Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Қазақстанның географиялық зерттелу тарихы


Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [География]
03.02.2012, 13:36

Қазақстанның географиялық зерттелу тарихы

 

Қазақстан Республикасының аумағы батысында Едiл өз. алабынан шығысында Алтай тауы шыңдарына дейiн, солт-нде Батыс Сiбiр жазығынан (Солт. Қазақстан жазығы) оңт-нде Тянь-Шань тауына дейiн созылып жатыр.

 

Еуропа мен Азия елдерi арасындағы қарым-қатынастың көпшiлiгi (керуен жолдары, елшiлiк көштерi, т.б.) ежелгi заманнан-ақ қазiргi Қазақстан аумағындағы жер арқылы өткен. Осыған байланысты Қазақстанның кейбiр табиғи нысандары туралы жазба деректер өте ерте кезден белгiлi болған. Мысалы, Геродот (б.з.б. 5 ғ.) Каспий теңізінiң шығысында шексiз жазық өңiр жатқандығын және оны массагеттердiң мекендейтiндiгiн баяндаған. Птолемей (б.з. 2 ғ.) өз еңбектерiнде Жайық (Dаiх), Жем (Rhymmus) және Сырдария (Jаxаrtеs) өзендерi туралы мәлiметтер келтiрген. 9 — 10 ғ-ларда араб ғалымдары Арал т-не толық сипаттама берiп, картаға түсiрдi және гректердiң Әмудария мен Сырдария өзендерi Каспий теңізіне құяды деген топшылауын терiске шығарып, Арал т-не құятынын анықтаған. Арабтардың сол кездегi деректерiнде Жайық, Жем, Сағыз өзендерi аталған. 13 ғ-да Моңғолияға Италия саяхатшысы Плано Карпини және фламанд саяхатшысы Виллем Рубрук бастап барған елшiлер өздерi жүрген Қазақстан аумағындағы шөл, шөлейт аймақтардың қысқаша сипаттамасын берген. Олар өздерiнiң жеке бақылаулары негiзiнде Каспий теңізінiң тұйық алап екендiгi туралы маңызды геогр. мағлұматтарды жаңартып толықтырған және Алакөл, Балқаш көлдерi, Тарбағатай, Жетiсу Алатауы (Еренқабырға) жайында алғашқы деректер келтiрген.

 

15-17 ғасырлардағы Қазақстан туралы географиялық мәлiметтер Ресей әдебиеттерiнде жинақтала бастаған. Бұл мәлiметтер Мәскеу мемлекетiн және оған iргелес аумақтарды бейнелеген "Большой чертеж” ("Үлкен сызба”) картасында жүйеленген. 1627 ж. шыққан "Книга большого чертежа” ("Үлкен сызба кiтабы”) атты еңбекте қазiргi республиканың батыс, оңт. және орт. бөлiктерiнiң бiршама жерлерiне нақтылы сипаттама берiлген. 17 ғасырда Қазақ ордасына және Орта Азия хандықтары жерiне жасалған орыс саяхатшыларының зерттеулерi жиiлей түскен. Олардың Жайық өз. сыртындағы дала туралы мәлiметтерi жинақталып, "Чертеж всей земли безводной и малопроходной каменной степи” ("Бүкiл жерi сусыз, өтуге қиын тастақты дала сызбасы”) деген атпен жарық көрген (1697). Бұл туынды С.Ремезов жазған "Чертежная книга Сибири” ("Сiбiрдiң сызба кiтабы”) атты орыстың тұңғыш геогр. атласы құрамына енген. Мұнда Қазақстан аумағының көпшiлiк бөлiгi қамтылған. 18 ғ-дыҢ 30-жылдарынан 19 ғ-дыҢ 60-жылдарына дейiн созылған Ресейдiң Қазақстанды отарлау үрдiсi оның аумағының геогр. зерттелуiнiң сипаты мен барысына әсерiн тигiзбей қоймады. Бұл кезеңде жаңа қосылған аумақтарда орыс мемлекетi билiгiн орнату және нығайту мақсатына сай көптеген арнаулы әскери және ғыл. экспедициялар ұйымдастырылды.

