Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Ғұндардың саяси-мемлекеттік құрылысы
[ Скачать с сервера (35.0 Kb) ]

Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақстан тарихы]
22.04.2015, 15:11

Мазмұны

 

  Кіріспе………………………………………………………………………2

  Ғұн мемлекетінің этникалық және саяси тарихы……….......................3-4

  Ғұндардың шаруашылығы…………………………………………….....4-6

  Азиядағы хундар құрған мемлекет……………………………………7-10

  Ұлы қоныс аудару…………………………………………………….10-11

  Қорытынды……………………………………………………………….12

  Пайдаланған әдебиеттер тізімі…………………………………………13

 

Кіріспе

Тарихта ғұндар аты кеңінен белгілі. Осынау жоғалып кеткен халық аты — жаугерліктің, қаталдық пен тағылықтық бейнесіндей көрінеді. Аттила (Еділ) бастаған ғұндар Еуропа елдеріне жортып-жорық жасап, оларды құлазытып кетеді, олар халықтардың ұлы қоныс аударуын бастайды. Мұның бәрі Еуропа тарихынан таныс оқиғалар. Ал б.з. дейінгі дәуірдің соңғы ғасырлары мен б.з. алғашқы ғасырларында Орта Азияны, оның ішінде Қазақстан жерін мекендеген азиялық ғұндар тайпалары онша мәлім емес. Тарихи әдебиетте олар «хунну» немесе «сюнну» деген атпен белгілі.

Деректерде ғұндар (хунну) мен қаңлылардың өзара қарым-қатынас жасағаны жайлы мәліметтер сақталған.

Б.з.б. I мың жылдықтың екiншi жартысынан бастап Байкалдан Оңтүстiкке және Ордосқа дейiн созылып жатқан дала және шөлейт аудандарда қарабайыр мал шаруашылығымен шұғылданған, этникалық жағынан әр түрлi тайпалар көшiп жүрдi. Солардың басты бiр тобы б.з.б. IV-III ғасырларда Солтүстiк Қытайдың шекарасына дейiнгi жердi мекендеген тайпалық екi одақ Сюнну және Дунху бiрлестiктерi едi.

Сюннулар (хунну немесе ғұндар деп аталады), әсiресе, б.з.б. III ғасырда мейлiнше күшейдi. Тайпалардың бұл тобының аты қайдан шыққаны белгiсiз. "Ғұн" деген атаудың өзi кейiнiрек сюнну (хунну) деген аттан шыққан деп болжам жасалынды. Енді осы ғұн мемлекетінің тарихына үңілсек.

 

Ғұн мемлекетінің этникалық және саяси тарихы.

Б. з. б. I мыңжылдықта казіргі Моңғолияның оңтүстігіндегі Ордостан Каспий өңіріне дейінгі Орталық Азияның ұлан-байтақ кеңістігін тегі мен этникалық құрамы жөнінен әр түрлі тайпалар мекендеген.

Шаруашылықтың біртіндеп дамуы, тұрмыстың біршама ортақтығы, эт-никалық жақындық, саяси тәртіп факторы Орталық Азияда ертедегі таптық ірі бірлестіктердің құрылуына әкеп соқты. Олардың уакыты жағынан алғашқылары сюнну (ғұндар) болды. Б. з. б. III ғасырдың аяғында кытай деректемелерінде пайда болған сюнну (ғұн) атауы тегі әр түрлі тайпаларды біріктірген және Тынык мұхит пен Солтүстік Қытайдан Алтай мен Жеті-суға дейінгі аумақта, ал кейіннен одан әрі батысқа да ара-тұра таралып отырған саяси құрылымға катысты болды.

            Ғұндар проблемасы - қазақ тарихшыларының алдындағы басты проблеманың бірі. Өйткені ғұн тайпаларының басқа жерлердегі тайпалармен араласуына қарағанда, олардың Қазақстанда орын тебуі және үйсін, қаңлы тайпаларымен араласуы олармен іргелес өмір сүруі басым болған. Олардың арасында болған байланыстың арақатынасы бір-біріне тигізген саяси, экономикалық, мәдени және антропологиялық жағынан тигізген әсерлері жеткілікті зерттелуі тиіс.

