Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Қазақстан экономикасының тарихы


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Экономика]
08.02.2012, 23:15
Қазақстан экономикасының тарихы


Экономикасы. Қазақстан экономикасы көне заманнан бастап Қазан төңкерiсiне дейiнгi кезеңде көшпелi мал ш-на негiзделдi. Мал жыл бойы өрiсте бағылады. Жер көшпелi қауымның ортақ меншiгi болып саналып, қазақ шаруалары оны қауымдасып пайдаланды. Мал жеке меншiкте болды. Шын мәнiнде малдың иесi жайылымға да иелiк еттi. Қазақстан Ресейге қосылған, одан мемлекеттiлiгi жойылған кезеңнен бастап, әсiресе, 1891 ж. Дала ережесi өмiрге енгiзiлгеннен кейiн, көшпелi ш-тың сипаты өзгердi. Тауар-ақша қатынастарының дамуы көшпелiлердiң едәуiр бөлiгiн жерсiз қалдырды, ал шұрайлы жайылымдық алқаптар ауқаттылардың қолына шоғырланды. Көшу ұзақтығы едәуiр қысқарып, табынның құрылымы және малды бағып-күту жағдайлары өзгердi. Тұрақты тұрғын үйлер мен мал қоралары пайда болды. Болыстар мен ауылдарға бөлiнген жерлердiң шекарасы айқындала бастады.

9 ғасырың аяғы мен 20 ғ-дың басында көшпелi ш-ты дағдарыс шарпыды. Бұқараның кедей топтары қайыршылыққа ұшырап, мал басы кемiп кеттi. Көшпелiлердiң кедейленген бөлiгi отырықшыға айналды. Дағдарыстың тереңдей түсуiне патша өкiметiнiң ең шұрайлы жерлердi тартып алып, қоныс аударушыларға берген отаршылдық саясаты қатты әсерiн тигiздi. Шын мәнiнде бұл байырғы халықты ата мекендерiнен күшпен ығыстырып, құнарсыз жерлерге қуу болды. 1917 жылға дейiн патша үкiметi қазақтардан 45 млн. гектардан астам жердi тартып алып, iшкi Ресейден келген жаңа қоныс тебушiлерге алып бердi. Патша үкiметiнiң қоныс аудару саясаты жергiлiктi халықтың экон. мүдделерiне нұқсан келтiрдi. Ол қазақтардың ата-бабаларының құнарлы қоныстарын қоныс аудару қорына күшпен алып қосу арқылы жартылай отырықшы мал ш-на және егiншiлiкке бейiмделмеген қазақ көшпелiлерiнiң табиғи дамуын тежедi. Көшпелi ш. дағдарысы құнары аз аймақтарға ығысқан жұрттан мал ш-н анағұрлым тиiмдi жүргiзудi, сондай-ақ, егiншiлiк пен отырықшылыққа көшу мәселесiн шұғыл күн тәртiбiне шығарды. Қазақ халқының жерге қоныстану, оны пайдалану жолындағы күресi, атап айтқанда, жердi әдiл бөлу, орталықтан көшiрiп келген шаруаларға кепiлдi жер телiмдерiн қазақтардан тартып алып берудi доғартуға ұмтылу аса маңызды мәселелердiң бiрiне айналды. Қазақтардың Мемл. Думаға, басқа да мекемелерге жазған көптеген арыздарында жер иелену құқықтарының нақты еместiгi салдарынан көшпелi ш-тар жағдайының тиянақсыз болып отырғандығы атап көрсетiлдi. Мұның өзi олардың еңсесiн түсiрдi, ертеден орныққан үй-жай, қора-қопсыларынан айрылып, шөл және шөлейт, басқа да қолайсыз аймаққа қайта орнығуға, шаруашылықты жетiлдiруге деген ықыласын кемiттi. Отырықшылыққа көшу қазақ шаруалары үшiн қиын үдерiс болды. Жер иелену құқығымен қоса бұған белгiлi бiр мөлшерде қаржы-қаражат та қажет едi. Ал патша үкiметi қандай да бiр көмек көрсетуден бас тартты. Осындай себептерге байланысты қазақ жерiнде отырықшылыққа көшу кең таралмады. Бұл үдерiс егiншiлiктi дамытуға анағұрлым қолайлы жағдайлары бар солт.-шығыс облыстарда, қоныс аударған орыс шаруаларымен тығыз араласқан жерлерде өрiс алды. Сөйтiп, Қазақстанда әрқилы табиғи-геогр. және тарихи жағдайларға байланысты шаруашылықтың көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшы сияқты үш түрi қалыптасты. Соңғы екеуiнде шөп шабу мен егiншiлiктi дамыту нәтижесiнде а. ш. машиналары пайдаланыла бастады. Қазақ ауылдарында бұл машиналарды алдымен бiрлесiп, кейiнiрек жекелеген адамдар несиеге сатып алды. 1908 ж. тек Ақмола обл-ның қазақтарында 6160 шөп шабатын машина болды.

Тауар-ақша қатынастары қазақ ауылына дендеп енiп, бiр жағынан, шаруалардың шаруашылық қызметiнiң ауқымын кеңейттi, екiншi жағынан, өсiмқорлық сауда-саттықтың дамуына жол ашты. Дәулеттiлер бүкiл малды, қауымдық жерлердi өз қолдарына шоғырландырып, барлық су көздерiн, қыстақтар мен жайлауларды иемденiп алды. Қазақ қоғамының көпшiлiгi iс жүзiнде өндiрiс құрал-жабдығы жоқ кедейлер едi. Сауда-саттықты кәсiп етушiлер мен өз шаруашылығында жалдама еңбектi пайдаланушылардың қатары молайып, саудагерлiк-кәсiпкерлiк өрiс алды. Сөйтiп, қазақ жерiндегi нарықтық қатынастардың алғашқы нышандарының шаруашылыққа, шаруаның жеке тұтыну қажетiне ықпалы күшейдi.

Тауар-ақша қатынастарының дамуына, қазақ ауылының экономикасындағы басқа да өзгерiстерге байланысты, жер жекелеген адамдардың жеке меншiгiне айнала бастады. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Қазақстан экономикасында әр түрлi экон. ұстындардың астасуы байқалды.

Столыпиннiң аграрлық реформасы Қазақстанға қоныс аударушылардың шаруашылығында жеке меншiктi қалыптастыруға негiзделдi. Қоныс аударушылар жаңа қоныстарда жердi қауымдасып пайдаланды, көптеген жұмыстарды бiрлесiп атқарды. Орыс кулактары хуторлық шаруашылық жүргiздi. Шұрайлы жерлердi кесiп алып, тағылықпен пайдаланды. Қоныс аударғандардың анағұрлым жетiлген еңбек құралдары және егiншiлiк мәдениетiнде жинақтаған едәуiр тәжiрибесi болды.

Халықтан жиналатын түрлi алым-салықтар жылдан-жылға өсе түсiп, еңбекшiлерге ауыртпалық әкелдi. Сол кезеңдегi елге салынған негiзгi салық түрлерi: мемл. төлемдер (түндiк басы алымы, земство жарнасы), болыстық жарналар (шығын, қарашығын, т.б.), натуралды мiндеткерлiктер. Түндiк басы алымы (түтiн салық) мемл. жердi пайдаланғаны үшiн төленетiн салық-рента болатын. Ресми түрде ол халықтың әл-ауқатына қарай салынуға тиiс болса, iс жүзiнде билеп-төстеушiлер оны түндiк иелерiнiң бәрiнен бiрдей мөлшерде алып отырды. Шығын салығы болыстың және болыс кеңсесiнiң мұқтаждарына жарату үшiн жиналды. Оның көлемiн алдын ала бiлу мүмкiн емес едi, өйткенi оны кез келген сылтаумен, тiптi сылтаусыз да жинай беретiн. Ақшасы жоқтығынан кедейлер өсiмқорларға жүгiнуге мәжбүр болды, мұның өзi алым-салық ауыртпалығын бұрынғыдан әрi күшейттi.

Қазақстанда қолөнерi кәсiбi ғасырлар бойы көшпелi ш-пен байланысты дамыды. Өздерi тұтынатын қажеттi өнiмнiң көбiсiн әр отбасы өзi немесе ағайын-туыс, көршi-қолаң көмегiмен өндiрдi. 19 ғ-дың 2-жартысында қолөнердi (киiз үй, ер-тұрман, зергерлiк бұйымдар, т.б. жасау) негiзгi кәсiбi еткен шеберлер мен iсмерлер пайда бола бастады. Олар ауыл-ауылды аралап жүрiп жұмыс iстедi. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында өндiрушiлер тауарды тұтынушылардың тапсырысы бойынша ғана емес, базарға сату үшiн де өндiретiн майдагерлiк дами бастады.

Қазақ елiне орыс капиталының енуi өлкеде өнеркәсiптiң дамуына түрткi болды. Қарағанды көмiр кенiшi, Успен мыс өндiрiсi, Спасск мыс қорыту з-ты, Қалба алтын кен орындары, т.б. iрге көтердi. Кәсiпкерлер өлкенiң аса бай табиғи қорларын рәсуа етiп, бей-берекет пайдаланды. А.ш. өнiмдерiн өңдейтiн: терi илеу, былғары жасау, май шайқау, май айыру, сабын қайнату, т.б. өнеркәсiп орындары дами бастады. Әдетте, мұндай кәсiпорындар қарапайым ғана техникасы және 3 — 5 жұмысшысы бар жартылай қолөнерлiк шағын майдагерлiк сипатта болды. Бұл кезеңде а. ш. шикiзатын өңдейтiн қарапайым қолөнер шеберханалары мен ұстаханалары сипатындағы алғашқы ұлттық өнеркәсiп орындары қалыптасты. 1900 ж. Қазақстанда 2668 өнеркәсiп болса, 1913 ж. олардың саны 6000-ға жеттi. Орыс капиталынан кейiн iле-шала Қазақстанға (әсiресе 19 ғ-дың аяғында), негiзiнен кен өнеркәсiбiне, шет ел капиталы да ене бастады. Орыс және шет ел монополияларының Қазақстандағы акцион. капиталы 71 млн. сомға жеттi. Ол негiзiнен кен және мұнай өнеркәсiптерiн қамтыды. Зауыттарды, кенiштер мен бай кен орындарын иемденiп алған шетелдiктер Қазақтанда өндiрiс салаларын дамытуды мақсат етпедi. Олар мүмкiндiгiнше мол пайдаға кенелудi ғана көздедi. Осы кезеңде Қазақстанның едәуiр жерiнде темiр жол тартылды (қ. Темiр жол көлiгi), Сiбiр және Орынбор – Ташкент темiр жолы салынды. 1917 ж. оның жалпы ұз. 2793 км-ге жеттi. Мұның өзi Қазақстанның түрлi аудандарының арасындағы экон. байланыстарды күшейтуге мүмкiндiк ашты. Солт. аймақтарда саудалық егiншiлiк аудандары және бүкiл Қазақстан аумағы бойынша тауарлы мал ш. аудандары пайда болып, Қазақстан а. ш-ның тауар-ақша қатынастарына тартылуы күшейе түстi. Т. ж. ст-лары мен аймақтардан iшкi аудандарға жүк таситын және жүк алып қайтатын жергiлiктi көлiк, пошта байланысы кәсiпкерлiк қызмет аясына айнала бастады. Кәсiпқой жүк тасушылар пайда болды, ал қазақ кәсiпкерлерi ұстап отырған пошта бекеттерiнде 8 — 10 ат айдаушыға дейiн жұмыс iстедi. Алайда, өнеркәсiп пен көлiктiң дамуы өте төмен деңгейде қалды. Өлкенiң жалпы ұлттық табысындағы өнеркәсiп өнiмiнiң өзiндiк үлес салм. 10%-дан аспады. Капитал, маман жұмыс күшi, байланыс және көлiк құралдары жетiспедi. Оның үстiне патша өкiметi қазақ өлкесiн өзiнiң шикiзат көзi, тауар өткiзетiн рыногi, отарлық шылауы ретiнде ұстауына мүдделi болды.