 

Ертiс өзенінің бойында бекiнiстер салуға және Жоңғар хандығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнауына байланысты Шығыс және Оңт.-Шығыс Қазақстанды тұңғыш топогр. картаға түсiру iсi жүргiзiлдi. Сонымен қатар Қазақстанның батысында, Каспий мен Арал т-дерi жағалауында, Сарысу, Шу өзендерiнiң алаптарында картаға қарапайым түсiрулер iске асырылды. Бұл түсiрулердiң нәтижесiнде, бiр жағынан, Қазақстанның жеке өңiрлерiнiң тұңғыш iрi масштабты карталары жасалса, екiншi жағынан, табиғат ерекшелiктерi туралы ғыл. мәлiметтер жиналды. Қазақстан географиясы туралы алғашқы ғыл. еңбек П.И. Рычковтың 1762 ж. шыққан "Топография Оренбургская” ("Орынбор топографиясы”) атты кiтабы болды. Қазақстанның геогр. зерттелу тарихында 1768 — 74 жылдардағы акад. экспедициялар ерекше орын алды. Ресейдiң Ғылым және көркемөнер академиясының академиктерi мен адъюнктерi Қазақстанның Едiл мен Жайық өзендерi аралығындағы бөлiгiн, Маңғыстау түбегiн, Ырғыз бен Торғай өзендерiнiң алабын, Есiл даласын, Ертiс маңы ойпатын, Кендi Алтайды және Қалба жотасын зерттедi. 1820—21 ж. экспедициялық зерттеулер нәтижесiнде "Естественная история Оренбургского края” ("Орынбор өлкесiнiң табиғат тарихы”) атты 3 томдық еңбек жарияланды. Оның 1-бөлiмiнде Бат. Қазақстанның табиғат жағдайларына жалпы сипаттама берiлдi.

 

19 ғ-дың 1-жартысында қазiргi Қазақстан аумағын зерттеушi экспедициялардың саны артты. 1827 жылдан 1872 жылға дейiнгi аралықта Г.С. Карелин өлкенi картаға түсiрумен бiрге әр түрлi аймақтардың (Каспий т. жағалауы, Алтай, Тарбағатай, Жетiсу Алатауы тауларының) жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiнен коллекциялар жинады. Атақты немiс ғалымы А.Гумбольдт өзiнiң Алтайға жасаған саяхаты (1829) нәтижесiнде "Центральная Азия” ("Орталық Азия”) деген көлемдi еңбегiн шығарды. 19 ғ-дың 30-жылдарына дейiн Қазақстан туралы жиналған геогр. деректер А.И. Левшиннiң "Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей” ("Қырғыз-қазақ не қырғыз-қайсақ ордасы мен даласының сипаттамасы”) деген кiтабында (1832) қорытындыланды. Бұл кiтап Қазақстанның жерi туралы берiлген алғашқы толық геогр. сипаттама болды. 1840—50 ж. аралығында Шығыс, Оңт.-Шығыс және Орт. Қазақстан өңiрлерiне Ресей ботанигi Л.И. Шренк саяхат жасады. Ол Жетiсу Алатауына, Балқаш—Алакөл ойысының шығыс бөлiгiне физ.-геогр. сипаттама бердi. 19 ғ-дың орта шенiнде Арал (А.И. Бутаков) және Каспий (К.М. Бэр, Н.А. Ивашинцов) теңiздерi жан-жақты зерттелдi. 1857 ж. Арал-Каспий атырабына императорлық Санкт-Петербург ҒА-сы ұйымдастырған экспедицияға И.Г. Борщов пен Н.А. Северцов қатысты. Экспедиция жұмыстарының қорытынды деректерiнiң маңызы өте зор болды. Экспедиция жүмысының нәтижесiнде Бат. Қазақстанның жер бетi, геол. құрылысы, климаты, флорасы және фаунасы туралы нақты деректер кеңейдi. Борщов "Материалы для ботанической географии Арало-Каспийского края” ("Арал-Каспий өлкесiнiң ботаникалық географиясына арналған деректер”) деген классик. монографиясында Бат. Қазақстанды ландшафтылық-геогр. облыстарға бөлдi.

 

1856—57 ж. П.П. Семенов (Семенов-Тян-Шанский) Тянь-Шань тауына өзiнiң әйгiлi саяхатын жасады. Ол бұл сапарындағы зерттеу қорытындысында таулы өлкенiң орографиясына (таулы жер бедерi) жаңаша сипаттама берiп, тұңғыш рет биiк тау ландшафтын анықтады. П.П. Семеновтың бұл сапарда ашқан аса маңызды жаңалықтарының бiрi — Орта Азиядан тау мұздықтарының табылуы. Ғалымның осы жолғы еңбегi Орта Азия мен Қазақстанның Тянь-Шань сияқты таулы өлкелерiн жан-жақты зерттеудiң ғыл. негiзiн жасағандығы болды.

 

19 ғ-дың 50—60-жылдарында Жетiсу Алатауы мен Iле өңiрiн қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов зерттедi. Жетiсу және Тянь-Шаньның табиғатына ғыл. сипаттама бердi. Балқаш к. мен Алакөлдiң пайда болу және қалыптасу тарихының өте ұқсастығын дәлелдедi. Жетiсу Алатауы мен Солт. Тянь-Шань тауын жануарлардың таралуына қарай биiк таулық белдеулерге бөлдi. Сонымен бiрге осы зерттелген өңiрлердiң маршруттық және жалпы шолулық карталарын жасады. 19 ғ-дың алғашқы жартысында кен байлықтарын iздеуге байланысты физ.-геогр. сипаттағы бiрқатар жаңа деректер алынды. Әсiресе, Орт. Қазақстан мен Тарбағатай тауының және Маңғыстау түбегiнiң геол. құрылысы, орографиясы туралы нақтылы деректер жиналды.

