Главная » Файлы » Рефераты |
Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақстан тарихы] |
04.02.2012, 10:30 |
ЖӘНІБЕК БАТЫРДЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ ТУРАЛЫ
Жәнібек батырдың әкесі Бердәулет арғынның қара кесек руынан шыққан Қазыбек бидің қызымен үйленгеннен кейін, бірнеше жыл бала көрмей жүріп, соңында Жәнібекті көріпті. Перзентке зар ата-ана жас нәрестенің шілдехана тойын жасап, болашақ батырдың алғашқы таңын әнмен атырады. Әйелдерді шақырып, қалжасын беріп, ат шаптырып бесік тойын жасайды. Әкесі Бердәулет баласына ат қойғызарда арғынның шақшақ руынан шыққан қарт Жәнібекті жорықтан келе жатқан жолынан түсіп сәлем береді де, қуанышты көңіл күйін айтады. Балаға зар болып жүрген Бердәулеттің тілегіне бар ықыласын берген Шақшақ Жәнібек оның үйіне түседі. Қуанышты ата-ана ағынан ақтарылып, адал ниетімен «ақ сарбас» қойын айтып сойып, қарсы алады. Бұл 1714-жыл еді. Ақ күндекті ана мен айыр бөрікті ата аяулы көретін аруақты батыр Шақшақ Жәнібектен: - Баламызға ат қойып беріп, аруағыныңызбен қорғай жүріңіз, - деп тілек етеді. Атан-ананың қуанышынан жүрегі тебіренген батыр бесікті алып, бесік көрпені ашып, балпанақтай баланы көріп, тебірене бата беріп былай дейді: - Керей деген елің көп, Ел айналар шешен бол. Жағаласар жауың көп, Жауға шапсаң, есер бол! Ел ішінде дауың көп, Жұрт алдында көсем бол! Жабылған жауды жапырып, Шайқасқанда есен бол. Жекеге шықсаң желденіп, Жауыңның басын кесер бол! Сонан соң бетін сипайды да, ата мен анаға қарап: - Бесігін көтергенде көңілім толды, өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын! Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа – депті. Шақшақ Жәнібекті пір тұтып сиынған ата-ана: - Әмин! – деп бетін сипайды. Жәнібектің әкесі Бердәулет жастай дүние салғандықтан Қазыбек би жиені Жәнібекті жалынды өсіруді ойлап өз қасына алады. Сөйтіп, Жәнібектің балалық шағы нағашысы – Қазыбек бидің қолында өтеді. Шаруашылығының ең үлкен тірегі болған жалқы төрт түліктің ішінде жылқыны саусам сауыным, жауға аттансам кезең асар керігім, деп қадір тұтып өсіретін, сырттан келген жау-жарда, ұры-қара да алдымен жылқыға тиетін. Сондықтан, қазақ халқы: Жылқы соқса желдікі, қуса жаудыікі деп, мал ішінде қораға айналатын жатын малдан гөрі жылқыны ала бөтен жақсы көретін, осы түлігіне көз қырын ерекше салып, атан жілікті, атпал азаматын жылқы бағуға асаудың жалында, ақпанды дауылда жағаластырып өсіретін. Оған жарамаған жасты кезең аса алмайтын, ұйқысын аша алмайтын, аяғын баса алмайтын жасық санапты. «Кісі болар кісіні кісесінен, кісі болмас жігітті мүшесінен таниды» дегендей, адам тегінің тап басып сөйлейтін сыншысы Қазыбек би жиені Жәнібекті алысса білегі бар, арбасса жүрегі бар, ақыл мен жігері бар жан деп таниды да, бетінен қақпай, талабын тойтармай баулиды, ат жалын тартып мінуге жараған кезінен бастап жылқышыларға қосып, отарға жібереді. Сөйтіп, бала Жәнібекті жылқы іңіртінің жесегімен жетілдіріп, сары аязға салып ширатып, Салбурындағы қанды көз қыранша бауын