          Ғұндардың этникалық шығу тегі, тілі осы күнге дейін дәлелденбей отыр. Қытай деректері өздерінің солтүстігін мекендеген тайпаларды сюннюлар (солтүстіктегілер) және дунхулар деп атаған. Осы сюнну сөзі тайпаның атына арналған тәрізді, ол кейіннен хунға немесе ғұнға айналып отыр. Қытайлардың басқа бір жылнамаларында өздерінің терістігіндегі көрші

түркі тілдес тайпаларды да (далалықтар) деп те атаған. Бұл хабарға қарағанда ғұндардың түркі тілдес болғандығына ешбір күмән келтіруге болмайтын сияқты. Ал сюнн, хуни деген сөздердің қытайша әр түрлі мағыналары бар. Олар әлі де болса ғылыми жүйелі зерттеуді қажет етеді.

          Ғұндардың этникалық тегi туралы мәселе әлi анықталып болған жоқ. Зерттеушiлердiң көпшiлiгi оларды түрiктердiң арғы аталары деп болжайды. Ғұндардың құдiретi тасып тұрған кезде, олардың бiрлестiгiне басқа бiрнеше тайпалар қосылған, сондықтан "Ғұн" атауы этникалық болудан гөрi саяси одақ атауына қарай айналыңқыраған. Зерттеушілердің басым көпшілігінің пікіріне үңілсек, ғұндар түріктердің арғы ата-бабалары олардың Қазақстан жеріне келіп кіруіне байланысты, шығыс иранның қаңлы тайпаларының түріктенуі басталады. Б. з. I мыңжылдығының бірінші жартысынан Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан тайпаларының антропологиялық тұрпаты өзгереді де, моңғол тұрпаттылар пайда бола бастайды.

       Ғұн тайпаларының бiр одаққа бiрiгуiне негiзгi себеп қытайлықтардың бұларға қарсы төрт ғасырға созылған кескiлескен соғысы деу керек. Хань империясы кезiнде қытайлықтар ғұндарды талай рет басып алмақшы болады, бiрақ ғұндар iргелес тайпалармен бiрiгiп, қытайлықтардың шабуылдарына батыл тойтарыс берiп отырады. Бастапқы кезде Солтүстік Қытайда, Моңғолияда, Байкал өңірінде қоныстанған. Ежелгі Қытай жылнамаларында ғұндар “гуй фаң”, “гун руң”, “хун ю”, “шиан ю”, ”шиұң ну” секілді атаулармен берілген.      Б.з.б. 3 ғ-дың соңына қарай  Ғұндар бірігіп әскер түзеп, өздерінің мемлекетін құрды.Ғұндар 24 руға бөлінген, оларды бектер биледі. Әрбір рудың көшіп жүретін өз жері болды. Жоғары билеушісі “тәңірқұт” лауазымын иемденген.

         Қытай деректерінде ғұндардың жоғары билеушісі “шаньюй” деп аталады.  Одан кейін түменбасылар болды. Патриархалды-рулық қарым-қатынастардың белгілері өте күшті болған. Олардың басында ағамандар тұрған. Ағамандар кеңесі мен халық жиналысы жұмыс істеген. Әскери тұтқындардан құралған құлдар да болған. Ғұндар қоғамында мал мен жерге жеке меншіктің пайда болуы, тұрпайы бюрократтық аппараттың құрылуы, алым-салық, жазу-сызудың болуы таптық қоғам мен мемлекеттің пайда болуын туғызды.

          Ғұндардың шаруашылығы.

Ғұндардың өмір-тіршілігінде мал өсіру, әсіресе, жылқы өсіру басты рөл атқарған. Жылқы болмаса, көшпелі мал шаруашылығының өзі өмір сүре алмас еді, әскери жортуыл – жорықтарда ат әскердің өзін ғана алып жүрмей, оларды аспен де қамтамасыз етіп отырған. Ғұндардың аттарының көпшілігінің шоқтығы аласа, жатаған, дене бітімі тығыз да дөкірлеу, басы үлкен болып келеді. Олар жүріске төзімді жарлауыт тау қыраттарына      емін-еркін шығып, өзен-сулардан қиналмай өте беретін болған. «Тау жоталарына шығып, олардан түсерде, тау өзендерінен көктей өтіп, олардан шығарда Кіндік патшалықтың аттары сюннулар аттарына ілесе алмай қалады,» - деп жазған Қытай бекзаты Час Ко.

       Ғұндардың қойы да көшпелілердің күллі қажетіне жараған.

       Ғұндар шаруашылығының жүйесін алғашқы қауымдық немесе экстенсивті (марғау) мал шаруашылығы деп атауға болады. Оларда отырықшылық пен егіншілік те болған. Деректерде « терістік жерлерінде ызғар ерте түседі, бірақ тары себу қанша қолайсыз болғанымен, ғұн жеріндегілер оны сеуіп отырады,» - деп хабарлайды.