 

19 ғ-дың 60-жылдарында Ресейдiң Қазақстанды отарлаудың тарихи үрдiсi аяқталды. Соған орай кен байлықтары пайдалануға, т. ж-дың салынуына және егiстiк жер қорының кеңеюiне көп көңiл бөлiне бастады. Жалпы геогр. зерттеулермен бiрге арнаулы геол., топырақтану, ботаника, гидрология, т.б. салалар бойынша жұмыстар жүргiзiлдi. 1865—79 ж. аралығында А.Татаринов Оңт. Қазақстаннан Ленгер, Келтемашат, Боралдай, т.б. қоңыр көмiр кен орындарын ашты. Бұрын Маңғыстау түбегiнен көмiр кенiнiң ашылуына байланысты мұнда одан әрi барлау жұмыстары жүргiзiлдi. Қазан төңкерiсiне дейiн Маңғыстау түбегiн зерттеу жұмыстарының ең көрнектiсi — Н.И. Андрусовтың "Мангышлак” ("Маңғыстау”) атты еңбегi. Мұнда автор түбектiң тектоникасы, стратиграфиясы туралы белгiлi болған барлық деректердi тұжырымдады. 1865—79 ж. И.В. Мушкетов пен Г.Д. Романовский Арал маңын, Қаратауды, Тянь-Шаньның солт-н, Балқаштың оңт-н, Тарбағатайды зерттеп, Түркiстан аймағының алғашқы геол. картасын (1881) жасады. Онда бүкiл Оңт. Қазақстан өңiрi камтылды. И.В. Мушкетов Орта Азияның физ. географиясы мен геологиясына арналған "Туркестан” ("Түркiстан”) еңбегiн жазды (1886—1906). Ол сонымен бiрге 1887 ж. Верныйдағы (қазiргi Алматы) зiлзаланың себебiн және зардаптарын зерттедi.

 

19 ғ-дың 90-жылдарында Сiбiр т. ж-н салуға байланысты Солт. Қазақстанда көрнектi геолог К.И. Богдановичтiң жалпы басшылығымен бiрнеше экспедициялық зерттеу жүргiзiлдi. Осының нәтижесiнде Солт. және Орт. Қазақстанның геол. құрылысының негiзгi сипаты анықталып, бiрнеше көмiр кен орындары (Екiбастұз, т.б.) ашылды. А.Н. Замятин, Н.Н. Тихонович және С.И. Мироновтың зерттеулерi нәтижесiнде Ембi мұнайлы өңiрiнiң стратиграфиясы мен тектоникасының жалпы сұлбасы жасалды, мұнайдың жер асты тұз күмбездерiмен байланыстылығы анықталды. Қоныстандыру басқармасының Н.Г. Кассин, А.А. Козырев, П.В. Матвеев басқарған экспедициялары Қазақстанның бiрқатар аудандарының жер асты сулары туралы тұңғыш мәлiметтер бердi. Геол., топырақ тану, ботан., т.б. экспедициялар өз жүмыстарына қосымша Қазақстанның жер бедерi және оның ерекшелiктерiнiң жалпы сипаттамасы туралы зерттеулер жүргiздi. Мыс., Мушкетов өзiнiң геол. зерттеулерiнiң нәтижесiнде Тянь-Шаньның қазiргi жер бедерiнiң қалыптасу заңдылықтарын ашты және орогр. құрылысының негiзгi белгiлерiн анықтады. Оның Арал Қарақұмында жүргiзген бақылаулары Қазақстан мен Орта Азиядағы қуаң өңiрлер жер бетiнiң өзгеруiне эолдық факторлардың күштi әсер тигiзгенiн дәлелдедi. Д.Л. Иванов Батыс Тянь-Шаньнның iрi масштабты гипсометриялық картасын жасады. М.В. Баярунас Маңғыстаудың оңт-не жүргiзген геол. зерттеулерi кезiнде қосымша геоморфол. бақылаулар жүргiзiп, Қарақия, Қауынды, т.б. тұйық ойыстарға жан-жақты геогр. сипаттама бердi. Санаулы ғана арнаулы геоморфол. зерттеу жұмыстарының iшiнде Л.С. Бергтiң еңбегi ерекше. Ол алғашқы болып Солт. Арал шөлдерiнiң жер бедерi пiшiндерiне геоморфол. сипаттама бердi.

