Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Қасиетті түркі жері - Түркістан


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақстан тарихы]
04.02.2012, 10:12

ҚАСИЕТТІ ТҮРКІ ЖЕРІ - ТҮРКІСТАН

 

Қ.А. Шолпанқұлова., А.Р. Жүнісбекова

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

 

         ҮІІІ-ХҮІІ ғасырлар аралығында жазылған шығыс жазба деректерінің  мәліметтерінде Түркістан атауы бірнеше мәнде қолданылады. «Түркістан» атауы жазба дерек мәліметтерінде  ҮІІІ-ІХ ғасырлардан бастап кездесе бастайды да, парсы тілінде «Түркілер елі» деген мағынаны береді.

         Алғаш рет бұл атауды ҮІІ-ІХ ғасырларда араб-парсы  тарихшылары қолданды да, оған барлық түркі тілдес тайпалардың мекендеген жерін жатқызады. ІХ ғасырдағы араб географы Ибн Хордабек  «Китаб ал-масалик уа ал-мамлмк» атты еңбегінде: «Мервтен екі жол шығады, бірі Шашқа және түркі еліне, келесісі- Балх пен Тохаристанға апарады» деп жазса, оның замандасы, тарихшы, әрі географ ал-Якуби бұл ұғымды нақтылап көрсетеді.  Ол өзінің «Китаб ал-булдан» атты шығармасының бір тарауын «Түркістан» деп атап: «Барлық түркі елдері Хорасан мен және Седжестанмен шектеседі. Ал Түркістанда түркілер бірнеше елге, тайпаға бөлінеді», дей келе, түркі тайпаларының атауларын жазады.  Осылайша, Түркістан атауы ІХ –Х  ғасырлардан бастап этно-географиялық мәнге ие болады да, кең түрде қолданыла бастайды. [1. 12-б] 

         ХІ ғасырда  түркі тайпаларынан шыққан атақты ғалым Махмуд Қашқари «Диуани лұғат ат-түрік» атты кітабында бұл атауды жиі қолданады.  Кітаптың  «Түркі халықтарының мекен жайлары мен тау- теңіздері» деген тарауында М.Қашқари: «Кейбіреулер бүкіл Мауреннахрды Түркі елі деп те есептейді. Ол Янкикенттен басталады.     Қазір Түркі елінің шекарасы Абискүн /Каспи/ теңізінен айналып, Рұм елі мен Өзкенттен Шынға /Қытайға/ дейін сщзылады. Ұызындығы сегіз мың персех»,- деп баяндайды.

   Монғол шапқыншылығына дейінгі жазба деректердің мәліметтері бойынша, Түркістан- шығыста-Қытаймен, батыста-Каспий теңізінің шығыс және солтүстік жағалауларына дейінгі жерлермен, оңтүстікте-Хорасанмен шектесіп жатқан орасан зор аймақ болып  саналады. Бұны Түркістан атауының кең мағынада қолдануы деуге болады.

   Академик В.В. Бартольд түркі тілдес халықтар мен тайпалардың саяси- экономикалық және мәдени тарихына арналған көптеген зерттеу еңбектерінде Түркістан ұғымына монғол жаулауына дейінгі араб-парсы тілдерінде жазылған атауды пайдаланады. Ол да Каспий теңізінен Қытайға дейінгі жерлерді Түркістан дей келе, бұл ұғымның мәндеріне терең тоқталып өтеді. «Саяси және этнографиялық тұрғыдан қарағанда Түркістанға Каспий теңізі мен Қытай аралығындағы жерлер жатады, ал ортағасырлардағы мұсылман авторларының  терминологиясы тұрғысынан қарасақ, Түркістан Мауереннахр енбейді», деп жазады. [1. 15-б] 

         ХІҮ-ХҮІ ғасырлардағы парсы- тәжік, түркі, шағатай тілдеріндегі деректерде Түркістан ұғымы өзінің алғашқы мәніне қарағанда  бірқатар өзгеріске ұшырайды. В.В. Бартольд  көрсеткен «Түркістан»  атауындағы терминологиялық айырмашылық  ХІҮ ғасырдан бастап, саяси жағдайға да әсер етеді. Монғол шапқыншылығына дейінгі Мауереннахр атауы  Түркістан ұғымының шеңберінде айтылып келсе, ХІҮ ғасырдан бері Мауереннахр-тарихи географиялық және саяси аймақ ретінде Түркістан ұғымынан бөлектенеді. Ал, Түркістан ұғымының  географиялық аумағы анағұрлым кішірейеді. [2. 79-б.] 

