Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Шу өңірінің тарихы


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақстан тарихы]
04.02.2012, 10:03

Шу өңірінің тарихын білеміз бе?

 

Біздің білетініміз — Шу тарихын зерттеп жүрген екі ғалым бар. Бірі — тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрметті профессоры, Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті кафедра меңгерушісі, Қазақстан Республикасының, Қарақалпақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР гуманитарлық академиясының толық мүшесі Уахит Хамзаұлы Шәлекенов. Ол — белгілі тарихшы, археолог және этнолог. 400-ден астам еңбектің (оның 20-дан астамы монография, жинақ кітаптар) авторы. Екінші ғалым — Ә. Марғұлан атындағы археология институтының аға қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айман Досымбаева.

Тұңғышбай БАЙҚҰЛОВ, тарихшы, М. X. Дулати атындағы мектептің директоры.

1973-1974 жылдары С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде бізге (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) археология мен этнография ғылымы негіздерінен У. X. Шәлекенов дәріс оқыды. Ғалымның әрбір лекциясы ғылымға деген ізденісті, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыра түсетін. Әлі есімде Уахит Хамзаұлы: «Қазақстан тарихын зерттеу болашақтың ісі. Түбінде қазақ елі өз алдына мемлекет болады, сонда ғана халқымыздың шын тарихы жазылады», дегенде бала көзімізден кеңестік идеология санамызда берік қалыптасқан студенттер бір-бірімізге таңырқаса қараушы едік.

Сонау Кеңес өкіметі тұсында басталып «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2006 жылы Алматы қаласындағы «Жібек жолы» баспасынан шыққан У. X. Шәлекеновтың «V-XIII ғасырлардағы Баласағұн қаласы" деген монографиясы Қазақстан тарихына ғана емес, дүниежүзілік өркениетке қосылған үлкен ғылыми еңбек деп атауға толық негіз бар.

Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан ортағасырлық Баласағұн қаласының орнын анықтау үшін ғалымдар алты ғасыр бойы еңбек етті. Бірақ, таба алмады. Осы жұмбақтың шешімін 1974 жылдан бастап 30 жыл бойы Шу ауданындағы Шу өзенінің сол жағасында орналасқан (жергілікті халық «Ақтөбе» деп атап кеткен) көне қала орнын зерттеу үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экспедициясын басқарған профессои У. Х. Шәлекенов тапты. Бұл экспедиция өзінің археологиялық зерттеу жұмысын оқу үдерісімен байланыстырып, бұрынғы Калинин атындағы колхоздан 4-5 шақырым жерде орналасқан Ақтөбені тарих факультеті студенттерінің археологиялық тәжірибе базасына айналдырды. Осы жерге университет жүз орынды тұрақты жатақхана салды, әр жылы болашақ тарихшылар сол жерде тәжірибеден өтіп отырды.

Ақтөбе қаласындағы У. X. Шәлекеновтың экспедициясы басталғанға дейін тарих факультетіндегі археология бөлімінің студенттері тәжірибеден өту үшін Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданының орталығынан 4 шақырымда және Сырдарияға құятын Арыс өзенінен алыс емес жерде орналасқан бүкіл әлемге әйгілі ортағасырлық Отырар қаласының археологиялық қазба жұмыстарына жыл сайын белсене қатысатын. Археология бөлімінде оқитын менің де 1970-1971 жылдары Кеңестер Одағына танымал белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, академик К. Ақышов ұйымдастырған экспедицияға қатысып, тәжірибеден өтуіме тура келді. Сол жылдардан алған әсерімді күні бүгінге дейін ұмытпаймын. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарына және Отырар оазисіндегі Арыстанбаб кесенесі, Құйрықтөбе, Қоңыртөбе, Отырартөбе ескерткіштеріне барған саяхаттан алған білімімді оқушыларға үнемі айтып отырамын.

Өткен ғасырдың 80 жылдары Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза Ақтөбе қаласының орнына арнайы барып, профессор У. X. Шәлекеновпен кездесіп, өзінің көргендері бойынша терең құнды пікірлерін білдірді. Көпшілік оқырман таныс болсын деген мақсатпен «Баласағұн жұмбағы» атты мақаласын жариялады. Қазақстандағы археология ғылымының негізін қалаушы академик Ә. X. Марғұлан Шу ауданындағы Ақтөбе қаласында қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде үш рет арнайы келіп, ескерткішпен жан-жақты танысып, табылған бұйымдарға шолу жасап, ортағасырлық Баласағұн қаласының орны осы болуы керек, деген болжам айтты.

Баласағұн қаласы туралы тарихи жазба деректер ортағасырлық ғалымдардың, саяхатшылардың еңбектерінде азды-көпті кездеседі. \/ІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүрген Әл-Хорезми дүниежүзілік географиялық карта жасап, Шу, Талас, Жетісу өңірлеріндегі түрлі қалаларды картаға түсірген, олардың координаттарын белгілеген. Солардың ішінде Баласағұн қаласы да бар. Ортағасырлық ғалым Әбу-Райхан Әл-Бируни /Х-ХІғ./ және араб саяхатшылары Ибн Хордадбек /IX ғ./, Әл-Хамадани /X ғ./, Әл-Макдиси -/X ғ./ өздерінің еңбектерінде Баласағұн туралы аздап мағлұмат береді.

Ортағасырлық ғұламалардың ішінде Баласағұн туралы жан-жақты мағлұмат берген — Махмұд Қашқари. Ол Шу өлкесінің перзенвекенін аудармашы, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы Асқар Егеубай өз еңбегінде дәлелдейді. У. X. Шәлекенов «Ү-ХІІІ ғасырлардағы Баласағұн қаласы» деген еңбегінде М. Қашқаридың сызған дөңгелек картасы мен «Диуани лұғат аттүрк» ғылыми мұрасынан көптеген деректер келтірген. М. Қашқари өзінің еңбегінде табиғи-географиялық жағдайды ескере отырып, Баласағұн екі таудың арасында орналасқан деген қорытынды жасаған. Олар Ақтөбе /Баласағүн/ қаласының солтүстік шығысында созылып жатқан Жайсан тауы мен оңтүстігінде Қырғыз Алатауы екені байқалып тұр.

Ортағасырлық ғалымдардың зерттеулеріне қарасақ. Баласағұнды түркілер әр түрлі атаған. Ал, М. Қашқаридың деректері бойынша қаланың аты екі сөзден тұрады: Баласағұн. Бірінші сөз «жас» деген ұғымды білдірсе, екінші сөз «сағұн» Түркеш мемлекетінде билеушілерге берілетін «Хақан» деген ұғымды білдіреді. Яғни, «Жас хақан» — Баласағұн қаласының этимологиясы. Тарихта белгілі, Түрік, Түркеш және Қарлұқ қағанаттарын және басқа да мемлекеттерді хақандар басқарған. М. Қашқаридың деректеріне сүйенсек, Батыс Түрік қағанатында VIII ғасырдағы атақты хақандардың бірі — Шу есімді хан болған. Ол Баласағұн жанынан жаңа қала салдырған және оны өз есімімен Шу деп атаған. Профессор У. X. Шәлекеновтың ғылыми болжамдары бойынша, бір қаланы өзінің есімімен Шу деп, ал екіншісін Баласағұн, яғни жас хақанның қаласы деп атағаны жазба деректермен дәлелдене түседі. Ортағасырларда әр қаланың өзінің билеушісі болғаны тарихта белгілі.

М. Қашқаридың еңбегінде «Шу — Баласағұнға жақын шаһар...» деп жазылған. Сонымен бірге Баласағұнға жақын жатқан қалалардың да атын атайды. Солардың бірі — Тасқала қазіргі «Тасөткел» су қоймасы орналасқан жерде, Тоқтали қаласы — қазіргі Тоқташ деп аталып жүрген жерде болса керек.

Ғұламаның айтуынша Шу өңірінің тұрғындары IX ғасырдың бірінші жартысында ислам дінін қабылдаған. XVI ғасырда өмір сүрген М. X. Дулати Шу, Талас, Жетісу өңірінде көптеген қалалардың болғандығын, оның ішінде Баласағұн қаласын ерекше жазады. 1893 жылы ғалым В. В. Бартольд Шу өңіріндегі археологиялық және сәулет ескерткіштерімен танысып, Баласағұн қаласының орнын тауып, оны зерттеудің тарихи мәні зор екенін жазған және осы жұмбақты шешуге өзі де әрекет жасаған. Шу алқабын 1927 жылы М. Е. Массон, 1938-1939 жылдары А. Н. Бернштам зерттеді. Бірақ, олар Шу өзенінің орта ағысындағы Баласағұн қаласының орнында болғанымен, зерттеу жұмыстарын жүргізбеген. А. Н. Бернштамның Қырғызстандағы қазіргі Ақбешімді Баласағұн қаласы деп айтқаны қате пікір екендігін У. X. Шәлекенов өзінің ғылыми еңбегінде жан-жақты дәлелдеп шықты.

У. X. Шәлекенов «Ү-ХІІІ ғасырлардағы Баласағұн қаласы» деген ғылыми монографиясында Ақтөбенің Баласағұн екенін дәлелдейтін М. Қашқари жазып кеткен тағы бір деректерге сүйенеді. Өзіміз көріп жүрген «Тасөткел» су қоймасының солтүстігінде 600 метрдей жерде орналасқан Әулиетау жоталары және қазіргі Жайсан тауы ол кезде Бақырлықтау /мысы көп тау/ деп аталған. Баласағұн қаласының темір, мыс өндіретін кен орындары осы Бақырлықтауда болғаны дәлелденіп отыр.

Баласағұн қаласындағы қазба жұмыстары кезінде табылған теңгелер жазба деректердің дұрыстығына көз жеткізеді. Нумизматиктер Р. 3. Бурнашова мен О.И. Смирнов теңгелердегі «Шу» деген жазуды әр түрлі ғылыми әдістермен толық анықтады. Осы теңгелерді талдаудың нәтижесінде Баласағұн қаласын салдырған Түркеш мемлекетіндегі хақандардың бірі Шу екендігі дәлелденді. Сонымен бірге теңгедегі «Түркеш теңір хақанның теңгесі» деген жазу Баласағұн мен Шу қалаларында Шу есімді жас хақанның билік жүргізгенін анықтай түседі. Бұдан артық ешқандай ғылыми дәлелдің керегі болмайтындығын ғалымдарды айтпағанның өзінде, қарапайым адамның өзі де түсінетін шығар.

Тарихи деректерге сүйенсек, VIII ғасырдың I-жартысында Шу және Баласағұн қалалары Түркеш қағанатының құрамына енген. Олай болса, Шу қаласының тарихы VIII ғасырдың I жартысынан басталады деп айтуға толық ғылыми негіз бар екендігін У. X. Шәлекенов дәлелдеді. Шу қаласы 12 ғасыр өтсе де өзінің алғашқы атын сақтап келе жатқан тарихи ортағасырлық қалалардың бірі. Көне Шу қаласының тарихи қалдықтарын археологиялық тұрғыдан зерттеу — болашақтың ісі.

Батыс түрік қағанаты аясында Шу өңірінің тарихын зерттеп жүрген екінші тарихшы ғалым Айман Досымбаеваның 2006 жылы «Батыс Түрік қағанаты және қазақ даласының мадени мұралары» деген ғылыми еңбегі жарық көрді. Монография Шу алқабы мен Меркі аумағындағы көшпелілер мадениетін зерттеуге арналған. Жайсан даласынан және Меркі таулы аймақтарынан табылған түркілердің тас мүсіндері қойылған әдет-ғұрыптық құрылыстары, жартастағы суреттері, ру таңбалары мен руна жазулары Батыс Түрік қағанатындағы /ҮІІ-ҮІІІғ.ғ/ көшпелілер мәдениетінің негізгі деректері болып табылады.

Айман Досымбаева зерттеп жүрген Жайсан даласы Шу ауданындағы Д. А. Қонаев атындағы ауылдың солтүстік-шығысындағы тау жоталарынан басталады. Жайсан даласын жергілікті тұрғындар Алдыңғы, Орта және Сала Жайсан деп үшке бөледі. Жайсан даласындағы VII-VIII ғасырлардағы түркі ескерткіштері Теректі өзенінің маңынан, Жиделісай және Қасқырсай аумағынан табылғанын ғалым осы еңбегінде дәлелдейді.

Қорыта келгенде У. X. Шәлекенов пен А. Досымбаеваның зерттеулері Шу өңіріндегі Батыс Түрік қағанаты және Түркеш қағанаты кезіндегі ортағасырлық мәдениеттің жоғары деңгейде дамығандығын анықтай түседі. Жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде осы ғалымдардың ғылыми еңбектерінің маңызы өте зор. Зерттеулерге терең үңілетін болсақ, түркілердің Жайсан даласында қалыптасқан түркі көшпелілерінің ғасырлар тереңінен бастау алатын дүниетанымы туған жерге деген сүйіспеншілікке, өз Отанына деген берілгендікке негізделгенін көрсетеді. Қазіргі кезде осы ортағасырлық мәдениет бүгінгі қазақ халқының салт-дәстүрлерінде, мәдениетінде және  Елбасымыздың сара саясатында  өз  жалғасын табуда.

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Admin | Теги: ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ, өңірінің, тарихы, Шу
Просмотров: 5158 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]