 

19 ғ-дың 70-жылдарынан Қазақстан аумағында метеорол. бақылаулар жүргiзiлдi, бiрақ мұнда метеорол. ст-лардың саны өте аз болды және аумақ бойынша орналасуы бiркелкi болмады.

 

1898 — 99 ж. Берг, П.Г. Игнатьев және В.Д. Елпатьевский Орыс Геогр. қоғамының Бат. Сiбiр бөлiмшесiнiң тапсырмасымен Солт. және Орт. Қазақстанның iрi көлдерiне зерттеу жүргiздi. 1899 — 1902 ж. аралығында Берг Арал т-нiң гидрологиясын зерттедi. Нәтижесiнде Арал т. туралы бұрынғы түсiнiктер түбiрiмен өзгертiлдi. Бұрын бүкiл Тұран ойпатын жауып, шығыста Балқаш к-не дейiн созылып жатқан бiртұтас Арал — Каспий алабы болды деген ұғым терiске шығарылды. Өз зерттеулерiнiң нәтижесiн Берг "Аральское море” ("Арал теңiзi”) монографиясында (1908) қорытындылады. Бұл еңбек өз деректерiнiң нақтылығымен, ғыл. қорытындыларының маңыздылығымен бүгiнгi күнге дейiн маңызын жойған жоқ. Осыдан кейiнгi жылдары Берг Балқаш к-н жан-жақты зерттедi.

 

20 ғ-дың басында қазiргi Қазақстан жерiнде топырақтану зерттеулерi етек жайды. Қоныстандыру басқармасы ұйымдастырған экспедицияларға топырақ зерттеушiлер С.С. Неуструев, Л.И. Прасолов, А.И. Безсонов, т.б. басшылық еттi. Қазақстанның өсiмдiгiн зерттеуге ботаник және географ А.Н. Краснов үлкен еңбек сiңiрдi. Оның экспедициясы Алтайды, Каспий ойпатын, Шу-Iле тауларын, Iле өз. алабын, Iле Алатауын қамтыды. Ол алғашқылардың бiрi болып Тұран шөлiн жiктеп, онда шөлдiң саздақты, құмайтты, тастақты, сортаң түрлерiнiң бар екендiгiн анықтады. Геоботан. зерттеулердiң iшiнде В.В. Сапожников Тянь-Шаньда, Жетiсу Алатауында, Алтайда ботан. және геогр. зерттеулер жүргiздi. Ол бұл тау жүйелерiндегi өсiмдiктердiң таралуының бiрқатар заңдылықтарын ашты. В.М. Савич Бат. Қазақстанда жүргiзген геоботан. зерттеу нәтижелерiне сүйенiп, шөл және дала белдемiнiң ауыспалы сипатта екендiгi туралы пiкiр айтты. 1908 жылғы Торғай экспедициясынан бастап И.М. Крашенинников 30 жыл бойы Қазақстанды геоботан. тұрғыдан зерттедi. Ол өз еңбектерiнде, әсiресе, өсiмдiк ассоциациясының жер бедерiмен және топырақпен өзара қатынасын терең талдады.

 

19 ғ-дың соңы — 20 ғ-дың басында Қазақстан фаунасын зерттеуге көңiл бөлiне бастады. Iрi зоол. зерттеулердi Арал — Каспий экспедициялары жүргiздi. Жаратылыс зерттеушiлердiң Петербург қоғамы өлкенiң жаратылыс тарихын анықтау мақсатында экспедиция ұйымдастырды және Каспий мен Арал т-дерiнiң фаунасын зерттеуде бай материал жинақтады. Экспедицияның ихтиол. коллекциясын зерттеу нәтижелерiне сүйенiп, К.Ф. Кесслер жаңа геол. уақытта Каспий мен Арал т-дерi арасында болған байланыстылық туралы пiкiрге алғашқылардың бiрi болып өз күмәнiн айтты. Северцовтың, А.М. Никольскийдiң зерттеулерi геогр. тұрғыда жүргiзiлуiмен ерекшеленедi. Северцов "Вертикальное и горизонтальное распределение туркестанских животных” ("Түркiстан жануарларының таулы және жазық өңiрде таралуы”) деген күрделi еңбегiнде (1873) Орта Азияны геогр. аудандастырудың негiзiн қалады (Оңт. Қазақстанды қоса).