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланыстары әуелгi кезде тек орыс бекiнiстерi мен қалаларындағы айырбас орындарында ауыс-түйiс жасау жолымен ғана жүзеге асырылды және мұнда тауарлардың құнын көрсететiн балам ретiнде тек қой ғана пайдаланылды. Тауар-ақша қатынастарының дамуына орай жергiлiктi сауда жедел өркендеп, Қазақстан бүкiлресейлiк, сонан соң дүниежүз. рынокқа қосылды. Көлiктiң нашар дамуына, халықтың басым көпшiлiгiнiң көшпелi тұрмыс кешуiне байланысты сауда-саттық көбiне-көп жәрмеңкелер арқылы жүргiзiлдi. Жәрмеңке көшпелiлер көбiрек шоғырланған аймақтарда, әдетте, жылына екi рет – көктемде және күзде өткiзiлiп отырды. Олардың ең iрiлерi – Қоянды, Троицк, Шар, Қарқара, т.б. жәрмеңкелерi. Қалалардың рөлi күшейiп, тұрақты сауда орталықтарына айнала бастады. Қазақ саудагерлерi бiрнеше санатқа бөлiндi. Алып-сатарлар орыс көпестерiнiң тауарларын сатып алып, ел iшiнде қымбатқа өткiзумен шұғылданды. Сондай-ақ, мал ш. шикiзатын – терi, жүн, т.б., кейде қолөнер бұйымдарын да сатып алу-сатумен шұғылданатын қазақ саудагерлерi де пайда бола бастады. Қазақстанда сауданың өсiмқорлық қарыз түрi етек алды. Мұның өзi несие-банк жүйесiнiң пайда болуына жол ашты. Қазақстанның несие жүйесi Ресей империясының бiр бөлшегi ретiнде Мемл. банк бөлiмшелерiнен, акцион. сауда банкiсiнiң бөлiмшелерiнен, несие беретiн қоғамдар мен қалалық қоғамдық банктерден, сондай-ақ, несие корпорациялары мен басқа да ұсақ несие мекемелерiнен құралды. 1871 ж. Петропавлда қ-лық қоғамдық банк ашылды. Қазақстан аумағында Мемлекеттiк банктiң бөлiмшелерi құрыла бастады. Олар алдымен өлкенiң iрi сауда-өнеркәсiптiк орталықтарында – Орал (1876), Верный (1912) қ-ларында ашылды. Мал және мал ш. шикiзатын сату көлемiнiң елеулi түрде ұлғая түсуiне байланысты 1894 жылдан бастап жыл сайын несие операцияларын қамтамасыз ету үшiн ең iрi жәрмеңкелердiң бiрi – Қоянды қыстағында (Семей обл.) мемл. банктiң уақытша бөлiмшесi жұмыс iстедi. Бұл кезеңдерде жергiлiктi халықтың несиеге тек қарыз кассалары мен ұсақ несие қоғамдары арқылы ғана қолы жеттi.

Қазақстанда т. ж-дың салынып, пайдаланылуы, өнеркәсiптiң дамуы жұмысшылар қауымының қалыптасуына ықпал еттi. Олар негiзiнен жұмыс iздеген қазақ кедейлерi есебiнен толықты. Жұмысшылардың, әсiресе, қазақ жұмысшыларының жағдайы өте ауыр болды. Шектен тыс ұзақ жұмыс күнi (12 — 16 сағ), аз жалақы, отаршылдық қанау тәсiлдерi (мардымсыз ақы, айып төлеу, саудагерлерге кiрiптарлық) оларды әбден титықтатты.

Кеңес өкiметi орнағаннан кейiн қоғамдық-саяси және экон.-әлеум. қатынастарда түбiрлi өзгерiстер жүзеге асырылды. Барлық жердi мемлекет меншiгiне алу, помещиктер жерлерiн тәркiлеу, жердi шаруаларға тегiн беру туралы декрет жарияланды. Кеңестiк дәуiрдiң алғашқы кезеңдерiнде өндiрiс құрал-жабдықтарын мемл. меншiгiне айналдыру, қоғамдастыру iсiне басшылық жасау мақсатымен соц. мемл. органдар, оның iшiнде халық ш. органдары құрылды. Банктер, iрi өнеркәсiп орындары, көлiк, т.б. шаруашылықтың шешушi салалары мемлекет меншiгiне көштi. Сөйтiп, өндiрiс құрал-жабдығына соц. меншiктi орнату, халық ш-н жоспарлы дамыту, аймақтардың экономикасын КСРО халық ш. кешенiнiң бiр бөлiгi ретiнде өркендету, т.б. негiздерiнде соц. экон. жүйесi қалыптаса бастады. Қазақ өлкесiнде өндiрiс құрал-жабдықтарын мемлекет меншiгiне алу, жердi тәркiлеу үдерiсi саяси, экон., әлеум. өзiндiк ерекшелiктерге байланысты 20-жылдардың бас кезiне дейiн созылды. Бұл кезеңде өлкеде халық ш-ның барлық салалары бойынша мемлекет меншiгiне алынған кәсiпорындар саны 1 мыңға жуықтады. Олардың iшiнде iрiлерi: Қазақ (қырғыз) кен өнеркәсiбi акцион. қоғамы, Кендi Алтай кәсiпорындары, Екiбастұз көмiр кендерi, Спасск мыс қорыту з-ты, Атбасар мыс кенiнiң з-ттары мен кенiштерi, Қарағанды мен Байқоңыр кендерi, Орал — Жем өңiрiнiң мұнай кәсiпшiлiктерi.

Қазақ халқы Азамат соғысына (1918 — 20) жаппай қатыспағанымен, ерiксiз араласуға мәжбүр болды. Қазақ жерi ақтар мен қызылдардың майдан шебiне айналды. Бұған қоса қазақтарға қарсы азық түлiк майданы, “Азық-түлiк армиясының” және “Соғыс коммунизм саясатының” шабуылы салдарынан халық үркiншiлiк кезеңдi бастан кешiрдi. Шаруашылығы күйреп, шаңырағы шайқалған қазақтар 20-жылдардың басында ашаршылыққа ұшырады. Азамат соғысынан кейiнгi кезеңде Қазақстанда күйзелген халық ш-н Жаңа экономикалық саясат (НЭП) негiзiнде шаруашылықтарды қалпына келтiру жұмыстары өрiстетiлдi. Ең алдымен, өнеркәсiп пен ауыл ш. өнiмдерiнiң маңызды түрлерiн өндiрудi Қазан төңкерiсiне дейiнгi деңгейге жеткiзу көзделдi. Жер-су, т.б. реформалар жүргiзiлдi. Орта Азия республикалары мен Қазақстанның мемл.-аумақтық жiгi межелендi. Қазақстанның аум. 2,7 млн. км2 болып белгiлендi, халқы 5,4 млн. адамға жеттi. 1926 — 28 ж. қазақ а-дарында 1370 мың га шабындық, 1250 га егiндiк жер қайта бөлiндi. 1927 — 28 ж. республикада халық ш-н қалпына келтiру аяқталып, өнеркәсiптi индустрияландыру, ауыл ш-н ұжымдастыру кезеңiне аяқ басты. Экономиканың аграрлы бөлiмi Кеңес мемлекетiнiң экон. дамуындағы ең басты мақсат – индустрияландырудың жылдамдатылуын демеуге тиiс болды. 20-жылдардың аяғында басталған ұжымдастыру шаруаларды өнеркәсiптен мүлдем алшақтатты (қ. Ұжымдық шаруашылық). Iрi соц. егiн ш-н құруға ұмтылу “тәрбиелiк маңызға” ие болды. Қазақстанда ұжымдастыру 1932 жылдың көктемiнде аяқталады деп ұйғарылды. Жосықсыз жылдамдатылған үдерiс 1925 — 32 ж. ел басқарған Ф.И. Голощекиннiң арандатушылық тәжiрибесiне айналды. Ұжымдастырудың ең ауыр зардаптарының бiрi байларды тәркiлеу болды. “Аша тұяқ қалмасын, асыра сiлтеу болмасын” деген ұранмен басталған ұжымдастыру кезiнде қазақтардың малы тiгерге тұяқ қалдырылмай сыпырып алынды. 1930 жылғы 15 наурызға дейiн Қазақстанда 3113 адам сотталып, қамауға алынды, 2450 шаруа қоныс аударды. Қазақстан аумағы Кеңес мемлекетiнiң басқа аймақтарындағы “кулактардың жер аударылатын” мекенiне айналды. Шаруалардың басына түскен жазалаудың алдында астық дайындау науқаны жүргiзiлiп, астық қоры, тұқымдық қоры тәркiлендi. Мұның арты күнкөрiстiк iшiп-жемiнен айрылған қазақ халқын жоңғар шапқыншылығы кезiндегi “ақтабан шұбырындымен” салыстыруға болатын алапат ашаршылыққа соқтырды. Ашаршылық пен оның ауыр зардабы құрбандарының саны 1 млн. 750 мың адамға, яки бүкiл қазақ халқының 40%-на жеттi. 1 010 мың қазақ тарихи отанын тастап үдере көшуге мәжбүр болды. Үкiметтiң солақай белсендiлiкпен малды қырғынға ұшыратуы салдарынан қазақ қоғамының негiзгi азық-түлiк қоры болып табылатын дәстүрлi мал ш. қатты күйзелiске ұшырады. Малшы көшпендiлердi сәтсiз отырықшыландыру ұжымшарларға соққы болып тидi.

