болған жантану іліміне терең бойлау бағытына біржолата бет бұрып, қорытқан ой байламдарын:

Қырықтан соңғы иманым,
Отыз жылдай жиғаным, – [21]
деп, отыз жылдық іздену жолындағы қол жеткен ой желісінің негізін «Үш анық» деп аталатын философиялық қолжазбасында желілі жүйеге түсіріп, баяндап берді.

Шәкәрім түпиені танып-білу мен жантану іліміне өзіндік қайталанбас ой-пікірлері мен қорытынды ой-танымдарын ұсына отырып:

Кейінгі жандар қабылдар
Айтылған түзу жолымды, –[22]
деп, келешек заман жастарына өз рухани мұрасын аманат етеді. Әрине, Шәкәрімнің түзу жолы – бүгінгі біздің арман қуған тәуелсіздік замандағы рухани жолымызбен үндестік табуымен бірге заман талабына да сай келіп тұр. Өйткені қазіргі үшінші мыңжылдықта ғылым адамгершілік пен діни бастаулардан желі тартып, дін ғылымиланған кезде өз мәнімізді яғни жанымызды Шәкәрім меңзеген жолмен ғана тани алмақпыз.

Шәкәрім сопылық поэзияның символдық бейнелермен перделенген белгілерін өз поэзиясында көркемдік тәсіл тұрғысынан пайдаланады. Мысалы:

Менің Жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры, –[23]
деп, сопылық поэзия классиктерінің бірінші сүю ұғымындағы Аллаға ғашықтықты сұлу жарға деген махаббаттық сезімінің орнына Шәкәрім «Хақиқаттың шын нұрына» балай суреттеуінен түп иені іздеп отырғаны айқын көрініп тұрады.

Шәкәрім өз ұстазы Абайдың толық адам іліміне терең мән бере отырып, шығармаларында ұждан мәселесіне ерекше тоқталып өтеді. Ол ХІ ғасырда жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу біліг» дастанымен жете танысып, ондағы жауәнмәртілік іліміне назар аударған, Ясауидің кемел адам туралы хал ілімін де білген. Абайдың толық адам ілімінің арғы түп төркіні осы аталып өткен шығармалардан желі тартып, өз заманы шындығына орай қазақ әдебиеті тарихында тың тақырып болып енген толық адам ілімін қалыптастырды. Осы ілімнен идеялық бағыт-бағдар алған Шәкәрім адамды рухани тазалық жолына түсіретін:

Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты ешқашан әділ жеңбес
деген қорытынды ойға келді. Өйткені білімді жұрт, өркениетті ел деген Европаның өзі (ар түзейтін ғылымы жоқ болғандықтан) хайуандықтан шыға алмай отырғанын атап өтеді, сонымен қатар:

ХХ ғасырдың адамынан
Анық, таза бір елді көрмей өттім, –
деп, ауыр да өткір сын айтады.

Философиялық лирикалары мен «Үш анық» трактатында Шәкәрім ұждан мәселесіне төтенше мән бере қарайтыны бар. Ынсап, әділет, мейірім үшеуі ұждан ұғымын құрайды. Өйткені «Ұждан – жанның тілегі. Неге десеңіз, жан – тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылай береді. Мәселен, таза дене, таза толық мінез, ой, істер керек қылады. Соның қатты бір керегі – совесть – Ұждан. Оны осы өмір үшін керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады» [24] . Яғни, Ұждан екі өмір үшін де қажет екен. Өлерін білген екі адамның біреуі жанның жоғалмайтынын, бұдан да таза болып жоғарылайтынына сенсе, үлкен үмітке қол артып, қуаныш сезіміне бөленеді. Ал, өлген соң жан жоғалады деген өкініште болып, үмітсіздік дариясының барсакелмес қайығына мінеді. Осындай нанымдағы пенделерге қарап Шәкәрім:

Жоқ, шырағым, жанымыз жоғалмайды,
Екі өмірдің азығы – осы Ұждан
Шын нану – ақылымен қабылдауы,
Қалады зұлымдықтан сөйткенде адам, –– [25]
деп Ұжданның адам үшін екі өмірде де рухани азығы: ынсап, әділет, мейірім сияқты ақыл адами қасиетті әрбір саналы адам жастайынан бойына ұялату жолында болуын ескертеді. Өйткені «Ар түзер адамның адамдық санасын» деп, Ұждан ұғымына зор мән бере қарағандықтан:

Шын таза жан тазалықпен
Тәңірісіне барады ол.
Мейірім, ынсап, әділеттен
Ағызам деп нұр бұлақ! –– [26]
деп, өзі қойған екінші сұрағына жауап береді.
Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, (1858-1931), Құдайбердіұлы, Шәкәрім
Просмотров: 10243 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 1.5/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]