 

Қазақстанның орнитофаунасын алғаш талдап зерттеушiлер: Н.А. Зарудный, П.П. Сушкин, В.Н. Бостанжогло. Бұл ғалымдар өздерiнiң тiкелей бақылаулары мен бұрынғы мәлiметтердi пайдаланып Қазақстан аумағында кұстардың геогр. таралуын жете түсiндiрдi. Сондай-ақ, олардың еңбектерiнде Қазақстанның жазық бөлiгiн аудандастыру мәселесi қамтылған. Северцов, Краснов, Берг, Неуструев, Крашенинниковтың еңбектерiнде табиғат кешендерiнiң әр түрлi құраушылары аралығындағы байланыстылық талданып, физ.-геогр. заңдылық тұжырымдалып, табиғи аудандастыру мәселелерi көтерiлдi. Қазақстан аумағының қазiргi физ.-геогр. бөлiнуiнiң негiзi Бергтiң "Опыт разделения Сибири и Туркестана на ландшафтные и морфологические области” ("Сiбiр мен Түркiстанды ландшафтық және морфол. аймақтарға бөлу тәжiрибесi”) мақаласында (1913) қаланды. Осы жұмысында Берг нақтылы деректер негiзiнде Қазақстан аумағын ландшафтылық белдемге және морфол. облыстарға бөлдi. Бергтiң аудандастыру туралы еңбегiнiң Қазақстан аумағы үшiн қазiрге дейiн ғыл. маңызы күштi.

 

Қазақстан жерiнiң кеңестiк дәуiрде зерттелуi Қазақстанның өндiргiш күштерiн соц. негiзде дамыту мәселелерiмен тiкелей байланыстырылды. Өнеркәсiп пен а. ш-ның дамуы табиғи қорлардың зерттелуiмен ұштастырылды. Әрбiр iрi құрылысқа байланысты геогр. ортаның элементтерi — жер қойнауы, топырақ қабаттары, су қорлары, климаты, т.б. зерттеле басталды. Кен байлықтарын табу және оларды игеру мақсатында геол. барлау кеңiнен етек алды. Топырақ және өсiмдiк түрлерiн зерттеу экспедицияларының жұмысы жандандырылды. Жаңа қалалар мен елдi мекендердiң пайда болуына және одан әрi дамуына байланысты Қазақстанның көпшiлiк бөлiгiнiң климаттық жағдайы зерттелдi, су қорларын iздеу жұмыстары кең көлемде жүргiзiлдi. Дегенмен, республика жерiнiң геогр. зерттелу барысы әр кезеңде әр түрлi болды. Бұл жағдай ең алдымен республикадағы табиғи ресурстардың игерiлу қарқынына, ғыл. мекемелердiң жұмыс көлемiне байланысты болды.

 

Осы шаралардың барлығын жүзеге асыру үшiн Қазақстан аумағы геогр. жағынан жан-жақты зерттеле бастады. Зерттеу, әсiресе, 20 ғ-дың 20-жылдарының ортасында елiмiзде халық ш-н қайта құру және соц. экономиканың негiзiн қалау кезеңiнде кең өрiс алды. Жеке облыс аумағын жүйелi және жан-жақты зерттейтiн ғыл. экспедициялар ұйымдастырыла бастады.

 

Минералдық шикiзаттардың кеңiнен iздестiрiле барлануына байланысты Қазақстан жерiн зерттеушi ин-ттардың, геол. партиялардың және трестердiң (Сiбiр к-тi, Орт. геол. ин-ттың Сiбiр бөлiмi, Алтай полиметалл, Атбасар полиметалл және Қазақ геол. барлау трестерi, Ауыр өнеркәсiп халкомының Қазақ геология-гидрогеол. басқармасы, т.б.) саны көбейе түстi. 1926 ж. КСРО ҒА жанында құрылған одақтас және автон. республикаларды зерттеушi арнаулы комитет Қазақстанның жер қойнауын зерттеу жұмысын қолға алды. 1933 ж. Қазақ гидрометеорол. басқармасы ұйымдастырылды. 1932 ж. КСРО ҒА-нда Қазақстанның өндiргiш күштерiн зерттеуге арналған конференция өттi. Бұл жағдай республикада жүргiзiлген көптеген зерттеу жұмыстарының бастамасы болды. Сол жылы КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы құрылды (1939 ж. КСРО ҒА-ның бөлiмшесiне айналды).

 

Геол. зерттеулердiң басты мақсаты — елiмiздiң өнеркәсiбiне аса қажет кен орындарын табу және оларды барлау болды. Бұл бағытта В.К. Котульский (Алтайда), В.П. Нехорошев, Н.Н. Горностаев, А.К. Мейстер (Шығ. Қазақстанда), М.П. Русаков, Н.Г. Кассин, Д.С. Коржинский (Орт. Қазақстанда). Замятин (Жем алабында), т.б. еңбек еттi. Кен орындарының өнеркәсiптiк маңызын анықтай түсу үшiн Әулиеата уезiнде, Мұғалжарда, Қызылқұмда (И.П. Герасимов, П.К. Чихачев), Солт.-Шығыс Қазақстанда (А.А. Козырев), Орт. Қазақстанда (Қ.Сәтбаев) геол. зерттеулер iске асырылды. Геоморфол. байқаулар Үстiртте (Н.Л. Благовидов), Каспий ойпатында (Герасимов) жүргiзiлдi. Н.А. Копыловтың 1927 ж. шыққан "Материалы по гипсометрии Казахстана” ("Қазақстан гипсометриясы бойынша деректер”) кiтабында Қазақстан геоморфологиясы туралы алғашқы маңызды мағлұматтар берiлдi.

 

Оңт. Қазақстан облыстарының климатын зерттеуде Түркiстан метеорол. ин-ты елеулi үлес қосты. Түркiстан (1924) және Қазақстанның (1925) климаттық жағдайлары туралы еңбектер жарық көрдi. Республика аумағын климаттық аудандастыру алғашқы қадамы [1927 ж. шыққан М.Д. Пономарев пен В.Н. Барсуктың "Климатический очерк Казахстана” ("Қазақстанның климаттық очеркi”) еңбегi] жасалды.

 

Қазақстандағы алғашқы гидрол. кешендi зерттеу жұмысы ретiнде М.М. Давыдовтың (1925) және Б.X. Шлегельдiң (1926) еңбектерiн атауға болады. Бұлар Оңт. Қазақстан өңiрiнiң су шаруашылығы жағдайын сипаттады. КСРО ҒА-ның басшылығымен Қазақстан гидрографиясының жоспарлы зерттелуi жолға қойылды, осы мақсатпен республиканың батыс бөлiгiне бiрнеше экспедициялар шықты. Бұлардың материалы бойынша 1928 ж. П.Н. Лебедевтiң "Краткий гидрографический очерк Казахстана” ("Қазақстанның қысқаша гидрографиялық очеркi”) және "Гидрометеорологический очерк Казахстана” ("Қазақстанның гидрометеорологиялық очеркi”) еңбектерiн баспадан шығарды. Шу, Талас, Сырдария өзендерiнiң төм. ағысындағы көлдер зерттелдi.

 

КСРО Геогр. коғамының Верный және Түркiстан бөлiмдерi Кiшi және Үлкен Алматы өзендерiмен өтетiн лай тасқындардың себебiн анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын ұйымдастыра бастады. Қоныстандыруға және жер қорын есепке алуға байланысты Қазақстан өңiрлерiнiң топырағын зерттеу кең өрiс алды. Республика аумағы топырақ жамылғысының алғашқы сипаттамаларын Р.И. Аболин (1922), К.Д. Глинка (1923) және Л.И. Прасолов (1925) бердi. Олардың жұмыстарында топырақ-өсiмдiк белдемдерiнiң сұлбасы жасалып жiктелдi. Қостанай (В.И. Баранов), Орал (И.И. Фелимонов, И.В. Ларин), Ақтөбе (М.И. Рожанец) және Жетiсу (А.Мухли) облыстарының аумағына экспедициялар шықты. КСРО ҒА-ның экспедициялары құрамында Герасимов Үстiрттiң, Неуструев Каспий ойпатының топырақ жамылғысын зерттедi. Әсiресе, Герасимовтың еңбектерiнде (1928—30) бұл өңiрлердiң топырақ қабаттарының қалыптасу жағдайлары және бұған байланысты өңiрдi физ.-геогр. аудандастыру жөнiнде құнды деректер берiлдi.

 

Геоботан. зерттеулердiң де өзiндiк қолданбалық мақсаты белгiлендi. Бұлардың алдына жайылымды, шабындықты және жыртуға жарамды жердi анықтау әрi оларға сипаттама беру мiндетi қойылды. Алғашқы жылдары геоботан. жұмыстың көпшiлiгi Бат. Қазақстанда жүргiзiлдi (И.В. Ларин). КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы құрамындағы топырақ-ботаника отряды бұл өңiрдiң өсiмдiгiн зерттеуге елеулi үлес қосты. Республиканың Жер Халкомы Семей және Павлодар обл-тарына экспедициялар жiбердi. Бұл саладағы зерттеудiң алғашқы жиынтық қорытындыларын (1923—25) Крашенинников жариялады. Ол өз еңбегiнде өсiмдiк жамылғысы географиясын түсiндiруге генетик. принциптi пайдалануды және физ.-геогр. аудандастырудың алғашқы сұлбасын ұсынды. Осы кезеңде республика фаунасын зерттеуде Д.Н. Кашкаров, В.Н. Шнитников, Б.С. Виноградов, т.б. елеулi үлес қосты.

 

Өндiрiстi тиiмдi де дұрыс орналастырудың маңыздылығы экономиканы қайта құру жоспарын жасау кезiнде айқындала түстi. Алғашқы бесжылдық (1929—32) жоспарларында Қазақстанда өнеркәсiп және а. ш-ның барлық салаларының тех. базаларын жасау қарастырылды; ол үшiн республикадағы геогр. зерттеулердi кеңiнен және жан-жақты жүргiзу керек болды. Бұл кезеңде (1928—40) экспедициялық зерттеулер кең етек алды. Республикада тұрақты ғыл.-зерт. мекемелерiнiң және жергiлiктi ғыл. кадрлардың көбеюiнiң нәтижесiнде Қазақстан жерiнде тұрақты бақылаулар жүргiзу жолға қойылды. Геол. барлау жұмыстары түстi және сирек металдар, көмiр, т.б. кен байлықтарының қоры жөнiнен Кеңес Одағы бойынша Қазақстанды жетекшi орындардың бiрiне шығарды. Алтайдың, Орт. Қазақстанның кентастық кен орындарын және Тянь-Шань, Жетiсу (Жоңғар) Алатауы, Арал маңы, Мұғалжар тауы, т.б. өңiрлердiң геол. құрылысын зерттеу қарқынды түрде жүргiзiлдi.

 

Климаттық және гидрол. жұмыстар метеорол. және гидрометеорол. ст-лардың көбеюiне негiзделе жүргiзiлдi. Су қорларын зерттеу өрiстедi. Өндiрiс қажеттерiн өтеу және салынуға тиiстi гидротех. құрылыстардың геогр. жағдайларын анықтау үшiн кейбiр жеке алаптарға кешендi зерттеулер жүргiзiлдi. Бұлардың нәтижесiнде И.И. Фелимоновтың Жайық-Көшiм каналы, Орт. Қазақстанды суландыру перспективасы, Б.К. Терлецкийдiң Балқаш-Алакөл алабы жөнiнде, Солт. және Орт. Қазақстан туралы "КСРО су қорларының анықтамасы” жинағының 13-томы, т.б. еңбектерi жарық көрдi. Арал т. мен Балқаш к-н жаңадан зерттеу басталды. Iле Алатауына Н.Н. Пальгов гляциол. бақылаулар жүргiздi.

 

2-дүниежүз. соғыс жылдарында (1941—45) жалпы геогр. зерттеулер бiршама қысқарды, негiзiнен майдан мен тыл мұқтажын өтеу ғана ескерiлдi.

 

КСРО ҒА-ның Геогр. ин-тының көпшiлiк қызметкерлерi Алматыға көшiрiлiп, Топырақ тану және Ботаника ин-ттарымен және басқа жергiлiктi ғалымдармен бiрлесе отырып, а. ш-н өркендетудiң қорларын табу және зерттеумен шұғылданды. Дәл геоморфол. карталар жасалды, су және топырақ жамылғысының қорлары түбегейлi зерттелдi. Солардың нәтижесiнде жердi тиiмдi пайдалануға нақты ұсыныстар берiлдi. Республика алғашқы рет табиғи мал азығының қоры бойынша аудандастырылды (Л.Г. Соболев), геоморфология бойынша (И.П. Герасимов), агроклиматологиядан (П.Н. Колосков) iрi қорытындылар шығарылды, топырақты зерттеудiң геохим. тәсiлi жасалды (М.А. Глазовская), су ш. қажетiн өтеуге катысты табиғат жағдайларының бiрнеше карталары (Б.А. Федорович, С.Л. Кушев) құрастырылды. Бұл материалдарды қорытындылай келе А.А. Григорьев өзiнiң Қазақстан табиғаты туралы очерктерiн жариялады. Осы жылдары КСРО ҒА Қазақ бөлiмшесiнiң Геогр. секторын белгiлi ғалым Н.Н. Баранский басқарды. Ол республика экономикасын мамандандыруды жетiлдiре түсу мақсатында Қазақстанды 5 экон. ауданға бөлдi. Соғыстан кейiнгi жылдары (1945 жылдан бастап) Қазақстандағы геогр. зерттеулерге баса көңiл бөлiндi. Халық ш-н қалпына келтiру және одан әрi дамыту үшiн табиғи ресурстарды көптеп табу және оларды шұғыл шаруашылыққа пайдалану керек болды. 1946 ж. ҚазКСР ҒА құрылды. Оның кұрамында бiрнеше экспедициялар ұйымдастырылып, Арал т-ндегi Барсакелмес аралының, Балқаш к-нiң оңт-ндегi шөлдiң, Жетiсудың геогр. жағдайлары зерттелдi. Республика аумағын физ.-геогр. аудандастырудың алғашқы сұлбасы құрастырылды (Н.Г. Рыбин, 1948). Бұрынғы жүргiзiлген зерттеу материалдары негiзiнде республика табиғатының басты кешендерiне тұжырымды сипаттама берiлген "Қазақстанның физика-географиялық очерктерi” (1952) жарыққа шықты.