аштырады. Сол ортада жүрген кезінен-ақ Жәнібектің іс-әрекеті ел көзіне түсіп, аңыс болып тарап жатады. Аңыздың бірі Жәнібектің екі көк бөрісі еді. Халық Жәнібекті көк бөрі қонған, киелі батыр санайды. Ол туралы нағашы жұрты жағынан тараған мынадай аңыз бар: Қазыбек енді би отардағы малына барып, амандығын білуді ойлайды. Әр жылы қыста қос-қос атты жолдас ертіп, жол бойы қыран құстарына аң ілдіріп, сол бетінде, отардағы жылқысына дейін барып қайту бидің әдеті екен. Жас кезінде батыр болып, желдің өтінде, жаудың бетінде жетілген Қазыбек енді би атанып, ел басқарып, қазақ хандарының ақылшысы болып жүргенімен, қыста салбурын құрып, отардағы малына барып, амандық-жамандығын көз екі көріп қайту әдетін тастамапты. Көшпелі қазақ байларының үлкен байлығы тек мал еді, ол банкідегі ақша, сандықтағы алтын сияқты салулы құлпы, соғулы қорғаны бар дүние емес, кезең асса көз жаздыратын, сынаптай толқып тұратын байлық болғандықтан, байлар қос қолын малдан ала алмайтын. Сондықтан, Қазыбек бидің бұл сапарын кім көрсе де өрескел дей алмаушы еді. Ал Қазыбек секілді әрі батыр болып өскен адамдарға ақшамның аязында қырау басқан тұлпардың бар тебінімен ағындатып, аппақ қарды жосыта тартып жол алудың өзі бір ғанимет сезіледі. Сол сапарын бастаған би отардағы жылқысына жол алып, көңілдегі жерді көздеулі уақытында басып келеді. Таң қараңғысы серпілмеген есекқырған жұлдызы төбеге таяп қалған кез екен. Үйреншікті мекенінде, топ-топ сексеуіл өскен құмды төбелердің баурайында таңғы жусауында жылқылар үйір-үйірімен тыныштық алып тұрады. Жылқыға жетіп келген би құсбегі-саятшы серіктерін қосқа жібереді де өзі бірер белгілі айғыр үйірлерін тұра қалып түстейді, тіпті жабағыларын санап, жылқының таңғы күйсеуіне қарап күйін байқайды. Сөйтіп келе жатқанда таң да атады. Бидің көзі тебіндегі жылқының қарсы алдындағы бір биік құмның бауырында қаңтарулы тұрған тобылғы торы айғырға түседі. Жылқышылардың алғашқы кезіккені де осы екен. Таяп келген би үстіндегі қара кигізден тіккен кебенегін астына салып, қой етігін шешіп, атының шылбырын жамбасына басып ұйықтап қалған Жәнібектің үстінен арлы-берлі екі көкжал бөрі секіріп түсіп ойнап тұрғанын көреді де, қатты көңілденіп, көңіл күйі толқып, ежелгі әдетімен былай толғайды:
-Аруақты батыр боласың, Алысқан жауды аларсың. Еліңді ел етерсің, Ежелгі жерге жетерсің. Егіз бөрің тұрғанда, Екіленбей не етерсің?! Еліміз қос бөрі иесі бар деп аңыз ететін Жәнібекті ақыл-ойлы би анық таниды да, былайғы жерде оны қолтығына алып, бауырына басып мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тырнақтыға ілдірмей өсіреді. Жәнібек 18 –жасқа шығып күш-қайраты толысып, ел алдына, ер қатарына ілінген кезде жоңғар шапқыншылықтары қазақ даласына шабуыл жасамақ болады. Бұған қарсы орта жүз ханы Әбілмәжін үш жүзге сауын айтып, атшабар аттандырып, қол жияды, Абылай сұлтан қолбасы болып аттанады. Соның алдында ғана ақтабан шұбырынды болған елдің есінен жоңғар ханы Себан Рабданның қан жоса қып қырғындаған қорлауы әлі кете қоймаған еді. Ер азамат ереуіл атқа