Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Ж.Аймауытұлы - әдебиет сыншысы


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті]
02.02.2012, 14:12

Рақымжан Тұрысбек

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

 

Ж.АЙМАУЫТҰЛЫ – ӘДЕБИЕТ СЫНШЫСЫ 

 

Ұлттық сөз өнеріне, оның өрісті өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан – Жүсіпбек Аймауытұлы әдеби мұра мен оны зерттеу ісіне, тарих пен таным арнасына, сын мен сыншы сипатына биік талап, жоғары жауапкершілікпен қарады. Өз еңбектерінде бұл бағыттарға адалдық танытты.

Ж.Аймауытұлы шығармашылығының арналы саласын әдеби-сын еңбектері құрайды. Абайдың ақындық әлемі //«Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар»//, Мағжанның мұра-мирастары //«Мағжанның ақындығы туралы»//, театр табиғаты мен тағылымдары //«Қалыбек әртіс», «Сауық кеші», «Театр кітабы туралы»//, сөз өнерінің сырлары //«Әдебиет мәселесі», «Көркем әдебиетті саралау», «Әдебиет мұралары»//, әдеби мұра мен оны зерттеудің түйінді тұстары //«С.Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына ат салысыңыздар», «С.Торайғырұлының жиналған сөздері»//, т.т. әдеби-сын  еңбектерінде ұлттық мұрат пен руханият ісінің көкейкесті мәселелері, талант табиғаты мен дара дарынның сырлы сипаттары, көркемдік құпиясының  мың сан иірімдері терең танылады. Сондай-ақ ұлттық сөз өнерінің көкейкесті мәселелері, ақындық өнердің тарихы мен тағылымдары, сахналық туындылардың табиғаты мен жекелеген тұлғалардың тағдыр-талайлары да кең көлемде сөз етіледі. Ең негізгісі, ұлттық сөз өнерін бар асылдан да жоғары қояды, ондағы ел өмірі мен тарихына, тағдыры мен тағылымына құрметпен қарайды [1. 110-290].

Ж.Аймауытұлы адам, қоғам, кезең хақында //«Қазақтың өзгеше мінездері», «Партия», «Пара алу тоқтала ма?»//, ағартушылық-гуманистік һәм тәлім-тәрбие туралы //«Жаңа мектеп туралы», «Журнал туралы», «Емлені өзгертуге жоба», «Мектеп қандай болу керек», «Хат таныту әдістері» // қазіргі кезеңде де мән-маңызы айырықша болып табылатын мақалаларында ұлт мұратын, елдік һәм ұрпақ ұлағатын, мәдени-рухани мәселелерді кең көлемде қозғайды.

Ж.Аймауытұлының әдеби-сын еңбектері арасында – Абай әлеміне айрықша мән-маңыз беріледі. Айталық, «Абайдың өнері һәм қызметі» атты мақаласында ақын өмірі мен шығармашылығына, ақындық мектебі мен оның айналасына, басты ерекшеліктеріне мән береді. Абайдың үлкен мақсат пен дарын иесі, ой мен сөзден сыр іздеген бітімі бөлек талант екендігі танылады. Ұлт мұраты мен руханияты туралы толғам-толғаныстарын кең көлемде ашады. Ақын ақиқаты, талант табиғаты мен тағылымы былай білдірілген: «Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл-білімінің әр тарауынан көкірегінде асыл қазынасы көп. Сол көп қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипатымен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы ғып шығаруы әрі ақындығы, «қызыл тілді шешендігі»  ... Абайдың істеп кеткен қызметі әдебиетімізге асыл іргетас. Бұл асыл іргенің үстіне салынатын ілгері қазақ әдебиетінің дүкені көрікті, көрнекті болуына лайық».