         ХІҮ ғасырдың ІІ жартысы мен ХҮ ғасырдың І жартысында  өмір сүрген тарихшы Муйн ад-дин Натанзи ХІҮ ғасырдың 70-ші  жылдарында Мауереннахр мен Дешті Қыпышақта болған тарихи оқиғаларды баяндай келе, Ақсақ Темірдің Сауран, Отырар және Сығанақ қалаларын Тоқтамыс ханға сиға бергені жөнінде айтады және де ол осы еңбегінің келесі бір жерінде жоғарыда айтылған қалалардың бәрін, бір ғана Түркістан атауымен айтады. Осы кездерден бастап жазба дерек мәліметтерінде Түркістан деп нақты бір аймақ, өлке немесе уалаят айтыла батайды. «Тауарих-и гузида-йи нусрат неме» атты ХҮІ ғасыр басында  жазылған авторы белгісіз шығармада «Түркістан уалаяты» деп жазылса,  «Фатх-намада» Отырар және Сауран бір сөзбен «Түркістан» деп аталады.  Сондай-ақ, ХҮІ ғасырдың басы мен ортасына дейінгі  жазылған «Шайбани-наме», «Зубдат ал-асар», «Тарихи Абулхайрхани» секілді шығармаларда жеке иелікті, өлкені, елді Түркістан деп атайды.          «Бадай ал-вакай», «Тарихи-и рашиди» еңбектерінде Түркістан деп нақты әкімшілік-

географиялық аймақжазылады. ХҮІІ ғасыр тарихшысы Махмуд ибн Уәли «Түркістан бұрын қалалары көп, үлкен ел болған»,- деп түсіндіреді. [1.16-б.] 

         Сөйтіп, ХІҮ-ХҮІ ғасырларда Түркістан атауы Сырдария өзенінің бойындағы әкімшілік аймаққа ғана қолданылған.  Ал ХҮІІІ ғасырдың ортасынан бастап Түркістан деп Сырдария өзенінің бойындағы жеке бір қала айтыла бастайды. Бұл туралы Махмуд ибн Уәли: «казір Түркістан-Сақси қаласы,  жергідікті халық оны Иассы деп атайды»,- деп жазады.

         Жалпы, Түркістан атауының ҮІІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы  қолданылуы тарихына қарасақ, ірісаясиөзгерістерге байланысты атау өз ұғымын үнемі өзгертіп отырған. Ортағасырларда Түркістан атауының үш мәні болғанына көз жеткізуге болады. 1-ҮІІІ-ХІІ  ғасырларда түркі тілдес тайпалардың  мекендеген жалпы аймағы жатады. 2- ХІҮ-ХҮІ ғасырлардағы Сырдария өзенінің бойындағы жерлер, 3- ХҮІІІ ғасырдан бастап Сыр бойындағы Иассы қаласының жаңа атауы енген.

         Біз екінші мәнді қолданамыз. Себебі, ХҮ ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап Түркістан аймағы, яғни Сырдария өзенінің  орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлер Қазақ хандығы мен  Мауереннахр арасындағы саяси қарым- қатынастың негізгі өзекті мәселесіне айналды.

         ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы жазба деректер мәліметтері Түркістан аймағының алып жатқан жерін, шекарасын анықтауға мүмкіндік береді. К.А.Пищулина ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы жазба деректерге сүйене отырып, Түркістан деп Сырдария өзенінің орта ағысы бойын, дәлірек айтсақ,  өзеннің сол жағалауындағы кең жазық даланы айтады.

         «Түркістан аймағы оңтүстік-шығыста Шыршық және  Бадам су айрықтарындағы жазықтармен, солтүстік- шығыста Қаратаудың  таулы жоталарымен шектеседі», -деп  анықтай түседіК.А.Пищулина. Ал  археолог К.М.Байпақов Түркістан аймағына Оңтүстік Қазақстанның  едәуір бөлігін және талас аймағындағы Алатау бөктерін, Сырдарияның  орта белі мен  қаратау баурайларын  түгел қамтитын үлкен  аймақты жатқызып, К.А.Пищулинаның ойын оңтүстік-шығыс бағытта кеңейте түседі.

         ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы деректерде Түркістан аймағының шекаралары анық көрсетіледі. Түркістан аймағының  солтүстігіндегі жерлердегі Дешті Қыпшақтың оңтүстік далаларымен, оңтүстіктегі жерлерді Мауереннахрдың солтүстік иеліктерімен, шығысындағы жерлерді моғолстанның батыс иеліктерімен бірде- бір зерттеуші  шатастырмайды. Түркістан аймағының  ең оңтүстігіндегі қамалы Аркук  болып саналады,  «Аркук...  Түркістанға кіре берер жерде  орналасқан қамал», -дей келе, «Ол Түркістанның шекаралық тірек пункті, бұхара мен самарқанд жақтан Түркістан аймағына қарай жолға шыққандар ең бірінші осы қамалға келіп жетеді», -деп, ХҮІ ғасыр басында одан әрі толықтыра түседі.