       Ғұндар өмірінде аңшылық та үлкен орын алған. Бұл жөнінде деректерде: «Балалардың қойға мініп, садақ тартып, құстар мен тышқандарды атуына болады; біраз өскеннен кейін олар түлкі мен қоянды атып алып, олардың етімен ауқаттанады...Олардың әдет-ғұрыптары бойынша тыныш кездері малын жайып келе жатып, жолай аң мен құстарды атып тіршілік қажетіне жаратады,» - деп жазады.

     Сыма Цянь былай деп жазады: «Қытайдың солтүстігінің сырт жағын мекендей жүріп, олар өздерінің малымен бір жайылымнан екінші жайылымға көшеді. Үй малынан жылқы, ірі қара және қой-ешкі өсіреді; біразы түйе, есек ұстайды. Шөптің калың, судың мол болуына карай бір жерден екінші жерге көшіп жүреді... Шонжарларынан бастап бәрі де үй малының етімен тамақтанады, олардың терісін киім қылады, жүн мен аң терісін жамылады». Ғұндардың өмірінде жылқы ерекше маңызды рөл атқарды. Ал қойдың етін, терісін, жүнін пайдаланды. Қой терісі мен жүннен киім, аяқкиім жасады, жүннен киіз басылды.

Малының бәрі дерлік бүкіл жыл бойына жайып бағылды. Сондықтан жазда қуаңшылық немесе қыста көктайғақ болуы, мал індеті үлкен апатқа ұшыратып отырды. Деректемелер мұны да жиі көрсетеді.

Қытай әскерлерінің ғұндарға жорықтары суреттемелерінде келтірілген жанама деректерге қарап, халыктың жан басына шаққандағы орташа мал санын аныктауға әрекет етуге болады. Мәселен, б. з. б. 72 жылы келтірілген ең толық мәліметтер бойынша, әскербасылар ездерінің реляцияларында

былай деп хабарлаған: 700 тұтқын мен 10 мың бас мал қолға түсірілді - 15 : 1;

100 тұткын мен 2 мың. бас мал — 20 : 1; 300 және 7 мың — 29 : 1; 19 және 100 - 5 : 1; 1900 және 70 мың - 35 : 1; 39 және 700 мың - 18 : 1. Сонымен, орта есеппен халықтың жан басына шаққанда 19 малдан келеді. Қарапайым мал шаруашылығы жағдайында мұндай арақатынас оңтайлы болатын.

Байкал сыртындағы Нижнс-Иволгинск қала жұртын казған кезде еденді сылаған балшық арасынан туралған сабан шықты. Нақ осы жерден қысқы жартылай жертөлелердің жұрты табылды, олар қандар жүйесімеи жылытылған. Тары дәндері, шойын түрендер, темір орақ, тас дәнүккіштер және астық сақтайтын ұралар шықты. Адам жерленген ағаш кималар да ғұндарда отырықшылық болғанын дәлелдейді.

         Ғұндардың дәнді дақылдың ішінде тарыны көп өсірген. Кен қазып, металл қорытқан. Қолөнері мен бейнелеу өнері жоғары деңгейде болған. Зергерлік өнердегі полихром стилін дүниеге әкелген. Ат сайыс ойындарының негізін салған. Көк тәңіріне табынып, ата-баба рухына сиынған.

Қабірлерде керамика — құмыралар, көзелер, саптыаяқтар аз емес, олар қолдан жапсырып және құмырашы ұршықшасында дайындалған, мұның өзі қыш-құмырашылықтың дамығанын дәлелдейді. Басқа жақтан әкелінген заттар, жібек маталар, айналар, көз салған әшекейлер кездеседі.

Ғұндарда малға әулеттік және жеке меншіктік болғаны туралы мәліметтер бар. Мәселен, Сыма Цянь ғұн князьдарының хань елшісі Су Уға екі рет жылқы үйірі мен қой отарын тарту еткенін және сыйлық ретінде мал бергенін айтады.

Азиядағы хундар құрған мемлекет.