Мақала авторы Абай әлемін нақтылы туындыларын сөз ету негізінде жан-жақты ашады. Ақындық өнердің бастау арналарына, көркемдік мұрат пен шеберлік сырларына, тіл мүмкіндіктеріне кең орын береді. «Өнер алды – қызыл тіл» сипаты, көркемдік құпиясы, асыл сөздің құдірет-қасиеттері алуан салыстыру, талдаулар арқылы жүйелі жеткізіледі. Абай мұрасы, өлеңдегі өмір өрнектері, сөз сыры мен сипаттары кезең-уақыт шындықтары тұрғысынан байыпты сараланады. Абайдың сөз өрнегі, көркемдік әлемі, руханият ісіне қосқан үлесі жан-жақты айқындалады. Көркемдік көкжиегіне, өлең өнер өлшемдеріне, ой-сөз жүйесіне кең орын беріледі. Абай ақиқаты, ақын айтқан ұлт мұраты мен тарих-таным төңірегіндегі өрнекті ойлар мен толғамды толғаныстар жан-жақты ашылады.  Қысқасы, Абай әлемі мен оның өлең өнері – ұлт тарихы мен руханиятындағы айрықша құбылыс екендігі кеңінен көрсетіледі. Таным өлшемі айқындалады. Ақын әлемі, сөз сыры ашылады.

«Абайдан соңғы ақындар» атты мақалада ұлттық поэзияның жай-күйі, даму бағыт-бағдарлары мен көркемдік мұраттары, өзіндік өзгешіліктері сөз етіледі. Өлең сөзге қойылатын талап-шарттар мен өлеңші төңірегінде көзқарастар білдіреді. Өлең-өнердің дамуы мен ондағы жаңашылдық сипаттарға Абайдың, «Қазақ» газетінің әсер-ықпалы болғаны кеңінен көрсетіледі. Өлең өрісі мен өресі, «сезімге әсер беретін суретті өлеңдер» – Мағжан, Міржақып, Сұлтанмахмұт пен «сырты төгілген, сұлу, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл» – А.Байтұрсынов, С.Дөнентаев, Ш.Құдайбердиев, Б.Өтетілеуов шығармашылығына зор маңыз беріледі. «Әдебиет бақалшының қоржыны емес» екені де назардан тыс қалмайды. Қысқасы, Абайдан кейінгі ақындар әлеміндегі артық-кем тұстардың бары, жүйелі сөз етіледі. Сонымен бірге қазақ сөз өнері, ақын әлемі, өлең-мұра сипаттары кеңінен көрсетіледі. Талант табиғаты мен тағылымына мән беріледі. Бастысы, әрине ақын әлеміне еркін еніп, одан кейінгі сөз өнерінің белесті кезеңдеріне, көркемдік таным арналарына ден қояды. Ақын мен өлеңші сыры ашылады. Ортақ мін, кемшіліктер көрсетіледі. «Әдебиетімізге жақсы өлең, шын ақынның сөзі көрік беріп, күшейте алады» деген қорытындыға келеді. Өлеңнің өрнекті де өрісті, көркем де келісті сипат алуы негізгі назарда болады. Әдебиет – ардың айнасы, көңілдің сәулесі, жан-жүрек толғаныстарының мәнді, нәрлі көріністері екендігі кеңінен көрінеді. Сөз өнері мен өрнегі басты нысана етіледі. Талант табиғаты айқындалады. Еңбек сипаттары мен шабыт шалқары шығармашылық шыңы ретінде көрсетіледі. Маңыздысы, Абай мен оның айналасы, ақындық өнердің өзіндік ерекшеліктері, өлең сөздегі сыр мен сымбат үйлесімі, сезім мен сүйіспеншіліктің мөлдір шықтай тамшылары терең тебіреністермен табиғи жеткізіледі. Ақын мұраты, оның өрісті өнері мен өрнекті үлгі-өнегелері кең көлемде көрсетіледі. Абай мұрасындағы ел-жер, өмір-тұрмыс, еңбек-уақыт шындықтары – адам әлемі, келелі келешек хақындағы толғам-толғаныстармен байланыста беріледі.