         Ал Түркістан аймағының солтүстігіндегі орналасқан қалаға «Михман наме-йи Бұхара» авторы  сығанақ қаласын жатқызады. Ол: «Сығанақ солтүстікке қарай Сейхунға қарама- қарсы биік төбе жатыр. Жұрттың айтуынша бұл биік төбе Түркістанның ең шеткі және өзбектер /қазақтар/ иелігігің басталар жері», - деп түсіндіреді. Сондай-ақ «Иассы, Сауран және тағы басқа қалаларды», ибн Рузбехан «Түркістанның шығысындағы қамалдар», -деп баяндайды.

         Аймақтың оңтүстік –батыс  бағыттағы шекарасы ұзыннан-ұзақ Сырдариямен қатар созылып жатқан Қызылқұм құмдарымен шектеледі. Бұл құмды өңір аймақты оңтүстік бағытта Мауереннахр  және Хорезм жерлерінен бөліп тұрады. [1. 18-б.] 

         Сонымен, монғол жаулауы мен одан кейінгі ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы Дешті Қыпшақ пен Мауререннахда болған саяси өзгерістер Сырдария өзенінің  орта ағысы бойы ерекше аймаққа айналдырды да, оған Түркістан атауы берілді. ХІІІ-ғасырдың соңы мен ХІҮ ғасырдың басында бұл аймақ Ақ Орданың  саяси орталығына айналып, Дешті Қыпшақтың өзге  аймақтарымен салыстырғанда экономикалық, сауда- айырбас, мәдени даму тұрғысынан алғанда анағұрлым жоғары болды. Сол себепті де ХІҮ-ХҮІ ғасырлардағы авторлар Түркістан аймағын  жеке ел деп те, өлке деп те, уалаят деп те атай берген.

         ХІҮ-ХҮІ ғасырларда Түркістан аймағының гүлденуіне оның қолайлы географиялық орында  орналасуы күшті әсер етті. Географиялық тұрғыдан аймақ  территориясы көшпелі және отырықшы мәдениеттердің ортасында орналасып, өзінің дамуымен қатар, көшпелі және отырықшы шаруашылықтардың  саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, этникалық қарым- қатынастарда дәнекерлік, байланыстырушы роль атқарды.

         Түркістан аймағында егіншілік- отырықшылдықтың және қалалар мен қоныстардың қалыптасып дамуына, жалпы аймақтың гүлденуіне аймақты Сырдария өзенінің қақ жарып ағып өтуі де ықпал етті.  Түркістан аймағын қолайлы географиялық жерде орналасуы, өзен-бұлақтардың көптігі және қалалардың жиілігі аймақтың атын әлемге танытты. Қалалардың көптігіне қарай бұл  аймақты «қалалар өлкесі» деуге де болады. Бұл жөнінде ибн Рузбехан «Түркістан- Сейхун өзенінің бойында орналасқан 30 қала- қамалдан тұрады»,- деп жазады. Түркістан қалалары ішінде ең ірілері және жазба деректерде жиі кездесетінтдері: Сығанақ, Саран, Яссы, Отырар, Сайрам, Аркук, Үзгенд қалалары болды. [2. 81-б.] 

         Ұлы Жібек  жолының ортағасырлық  Қазақстандағы жолдары мен тарамдары туралы еңбек жазған Қ.Байпақов: «ҮІ-ҮІІ ғасырларда Жібек жолының  негізгі бағыты Сирия-Иран-Орта Азия арқылы жүріп келіп, Қазақстанда, Оңтүстік Қазақстан-Талас алабы- Шу алабы-Ыстық көл арқылы өтеді де, одан әрі Түркістанға жетеді. Бұл жолмен қатарлас Қазақстан арқылы өтетін екінші жол пайдаланылған. Визаниядан Дербент арқылы өтіп, каспий жағалауын- маңғыстауды- Арал жағалауын- Оңтүстік қазақстанды көктей өтіп, Талас- Шу  бағытына келіп жалғасады, Бұл жол ІХ-ХІІ ғасырларда маңызын жоғалтқанмен, ХІІІ-ХІҮ ғасырларда қайта жанданды», - деп жазады. [6. 7-б.] 