   «Сүй патшалығының тарихы» деген кітаптың «Жағрапиялық

дерек» деген бөлімінде былай делінген: «Бесбалық құмды аймағының        терістігі — алдыңғы хань патшалығы тұсында (б. з. б. 223—206 жылдарда) үйсіндердің дунхудағы жері, соңғы хань патшалығы тұсында (б. з. б. 225—220 жылдары) хундардың ордасы тұрған жер. Ордадағы (хундардың, әскери лагері мен әскери басшы ставкасы осылай аталған) үйсіндер басшысы хундардан шекаралық аймақты босатуды талап етті. Соғыстан қауіптенген ақсақалдар хундардың көсемі Мөдеге дунхуларға жерді беру туралы кеңес айтты. Бұған Мөде: «Жер — мемлекеттің негізі, оны беруге бола ма, сірә?»— деп қатты ашуланды. Сонан соң атына мінді де, соңынан ермегендердің бастарын алуды бұйырып, шығысқа қарай жылжиды. Дунхуларға тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды талқандады, басшысын өлтірді, адамдарын және малдарын өзіне қосып алды». Хун тәңірқұтының алғашқы қадамын Сыма Цянь осылай жеткізеді.

Б. з. б. 202 жылы Қытайда азамат соғысы аяқталды. Ел басына Хань династиясы келді. Оның негізін қалаушы Лю-Бан (император Гао-ди) мемлекет шекарасын қауіпсіздендіруге тырысып, 202    жылдың қысында хундарға қарсы әскер шығара бастады. Бірінші қақтығыстан соң-ақ Мөде кейін шегінді, ал олардың соңынан жүріп отырған Хань әскері өзінің негізгі күшінен бөлініп, көз жазып қалды. Әскерімен бірге императордың өзі де бар еді. Мұны байқаған Хундар шегіністі бірден тоқтатып, төрт атты корпусымен императорды Байдан тауының маңында қоршауға алды. «Жеті күн бойы таудағы және одан сырттағы Хань әскерлері бір-біріне азық-түлік кемегін де, әскери көмек те бере алмады»— деп жазады тарихшы Сыма Цянь.— Батыстағы сюннулар атты әскері — ақ аттарға, ал шығыс беттегілер — тұмсығында ақ дағы бар сұр аттарға, солтүстіктегілер — қара тұмсықтыларға, ал оңтүстік жақтағылар — жирен аттарға мінген».

Императорға хундармен туыстыққа негізделген бейбіт келісім шартын жасауға уәде беруден басқа жол қалмады, яғни Мөдеге император үйіндегі ханшайымды беруге тура келді. Бірақ император өз уәдесін хундардың дүркін-дүркін шапқыншылығынан кейін ғана орындады, ханшамен бірге жыл сайын сыйлық беріп отыруға міндетті болды. Ол сыйлықтар — жібек маталар, шарап, күріш, әшекей бұйымдар еді. Шындығына келгенде бұл салықтар көзбояушылық еді. Хундар мен Хань арасындағы бейбіт қатынас б. з. б. 166—163 жылдарға дейін созылды. Бұдан соң, туыстық пен бейбітшілік туралы шарт қайтадан басталып, жаңарып отырды.

Мөде мен оның мұрагерлері, дәлірек айтқанда, тәңірқұт Лаошань ең қатал соғысты ұлы жүздермен (юэчжилермен) жүргізуге тура келді        (б. з. б. 177—176 жылдары). Күрес ширек ғасырға созылды және біздің заманымыздан бұрынғы 174—167 жылдары хундар үйсіндермен одақтас болудың нәтижесінде катты шиеленіскен соғыста жеңіске жетті. Юэчилер көсемі ұрыста қаза тауып, оның бас сүйегінен тәңірқұт Лаошань ішімдік ішетін сүйек тостаған жасатады. Бұл жөнінде қытайдың жазба дерегінде: «Хундардын, тәңірқұты Аслан (Лауошань) ұлы жүздер тайпасының ханын өлтіріп, оның бас сүйегінен шарап ішетін ыдыс жасатқан. Алғашында ұлы жүз тайпалары Дун Хуан мен Жылан тауы арасында болатын, енді хундардан жеңіліп, алыстағы өңірлерге карай ауып кеткен. Ұлы жүздер (юэчжилер) хундардан жеңілген соң, Ферғанадан өтіп, Бактрияға шабуыл жасап, оларды бағындырып, өз ордаларын кұрған» делінген. Осылайша бұл жолғы шабуылдар    арқылы хундар мен үйсін тайпалары    ұлы жүздің қоныстарын    тартып алып, оларды өз боданына айналдырған.

Хун империясының кұрылуымен және ұзаққа созылған хун — юэчжи (ұлы жүз) соғысының аяқталуымен кең далада бейбітшілік орнады. Б. з. б. II ғасыр хундардың көшпелі шаруашылығының өркендеген уақыты болды.