1-бесжылдық (1929 — 32) тұсында Қазақстанда 40 өнеркәсiп iске қосылды, өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көл. 3,2 есе артты. Оның жеке салалары: түстi металлургия өнiмi 6,1 есе, құрылыс материалдары — 6,9, химия — 5,3, металл өңдеу — 4, отын — 3,1 есе өстi. 2-бесжылдық (1933 — 37) кезiнде Қазақстанның табиғи қорларын қарқынды игеру iсi жалғастырылды. Шымкент қорғасын з-ты, Балқаш мыс қорыту, Ащысай полиметалл, Ақтөбе химия комб-тары, Қарағанды көмiр алабының шахталары, Ембi мұнай кәсiпшiлiктерi, т.б. барлығы 120 өнеркәсiп пайдалануға берiлдi. Олардың арасында алдымен ұз. 1500 км Түркiстан — Сiбiр темiр жолы (Түрксiб) өлке экономикасының өсуiне зор ықпал еттi. Республикада тамақ өнеркәсiбi де даму жолына түстi. Семейде ет-консервi, Гурьев (қазiргi Атырау) пен Арал қ-ларында балық, Алматыда жемiс-жидек, Петропавл, Ақтөбе, Шымкент, Қарағандыда ет комб-тары салынды. Жеңiл және жергiлiктi өнеркәсiп салаларында да ондаған кәсiпорындар бой көтердi. 1938 — 40 ж. 700 кәсiпорын iске қосылды. 1940 ж. Қарағанды көмiр алабының өндiрiсi 1913 жылмен салыстырғанда 77,5 есе көбейiп, 6460 мың т-ға жеттi. Ембi мұнай кәсiпшiлiктерiнiң өндiрiстiк қорлары жаңартылды. 1940 ж. республикада 700 мың т мұнай өндiрiлдi. Қарағанды, Алматы, Балқаш, Шымкент электр ст-лары, Үлбi су электр ст. пайдалануға берiлдi. Өскемен электр ст., бiрнеше жылу-электр ст-лары салына бастады. 1940 ж. 632,4 млн. кВт сағ, яғни 1928 жылғы деңгейден 85 есе артық электр қуаты өндiрiлдi. Жалпы алғанда республиканың өнеркәсiп өнiмi Қазан төңкерiсiне дейiнгi деңгейден 13 есе, ал ауыр өнеркәсiп бойынша 20 есеге жуық артты. Халық ш-ның жалпы өнiмiнде өнеркәсiптiң үлес салм. 60% болды (1940).

2-дүниежүз. соғыс жылдары (1941—45) республика алдына айрықша қиын, кезек күттiрмейтiн және бiр-бiрiмен байланысты мiндеттер қойылды. Бұл КСРО-ның батыс аудандарынан көшiрiлген өнеркәсiп орындарын қабылдау, оларды тиiстi жерлерге тездетiп орналастыру, өнiм өндiрудi кiдiрiссiз жолға қою болатын. Экономиканы түгелдей соғыс жағдайына бейiмдеу, өндiрiс қуаттарын үнемi арттыру, майданды барлық керектi заттармен қамтамасыз ету қажет болды. Республика бұл мәселелердi ойдағыдай шештi. 1941 жылдың 4-тоқсанында және 1942 жылдың басында Орта Азия мен Қазақстанға көшiрiлген 250 кәсiпорынның жартысынан астамы (142) Қазақстанға орналастырылды. Көшiрiлген және жаңадан салынған з-ттар мен ф-каларды iске қосу нәтижесiнде жұмыс iстеп тұрған негiзгi қорлардың өндiрiстiк қуаты бiршама артты. Жаңа өнеркәсiп салалары пайда болды, олар: қара металлургия, мұнай өндiру, а.ш машиналарын жасау, станок жасау, кен және шахта жабдықтарын өндiру, сығымдағыш-автомат шығару, шағын литражды моторлар, прокат, құбырлар, сымдар, жасанды талшық жасау, т.б. Мата, жүн иiру, тоқыма заттар, шұлық, метиз-фурнитура, айна, кондитер, жемiс-консервi, темекi және шай өлшейтiн өндiрiстер жұмыс iстедi. Соғыс жылдарында Ақтөбе ферроқорытпа з-ты, Қазақ металлургия з-ты, Текелi полиметалл комб., Қарағанды көмiр шахталары, Ембi мұнай кәсiпшiлiктерi, Гурьев (қазiргi Атырау) мұнай айыру з-ты, кен байыту ф-калары, кенiштер, Қаратау кен-химия комб., электр ст-лары, жеңiл және тамақ өнеркәсiбi орындары, жүздеген км т. ж. желiлерi iске қосылды. Түстi металлургия өнiмдерiнiң маңызы артты, мыс өнiмдерiн өндiру 1,5 есе өстi. Қазақстан ел қорғанысына аса қажеттi қорғасын беретiн негiзгi базаға айналды. Қысқа мерзiм iшiнде мыс пен қорғасын қақтамаларын өндiру игерiлдi. Балқаш жұмысшылары мыс өндiрудi 10 есе, молибдендi 20 есе, түстi металл қақтамасын 2 есе арттырды. Ақтөбе ферроқорытпа з-ты мен Жездi марганец кенiшi ел қара металлургиясының қажеттерiн едәуiр дәрежеде қанағаттандырып отырды. Қазақ металлургия з-ты 1944 ж. желтоқсанда тұңғыш рет болат бердi. Республика майдан мен тылды көмiрмен, мұнаймен, түстi және қара металдармен жабдықтау жөнiндегi жетекшi базалардың бiрiне айналды. Елдi көмiрмен жабдықтайтын кен орнының бiрi ретiнде Қарағанды көмiр алабын дамытуға баса назар аударылды. Соғыс кезiнде Қарағанды кеншiлерi 34 млн. т-дан астам көмiр өндiрдi, Оңт. Оралға берiлетiн кокстелетiн көмiр көл. 90% өстi. Қазақстанның мұнай өндiрiсi бүкiл соғыс жылдары майданды мұнай өнiмдерiмен қамтамасыз еттi. Гурьев мұнай айыру з-ты iске қосылуына байланысты әскери техника жоғары октанды бензинмен және сапалы жағар маймен қамтамасыз етiле бастады. Қазақстанның отын және металлургия өнеркәсiптерi жоғары қарқынмен дамыды. Соғыс жылдарында Қаратау кен-химия з-ты (1944), Қарағанды синтет. каучук з-ты (1943), Қостанай жасанды талшық з-ты, Гурьев (Атырау) мұнай айыру з-ты (1945) салынды. Алматы ауыр машина жасау з-ты, Шымкент пресс-автоматтар з-ты, Целиноград (Астана) “Қазақ ауыл шаруашылық машинасы”, Орал арматура з-ттары жалпы одақтық маңызға ие болды. Армияны киiм-кешекпен және соғыс жабдықтарымен, ал халықты күнделiктi тұтыну заттарымен жабдықтаған жеңiл және тамақ өнеркәсiбiнiң маңызы ерекше. Маман жұмысшылар мен қызметкерлердiң соғысқа кетуiне байланысты кәсiпорындарды жұмыс күшiмен қамтамасыз ету қиындай түстi. Әйелдердi, жас жеткiншектердi, қарт кiсiлердi жұмысқа тартуға тура келдi. Қазақстанда соғыс жылдары 102 мың жас жұмысшы тәрбиелендi. 1945 ж. өнеркәсiп өндiрiсiнде iстейтiндердiң саны 255,4 мың адамға жеттi. Соғыстың алғашқы жылында қорғаныс қорына республика халқынан түскен ақша мөлш. 700 млн. сомнан асты. Соғыс кезiндегi қиындықтарға қарамастан 1945 ж. мұнай өндiру 1940 жылмен салыстырғанда 1,3 есе, көмiр — 1,7, электр энергиясын өндiру 1,8 есе артты. Соғыс жылдарында республикада а. ш. салалары тез дамыды. 1942—43 ж. а. ш. дақылдарының егiс көл. 1 млн. га-дан астам ұлғайды. Қазақстан ауылдары мен деревнялары зор жiгермен еңбек еттi. Республика шаруашылықтары мемлекетке 5839 мың т астық, оның iшiнде 3568 мың т бидай, 241 мың т картоп, 174 мың т көкөнiс, 1389 мың т қант қызылшасы, 323 мың т мақта, 738 мың т мал мен құс етiн, 1146 мың т сүт, 64 мың т жүн өткiздi.

Көлiк пен байланыс жүйесiн дамыту жөнiнде қыруар жұмыстар жүргiзiлдi. Республика аумағында т. ж-дың пайдалану ұз. 1631 км-ге, жүк тасымалы 5,7 млн. т-ға жеттi. Уралды көмiрмен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған Қарталы — Ақмола (Астана) т. ж. желiсi қатарға қосылды. Гурьев (Атырау) — Қандағаш, Жамбыл (Тараз) — Шолақтау т. ж. желiлерi пайдалануға берiлдi. Күрделi құрылыс көлемi ұлғайды. 2-бесжылдықта барлық салалар бойынша 721 млн. сом күрделi қаржы игерiлсе, 4 жарым жыл iшiнде (1941 — 46) 981 млн. сом игерiлдi.