ер салады. Бұл күнде жер ортасынан асқан Қазыбек би өз елінің қолбасын сайлап, сарбаздарына сәтті жол тілеп, аттандырып жатады. Сондай қарбалас күннің бірінде орданың есігін айқара ашып, «алдияр!» - деп кіріп келген жас жігітке би селт етіп тігіле қарайды. Қарсы алдында шарайнасын киіп, жау жарағын асынған жиені Жәнібек тұрғанын көреді. Ол бір тізесін бүгіп: - Алдияр ата! Ел ішіне жау тиді, ер азамат атқа қонды. Ер азамат қатарында Абылайға сарбаз болып, үлкен жолға аттанайын деген ойым бар, ақ жол тілеп, ақ батаңызды беріңіз, - дейді қолын жайып, күтпеген жерден тілеген мына тілек биді ойландырып тастайды. Алтын тонын иығына қайта жамылған Қазыбек: - Қарағым, Жәнібек, елге берген батамды өзімнен неге аяйын. Ер азамат етіп өсіріп, ел-жұртыңа қосайын деп едім. Жасыңа жетпей жау тілеме, қарағым! – дейді. Сонда Жәнібек: - Ата, он сегіздегі жас қандай жас, Өзіңізден қалған жас. Айқасқан жауды алған жас, Алдына жаяу салған жас, - дейді. Жәнібектің бұл сөзінде бір сыр бар еді; «қорушыны торушы алады» деген сөз бар. Күзеуге созыла көшіп, күн еңкейе жетіп, үлкен қолатты бойлай қонған туыстас ауылдар жылқысын қолаттың басындағы тұйыққа салып, жау келетін ауызды өздері алып, жайбарақат жатып қалады. Ел көзі ұйқыға бара бергенде ауылды басып келіп қалған қалың жылқының дүбірінен у да шу болады. Ауылдың үстін бастыра жылқы қуған жырынды жау жылқышылардың бекітудегі атын ілестіре кетеді. Жауды қуып, жылқыны айырарға қолында тігерге тұяқ қалмаған ел бос сарпалдаңға түсіп, жылқысын көпе-көрнеу айдап кеткен жауға қарсы шыға алмай, қайраты мұқалып, діңкесі құрып, қарадай қор болып қалады. Бірақ, жылқы соңынан жас жігіт Қазыбектің басбілігі ақбас тайлақпен кеткенін ешкім де білмеген еді. Қазыбек тайлақпен жылқы соңынан жеткенде есік пен төрдей бурыл атты, айбалтасын көлденең ұстаған, еңгезердей біреу аз түсіп тұрады да желбегей шапанды бала жігітті паруайына да алмай, бурыл аттың басын жолға салып, тиіп алған жылқысының соңынан еркімен аяңдап жүре береді. Жол тосып, кежгулеп, келе жатқанына қарап, жортуыл басы осы болар деп ойлаған Қазыбек оған абайлай қарайды. Басында дулығасы, белінде сапасы бар, сырт бейнесі шойыннан құйған алып қара құман тәрізді батырдың менменсігенін байқап қалған Қазыбектің жүрегінде намыс оты бұрқ ете қалады. Ызасын ақылына жеңдірген ол алдындағы темір құрсанған адуын дұшпанның тиімді жерін көздеп келеді. Дұшпанның алкеуде, аусарлығы сәт балғасының соғылған жері еді. Қолында шолақ сапты найзасы да жоқ Қазыбектің көзі ал деген жерден оның беліндегі сапыға түседі. Тайлақпен таяй берген Қазыбек қолындағы қара сырығын жерге тірей секіріп, көзді ашып-жұмғанша бурыл аттың артына міне түседі. Күтпеген жерден сап етіп жабыса кеткен қуғыншыдан сасқалақтап қалған батыр ұзын сапты найзамен ештеңе өндіре алмайды. Сапыға көзін тіге атылған бала жігіт бурыл аттың арқасына тақымы тиген заман дұшпанның қаруын суырып алып та үлгереді. Жанды жерінен тиген өткір сапыдан ат иесі құлап түскен кезде бурыл атқа орнығып алған ол жауының найзасын