Біздің заманымызға дейінгі 119 жылы орасан мол кытай армиясы Тәңіркұтының ставкасын басып алып, 90 мыңға жуық хундарды қырып салды, қытайлықтардың өздері де үлкен шығынға ұшырады.

Сонымен бірге Қытай әскерлері Батысқа, Орта Азия бағытына жылжи бастады, ол жерде біздің заманымыздан бұрынғы 101 жылы Ферғана калалары тоналып, хундар Шығыс Түркістан алқаптарынан бөлініп қалған еді. Б. з. б. 99—97 жылдары ханьдықтар (қытайлар) хундарға қарсы тағы ірі екі шабуыл жасады. Жетпіс мыңдай қытай армиясы қолбасшы Ли Гуанлидің басшылығымен хун жеріне басып кірді. Бірақ бұл жолы қытайлар өз күштерімен хундарды жеңе алмады, тек 20 жылдан соң ғана оларды басқа көшпелі халықтардың батыстағы үйсіндердің, шығыстағы ухуан (дунху) және солтүстіктегі Енисей динмендіктерінің көмегімен жеңіске жетті. Жан-жақтан жау анталаған ауыр соғыста хундар көп қырғынға ұшырады. Хундардың саяси дағдарысы басталды.

          Б. з. б. 56 жылы оңтүстік хундар тәңірқұты Хуханьенің басшылығымен шапқыншылықтан бас тартады да, қытаймен бейбіт қатынастар орнатады, ал қытайлар олардың тынышталуы үшін бәрін істеді, сөйтіп 50 жылдай уақыт бойы хун— қытай шекарасында қақтығыс болған жоқ. Солтүстік хундар тәңірқұты Чжичжидің басшылығымен Орта Азияға кетіп, одақтас қаңлы мемлекетіне өтті, бірақ бұл жерде хундар қытайдың экспедициялық корпусына тап болып, талқандалады.

Біздің заманымыздың 48 жылы хундар солтүстік және оңтустік болып    екіге бөлінді. Оңтүстік   хундардың тағдыры    негізінен Хань    империясына тәуелді    болды. Солтүстік хундар — Енисей (ежелгі қырғыз) тайпаларынан, әсіресе дуньху — үйсін ұрпақтарынан, сәнби—Манчжуриядан   айырыла бастады.   Хундардың   ставкалары  Батыс  Моңғолияға,    солтүстік-батыс Сібірге, Шығыс Түркістанға ығыса отырып, біздің заманымыздың II ғасырының бірінші жартысында хун тайпаларының миграциясы әуелі Қазақстанның шығысына — Тарбағатайға және Жетісуға карай ығысты. Осы кезде хундар өздерінің 5 ғасырдай өмір сүрген Юэбан мемлекетін құрды, ол мемлекеттің ордасы Балқаш көлінің солтүстігінде орналасты. Ал кейін хундар Батыс Сібір угор тайлаларымен бірге Орал, Каспий,    Еділ маңындағы жерлерге қоныс аударды.

Ұлы қоныс аудару

 Ғұндардың қоныс аударуының екінші толқыны б. з. 93 жылы басталады. Олар бірқатар тайпаларды бағындырып, екіншілерін соңынан ертіп, Сырдария бойы мен Арал өңіріне, Орталық және Батыс Қазақстан

аймақтарына барып енеді. Б. з. ІV-ғасырында олар Европадан бой көрсетеді.

Ғұндардың аландарды талқандауы, 4 ғ-дың 2-жартысында Еділ — Жайық өңіріндегі ғұндар Қара теңіздің солтүстік жағалауын жаулап алып, сарматтарды бағындырған кезде аландар ғана табан тіресе қарсылық көрсетті. Бірақ ғұндар 370 — 72 ж. аландарға ойсырата соққы беріп, жеңіске жетті. Аландардың бір бөлігі ғұндарға бағынғанымен, бір бөлігі Рим империясының жеріне өтіп кетті. Сондықтан олар кейіннен Батыс Рим империясына қызмет етуге мәжбүр болды. Батыс Рим императоры Грациан өзінің әскери жасақтарын осы аландардан құраған. Батыс Римге қызмет еткен аландардың басшысы Сангибан 451 ж. Аттилаға қарсы соғысудан сескеніп, оған өз еркімен берілмекші болды. Дегенмен, Сангибан Рим императорының ықпалынан шыға алмай, өз әскерімен Каталаун шайқасына қатысты. “Каталаун қырғыны” атанған осы шайқаста аландардың әскери күші толығымен талқандалды.