Соғыстан кейiнгi бесжылдықтарда (1946 — 60) Қазақстан экономикасы бейбiт жағдайға көшiрiлiп, қандай да болсын халық ш. мәселелерiн шеше алатын, одақтың негiзгi а. ш. базаларының бiрiне айналды. Жаудың басып алуынан (оккупациядан) зардап шеккен және өнеркәсiптiң соғысқа дейiнгi дәрежесiне 1949 жылдың аяғында ғана жеткен аудандардан Қазақстан халық ш-ның өзгешелiгi сонда, ол қалпына келтiру кезеңiне соқпай, бұрынғысынша ұдайы өндiрiс негiзiнде дамыды. Қазақстан бұл аудандарға металл, отын, шикiзат қорларын, құрылыс материалдарын, жабдық, азық-түлiк, асыл тұқымды мал, т.б. жөнелтiп тұрды. 4-бесжылдықта (1946 — 50) өнеркәсiптiң “А” тобы салаларын және а. ш-н өркендету үшiн республикада барлық күрделi қаржының тиiсiнше 40,2%-ы және 14,2%-ы пайдаланылды. Одақтық өнеркәсiптiң жалпы өнiмiнiң 1940 — 50 ж. өсу қарқыны 173% болса, Қазақстан өнеркәсiбiнiң өсу қарқыны 232%-ға жеттi. Кәсiпорындардың саны 4 мыңға жеттi. Осы жылдары Қазақ металлургия, Балқаш мыс қорыту, Балқаш кен-металлургия з-ттары, Лениногор (Риддер) қорғасын комб., Шымкент қорғасын, Өскемен қорғасын-мырыш, Ақтөбе ферроқорытпа з-ттары мен Ақтөбе химия комб., Жамбыл (Тараз) суперфосфат з-ты, мұнай өндiретiн Қаратон және Мұнайлы кәсiпшiлiктерi, т.б. кәсiпорындар салынып, өндiрiстiк қуаттары кеңейтiлдi. Машина жасау және метал өңдеу өнеркәсiбi негiзiнен қайта құрылды. Т. ж-дың пайдаланылатын бөлiгiнiң ұзындығы Қазақстан аумағында 1940 ж. 6,6 мың км болса, 1945 ж. 8,2 мың км-ге, 1950 ж. 8,4 мың км-ге, 1960 ж. 11,5 мың км-ге жеттi. Өзен және автомоб. көлiгi жедел дамыды. Жүк тасымалы 1950 ж. 1945 жылмен салыстырғанда 1,9 есе артты. Республиканың 21 қаласында автомоб. қатынасы орнады. 1950 ж. мемл. және кооп. бөлшек сауда тауар айналымы 1940 ж. деңгейiнен 48% өстi. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жеделдетiлдi. Қала мен жұмысшы қыстақтарының тұрғын үй қоры 5 млн. м2-ден астам өстi, ауылдық жерлерде 100 мың м2 үй салынды. 1946 ж. оқу-ағарту, денсаулық сақтау, әлеум. қамсыздандыруға бөлiнген қаржы 1013,2 млн. сом болса, 1950 ж. 1734,9 млн. сомға жеттi, яки 70%-дай көбейдi.

А. ш-ның материалдық-тех. базасы нығайды. Мыс., кеңшарлар саны 1940 жылғы 194-тiң орнына, 1950 ж. 269-ға жеттi. Ұжымшарлардағы а. ш. жұмыстарын тех. жағынан жарақтандыру 70%-ға (1940 ж. 57,2%) жеттi. Кеңшарлардағы трактор парктерiнiң қуаты 2 есе, комбайндар — 2,7 есе, негiзгi қорлар 3,9 есе өстi. Осының негiзiнде кеңшарлардың егiс көлемiн ұлғайтуға мүмкiндiк туды (1945 ж. — 630,0 га, 1950 ж. — 1150,6 мың га). 1950 ж. ұжымшарларды iрiлендiру негiзiнде а. ш-н шоғырландыру басталды. Әр ұжымшарға келетiн егiс көл. 2 есе ұлғайып, 2000 га-ға жеттi. Орта есеппен бiр ұжымшарға келетiн мал саны 3 есе өстi. 1946 — 60 ж. iрi қара саны 26,6%, қой мен ешкi — 75,9% өстi. Дәндi дақылдардың жалпы түсiмi 1950 ж. 4,8 млн. ц, астық шығымдылығы әр га-да 4,3-тен, 7,9 ц-ге артты. Мемлекетке астық сату 2 есе, iрi қара саны 1,3, қой мен ешкi саны 2,2 есе көбейдi. 1954 жылдың көктемiнен бастап тың және тыңайған жерлердi игеру жұмыстары басталды. 1954 — 55 ж. 34 астық кеңшары құрылды. Тыңды игеру үшiн (1954 — 56) республикаға сырттан барлығы 640 мыңнан астам адам келдi. 1954 — 58 ж. а. ш-н механикаландыруға, өндiрiстiк үйлер мен құрылыстар салуға 9,7 млрд. сом қаржы бөлiндi, бұл өткен бесжылдықтарға қарағанда 2,5 есе артық. 1960 жылдың аяғына қарай Қазақстанда 25 млн. га тың және тыңайған жерлер игерiлдi. Сол жылдың басында Қазақстанда 333 кеңшар болды. Қазақстанда а. ш-ның жалпы өнiмi 1950 жылғы деңгейден 2,8 есе, оның iшiнде егiншiлiкте 3,3 есе, мал ш-нда 1,9 есе артты. Дәндi дақылдардың егiс көл. 1950 ж. 6,0 млн. га-дан 1960 ж. 21,9 млн. га-ға жеттi. Мемлекетке астық сату 1960 ж. 10,5 млн. т-дан асты (1950 ж. 2,1 млн. т). Алайда тың игерудiң пайдалы жақтарымен қатар экол., экон. және әлеум. салдарлары да болды. Тың көтеру әлеум. тұрғыдан бiрқатар керi әсерлерге ұшыратты. Тың және тыңайған жерлердi игеру одақтың басқа аймақтарындағы еңбек қорларын тарту арқылы атқарылғандықтан iс жүзiнде бақылаусыз көшi-қон қозғалысы туды. Тың игерген аймақтың жергiлiктi тұрғындарына балалары оқитын мектептердiң, өздерi iстейтiн ұжымшарлардың жабылып қалуына байланысты туған жерлерiн тастап кетуге мәжбүр болды. Соның салдарынан республиканың жергiлiктi тұрғындарының үлес салм. 30%-ға дейiн азайды. Қазақ тiлiнiң дамуы мен қазақ этносының әлеум.-мәдени ин-ттарына қатер туды.

5-бесжылдықта республикада 200-ге жуық iрi кәсiпорын қатарға қосылды. Қарағанды металлургия з-ты, Соколов-Сарыбай кен байыту комб. салына бастады. Жаңа көмiрлi аудандар (Саран, Шерубай — Нұра, Шахан) игерiлдi. Екiбастұз кенiнде алғашқы iрi көмiр қимасы пайдалануға берiлдi. Өскемен су электр ст. iске қосылды, Бұқтырма СЭС-нiң құрылысы басталды. Мұнай және газ өнеркәсiптерi жоғары қарқынмен дамыды. Химия өнеркәсiбi Қазақстанның а. ш-н және Орта Азия республикаларын фосфор тыңайтқыштарымен қамтамасыз етуге негiзделдi. Қарағанды синтет. каучук з-ты ауыр өнеркәсiптi органик. синтез өнiмдерiмен, құрылыс индустриясын кальций карбидiмен қамтамасыз еттi. Республикада құрылыс жұмыстары кең өрiс алды. 1960 жылдың қаңтарына қарай Қазақстанда 398 кiрпiш, 119 әк з-ттары, 221 қабырға блоктарын өндiретiн кәсiпорындар, 895 бейруда құрылыс материалдарын өндiретiн өңдеушi кәсiпорындар жұмыс iстедi. 1958 ж. Алматы, Өскемен, Қарағанды қ-ларында алғашқы телеқондырғылардан бейнехабар берiле бастады.

1960 — 85 ж. Жалпы КСРО-да халық ш-н бiртұтас кешенге айналдыру бағдарламасы жасалып, одақтас республикалардың экономикасын жалпы одақтық көлемде орталықтандырылған басқарумен ұштастыру, республикалар арасындағы еңбек бөлiнiсiн тереңдету көзделдi. Осыған орай республикада өнеркәсiптiк өндiрiстi аумақтық жағынан ұйымдастырып, аймақтардағы өндiргiш күштердi кешендi түрде дамытуға ден қойылды. Сан алуан табиғи байлықтарды қарқынды түрде халық ш. айналымына қосу, өндiрiс құрал-жабдықтары өндiрiсiн басымырақ дамыту, республиканың жергiлiктi жағдайлары мен ерекшелiктерiн ескере отырып жалпы одақтық және аймақтық мүдделерге сай келетiн өнiмдер өндiруге мамандандыру мiндетi алға қойылды. 1985 ж. республиканың қоғамдық, жалпы өнiмi 1960 жылмен салыстырғанда 3,9 есе артты. Материалдық өндiрiстiң басқа салаларының да даму деңгейi жоғары болды. Өнiм өндiрудiң жалпы көлемi өнеркәсiпте 5 есе, а. ш-нда 1,7 есе, материалдық-тех. жабдықтауда — 2,9, құрылыста — 3,4, көлiк пен байланыста — 4,6, сауда мен қоғамдық тамақтандыруда — 4,5, өнiм дайындауда — 2,4 есе өстi. Аса бай табиғат қорлары негiзiнде өнеркәсiп халық ш. кешенiнде жетекшi орынға ие болды. Iрi кәсiпорындар, жаңа шахталар пайда болды. Мұнай, болат, минералды тыңайтқыштар, көмiр, т.б. табиғат қорларын ашудың көлемi көбейдi. Халық ш-ның мамандандырылған салалары (түстi және қара металлургия, отын-энергет. кешенi, т.б.) басымырақ дамыды. Павлодар, Екiбастұз, Қаратау, Жамбыл, Маңғышлақ аумақтық-өндiрiстiк кешендерi (АӨК) қалыптасты, Қарағанды — Темiртау, Шығ. Қазақстан, Торғай және Шымкент — Кентау аумақтық өндiрiстiк кешен дамытылды. 70-жылдардан бастап өндiрiс жоспарлы түрде шоғырландырылып, негiзгi өнiм түрлерiн неғұрлым iрi кәсiпорындар мен өндiрiстiк бiрлестiктер өндiрдi. 1986 жылдың басына қарай республикада 610 кәсiпорынды бiрiктiрген, бүкiл өнеркәсiп өнiмiнiң жартысынан астамын шығаратын 162 бiрлестiк болды. 1984 жылдың аяғында республикада 2139 кеңшар, 412 ұжымшар, 203 шаруашылықаралық кәсiпорындар мен ұйымдар, 40 өндiрiстiк а.ш. бiрлестiгi жұмыс iстедi. Тамақ өнеркәсiбi 30 сала мен өндiрiстi қамтыды. Халықтың жан басына шаққанда ұлттық табыс 1960 жылмен салыстырғанда 1985 ж. 2 есе, нақты табыс 2,2 есе, төлемдер мен жеңiлдiктер 3,9 есе өстi. Бейөндiрiстiк аяның барлық салаларының негiзгi қорлары 1975 жылмен салыстырғанда 1985 ж. 3,1 есе өстi, оның iшiнде денсаулық сақтау, дене шынықтыру, әлеум. қамсыздандыру салаларының қорлары 5,7 есе, ағарту iсiнде 5,8, мәдениет пен өнерде 4,8 есе өстi.

Республика қара және түстi металлургия, химия өнеркәсiбiнiң iрi орталығына айналды. Одақтағы мыс, қорғасын, қалайы секiлдi металдарды өндiрудiң 30%-дан 70%-ға дейiнгiсi Қазақстан үлесiне тидi. Қазақстан бiрден-бiр а. ш. аймағына айналды. Мемлекет қорына Қазақстаннан жүннiң әрбiр төртiншi тоннасы, еттiң әрбiр он екiншi тоннасы, астықтың әрбiр бесiншi тоннасы түсiп отырды. Өкiнiшке қарай осындай аса зор халық ш. әлуетi, басқару жүйесiнiң қолайсыздығынан, Қазақстан халқының жағдайын түпкiлiктi жақсарта алмады. 20 ғ-дың 70-жылдары және 80-жылдарының бiрiншi жартысында Қазақстан экономикасы экстенсивтi негiзде, экон. ынталандыруға мән берiлмей, жаңа технол. үрдiстердi елеместен, бұрынғы сарынмен дами бердi. Бұл кезең елде тоқырау жылдары деп есептелгенiмен, жалпы Қазақстанда экон. қуат бiршама өстi. Бұл жылдары қара металлургияның одан әрi дамуымен бiрге Соколов-Сарыбай және Лисаков кен байыту комб-тары iске қосылды. Одақтағы ақ қаңылтыр шығаратын ең күштi цехы бар Қарағанды металлургия комб-ның құрылысы аяқталды. Ермак (қазiргi Ақсу) және Ақтөбе ферроқорытпа з-ттары жұмыс iстей бастады. Ақтөбеде хром кенiн шығару арта түстi. Целиноградтың (Астананың) а. ш. машина-құрылыс з-ты, т.б. кәсiпорындар өздерiнiң өнiмдерiн шығара бастады. Қарағанды және Екiбастұз көмiр алаптарында көмiр шығару үлкен қарқынмен жүрдi.

Ауыл шаруашылығы 1979 ж. жоғары көрсеткiшке жеттi. Тың жерлердi игерген 25 жыл iшiндегi ең мол астық өнiмi алынды. Республика мемлекетке 1 млрд. 262 млн. пұт, яки 20 млн. т астық бердi.

Өнеркәсiптiң шикiзатқа бағдарланған бiр жақты құрылымы, 20 ғ-дың 60 — 70-жылдары орт. мин-тер мен мекемелердiң өктемдiгiмен орнықты. Қазақстандағы кен қазу салаларының өнiмi 80-жылдардың басында Одақтағы орташа деңгейден 1,7 есе артық болды. Республиканың экон. қуатының жартысынан көбi одақ мин-терiнiң бақылауында едi. Республиканың шикiзат қорларын сорудан қыруар кiрiс тапқанымен одақтық мекемелер республика бюджетiне ешқандай қаражат түсiрмедi. Табиғи ортаны қорғау мен адам денсаулығы және әлеум. инфрақұрылымдардың дамуы жөнiнде де ешқандай қамқорлық көрсетiлмедi. Көп жылдар бойы шикiзат салаларының үлкен кәсiпорындар түрiнде дамуы өнеркәсiптiң ғыл. жолмен дамымауына, өндiрушi және қайта өңдеу өнеркәсiбi деңгейiнiң төмен болуына, халық тұтынатын тауарлардың өте баяу шығарылуына әкелiп соқтырды. Азық-түлiктен өзге тұтынылатын тауарлардың 60%-ына жуығы сырттан әкелiндi. Бүкiл халық ш-на тән тежелудiң бәрi де республика экономикасында көрiнiс тапты. Сөйтiп, өнеркәсiп өнiмдерi өсуiнiң орташа шапшаңдығы 9-бесжылдықтағы 8,4%-дан 11-бесжылдықта 3,8%-ға дейiн қысқарды, ұлттық табыс 4,4%-дан 1,4%-ға төмендедi. 9-бесжылдық жоспары 12,6%, 10-бесжылдық 2,5%, 11-бесжылдықтiкi 3,6% кем орындалды.

Қазақстанның а.ш-нда қайта өңдеу, сақтау, iске асыру ең артта қалған салалар болды. Бұл кезеңдегi экон. дағдарыс әлеум. саланы да қамтыды. 1970 — 85 ж. республика тұрғындарының көпшiлiгiнiң тұрмыс деңгейi, жалпы алғанда, көтерiлгендiгi байқалады. Отбасының көбiнде теледидар, тоңазытқыш, кiр жуу машиналары пайда болды, азаматтардың жеке меншiк автокөлiктерi мен ұзақ мерзiмдi сұраныс тауарларының саны көбейдi. Алайда әлеум. салада, жалпы алғанда, жағымсыз процестер тез шешiлудiң орнына үдей түстi. Қаржыландырудағы қалдықтық қағиданың салдарынан мед. қызмет көрсету, бiлiм беру, мектепке дейiнгi тәрбие беру iстерi артта қалды. Ауылдар мен селолардың жартысынан көбiнде денсаулық сақтау мекемелерi болмады. Үй, мәдени-тұрмыс нысандарының құрылысы, қызмет ету түрлерiнiң дамуы тұрғындардың қажеттiлiгiнен көп төмендедi. Бұл жылдары iрi өнеркәсiптiк және энергет. кешендердi салатын мекемелердiң үлкен ауқымды индустриялы экспансиясы өрiстедi. Мұның бәрi қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына үлкен зиян келтiредi.

90-жылдардың басында экономиканың тежелуi экон. дағдарыстың ушығуы, соның салдарынан тұрмыс деңгейiнiң төмендеп кетуi одақтас республикаларды тәуелсiздiк жолындағы белсендi қимылға бастады. Саяси саланы демократияландыру күшейген сайын экон. жағдай күрделiлене түстi. Қоғамды демократияландыру соц. теңгермешiлiкпен жарасым таба алмады. Экономиканы түбiрiмен реформалау — мемл. меншiкке негiзделген соц. жоспарлы экономикадан нарықтық көп меншiктi экономикаға көшу қажеттiгi туды. Мұның өзi бiр сәттiк iс емес және қиындықсыз болмайтын үдерiс едi. Одақтас республикалардың егемендiгiн кеңейтуге байланысты бiрнеше экон. маңызды заңдар қабылданды. “Қазақ КСР-iндегi меншiк туралы” Заң соц. экономикадан нарықтық экономикаға көшудiң негiзiн салды. Осы заңға сәйкес өндiрiс құрал-жабдықтарын меншiктенудiң мемл. меншiктен басқа түрлерiнiң де болуына рұқсат етiлдi. Сөйтiп, әлемдiк экон. кеңiстiктiң 1/3-iне жарты ғасырдан артық уақыт бойы үстемдiк еткен соц. өндiрiс тәсiлi бiржола күйредi.

Қазақстан экономикасында, басқа одақтас республикалардағы сияқты, нарықтық қатынастар орнай бастады, әр түрлi кооперативтер, жеке меншiк фирмалар мен шағын кәсiпорындар пайда болды. 80-жылдардың аяғына қарай орталықтың республиканы бақылауының әлсiреуi салдарынан, шет елдермен тiкелей экономика және сауда байланыстарын орнатуға мүмкiндiк туды. Қазақстан бұрын да өз өнiмдерiн шетке шығарып отырған, оның 97%-ы шикiзаттар, материалдар мен жартылай шикiзаттар болатын.

Экономикаға түбiрлi реформа жасау және меншiктiң көп түрлiлiгi негiзiнде нарықтық қатынастар орнату үшiн бiрқатар заңдар қабылдау керек болды. Орталыққа бағынған кезiнде Қазақстанда “Қазақ КСР-iндегi еркiн экономикалық аймақтар туралы”, “Қазақ КСР-iндегi шет ел инвестициялары туралы”, т.б. заңдар қабылданды. Республикада Сыртқы экономика мин. құрылды, Сыртқы экономика банкi ашылды. Әр түрлi экон. қауымдастықтардың, корпорациялардың дүниеге келуi өзара әрiптестiк сауданың дамуына жағдай туғызды, оның көл. 1990 ж. 1,5 есе өстi. Жаңа құрылымдардың пайда болуымен бiрге адамдардың iскерлiк белсендiлiгi артты. Бiрлескен кәсiпорындар мен банктер ашыла бастады. 1990 ж. қарашада Сауд Арабиясымен бiрiккен “Әл-Барака банк Қазақстан” банкi құрылды, Оңт. Кореяның “Самсунг” корпорациясымен iскерлiк байланыс орнатылды. Сеулдiк кәсiпкерлер Алматыдан мейрамхана ашты. Қазақстан — Қытай әуе жолы мен Жаркент — Құлжа (Инин) автожолы жұмыс iстедi. 1991 ж. Қазақстанда әлемнiң 25 елiнiң қатысуымен құрылған 35 бiрiккен кәсiпорын ресми түрде тiркелдi. Республикадағы тоқыраған экономиканы шет мемлекеттердiң экон. және технол. көмегiнсiз қалпына келтiру қиын едi. Шет ел капиталын тарту үшiн республика жаңа заңдар қабылдап, инвесторларды 5 жыл бойы табыс салығын төлеуден босатты.

Қайта құру идеяларын өмiрге енгiзу жеңiл болған жоқ. Басқарудың орталықтанған жүйесiнен бас тартпай, әкiмшiл-әмiршiл пиғылдан арылмай, түбегейлi құрылымдық өзгерiстер жасамай тұрып, реформаны одан әрi дамыту мүмкiн болмады. Қоғамды демократияландыру iсi орт. пен республикалар арасындағы, одақтас республикалардың өз арасындағы қалыптасқан экон. қарым-қатынасты, сондай-ақ, бұл қарым-қатынастың мемл.-құқықтық негiздерiн қайта қарауды қажет еттi. Қазақстанда Президенттiк басқарудың енгiзiлуi мемл. билiк әлсiреп, экономикадағы дағдарыс тереңдей түскен жағдайда елдегi экон. және саяси ахуалды тұрақтандыруға бағытталған заңды құбылыс едi. Қазақстанның мемл. егемендiгi туралы Декларацияның қабылдануы (25.10.1990) нәтижесiнде материалдық-тех., сыртқы экон. қатынастар, қаржы салаларында жаңа мүмкiндiктер туды. Орт. органдарды жанай өтiп, бұрынғы кеңiстiктегi республикалармен тiкелей экон. байланыстар орнай бастады. Шет мемлекеттермен байланыстарды жолға қоюға мүмкiндiк туды. ҚР Президентi одақтық бағыныстағы мемл. кәсiпорындарды Қазақстан Үкiметiнiң құзырына алу, Қазақ КСР-iнiң алтын және күмiс қорын жасау туралы жарлықтар, сыртқы экон. қызмет пен мекемелердiң тәуелсiздiгiн қамтамасыз ететiн басқа да жарлықтар шығарды. Ендi бұрынғы одақтас республикалар өзара тiкелей дипломатиялық және экон. қарым-қатынас орната бастады. Қазақстан да 1990 — 91 ж. Беларусьпен, Әзербайжанмен, Қырғызиямен, Өзбекстанмен, Ресей Федерациясымен және Украинамен экон. шарт жасасып, достық пен ынтымақтастық туралы әр түрлi келiсiмдерге қол қойды. Қазақстан мен Ресей Федерациясының арасында да бiрсыпыра келiсiмдер жасалып, өзара мiндеттемелер қабылданды. Қазақстанның тәуелсiз мемлекет болып жариялануы (16.12.1991) нәтижесiнде осы уақытқа дейiн шикiзат аймағы және арзан жұмыс күшiнiң көзi саналып келген республика экономикаға меншiктiң көп түрлiлiгiне негiзделген нарықтық қатынастарды енгiзе отырып, дербес экон. өрлеу жолына түстi.

Тәуелсiздiк алғаннан кейiн (1991) Қазақстанда экономиканы реформалаудың бiрнеше тәсiлi қолданылды. Мемл. экон. саясаттың базалық бағыттары мыналар болды: 1) соц. экономикадан кейiнгi қайта құру; 2) дағдарысқа қарсы бағдарлама; 3) макроэкон. тұрақтандыру; 4) дүниежүз. экон. дағдарысты еңсеру; 5) экон. өрлеудi қамтамасыз ету. Бiрiншi кезең (1991— 92) Қазақстанда соц. экономикадан кейiнгi экон. жағдайдың шиеленiсiп, құлдырауымен сипатталады. Бұл 70-жылдардың аяғында КСРО экономикасы нақты секторының жаппай үдере қожырауы салдарынан туған едi, оның үстiне өзгерiске ұшыраған сыртқы және iшкi әлеум.-экон., қоғамдық-саяси бағытта жүргiзiлген экон. саясат өрiстеп кете алмады.

90-жылдардың басында ҚР-ның экон. саясаты соц. экон. жүйенi өзгертуге және ұлттық нарықтық экономиканы құруға бағытталды. Негiзгi бағыттар мыналар болды: экономиканы ырықтандыру: сыртқы реттеуiштердi енгiзу, әлеум.-экон. аяға мемлекеттiң қатысуын шектеп, қамқорлығын азайту, сыртқы экон. қызмет нысандарын кеңейту, сырттан инвестициялар тарту, валюталық тәртiптi тұрақтандыру; көп ұстынды экономиканың негiздерiн қалыптастыру: экономикада жекеше сектордың жұмыс iстеуi үшiн жағдай жасау, шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге нарықтық нышандар үлгiлерiн енгiзу, кәсiпкерлiктi, шағын және орташа бизнестi дамыту, толымды нарықтық бәсекенi өрiстету үшiн жағдай жасау.

Республиканың жалпы iшкi өнiмi 1991 ж. ағымдағы бағамен — 85863,1 млн. сом., 1992 ж. — 1217689,2 сом болды. Бағаны ырықтандыру салдарынан үдей түскен инфляцияға байланысты жалпы iшкi өнiм ағымдағы бағамен 15 есе көбейдi. Тұтыну бағасының индексi 1992 ж. 3060,8%-ды құрады, мұның өзi 1991 жылмен салыстырғанда 12,4 есе (247,1%) көп. Нақты бағамен жалпы iшкi өнiм деңгейi 5,3%-ға төмендедi. 1991 жылмен салыстырғанда 1992 ж. экономиканың барлық саласы бойынша өндiрiс көлемi күрт азайды. Өнеркәсiптiк өнiмнiң құлдырау қарқыны құрылыста 40,5%-ды, саудада 17,4%-ды, көлiкте 19,4%-ды құрады. Өндiрiстiң өсуi тек а.ш-нда ғана тiркелдi. Сатып алу қабiлетiнiң тепе-теңдiгi бойынша орта есеппен жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм 1991 ж. 5756 АҚШ дол., 1992 ж. 5561 АҚШ дол. болды. 1992 ж. Қазақстанның стратегиялық дамуының алғашқы бағдарламасы — “Қазақстанның егемендi және тәуелсiз мемлекет ретiнде дамуының қалыптасу стратегиясы” қабылданды, мұнда мемлекет дамуының басым бағыттары айқындалды және экономика аясында стратегиялық мақсаттар белгiлендi, олар: бәсекеге негiзделген, экон. және әлеум. өзара байланыстардың жалпы жүйесiнде әрқайсысы өз мiндеттерiн орындайтын негiзгi меншiк нысандары (жекеше және мемл.) ұштасатын және өзара байланыста болатын әлеум. нарықтық экономика құру; адамның экон. өзiн-өзi билеуi қағидатын iске асыру үшiн құқықтық және басқа жағдай жасау.

Екiншi кезең (1993 — 94) экон. дағдарыстың түйiндi кезеңiне айналды, бұл дағдарыс мыналардан көрiндi: Ресей Федерациясымен шаруашылық байланыстардың үзiлуi және осының салдары ретiндегi төлем төленбеу дағдарысы: кәсiпорындардың өзара борыштары 1993 — 94 ж. және 1995 жылдың басында 634913 млн. теңге болды; инфляция (гиперинфляция) өрши түстi: 1993 ж. тұтыну бағасының индексi 2265% деңгейiне жеттi (Ресей Федерациясының жаңа рублiнiң инфляциясы); өнеркәсiптiң шегiне жете құлдырауы: өндiрiлген ұлттық табыс 1991 — 93 ж. 1976 жылғы деңгейге дейiн төмендеп, жалпы құлдырау 38,2% болды. 90 жылдардың басындағы жалпы экон. дағдарыс халық тұрмысының күрт нашарлауына әсерiн тигiздi: 1990 жылдан 1994 жылға дейiн тұтыну қабiлетiнiң тепе-теңдiгi бойынша жан басына шаққанда орта есеппен жалпы iшкi өнiм 20%-ға азайып, 4711 АҚШ долл. болды. Бұл кезеңде халықтың жаппай көшi-қоны басталды, ол 1994 ж. терiс сальдоға жеттi (–410387 адам). Жалғастырылған реформалардың мақсаты мына шараларды көздедi: меншiк қатынастарын қайта құру жеке меншiктi заңдастыру жағына ойысты; “рубль аймағынан” шығу және ұлттық валюта — теңгенi енгiзу (1993 ж. қараша); валюта-қаржы және банк жүйесiн өзгерту; инфляция мен бюджет тапшылығын кемiтуге қатысты қатаң шектеу шараларын жүзеге асыру; алтын-валюта сақтық қорларын еселей түсу. Бұл кезеңде үкiмет дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасын қабылдады, ол инфляция деңгейiн азайтуға және өндiрiстiң құлдырауын шектеуге бағытталды. Қаржы секторы беретiн қарыздардың көлемiн шектеуге қосымша несиенiң “бағасын ұтымды ету” талабы, яғни жоғары пайыздық мөлшерлеме белгiлеу қарастырылды. Бұл шара жекеше жинақ ақшаның өсуiне септiгiн тигiзетiн, қарыз қорларына жұмсалатын шығынның өсуi себептi банк секторының қарыздарына жалпы сұранымды қысқартуға жәрдемдесетiн барынша тиiмдi шаралардың бiрi ретiнде қарастырылды. Мұндай жағдайда ҚР-ның Үкiметi басшылық нұсқамасымен “директивалық” несиелер беру есебiнен кәсiпорындарға талғамалы қолдау көрсетуге тырысты: 1994 ж. оның көл. 14063,7 млн. теңге болды. Тұрақтандыру бағдарламасы шеңберiнде қолданылып жатқан шараларға қарамастан мемлекеттiң нысаналы несиелерi көбiнесе қайтарылмайтын несиелерге айналды. 1994 жылдың аяғына қарай шамамен 2300 млн. теңге (яғни бөлiнген несиенiң алтыдан бiр бөлiгi) қайтарылды. Бұл кезеңде жалпы iшкi өнiмнiң серпiнi өндiрiстiң шапшаң құлдырауымен сипатталды, ал 1995 жылдың басына қарай жалпы iшкi өнiмнiң көлемi 1990 жылғымен салыстырғанда 61,4% болды. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның нәтижесiнде таза жинақ қаражат — өндiрiстi тұрақтандыратын әлеуеттi инвестициялар өсуге тиiс едi. Алайда, жинақ қаражат күткендегiдей өсе қоймады: халықтың салымы небәрi 606,9 млн. теңгеден (1.1. 1994) 1673,5 млн. теңгеге дейiн (1.7.1994) ғана көбейдi, ал банкiлердегi ағымдағы, есеп айырысу және депозиттiк шоттардың қалдықтары тиiсiнше 4154,1 млн. теңгеден 12472,0 млн. теңгеге көбейдi. Сөйтiп, экономиканың нақты секторында болған тұрақсыздану өндiрiстiң құлдырауын ушықтыра түстi. Тек 1994 ж. ғана Қазақстан өз өнеркәсiбiнiң ширегiнен астамынан айрылды. Дағдарысты шектеу қатаң экон. саясат жүргiзудi талап еттi, соның салдарынан әлеум.-экон. ахуал одан әрi нашарлады. Қазақстанның экон. саясатына түзету енгiзудiң нәтижесiнде экономика дәрменсiздiктен серпiлiп, макроэкономика тұрақтану үшiн жағдай жасауға мүмкiндiк туды. Бұл кезеңде Қазақстан Халықар. валюта қорына кiрдi, ол елге дағдарысты еңсеру үшiн нысаналы несие бөлдi.

Үшiншi кезеңде (1995 — 97) Макроэкономиканы тұрақтандыру бағдарламасы қабылданды, ол қатаң шектеу арқылы инфляцияны төмендетудi көздедi. Тұрақтандыру бағдарламасы мынадай мақсаттарды алға қойды: нарықтық экон. ин-ттары мен инфрақұрылымды дамыту; халықар. стандарттарға сәйкес екi деңгейлi банк жүйесiн жаңғырту, инвестициялық және сақтандыру компанияларын, биржалар мен аудиторлық фирмалар құру; қатаң ақша-несие және нысапты бюджет-салық саясатын жүргiзу; ұлттық валюта бағамының тұрақтылығына қол жеткiзу; атаулы жалақыны шектеу; берiлетiн несиелердi шектеу және ақша массасының қатаң көлемiн (11722 млн. теңгеден аспайтын) белгiлеу. Бұл кезеңде шет ел капиталы кеңiнен тартылды, рыноктер мен нарықтық құрылымдарды дамыту үшiн жағдай жасалды. Қолданылған шаралардың нәтижесiнде 1996 жылдың қарсаңында теңгенiң валюталық бағамы тұрақтанды (1994 ж. — 1 долл. үшiн 35,76 теңге, 1995 ж. — 60,93 теңге, 1996 ж. — 67,29 теңге), бюджет тапшылығы азайды, өнеркәсiптiң сыртқа шығаруға бағдарланған бiрқатар салаларында өндiрiс жанданды. Әлеум. аядағы қаржы-экон. қайта құрулар қаржы жүгiн респ. бюджеттен жергiлiктi бюджетке беру, көрсетiлетiн әлеум. қызметтердiң сапасын арттыру, әлеум. сала мекемелерiнiң қызметiне жаңа экон. бәсекелестiк қатынастарды енгiзiп, дамыту, қаржыландырудың бюджеттен тыс көздерi мен көлемдерiн ұлғайту бағытында жүзеге асырылды. Қаржы қорларын шектеу жағдайында негiзгi қаржы-экон. өзгертулер аралас қаржыландырудың жаңа үлгiсiне көшу негiзiнде қаржыландыру жүйесiн өзгертумен ұштастырыла жүргiзiлдi, мұнда бюджеттен қаржыландыру, сақтандыру жарналары мен жекеше инвестициялар негiзгi көздерге айналды. Жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм 1994 жылмен салыстырғанда 1997 ж. 14,1 млрд. теңге деңгейiне дейiн көбейдi. 1997 жылдың бас кезiндегi экономиканың жай-күйiн мынадай факторлармен сипаттауға болады: iс жүзiнде барлық тауарлар мен қызметтердiң бағасы босатылды немесе ырықтандырылды, негiзгi заңдық актiлер өзгертiлдi, олар реформаларды жүргiзуге мүмкiндiк туғызды, сыртқы экон. қызмет ырықтандырылды, нарық талаптарына сай келетiн жаңа салық базасы жасалды, меншiктi қаржы рыногi құрылды, банк жүйесi жаңғыртылды, оның инфрақұрылымы дамытылды; мемл. бағалы қағаздар рыногi құрылды, мемл. меншiктi жекешелендiру қарымды қарқынмен жүргiзiлдi. Алайда, қатаң ақша-несие, бюджет-салық саясатының экон. тұрғыдан тиiмдi нәтижелерiне қарамастан бұл кезеңде халықтың әлеум.-демогр. ахуалы күрт нашарлады: халықтың өсiп-өну деңгейi кемiдi; өмiрдiң ұзақтығы қысқарды; бiлiм деңгейi төмендедi; материалдық әл-ауқат құлдырап кеттi: қазақстандықтардың 31%-ға жуығы тұтыну қоржынының ең төмен деңгейiнде өздерiнiң күн-көрiс қажеттерiн қанағаттандыра алмады, жұмыссыздық деңгейi екi есеге жуық көбейдi. Бұл кезеңде бұрынғы әлеум. саясат қағидаларын өзгерту қажеттiгi туды: халықты әлеум. қорғаудан әлеум. көмек пен қолдауға көшу, сондай-ақ, әлеум. саладағы мемл. қамқорлықты қысқарту қажет болды. Бұл нарықтық реформалар кезеңiнiң басты жетiстiктерi: елде тұрақты әлеум.-экон. жағдай сақталды; ұлттық ақша бiрлiгi енгiзiлдi және дербес ұлттық ақша саясатын жүргiзу мүмкiндiгi туды; Қазақстан рыногi тұтыну тауарларымен молая түстi; респбликаның тәуелсiздiгi мәртебесiн дүниежүз. қоғамдастығы мойындады және ол халықар. қаржы ин-ттарына кiрдi. Әлеум.-экон. шаралардың iске асырылуы Қазақстанда жекеше зейнетақы, сақтандыру және мед. қорларын құруға жол ашты.

Төртiншi кезеңде (1998 — 99) Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы қабылданды. “Қазақстан — 2030”: Барлық қазақстандықтардың өсiп-өркендеуi, қауiпсiздiгi және әл-ауқатының жақсаруы: ел Президентiнiң “Қазақстан халқына жолдауы” (1997 ж. күз) бағдарламасы — ҚР-ның ұзақ мерзiмдiк стратег. дамуының тұжырымдамалық негiзi — даму бағыттары және елдiң дамыған елдер тобына шығу жолдары айқындалды. Стратегияның мiндеттерiне сәйкес Қазақстан 2030 жылға қарай дамыған мемлекеттердiң деңгейiне жетiп, әлемнiң ең дамыған 20 елiнiң қатарына қосылуға тиiс (қ. Қазақстан — 2030 даму стратегиясы). 1997 жылдың аяғында басталған дүниежүз. қаржы дағдарысы Қазақстанның экспорттық салаларына айтарлықтай ықпал жасады. Ұзақ мерзiмдi стратегияның алдын-ала белгiленген кезеңiн iске асыру мақсатында Президенттiң 1998 ж. 28 қаңтардағы Жарлығымен ҚР дамуының 1998 — 2000 жылдарға арналған стратег. жоспары бекiтiлдi, ол дүниежүз. қаржы дағдарысының зардаптарын еңсеруге, экономиканың нақты секторын сауықтыру жолымен экон. өрлеудi қамтамасыз етуге, бюджеттiк аяны реформалауға, белсендi әлеум. саясат жүргiзу жағдайында ел экономикасына жұмсалатын инвестицияларды көбейтуге бағытталды. Бұл кезеңде теңгенiң өзгермелi бағамы енгiзiлдi (1 АҚШ долл. 1998 ж. — 78,29 теңгеге, 1999 ж. — 119,64 теңгеге тең болды), мұның өзi 1996 жылмен салыстырғанда 12%-ға азайған (1998) өнiм экспортын ынталандыруға мүмкiндiк бердi. 1999 ж. экспорт көл. 5592,2 млн. АҚШ долл-на жеттi; Бұл кезеңде тұтыну қабiлетiнiң тепе-теңдiгi бойынша жалпы iшкi өнiм 74891,6 млн. АҚШ долл-нан (1998) 77976,8 млн. АҚШ долл-на (1999) көбейдi. Жалпы iшкi өнiмнiң нақты көл. 2,7%-ға артты. Бұл кезеңде зейнетақы реформасы (ынтымақты зейнетақы жүйесiнен жинақтаушы зейнетақы жүйесiне көшу) жүргiзiлдi, ол iшкi қорлануды одан әрi ұлғайтып, iшкi инвесторлардың қалыптасуына жағдай жасады. 1998 жылдың соңында зейнетақының қоры 23542 млн. теңгеге жеттi, бiр жылдан кейiн ол 2,7 есе көбейдi (64504 млн. теңге).

Бесiншi кезеңде (2000 жылдан қазiрге дейiн) Қазақстан экон. өрлеу жолына түстi. ҚР дамуының 1998 — 2000 жылдарға арналған стратег. жоспарын iске асырудың оң тәжiрибесi бюджеттiк-қаржылық өзара iс-қимыл мен реттеудiң жаңа қағидаларына негiз қалады, оның серпiнi мына мақсаттармен айқындалды: 2000 — 02 ж. орт. және жергiлiктi атқарушы органдар арасында қаржы-экон. мiндеттердi бөлiсу; 2001 жылдан бастап елдiң экон. дамуын жоспарлауға көшу. Бұл кезеңде жалпы iшкi өнiм жыл сайын өсiп отырды: тұтыну қабiлетiнiң тепе-теңдiгi бойынша 2000 ж. — 87607,5 млн. АҚШ долл-ы, 2001 ж. — 101674,1 млн. АҚШ долл-ы. 2002 ж. жалпы iшкi өнiм көлемi бұрынғыдан 9,5%-ға көбейдi. 1999 — 2000 ж. бейқаржылық активтер негiзiнен шетелдiк инвестициялардан құралса (тиiсiнше 57% және 51%), 2001 ж. iшкi инвестициялар тұңғыш рет салымның 60%-ынан астамын құрады. Инвестициялардың жалпы сомасы 1158,1 млрд. теңгеге жеттi. 2000 — 02 ж. елдiң экон. дамуы үшiн инвестициялық мүмкiндiктер жасауға баса назар аударылды. Өз қызметiн экономиканың басым секторларында жүзеге асырушы инвесторлармен 119 келiсiмшарт жасалды, негiзгi капиталға 165 млрд. теңгеден астам сомада (1,2 млрд. АҚШ долл-ы) инвестициялық мiндеттеме қабылданды. 2001 ж. негiзгi капиталға жұмсалған инвестициялардың көл. 775,7 млрд. теңгенi құрады, бұл бұрынғы жылдағыдан 21%-ға көп. 2001 ж. 4 желтоқсанда Президенттiң Жарлығымен “Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейiнгi стратег. жоспары” бекiтiлдi. Қазiргi кезде 2010 стратегиясы (2001), Үкiметтiң 2002 — 04 ж. арналған iс-қимылдар жоспары (2002) және соның негiзiнде әзiрленген 2003 — 05 жылдарға арналған респ. бюджеттiң болжамдық көрсеткiштерi (2002) экономика үшiн негiз ретiнде басшылыққа алынып отыр. Негiзгi мақсат — бәсекелестiк қабiлетi күштi экономика құру, жалпы iшкi өнiмдi 2002 жылмен салыстырғанда 2 есе көбейту. Мұндай iлгерiлеуге стратегиялық салаларды — мұнай-газ секторын, энергетика мен агр.-өнеркәсiптiк секторды оңтайлы реттеу жолымен қол жеткiзiледi. ҚР-ның 2003 — 2005 жылдарға арналған мемл. агр. азық-түлiк бағдарламасының қабылдануы осыны қуаттайды. Бұл бағдарламада негiзгi басым бағыттар көрсетiлдi, олар: елдiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету; агр. бизнестiң белсендi жүйесiн қалыптастыру; iшкi және сыртқы рыноктарда а. ш. өнiмiн және оның ұқсатылған өнiмдерiн сату көлемiн ұлғайту; а. ш. өндiрiсiн мемл. қолдау шараларын ұтымды ету. Соңғы екi жылдағы экон. өрлеу Қазақстандағы әлеум. ахуалға дұрыс ықпалын тигiздi: жұмыссыздық қысқарып, халықтың кедей топтарының үлесi азая түстi. Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi 12 жылдың iшiнде Қазақстанда әлеум., зейнетақы жүйесi, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформалары жүргiзiлдi, қызмет көрсету аясы 100% жекешелендiрiлдi, жер реформасын жүргiзу үшiн жағдай жасалды.

Қазақстанда iрi өнеркәсiп орталықтары, оның iшiнде отын-энергет., металлургия, химия, машина жасау, құрылыс өнеркәсiбi жұмыс iстейдi. Республика кәсiпорындары шойын, кокс, болат, қорғасын, мыс, мырыш, титан, магний, қарашiрiк, синтет. каучук, шайыр, пластмасса, хим. талшықтар, автомоб. шиналарын, минералдық тыңайтқыштар, цемент, металл жонғыш станоктар, ұсталық-сығымдағыш жабдықтар, қақтау стандарын, күш трансформаторларын, рентген аппараттарын, а.ш. машиналарын, тракторлар, экскаваторлар, т.б. өндiредi. Әлемдiк экономика ауқымында Қазақстан — тауар рыногiне мұнай, газ, қара, түстi, сирек кездесетiн металдар, уран өнiмiн шығарушы ел. Кен қазу өнеркәсiбi Қазақстан экономикасының жетекшi секторы болып табылады. 2001 ж. өнеркәсiп өндiрiсiнiң 44,3%-ы осы өнеркәсiптiң үлесiне тидi. Қазақстанда көмiр-сутектi шикiзаттың бiрегей қоры бар. Барланған қор бойынша елiмiз әлемде 13-орында. 250-ден астам мұнай-газ кенiштерi ашылды, олардың көбi республиканың батыс бөлiгiнде, негiзiнен Атырау обл-нда. Олардың iшiнде 1 млрд. т-дан астам мұнай қоры бар Теңiз кенiшi; газ қоры 1,3 трлн. м3 және конденсат қоры 700 млн. т-ға жуық Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенiшi; сондай-ақ, Кенбай, Жаңажол, Жетiбай, Қаламқас, Қаражанбас, Өзен, Құмкөл кенiштерi бар. 2000 ж. Қазақстанда Солт. Каспий қайраңында iрi мұнай кенiшi (Қашаған) ашылды. Бағалаудың алғашқы кезеңiнде кенiштiң жалпы геол. қоры 38,4 млрд. баррель, ал өндiрiп алынатын қоры — 13 млрд. баррельге жуық. Атырау обл-ндағы аса iрi кенiштер: жалпы қоры 800 млн. т-дан астам, Теңiз кенiшi (оның бастапқы өндiрiп алынатын қоры 700 млн. т), Королев кенiшi (бастапқы өндiрiп алынатын қоры 30,5 млн. т), Кенбай кенiшi ( 30,8 млн. т). Маңғыстау обл-ндағы аса iрi мұнай кенiштерi: Өзен, Жетiбай, Қаламқас, Қаражанбас. Бат. Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы Қарашығанақ пен Жаңажолдың мұнай мен газ өндiрiсiндегi келешегi зор. Республикада мұнай-газ саласын 2002 ж. “Қазақойл” ұлттық мұнай компаниясы мен “Мұнай және газ тасымалы” ұлттық компаниясының бiрiгуi жолымен құрылған “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы басқарады. Қазақстанда мұнай мен газ өндiру iсi шет ел инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылуда (“Теңiзшевройл” бiрлескен кәсiпорны, “Қазақойл-Ембi” АҚ, “Атырау мұнай компаниясы”, “Қазақстанкаспийшельф”, “Каспиймұнайгаз”, “Қазгермұнай” ЖАҚ-дары, т.б.).

Мұнай-газ секторының өнiмi Еуразия құрлығының ондаған елдерiне экспортқа шығарылады (аса iрi импортшылар: Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Украина, Швейцария, Италия). Экспорт құрылымында мұнай мен газ конденсатының үлесi 2001 ж. 49,3% болды.

Қазақстанда өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көлемiнде түстi металлургияның үлесi 11%. Өндiрiс деңгейi бойынша Қазақстан әлемде тазартылған мысты iрi көлемде өндiрушiлер мен экспортқа шығарушылар қатарына жатады. Республиканың әлем бойынша мыс өндiрудегi үлесi 2,3%. Қазақстан мысының негiзгi импортшылары: Италия (50%) мен Германия (35%). Экспорт құрылымында мыс пен мыс қорытпалары 7%. Тазартылған мыстың 90%-ын “Қазақмыс” корпорациясы өндiредi, ол Қазақстанның түрлi аймақтарында бiрнеше зауыттарды, кенiштердi және энергия нысандарын бiрiктiрiп отыр. Қазақстан темiр кентасының қоры жөнiнен әлемде 8-орында. Оның әлемдiк қордағы үлесi 6%. Елде өндiрiлетiн темiр кентасының 70%-дан астамы экспортқа шығарылады. Қазақстанның қара металлургиясы өнеркәсiп өнiмi көлемiнiң 7%-ға жуығын өндiредi. Мұндағы аса iрi кәсiпорын – Қарағандыдағы “ИспатКармет” металлургия комбинаты, ол шойын мен дайын қара металдар қақтамасының 100%-ын және болаттың 90%-дан астамын өндiредi. Бұл комб. өнiмi ТМД елдерi мен алыс шет елдерге экспортқа шығарылады. Сондай-ақ, “Жәйрем кен-байыту комбинаты” АҚ тотыққан марганец және темiр-марганец кентастарынан жоғары сапалы марганец концентраттарын өндiредi. Қазақстанда хромды кентастардың мол қоры бар, ферроқорытпа з-ттары жұмыс iстейдi. 1994 жылдан кен-металлургия кешенi кәсiпорындарының көбi шетелдiк және отандық компаниялардың басқаруына берiлдi. 1996 — 97 ж. кен байыту және металлургия кәсiпорындарын бiрыңғай технол. тiзбекпен байланыстырған iрi бiрлестiктер құрылды, олар: “Қазмырыш”, “Қазақмыс” корпорациясы, “Қазақстан алюминийi”, “Испат-Қармет” ААҚ-дары, “Қазхром” Ұлттық акцион. компаниясы.

Лондондағы Уран ин-тының есебiне қарағанда, әлемде барланған уран қорының 25%-ы Қазақстанда.

Полиметалл кенiштерi негiзiнде Өскемен қорғасын-мырыш, Лениногор полиметалл, Зырян қорғасын, Шығ. Қазақстан мыс-химия, Ертiс полиметалл, Жезкент кен-байыту комб-тары жұмыс iстейдi. Кәсiпорындардың басқа бiр тобы — Өскемен титан-магний, Белогор кен-байыту комб-тары, Үлбi металлургия, Ертiс химия-металлургия з-ттары сирек металдармен олардың қосылыстарын, т.б. шығаруға мамандандырылуда. Республикада 3 мұнай айыру з-ты, сары фосфор алынатын фосфориттi кентастарды өңдейтiн iрi кешен “Қазфосфат” ЖШС жұмыс iстейдi. Ол “Қаратау” кен-химия комб., Жаңа Жамбыл фосфор з-ты, Минералдық тыңайтқыштар з-ты сияқты аса iрi кәсiпорындарды бiрiктiрiп отыр.

Республиканың машина жасау кешенiнiң өнiмi өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көлемiнде 3%-ға жуық. Оңт. аймақта Станок жасау з-ты, Алматыда Ауыр машина жасау з-ты жұмыс iстейдi, олар түрлi станоктар шығарады. Солт. аймақта “Шағын литражды двигательдер зауыты”, “Дизель”, “Ротор” ЖШС-терi, “ЗИКСТО”, “Мұнаймаш”, “С.М. Киров атынд. зауыт”, Петропавл “Ауыр машина жасау зауыты” АҚ-дары сияқты iрi машина жасау кәсiпорындары жұмыс iстейдi. Олар а. ш. машиналары үшiн босалқы бөлшектер, жабдықтар, двигательдер, көшпелi электр ст-ларын, тамақ өнеркәсiбi үшiн жабдықтар, газ бен электр энергиясының шығынын есептейтiн есептеуiштер шығарады. Қазақстанда құрылыс индустриясының дамуына ел ордасының Астана қ-на көшiрiлуi жаңа серпiн бердi. Құрылыс материалдары өнеркәсiбi өнiмiнiң көлемi республика өнеркәсiп өнiмiнiң жалпы көлемiнде 4%-ға жуық.

Қазақстан Еуроазия құрлығының ортасында орналасқандықтан транзиттiк тасымал саласында айтарлықтай орын алды. Республиканың жер бетiндегi көлiк магистралiнiң ұз. 106 мың км. Оның iшiнде 13,5 мың км — т. ж., 87,4 мың км — автомоб. жолы, 4 мың км — өзен жолдары. Қазақстан мен Қытай арасында Достық — Алашанькоу шекаралық т. ж. өткелi, Түрiкменстан мен Иран арасында Серакс – Мешхед т.ж. өткелi салынған соң Ұлы жiбек жолы бойында жаңа транзиттiк дәлiздер ашылды: Қытайдың Тынық мұқиттағы Ляньюнган, Циньдао, Тяньцзин порттарынан Қазақстан, Қырғызия, Өзбекстан, Түрiкменстан, Иран, Түркия, Жерорта т. мен Парсы шығанағының порттарына қатынау мүмкiндiгi туды. Бұл жолмен жүк тасымалдануда. Автомоб. жолдарының торабы Ресей Федерациясына, бұрынғы одақтық республикаларға, сондай-ақ, Қытайға, Түркияға, Иранға, Қара т. бен Жерорта т-нiң, Үндi мұхитының порттарына шығуға мүмкiндiк бередi. Теңiз кеме қатынасы Каспий т-нде Ақтау порты арқылы өтедi, ол Ресей Федерациясының өзен жолдарымен Қара т. бен Балтық т-не шығады. “Эйр Қазақстан” ұлттық әуе компаниясы, басқа да жетекшi компаниялары жолаушылар тасымалын жүзеге асыруда.
Категория: Экономика | Добавил: Admin | Теги: экономика, Қазақстан, экономикасының, тарихы
Просмотров: 4000 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]