 

Қазақ КСР ҒА-ның Геогр. ин-ты Қазақстан табиғатын зерттеудi одан әрi жалғастыра бердi, "Қазақстан. Физика-географиялық сипаттама” (1950) жинақ кiтабын шығарды. КСРО ҒА-ның өндiргiш күштердi зерттеу кеңесi игерiлуге тиiстi жаңа аудандарда кешендi экспедициялық зерттеулер ұйымдастырды. Осы мақсатпен Торғайдың шикiзат қоры, Солт. және Орт. Қазақстанның минералдық шикiзат, гидроэнергет. және ормандық қорларын зерттедi. Тянь-Шаньда биiк таулық физ.-геогр. ст. құрылды. Республика жерiн геоморфол. зерттеу, әсiресе геоморфол. картаға түсiру iсi өрiстедi. Жер қойнауын зерттеу тәсiлдерiнiң бiрi — геол. картаға түсiру жалпы зерттеу процестерiнiң құрамына енгiзiлдi. Сөйтiп геоморфол. карта табиғи аудандастыру мен ландшафтын зерттеудiң негiзiне айналды.

 

Суландыру, орман алқаптарын отырғызу, тың және тыңайған жердi игеру шараларына байланысты республиканың жеке аудандарының микроклиматы және жылу балансы зерттелдi. Аңызақ жел, атмосф. қуаңшылық, жел эрозиясы, топырақ борау, топырақ бетiнiң тоңдануы сияқты құбылыстар және климаттың өзгеру заңдылықтары зерттелдi. Осы зерттеулердiң деректерi негiзiнде "Қазақстан климаты” (1959) атты жинақ шықты.

 

Гидрол. зерттеулердiң iшiнде республика көлдерiнiң жете тексерiлгенiн аңғаруға болады. Бұл жұмысты кейiннен КСРО ҒА-ның Көлтану ин-тына айналған көлтану лаб. мен Қазақ КСР ҒА-ның геогр. секторының қызметкерлерi бiрлесе жүргiздi. Зерттеу жиынтығын А.В. Шнитников қорытындылады. Көлдердiң физ.-геогр. жағдайымен қоса олардың гидробиол. және экон. жақтары да зерттелдi. Көлдердiң жалпы кадастры құрастырылды. Жер бетi суы қорларын зерттеу нәтижелерi тың және тыңайған жерлердi игеруге байланысты бiршама толықтырылды. Бiрнеше iрi гидрол. кешендiк зерттеулер жүзеге асырылды және бұлардың деректерi "Ресурсы поверхностных вод районов освоения целинных и залежных земель” ("Тың және тыңайған жердi өңiрлерiнiң беткi ағын қоры”), "Ресурсы поверхностных вод СССР” ("КСРО жер бетi ағынының қоры”) жинақтарына енгiзiлдi.

 

Топырақ жамылғысын зерттеген әр саланың ғыл. және өндiрiстiк мекемелердiң қорытындылары көп томдық "Почвы Казахской ССР” ("Қазақ КСР-iнiң топырағы”) басылымында және бiрнеше жалпы шолулық карталарда жарияланды. Геоботан. және зоогеогр. зерттеулердiң жиынтық деректерi жарық көрдi.

 

КСРО ҒА-ның аэротәсiлдер лаб. Солт. Қазақстанның табиғи жағдайын зерттеудiң аэротәсiлiн белгiледi. Экон. география саласында Қазақстанның табиғатын, халқын, экономикасын және мәдениетiн бейнелейтiн кешендiк еңбектер (И.Т. Тәжиев, М.Ш. Ярмұхамедов, К.Б. Ахмедова, т.б.), өндiргiш күштердi тиiмдi орналастыруға, экон. аудандастыруға және экон. аудандарды мамандандыруға, аумақтық-өндiрiстiк кешендердiң қалыптасу мәселелерiне, еңбек және табиғи қорларға баға беруге арналған жұмыстар (В.А. Адамчук, Б.Я. Двоскин, Е.Н. Гладышева, С.Әбдiрахманов, т.б.) жарық көрдi. Республика жерiн жан-жақты зерттеу нәтижесiнде Қазақстанның және оның жеке аймақтарының кешендiк атластары құрастырылды. Тың өлкесiнiң, Қарағанды, Қостанай, Солт. Қазақстан облыстарының бiрнеше ландшафтылық карталары шықты. Ландшафтылық зерттеулердiң кеңiнен етек алуына ландшафт танушы ғалымдардың бүкiлодақтық 6-кеңесiнiң (1963) Алматыда өтуi әсер еттi. Арал маңы мен Жезқазған өңiрiнiң, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау обл-тарының ландшафтылық жағдайы зерттелдi.

 

Категория: География | Добавил: Admin | Теги: географиялық, Қазақстанның, география, тарихы, зерттелу
Просмотров: 3480 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]