Ал «Әдебиет мәселесі», «Әдебиет мұралары», «Көркем әдебиетті саралау» сынды мақалаларда қазақ сөз өнерінің табиғаты, арғы-бергі тарихы мен тағылымдарына кең орын беріледі. Айталық, алғашқы мақалада «әлеуметтің зор құралы – әдебиеттің» мұрат-міндеттері сөз етіледі. Қазақ әдебиетінің төңкерістен бұрынғы бағыттары мен орын-үлестері, күнгейі мен көлеңкелі тұстары кеңінен сараланады. Ал, «Көркем әдебиетті саралауда» төңкерістен кейінгі қазақ сөз өнерінің белгі-ерекшеліктері, артық-кем тұстары жан-жақты қозғалады. Әдебиеттің халықтық мұраты, көркемдік-эстетикалық қуаты, рухани нәрі нақтылы көрсетіледі. Халықтық сипаты, көркемдік қайнарлары айқындалады. Басты мұраты, мәні ашылады.

«Әдебиет мұралары» сөз өнерінің қыр-сырын, мұрат-міндеттерін айқындаумен бірге оны қамқорлыққа алу, басты орындары арқылы көпшілікке жеткізу, жинап-жүйелеу мәселелерін кеңінен қозғайды. «...Мәдениет мұрасы тарихымызға бір олжа салса, әдебиет мұрасы он олжа салды» деп оған қамқорлықты күшейту көзделеді. Халық әдебиетін жинау, бастыру мәселелері кеңінен қозғалады. Ел әдебиетінің мән-мазмұны ашылады. Оны жинап, жариялау ісіне мұқияттылық, зерделілік, жанашырлық қажеттілігі баса көрсетіледі. Әдеби мұра – ел қазынасы, қалың көптің ортақ игілігі екендігі басты назарда тұрады. Автор халық әдебиетіне жанашырлық пен жауапкершілікті күшейту – елдік мұратқа адалдықты, рухани құндылықтарға қамқорлық пен құштарлықты танытады дегенді айқын аңғартады. Ұлт мұраты, елдік мәселесі, мәдени-рухани құндылықтар әдеби мұра мен оны зерттеу ісіне қатысты қозғалады. Әлеуметтік мәні ашылып, көркемдік-эстетикалық  қуаты еселеп арта түседі. Елдік мұрат пен руханият ісіне, халық мұрасындағы тарих пен таным арналарына, өмір-тұрмыс сырларына, дәстүр өнегелеріне ерекше мән беріледі. Әдеби мұра ел қазынасы, ұлттық тарих пен руханияттың қымбат жауһар-жәдігерлері ретінде жоғары бағаланады. Ұлт пен ұрпақтың, тарих пен танымның қымбат қазыналары қатарына жатқызылады. Әдеби-тарихи құндылықтары, мәдени-рухани мәні кеңінен қозғалады. Бастысы, әрине әдеби мұра мен оны зерттеудің түйінді тұстары, халық қазынасының руханият әлеміндегі орны, ұлт пен ұрпаққа берер тағылым, сипаттары тереңнен қозғалып, байыпты сараланады. 

Ж.Аймауытұлының әдеби сын еңбектерінде («Қалыбек әртіс», «Қазаққа пайдалы жас талап», «Тәрбие», «Театр кітабы туралы», «Ән-күй жайында», «Тіл туралы», «Сауық кеші» т.т) ұлттық мұрат пен ұрпақ қамы, адам еңбегі мен өнегелі үрдістері, сахна өнері мен оның көрнекті өкілдері, тіл туралы толғам-толғаныстар кең орын алады. Аталған мақалалардың қай-қайсысында да елдік мұрат-мүдде, ұлттық құндылықтар мен руханият ісінің түйінді тұстары, талант табиғаты мен тағылымдары, көзқарас пен қолтаңба мәнері, шеберлік пен шешендіктің сыр-сипаттары кеңінен көрініс береді. Ең бастысы, әрине Ж.Аймауытұлы ұлттық құндылықтар мен руханият ісіне қатысты мәселелерді кеңінен қозғайды. Өмір, уақыт шындықтарын негізгі назарда ұстайды. Артық-кем тұстарды анық та, ашық айтады. Кедергі-кемшіліктерден арылу жолдарын көрсетеді. Ортақ мұрат, келелі мәселелерді алға тартады. Нәтижесінде, сөз жоқ ұлттық мұрат пен руханиятқа қатысты көкейкесті мәселелерді уақыт биігінде, талап деңгейі тұрғысынан танып, жіті таразылайды. Автор ізденісі мен көзқарастарынан, таңдау мен талдау мәдениетінен, саралау мен салыстыруларынан еркіндік те, тереңдік те танылады. Тақырып табиғатына ену, елдік мұраттарға назар аудару, мәдени-рухани құндылықтарды жоғары бағалау, көркемдік қайнарларына ден қою – Ж.Аймауытұлының әдеби-сын еңбектерінде кеңінен көрінеді. Осы реттен келгенде, Ж.Аймауытұлының білікті әдебиетші, сындарлы сыншылығын академик С.Қирабаев тап басып таниды: «Жүсіпбек – өз заманының белгілі сыншысы болған, әдебиет мәселелеріне қатысты көптеген ой-пікір қалдырған жазушы. Оның мақалаларынан, хаттарынан, тіпті көркем шығармаларының ішінен де автордың жазу өнері жайлы, оның ерекшеліктері туралы, суреткердің психологиялық, творчестволық сипатын түсінудің принциптері жайлы қызықты ойлар кездеседі. Әдебиеттің жаңа дәуірдегі міндеттерін түсіне білген жаңа көзқарасты қаламгер ретінде ол сөз өнеріне, оның өкілдеріне тың міндеттер артты. Олардың ішінде белгілі бір дәуір әдебиеті дамуына арналған шолу да, жеке ақынның шығармашылық бетін анықтауға құрылған портрет те, рецензиялар да кездеседі. Бірсыпыра қызықты ойлар жазушы хаттарында да орын алған» [2.182].

Бұл тұста еске алар жайт – Ж.Аймауытұлы өз уақытында ұлт руханиятына қатысты мәселелердің бәрі-баршасына жіті назар аударған-ды. Ұлттық құндылықтарға, әдеби үдеріске, сын мен сыншы  жайына да айрықша мән берген. Басты мәселелерге, соның ішінде әдебиет қозғалысына, ақын-қаламгерлер шығармашылығына көзқарас-ұстанымдарын, ой-пікірлерін ашық, айқын білдірген. Дәйек-дерек көздерін орынды қолданған. Талдау мәдениетінен, саралау сипаттарынан жан-жақтылық, тереңдік тәрізді белгілер кеңінен көрініс береді.

Ж.Аймауытұлының әдеби-сын еңбектерінде ұлттық тарих пен оның тағылымдары, қоғамдық-кезеңдік көріністер, мәдени-рухани құндылықтар, тәлім-тәрбие ісінің мың сан иірім-сырлары кең орын алады. Танымал тұлғаның әдеби-сын мұрасы – ұлттық сөз өнерінің көркемдік көкжиегін, мәдени-рухани деңгейін, танымдық-тағылымдық сипаттарын айқындай түседі. Болмысы бөлек, дарыны сирек тұлғасы, ерек қаламгерлігі де алуан қырларымен назар аудартады.

«Мағжанның ақындығы туралы» (Ташкенттегі қазақ студенттеріне етілген баяндама) атты мақаланың орны бөлек. Мақала авторы бастапқы тұста М.Жұмабаев шығармашылығы, соның ішінде ақындық өнері хақындағы мақсат-мұраттарын қалың көпшілік алдына жайып салады: «Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз: толық сынау үшін, оның алды-артын орап, өрісін арылтып шығарлық сегіз қырлы, негізді білім керек...

Мағжанның өлеңдерін аса құндап, бұлдап жарыққа шығаратын Мағжаншылар да бар; іске алғысыз қылып, өртеп жіберу керек дейтіндер де бар; қысқасы Мағжанның қасы да, досы да бар, мақтаушылар нені біліп мақтап жүр. Оны тексеру біздің мақсатымызда жоқ. Біз шамамыз келгенше Мағжанға сын көзімен қарағымыз келеді. Сын көзі дегенде, біз ғылымның жолын тұтынуымыз керек. Мәдениетті жұрттар жазушыларын, ақындарын қай жолмен тексеріп сынаса, біз де сол жолды қолдануымыз керек» (Сонда, 144-145 бет). Ақындық өнер табиғатын, Мағжан мұрасын, ондағы өзгешеліктерді тап басып көрсетеді. Артық-кем тұстарына тоқталады. Көркемдік құндылықтар мен сырлы сипаттарды бөлекше атайды. Талантты  туынды мен құнарлы қолтаңбаны, айқын көзқарас пен рухани  құндылықтарды жіті зерделейді. Мағжан мұрасының көпке ортақ сипаттарын саралап та, даралап та көрсетеді. Ақындық өнерін биік белеске көтереді. Әділ бағасы беріледі. 

Ж.Аймауытұлының «Мағжанның ақындығы туралы» атты мақаласы //«Лениншіл жас», 1923, №5// ұлттық сөз өнеріне, өлең-мұраға қояр талап-тілегімен мәнді болып табылады. Мақалада әдеби сынның мақсат-мұраттары, көркем туындыны танып-таразылаудағы шындық сырлары, өлең-өнердің өзіндік өрнектері айқындалады. Мағжан мұрасы, ондағы көркемдік мұраттар, ізденіс арналар, ой мен сөз жүйелері, тіл-стиль сипаттары кеңінен көрсетіледі. Ақын әлемі туып-өскен, тәлім-тәрбие алған орта, өнегесімен сабақтастықта сараланады. Ақындық мұрат, өнер өрісі Мағжан поэзиясымен сабақтастықта сөз етіледі. Мағжан мұрасын тану мен талдау тұстарында: «Қазақ әдебиетінде романтизм дәуірі аяқтануға Мағжан көмек көрсетті», «Сентиментализм әсері, әсіресе әйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды», «Бейнешілдердің өлең жазу әдісін Мағжан қазақ әдебиетіне кіргізеді» деп түйін жасайды. Сонымен бірге: «...ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, школ //мектеп// ашқан күшті ақын», «Мағжан сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқырлығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңлы зарымен күшті... нәзік сезімнің ақыны» деп талант табиғатына енеді. Қалам қуатына, ой-сөз жүйесіне, сыр-сезім иірімдеріне мән береді. Біздіңше, автор ақын табиғатын терең ашады. Ақын мұраты мен ақындық өнер сипаттарына еркін енеді. Өлең өнерге, мұра-мирасқа байыпты ден қояды. Көркемдік құпиясына, сөз сыры мен ой орамдарына мән береді. Шындық шырағын ту етіп, ақын әлеміне, поэзия патшалығына батыл барлау жасайды. Ой-сөз жүйесін байыпты саралайды. Ақын мұраты, көзқарас-ізденістері мен көркемдік иірімдері, өзіндік өзгешеліктері өмір-уақыт шындықтарымен, кезең көріністерімен, тұрмыс сырларымен сәйкестікте сөз болады.

Мақалада Мағжан туып-өскен, тәлім-тәрбие алған ортасы, «Ғалия» медресесіне қатысты білім-білігі, алыс-жақын елдердің әдебиет өкілдерінің (Байрон, Бальмонт, Блок, Гейне, Гете, Пушкин, Фет т.б) орын-үлестері кеңінен көрсетіледі. Ақынның ұлтшылдық, түрікшілдік бағыттағы ұстанымдары, елдік мұрат-мүдде жолындағы көзқарастары, әлеуметшіл-мәдениетшіл сипаттары, өлең-өнердегі орны, өзіндік өзгешеліктері жан-жақты ашылады. «Мағжан күшті ақын» деген қорытындыға келеді. Оның мәніс-мәнін, себеп-сырын әр қырынан ашып көрсетеді. Алдымен ақындық өнер, ақын мұраты туралы толғам-толғаныстарға енеді: «... әр адам, әр ақынның өрісі бірінші – заманға, екінші – туып-өскен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне (тұқымына) байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамаса әдді жоқ.

Өзгелерден гөрі әлеуметтің мұңын баса жоқтайтын ақын болу керек. Өйткені, ақын қоғамның қарапайым тырна қатар топас мүшесі емес, өзгелерден сақ құлақты, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпейтінін айтып береді. Әлеуметтің өз табының қатарға кіріп, ер жеткені кейін қалып, кер кеткені өзгеден гөрі ақынға артығырақ батады, ақынның жүрегі өзгеден гөрі көбірек толқиды, көбірек толғанады. Өзгелер салқын қанмен қарайтын нәрсеге ақын күйіп-пісіп қалады.

...Ақын бір жағынан өз табының, әлеуметтің жоғын жоқтап, мүддесін көксеп жүрсе, екінші жақтан оның бір артықшылығы – өзгеден тәжірибиелілігінде, өзгеден өмірді анық, жете білуінде. Өзі өмірді анық біліп, өзгелерге жөн сілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсете алмаған ақын – ақын емес. Сондықтан ақын жалғыз ғана таптың пайдасын көздеп, сойылын соға бермейді, өмірді анық танып, кемшілікті түгел көріп тұрған соң ақын кейде тап көлемінен шығып, жалпы шындыққа, жалпы адам баласының қамына да құлаш ұрып кетеді. Кейде көңілдегі ойы шықпай, басқа нәрселерге де көшіп кетеді» (146-147 бет).

Әдебиет сыншысы бұдан кейінгі жерде Мағжанның ақындығы мен айналасына өзіндік өзгешеліктеріне кеңінен тоқталады:

«Бір жағынан үй іші – әкеге, әлеуметі – ру басыға бағынған, тапқа, жікке бөлінбеген, қазақ ішінде туып-өскен болса, екінші – татар медресесінде оқып, түрікшілік, исламшылдық рухында тәрбиеленсе, үшінші – патша саясаты шымбайға батып, отаршылдық зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің ұлы болса, төртінші – орыс зиялыларының қаймағы бұқарашыл, халықшыл болып жатқанын сезіп білсе, бесінші – батыстың, қала берсе орыс ақындарының санашылдық (идеализм), дарашылдық школынан сабақ алса, енді Мағжан қай пікірдегі ақын болып шығу керек? Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, санашыл, дарашыл ақын болып шығу керек» (150 бет), «Күшті ақын өзгелерді өзіне еріксіз еліктетеді, соңынан шәкірт ереді, әдебиет жүзінде жаңа жол (школ) ашады. Мағжан да күшті ақын, күштілігі еліктеткенінен көрінеді. Осы күнгі өлеңшілердің көбі Мағжан өлеңінің не сыртқы түріне, не ішкі мазмұнына еліктемей жаза алмайды. Кім өлең жазса, Мағжан сөзінен бірдемені алмай қоймайды… Санап, тексеріп қарасақ, Мағжанға қарсы жазып жүрген ақындарымыздың бәрі Мағжан өлеңінің даяр түрінен жазып отырғанын көресіз. Жеңіл-желпі өлеңшілер былай тұрсын, бір кезде күшті болған ақындарымыз, Мағжанға ұстаз болған ақындарымыз бұл күнде өлең жазса, баяғы шәкіртіне еліктейтін болыпты» (170 бет), «Мағжан терең ойдың ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің ақыны емес, ұлт ақыны. Ел ішінде бай-кедейдің арасындағы қиянатты, тексіздікті көрмейді. Ұлтты жалпағынан алып қарайды. Ол түрікшіл, санашыл, дарашыл, ұлтшыл, өзімшіл ақын, бұ жағынан қарасақ ол – ескі пікірлі ақын.

Жақсы жағын санасақ, ол сыршыл, толғағыш, суретші, сөз ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл, отаршылдыққа, жаугершілікке қарсы күншығысшыл ақын» (171 бет).

Қазақ әдебиеті тарихын кең көлемде қарастырған, «Мағжан-Сәкен»  атты зерттеудің авторы профессор Т.Кәкішев Мағжан мұрасына қатысты мақала туралы былай деп жазды: «Бұл шын мәніндегі сыни-эстетикалық еңбектің екі тұрғыдан, біріншіден, Мағжан ақындығының қыры мен сырын ұғынып алуға, көркемдік әлеміне қалай кіріп, қалай түсіну, ақын жанының қалтарыс-бүкпелерін қалай ұғу керектігін көрсеткен, әлі күнге дейін жалғыз мағжантануда ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеттануында асқар бел болып келе жатқанымен, екіншіден, әдебиет сынының қаншалықты биік көтерілгеніне көрсеткіш: сын тарихында белгілі бір кезең жасаған туынды екендігімен құнды. Теориялық ой-пікірлерін мөлдіреген әсем тілмен, ажарлы орамдармен жеткізуінің өзі үлкен өнер. Дұрыс айтқанына да, бұрыс айтқанына да эстетикалық дәлелдер келтіріп, көздеген мақсатына жетудің өнегелі үлгісін осы еңбектен көреміз. Осындай ерекшеліктермен күні бүгінге дейін сын жанрындағы биік шеберліктің эталоны болып келеді... Ж.Аймауытовтың мақаласы көп шындықтың бетін ашты, көркемдік түсініктің ауылы қай жақта болатындығын, оны қалың көпшілікке қалай түсіндіріп берудің жолын көрсетті» [4.223-224]. Сын мұраты мен сыншы сипаттарына терең  мән берді. Ақын ақиқатына, сыншы мұратына айқын көзқарастарын жүйелі жеткізді. Талант табиғатын танудағы ақиқат жайттар, дара дарын қолтаңбасы, талдау-саралау сипаттары айрықша мән-маңызға ие болады. Демек, «Мағжанның ақындығы туралы» атты мақала тақырыбы мен мазмұн байлығы тұрғысынан көркемдік құнары мен қуаты аса жоғары, ақындық өнер мен ондағы шеберлік пен шешендік сырлары терең, бағалау мұраты мен талдауы нақты да нанымды болып табылады.

Ж.Аймауытұлы түрлі тақырыптарда, алуан жанрларда ерен еңбек еткен. Ұлт мұратын, өмір өрнектерін, еңбек сипаттарын сенімді де серпінді, шебер де шешен сөз етеді. Халық мұрасы мен руханиятқа қатысты көзқарас-мұраларында, ұлттық сөз өнерінің түйінді тұстары туралы талғам-толғаныстарында жауапкершілік пен жанашырлық, сыншылдық пен сыршылдық көптеп кездеседі.

Ж.Аймауытұлының талант табиғатын театртанушы, профессор Б.Құндақбаев терең тебіреністерімен еске түсіреді: «Жүсіпбек Аймауытовтан қалған мұра рухани қазынаның ұзын-ырғасын оймен шолып көз жүгіртсек, оның творчествосының сан қилылығына, әдебиеттің барлық жанрларын түгел қамтитынына, көтерген мәселелерінің көптігі мен тереңдігіне, сол қисапсыз көркем дүниенің бәрін бір адам меңгеріп жазып қалдырды деуге таңданбасқа шараң жоқ. Егер ол жазықсыздан жазықсыз жапа шекпегенде ше?.. Иә, осындай дархан дарынның зорлықтың құрбаны болып, ерте қиылғаны өкінішті-ақ!» [5.5].

Негізінен алғанда, Ж.Аймауытұлының әдеби-сын еңбектері өз уақытының көкейкесті мәселелерін, ұлттық сөз өнерінің түйінді тұстарын, Абай әлемі мен оның айналасын өмір шындықтары тұрғысынан терең де байыпты саралайды. Бұл – бір. Екіншіден, Ж.Аймауытұлының әдебиетшілігі мен сыншылдық сипаттарын саралай түсетін тұстар – Абай әлеміне еркін еніп, ақындық өнердің табиғаты мен тағылымын байыпты саралап, терең талдау жүйесіне айналдыратыны айқын аңғарылады. Үшіншіден, әдеби мұра мен оны зерттеудің жай-күйін елдік мұратпен, руханият құндылықтарымен сабақтастықта жүйелі жеткізеді. Төртіншіден, Мағжан мұрасын  арғы-бергі кезеңдердегі  көрнекті корифейлердің шығармашылықтарымен байланыста сөз етіп, өзіндік өзгешеліктерін, ізденіс арналарын, көркемдік мұраттарын, тіл-стиль сипаттарын даралап та, талдап та көрсетеді. Талант табиғаты мен тағылымын кең көлемде ашады. Ақындық өнердің дара дарындарда ұшырасатын сирек құбылыс екендігін Мағжан мұрасымен, елдік мұрат-мүддемен, дәстүр, сабақтастық тұрғысынан зейінді зерделейді. Ең негізгісі, әрине Ж.Аймауытұлының әдеби-сын еңбектерінде ұлттық сөз өнері мен оның танымал тұлғаларының туындылары  терең талдау, байыпты бағалау мен жүйелі сараларға арқау болады. Асылы, ақиқатты айту, шындық сырын ашу – сын мұраты болса, Ж.Аймауытұлының сыншылдық сипаттарынан:

-   қоғам мен кезеңдік көріністер айқын аңғарылады.;

-   адам мұраты, оның өмірі мен еңбегі биік бел-белестерден көрінеді;

-   ұлт мұраты мен руханият мәселелері биік талғам, жоғары жауапкершілік тұрғыдан байыпты сараланады;

-   ақын мұраты мен ақындық өнер кеше-бүгін байланысы, жаңашылдық пен жалғастық тұрғыдан айқындалады;

-   Мағжанның ақындығы ізденіс пен ізгіліктің, көркемдік пен сұлулықтың, сыр мен сезімнің тұтастығы, шынайылық шындықтың үздік үлгісі, өрнекті өрісі ретінде бағаланады.

            Ж.Аймауытұлының әдеби-сын еңбектерінің басым бағыттары мен  оны танып, талдаудағы басты ұстанымдар, көзқарастар жиынтығы осыған келіп саяды.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. 5-том. - Алматы: Ғылым,1999. -110-290 бет

2. Қирабаев С. Жүсіпбек Аймауытов. - Алматы: Ана тілі, 1993. -182 бет

3. Тұрысбек Р. Жүсіпбек //Зерттеу//.- Алматы: Санат, 1997.-5 бет

4. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. - Алматы: Санат, 1994.-223-224 беттер

5. Құндақбаев Б. Жүсіпбек Аймауытов және театр өнері. - Кітапта: Шернияз //пьесалар жинағы//. - Алматы: Өнер, 1990. -5 бет

 

 

 

Жарық сәуле ендіретін қазаққа.

Мәңгі жылдар жасасын Алаш ордасы!

Бимұхамед Майлин

 




Ұқсас материалдар:

Көзі:
Категория: Қазақ тілі мен Әдебиет | Қосқан: Kz_ref_Mara (28.05.2010)
Көрсетілулер: 1018 | Рейтинг: 0.0/0
Барлық комментарий: 1



Имя *:
Email:
Код *:


Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Admin | Теги: сыншысы, Ж.Аймауытұлы, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, әдебиет
Просмотров: 3005 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]