жерге түсірмей қағып алады. Бурыл атпен майдан тартқан жас батырды көрген жау айқасуға батпай, бет-бетімен жылқыны тастай қашады. Аты мен күші сай келген Қазыбек жауының бірнешеуін түсіріп, жылқысын айырып еліне қайтады. Қазыбек би Жәнібекті бұғанасы қайтпаған жас, сүйеніші жоқ жалғыз деп аяп отыр еді. Енді Жәнібектің сөзіне қару қайтара алмай қысылғандай болады. Қайрандап қалған атасына ренжіген Жәнібек: - Он сегізге келгенше жігіт болып жете алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда, от басын айналған көбелектей көргеніңіз бе? – құсалана сөйлеп, шыға жөнеледі. Оның шын ашуын көрген көз қарақты би: - Мынаның көк бөрісі ұстаған екен, рұқсат бермесем құсадан өліп кетер немесе батасыз кетіп жүрер, - деп қайта шақыртып алады. Орлаға кірген Жәнібек әуелгісіндей иіліп, бата тілегенде Қазыбек би: - Қол басқарсаң жолың киелі болсын! Ел басқарсаң сөзің иелі болсын. Көк бөрің қолдай берсін! – деп бата береді. Ата ықыласын алған батыр тұңғыш майданға нағашысы ырымдап мінгізген көк дөненіне мініп, анасынан рұқсат алуға асыға жол тартады. Шапса шабысы, жүрсе жүрісі бар көк дөненнің де дәл бабына келген кезі екен, ащы терін шашқысы келіп, ауыздығын шайнап алас атқан жануар батырдың алып ұшқан жүрегіне қанат-құйрық болып сәйкеседі. Анасының ауылына келіп ат ағашқа атын іле салған Жәнібек үйіне қарай жүргенде ақ күндікті анасы «жолың болсын!» деп тілеп, шашуын шаша алдынан шығады, ұлының ер азамат болып атқа мініп ер қатарына қосылғанына қуанады, әрі алдында жал, артында құйрығы жоқ жалғызының қан майданға бара жатқанын ойлап, қан жұтады. Нағашы атасынан рұқсат алғанын да естіген болатын. Енді ер көңілді, ақылды ана алдына бір тізерлеп иілген баласының маңдайынан сүйіп: Мен саған не айтамын. Қамырығымды басып, қайғыңды жеп айтамын. Артымда белгі қалса екен деймін, қызығыңды көрсетіп, алдыңда алса екен деймін. Саған тілек тілесем, әмісе жолы болса екен деймін. Оқ алдыңнан тисе, анаңның ақ сүтін ақтағаның! Оқ артыңнан тисе анаңның қарызын жүктегенің! Әуелі қосыңды тап, онан соң досыңды тап, сен үшін тіленбеген не қалсын?! Жолың болсын! Бақытың жансын, - деп ықыласын береді. Шеру тартып кеткен қолдың соңынан күні-түні жүріп, қуып жеткен Жәнібек керей елінің қолбасшысына жолығып, сарбаздардың бірі болып қосынға қосылады. Анасы айтқан ақылия сөз күндер өткен сайын Жәнібектің есінен мығым орын иелей береді. Бір күні қолбасы батырдың қасында сапысын суырып, жау бүйректі қиялай турай отырып осы сөздің мәнісін сұрағанда, қолбасы тақиясын желкесіне қарай сиырып қойып, былай деп шешеді. - Анаң ана екен ғой! Ана болғанда дана екен ғой! Оқ қайтпас қас батырдың алдынан тиеді, қашқан жанның артынан тиеді, елсіз ер болмайды, ер серіксіз болмайды! Ақылды ананың сөзін тоқсан толғап ойланған Жәнібек өзін өмірдің өріне салып, халқымыздың ұлттық намысына, елдің иелік ұқығына арнайды, жоңғар шапқыншылықтарыны қарсы алғашқы сайыста-ақ өзін бүкіл қазақ-мұңғылға таныта бастайды. | |
Просмотров: 2735 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |