Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Сәтбаев Қаныш (1899-1964)


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақстан тарихы]
02.02.2012, 22:39
Сәтбаев Қаныш
(1899-1964)


Сәтбаев Қаныш Имантайұлы (1899-1964) – Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы, қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырушылардың бірі әрі тұңғыш президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі, Тәжікстан Ғылым академиясының құрметті мүшесі, қоғам қайраткері, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне қолдау білдірген.
1920-1941 жылдары Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған. 1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған. 1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған. 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.

1947 жылы Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті. Осы бірауыз сөзден ғалымның дене бітімі ғана емес, жан-дүниесінің, халқын сүйген жүрегінің де ірі екенін байқауға болады.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстанның минералды ресурстарына арналған. Жезқазған кенін зерттеу және Орталық Қазақстанның (Сарыарқаның) металлогендік және болжам картасын жасауда көп еңбек сіңірген. Ол ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізген. 1926-1929 жылдары кені мардымсыз өңір болып саналған Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі өте зор болды. Бұрынғы геологиялық деректерге терең талдау жасап, бұл кен ауданының кең көлемдегі геологиялық-барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі нысан екенін дәлелдеген. Минералдық шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай және басқа да аймақтарды ерекше назар аударып зерттеген. 1927-1928 жылдары – Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір алабы және Қаратау полиметалл кендері жөнінде ғылыми маңызды еңбектер жариялаған. 1929 жылы Атасу темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара металлургия өнеркәсібін дамыту туралы мәселе көтерген. Жезқазған – Ұлытау ауданында мыстан басқа темір, марганец, көмір, қорғасын кендерін ашып, барлау нәтижесінде маңызды геологиялық қорытындылар жасаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында танк бронын құюға қажет марганец тапшылығы туған кезде Сәтбаевтың жетекшілік етуімен өте қысқа мерзімде Жезді марганец кені барланып, іске қосылған.
Академиктің қолдауымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылған. Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырып, ондағы бөлімдерді, оған қарайтын институттарды, зертханаларды, секторларды, базаларды дұрыс жоспарлаған. Ғылыми кадрлар дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелерін халық шаруашылығының мүддесіне бағыттап, шаруашылық және мәдени құрылыстың басты мәселелерін шешуге белсене қатысқан. Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат қорларын – Кенді Алтайды, Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған – Ұлытау өңірлеріндегі темір, марганец, т.б. көптеген кен орындарын игеру Сәтбаев есімімен тығыз байланысты.
Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Жезқазған – Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындаған. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.
Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп және көптеген ғалымның ескерткіштері бар. Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, бір қала мен ғаламшарға, еліміздің ең ірі техникалық оқу орны Қазақ ұлттық техникалық университетіне берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар (Жетісу) Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған.
4 мәрте Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том

Сәтбаев Қаныш Имантайұлы (1899-1964) – аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұнғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Туған жері – бұрынғы Семей губерниясының Павлодар үйезіндегі Аққелін болысы (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы).
Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қ.Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеологиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да, мәдениет саласында да, тарихта да қалдырған ізі сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақағанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көргендіктің белгісі еді.
Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зертеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы – кезінде осы кеннің жоспарлары түрде кең масшатбтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрлысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін еңгізді. Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың еңбегінің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам қарталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді.
Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және марганец, каратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді, Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды. Ол-геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі, бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрижелі Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кенметаллургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай-ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады.










Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899-1964),
академик, геолог- ғалым.



Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Арқаның сұлу төрінің бірі-(бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысының 4-ші ауылында) қазіргі Павлодар облысының, Баянауыл ауданының ҚИ.Сәтбаев атындағы совхозында 1899 жылдың 30 наурызында (12 сәуір) Сәтбаевтардың үлгілі - өнегелі ауылында дүниеге келді.
Қаныштың жерлесі әрі досы Әлкей Хақанұлының мәліметтері бойынша, революциядан (1917ж.) бұрынғы қыр қазақтары арасында Сәтбаевтардан көп оқыған ауыл болған емес. "Қаныштың әкесі Имантай - ақылды, момын, терең ойлайтын, әр нәрсені ақылмен, сабырмен шешетін кісі болатын..."
"Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" демекші, табиғатынан зерек Қаныш 1909-1911 жылдары өзінің туған ауылындағы орыс - қазақ мектебінде оқып, 1918 жылы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясын бітіреді. Одан кейінгі бірер жыл Семей қаласында, өз ауылында мұғалімдік қызмет атқарып, 1920-1921 жылдары Баянауыл ауданындағы 10-шы учаскесінің халық соты болды.
1921 жылы жазда Қаныш Имантайұлы Баянауылға емделуге келген сол кездегі Сібір өңірінің ірі, мәдени орталығы Томск қаласының технология институтының профессоры (кейін академик болған) Михаил Антонович Усовпен танысады. Қанышқа М.А.Усов Қазақстанның геологиясы мен тау-кен байлықтары туралы көптеген қызықты әңгімелер айтады.
Өзі өмірден озғанша ұстаз санаған профессор М.А.Усовтың ықпалымен 1921 жылы Қаныш Имантайұлы Томск технология институтының кен факультетінің геологиялық барлау бөліміне оқуға түседі.
Қаныш Имантайұлы студент болған жылдарда профессор М.А.Усов басқарған палеонтология және тарихи геология кафедрасының оқытушысы болған В.А.Хохлов (кейін ғылым докторы, профессор) "Студент Қаныш" атты естелігінде былай деп жазды: "Бұл өзі оқуға жан-тәнімен берілген студент болатын. Жалпы геология жөніндегі сабақтарда ол М.А.Усовтың тамаша лекцияларын құмарта тыңдады... Екінші курстан кейін ол М.А.Усовтың дала жұмыстарына қатысты..."
Институтты бітіргеннен кейін Қ.И..Сәтбаев өзінің туған еліне оралып, өмірінің басым көпшілігін оның геологиясын зерттеуге және туған өлкесінің минералдық шикізат негізін жасауға арнап, барлау, ғылыми ізденіcтерінің нәтижесін өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға зор үлес қосты.
Ол 1920-1930-шы жылдары кең көлемді барлау жұмыстарына басшылық жасап, оларға тікелей қатынасуымен бірге Жезқазған-Ұлытау, Қарсақпай, Қаратау полиметалл кендері жөнінде іргелі ғылыми еңбектер жазды.
1926-1941 жылдары Атбасар, Қарсақпай трестерінде геологиялық бөлімінің жетекшісі және бас геолог болған Қаныш Имантай ұлы Жезқазғанның одақтағы ірі мыс рудалары бай аудандар қатарына жататынын бұлжытпай дәлелдеп, минералды шикізаттарға бай Сарыарқа, Кенді Алтай сияқты аймақтарға ерекше назар аударды.
Академик ҚИ.Сәтбаевтың көп қырлы талантының жарқын көрінісі - ол, ғылыми жұмыстардың ұлы ұйымдастырушысы болды. Оның халқына мұраға қалдырған қазынасы - іргесін өзі қалаған, ғылым ордасы Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы болып табылады.
Қаныш Имантайұлы бұл ғылыми-ұйымдастырушылық жұмысқа 1941 жылы шақырылды. Осы жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының орынбасары болып сайланды.
1943 жылдан филиалдың төрағасы қызметін атқарды. Сол жылы Қ.И.Сәтбаев геология ғылымындағы үздік жетістіктері үшін КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, ал 1946 жылдан толық мүшесі (академик) болып сайланды. Ол сол кезде КСРО-ға кірген күншығыс республикалары халықтары өкілдерінен шыққан тұңғыш академик еді.
1946 жылы 1 маусымда КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы негізінде Қазақ КСР-нің Ғылым академиясы (қазіргі ҚР Ұлттық ғылым академиясы) ашылуы республика өміріндегі аса көрнекті оқиға болды. Академияның түңғыш толық мүшелері болып 14 адам - Қ.И.Сәтбаев; М.О.Әуезов; Ә.Б.Бектұров; Н.Т.Сауранбаев т.б. бекітілді.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев академия президенті ретінде ғылым мен өндірісті байланыстыруға, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге үлкен мән беріп отырды.
Ол өзі негізін қалаған Ұлттық ғылым академиясының 1946-1952 және 1955-1964 жылдар аралығында 16 жыл басқарды, ал геологиялық ғылымдар институтына үш жылдық үзілісті қоспағанда 1941-1964 жылдар үздіксіз жетекшілік етті.
Қаныш Имантайұлының пайдалы кендердің болжам карталарын құрастырудың методологиялық теориялық негіздерін айқындауға қосқан үлесі зор.
1958 жылы Қ.И.Сәтбаев бастаған бір топ ғалымдарға Орталық Қазақстанның кешенді металлогениялық және болжам карталарын жасағаны үшін Лениндік сыйлық берілді. Сол елуінші жылдардың өзінде-ақ кешенді металлогениялық болжам карталарды өндіріске енгізуге айтарлықтай нәтижелер берді: Сарыарқа аймағында қара, түсті, сирек металдардың жаңа кендері ашылды. Ашылған кендер мен руда белгілерінің 90%-і айтылмыш болжам карталардың негізінде анықталды.
Қ.И.Сәтбаев сол кездегі Кеңес елінің жоғарғы марапат белгісі Ленин орденінің төрт рет иегері, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері. Алайда осындай атақ-дәрежелерге қарамастан Қ.Имантайұлы әкімшілдік-әміршілдік жүйе орнатқан қоғамдық тәртіпке сенімсіз адам болып та саналған.
1940 жылдың соңы мен 1950 жылдың басында сталиндік билеу жүйесінің Кеңес мемлекеті зиялыларына қарсы басталған үшінші саяси қуғын-сүргін кезінде Қ.И.Сәтбаев оның құрбандығына шалына жаздады.
1964 жылы 31 қаңтар күні Москваның Кунцево деген орманды аймағына орналасқан Кремль ауруханасында Қаныш Имантайұлының жүрегі соғуын тоқтатты.
Халқымыздың рухани өміріндегі ерекше ұлы тұлға Қ.И.Сәтбаевтың есімі халқының жанында мәңгі сақталмақ. Оның есімі өзі ұзақ жылдар жетекшілік еткен ҚР Ұлттық ғылым академиясының геологиялық ғылымдар институтына, Алматы, Балқаш, Семей т.б. қалалардағы көшелерге, кіші планетаға берілген. Қ.Имантайұлының құрметіне Жоңғар Алатауы, жотасындағы мұздақ пен шың, Қаратаудағы ванадий кен орны рудаларында табылған "Сатбаевит" минералы "Академик Сәтбаев" гладиолус гүлі аталған.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сан қырлы талантын, ақыл ой парасатын туған халқының мерейін үстем етуге жұмсады. Оның өнегелі өмір жолы баршамызға үлгі. Белгілі қоғам қайраткері І.Омаровтың сөзімен айтсақ, "Қаныш қазақ топырағында туып, халқының сүтін ішіп, ер жетті де, сол халқының даңқын бүкіл әлемге көтерді. Өзі де сол шеңберде қалып қойған жоқ, дүние жүзіне белгілі болды."
Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Admin | Теги: ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ, (1899-1964), Қаныш, Сәтбаев
Просмотров: 2979 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]