         Түркістан аймағы арқылы өтетін  халықаралық және жергілікті маңызы бар  сауда жолдарының тармақтары мен бағыттарын қалпына келтіре отыра,  аймақтың осы ғасырдағы ролін  көруге болады.  Халықаралық сауда қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі  ретінде аймақ саяси- экономикалық, мәдени жағынан дамиды.  Аймақтық саяси- әкімшілік экономикалық ортасына орай  қалыптасқан сауда- айырбас орталығы болуы да оны Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдағы ең ірі көркейген  аймақтың біріне айналдырды. Ибн Рузбехан жазған: «Түркістан- әлемдегі ең бір жақсы гүлденген аймақ»,- деген сөзі ХІҮ-ХҮ ғасырларға сай келеді. [1. 21-б.]  

         Түркістан –  ұзақ уақыт бойы Орта және Орталық  Азияның негізінен түрік халықтары мекендеген аймақтарды анықтау үшін қолданылды. Ол халықтарының көшпелі өмір кешуіне ғана емес, көбіне-көп саяси жағдайларға байланысты өзгеріп отарды.

         Түркістан Оралдан Алтайға, Каспйден Қытайға дейін, оңтүстікте Иран мен Ауғанстаннан Томск мен Тобылға дейінгі аралықты алып жатты. Ол Батыс (немесе орыс) және Шығыс (немесе Қытай) бөліктерге бөлінді. Батыс бөлікке Россияның Орта Азиядағы иеліктері мен Қазақстанның оңтүстігі, Шығыс  бөлікке – Қытайдың Шынжаң провинциясы және Ауғанстанның солтүстік  аймағы қарады. 1865 ж орыс Түркістаны жерінде Түркістан облысы  1867 ж құрамында Жетісу (1882 жылға дейін) және Сырдария облыстары бар Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. 1886 ж. генерал-губернаторлық ресми түрде Түркістан өлкесі аталып, 1898 жылдан оның құрамына Закаспий, Самарқан, Жетісу, Сырдария және Ферғана облыстары қарады. Орыс салдары – Хиуа хандығы мен Бұхар хандығы болды. Ұлы Окт  соц  ревалюциясынан кейін орыс Түркістанның территориясында Түркістан Автономиялы Советтік Социялистік Республикасы (1918), Бұқар Халықтық Совет Республикасы мен  Хорезм Халықтық Совет Республикасы (1920) құрылды. 1924-25 ж. Орта Азөия советтік Республикаларының ұлттық мемлекет жағынан межеленіп бөлінуі нәтижесінде Өзб,  ССР-і, Түрікм. ССР-і, Тәж. АССР-і (1929 жылдан Тәж ССР-і) Қарақалпақ  АО (1932 жылдан Қарақалпақ АССР-і) құрылды. Т-ның солт. бөлігі Қаз. ССР-інің құрамына кірді. Осы кезде Т-ның орнына Орта Азия атауы пайда болды. [3. 256-б.]  

         Түріктердің автохондық отаны Орталық Азия. Осы кең байтақ жағрафиялық  Орталықта  жоғарыда айтқандай  өзінің дамуы бойынша  әртүрлі сатыда тұрған  тайпалар, халықтар жасап, өмірдің эволюциялық даму заңдылығы  бойынша өзара  келіспеушіліктер болғанымен, оларды бейбітшілік жолмен шешіп отыруларының арқасында   түріктердің этникалық құрамы өзгеріп отырған.  Түріктер жер бетінде жоғары дамыған  халықтардың бірі екенін  тарихта талай рет дәлелдеген.  ХХ ғасырдағы бір туар ақындардың бірі Мағжан Жұмабаевтың  «Түркістан» атты  шығармасында:

                            «Түркістан- екі дүние есігі ғой,

                              Түркістан- ер түріктің бесігі ғой.

                              Тамаша Түркістандай жерде туған

                              Түріктің тәңір берген несібі ғой».

-  деп жалпы түркілердің ежелгі отаны  Тұран екендігін, оны мекендеген түркілердің ешбір халықтан кем еместігін  ашық айтқан.  

 

 

Әдебиеттер.

1. Б. Керімбай. Түркістан және Қазақ хандығы.  Алматы, 1994.

2.  К.Р. Аманжолов Түркі халықтарының тарихы. Алматы, «Білім», 2002.

3. Б.Қ.Албани. Тарихи таным. Алматы, «Ататек», 1994.

4. Л. Гумилев. Көне түріктер. Алматы, «Білім», 1994.

5. Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер. Халықаралық ғылыми- теориялық конференцияның материалдары. Алматы, «Ғылым», 2001.

6. К. Байпақов. А. Нұржанов. Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан. Алматы, «Қазақстан». 1992.

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Admin | Теги: ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ, Қасиетті, түркі, жері, Түркістан
Просмотров: 6001 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]