375 ж. остгот, герул, генид тайпаларын бағындырып, Қап тауына жорық жасады. Ғұндардың қап тауына жорығы — 4 ғ-дың соңына қарай ғұндардың Кіші Азияны бағындыру мақсатында жасаған әскери жорығы. Ғұндар Қара теңіздің солтүстік жағалауын жаулап алғаннан кейін Кіші Азияға бет бұрды. 395 ж. ғұндар Қап (Кавказ) тауынан өтіп, Кіші Азияға басып кірді. 397 жылға дейін Сирияны, Каппадокияны, Месопатамияны бағындырды. Ол өңірдегі халықтардың ішінде Шығыс Рим империясының қол астына қараған парттар ғана ғұндарға бағынбай қалды. Осылайша Кіші Азияға түркі тілдес халықтың енуі ғұндардан бастау алды.

Ғұндардың Батысқа жорығы “Халықтардың ұлы қоныс аударуына” түрткі болды. Ғұндар Еуропада өз империясын құрды ол Батыс Ғұн империясы деп аталды.

Қорытынды

Бүгінгі таңда қазақ және өзге де түркі елдері алдында өзекті мәселелердің бірі ретінде тұрған руникалық түркі жазба ескерткіштері өзін зерттеуді тек көне тарих жазылып қалдырған кезеңнен емес, бастауын сонау ғұн, сақ мәдениетінен іздеуді меңзейді.

Қорытып айтқанда, ежелгі замандағы ғұндар батысқа қоныс аударудан бұрын ежелгі қазақ тайпаларымен тығыз байланыста  болған. Олар бір мезгіл үйсін, қаңлы, тағы басқа тайпаларды билеген. Солтүстік ғұндар батысқа қоныс аударғанда үйсін, қаңлы, алан жерлеріне келіп, одан соң шығыс Европаға қарай ауған. Осы кезде ғұндардың бір бөлігі осы өңірлерде қалып, үйсін, қаңлы, алан ұлыстарымен тоғысып, оларға сіңісіп   кеткен.        Үйсіндер алғашқы кезде ғұндарға бағынды, кейін келе ғұндардың бір бөлігі үйсін, қаңлы, аландарға қосылып кетті. Ал қаңлылардың кейде үйсіндерді, кейде аландарды өз қол астына қаратқан кездері де болды. Бұл ұлыстар арасында айырбас сауда жүріп жатты. Бұл қарым-қатынастар оларды бір-біріне жақындата берді. Сонымен қатар, бұл ұлыстардың өз заманындағы экономикалық өмірі, даму дәрежесі деңгейлес еді.

 5-ғасырда Еділ мен Днепр аралығындағы ғұн одағы ыдырағаннан кейін, бұлардың бір бөлігі қайта толқып, қазақ даласына келіп, олардың кейінгі ұрпақтары оғыз, қыпшақ, қарлұқ атанып кеткен. Бұл тайпалардың  бір бөлігі қазақ халқының құрамына қосылып, қазақ халқын қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Сол себепті ежелгі ғұндарды қазақ халқын құраған қайнардың бірі деуге болады.

 

Пайдаланған  әдебиеттер тізімі

  1. Көне тарих  103-108 б.
  2. Түркістан халық энциклопедиясы  Алматы 2000ж  268-270 б.
  3. «Ұлы дала тарихы». Маданов М. Алма-Ата, 1997 ж. 36-37 бб.
  4.  «Қазақтың қысқаша тарихы» Нығмет Мыңжани. Алматы: Жалын, 1994 ж. 157-173-бб.
  5.  Әлкей Марғұлан. «Тамғалы тас жазуы», «Жұлдыз» журналы. Алматы 1988 ж. № 1
  6.  «Қазақстанның көне тарихы» Мұратхан Қани Алматы: Жалын, 1993.
  7. Қожабекұлы Б.А. Тарихи таным: Ежелгі халықтар, тайпалар, рулар, жер жұтқан қалалар.-А.,1994
  8. Нысанбаев Ә.Ж. Ежелгі Қазақстан: Арийлер, Сақтар, Ғұндар.-А.,2004.
  9. Ирмуханов Б.Б. Этническая история древнего Казахстана.-Алматы,1998.
Категория: Қазақстан тарихы
Просмотров: 13756 | Загрузок: 109 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]