Главная » Файлы » Рефераты



Cтуденты, аспиранты, молодые ученые, использующие базу знаний в своей учебе и работе, будут вам очень благодарны

Сырбай Мәуленов
[ Скачать с сервера (48.5 Kb) ]

Еще больше материалов по этой теме можно найти здесь » [Қазақ әдебиеті]
19.04.2017, 17:59
Қара бұлттардың көз жасындай қара жаңбыр құйып тұрған күз таңында дүниеге келген Сырбайдың әкесі өлең құмар, өз бетінше оқып, ескіше хат танитын адам болыпты. Сол кісі Сырбай туған күнді «1922 жыл, 17 сентябрь» деп көкірегіне түйсе керек. Өмір қиыншылығын көп көрген Мәулен жоқшылық айдап, Торғайдан толқындай төңкеріліп, Қызыл жыңғыл дейтін жерге көшіп барып, сол жылы туған баласының есімін Мәулен «Сыр бойында туды» деп Сырбай қойыпты. Сондықтан да Сырбай 1958 жалы жазған «Қызылорда» дейтін өлеңінде:
Қызылорда жақынсың,
Алғаш сенде шықты үнім.
Өзің жайлап жатырсың,
Жанның терең түкпірін...
Кешікпей аз жылдан соң,
Өмір мені шақырды.
Сыр бойында туған соң,
Сырбай қойды атымды,- деп толғайды.
Сырбай Мәуленовтың өткен өмір жолы мол сырлы, ерекше мәнді екендігі белгілі.
Өлең шумақтарында образды сөз құралдарын пайдалану арқылы өткен заман мен қазіргі заманды ұштастыра суреттеп, Отан образының тарихын және ұлттық характерін тереңдете түсу мақсатымен өз поэзиясының стильдік ерекшелігін қалыптасырған Сырбай – суреткер ақын. Соғыс қасіретін «Қап – қара түн», «қап – қара бомба», «Қап – қара шаш », «қап – қара қайғы» дегендей қара бояу бедерлеп беретін ақын, табиғат суреті, тіршілік ажары, бақыт базарын жеткізуде ақ бояуға ден қояды.
Ақынның «Менің республикам» деген өлеңінде қазіргі заманда Қазақстанның эканомикасының да, мәдениетінің де өскенін тебірене бейнелейді. Республика жерінен аспанға ұшқан космонавтарды бейнелі сөздерге толы, адам сезімін тербететіндей суреттейді.
Тауды көрсең күн көзімен таласқан,
Аспан көрсең Ай мен күнге жол ашқан,
Менің байтақ республикам таулары
Менің көгім мөлдіреген сол аспан,-
деген суреткерлікпен жазылған шумақты тебіренбей оқи алмайсың. Ақын өзі суретеп отырған республикада болып жатқан құбылыстарды қоғамдық өмірдің терең тамырлы оқиғаларынан алып, шебер бейнелейді. Халық өміріне сай шындықты өлең тілімен отты да көркем ырғақпен суреттеуге келгенде Сырбай шебер ақын. Қарт Алатау көркін Алматы аспанының қақпасы есебінде бейнелейді.
Өмірде мейлінше қарапайым Сырбай Мәуленов өлеңде мейлінше сыншыл, өрнекшіл, тегеурінді ойға құрып толқындатып жазатын хас шебердің өзі болатын.

Өлеңінде өзінің туу сәтінен бастап, өлең белеңдерін түп – түгел айтып, бейнелеп жазып, сағыныш сезіміне орап жырлап өтті десе де болады. Жұртына жұпар жыр, ғажайып сыр сыйлаған ақын тағдырына қызыққан жан оның әрбір өлеңіне, әрбір жолына үңіліп қараса ақын жүрегін көреді, қаламгер тұлғасы, шығармашылық тағдыры көзге нақтылы елестеп қоя береді.
Ақынның «Ақ түн» аталатын өлеңі баршаға аян. Бұл өлеңде ақын Ленинград қаласының ақ түнін суреттеу арқылы ақ іске, сүттей ақ түске жамылған симвоолдық нұрлы бейнесін жасайды. Санкт – Петербург түнін дәл Сырбайша құбылтып, құлпыртып жырлаған ақынды әдебиет әлемінен табу қиын – ақ шығар. Барған сайын ақ бояулар қоюланып дүние сырын ашудың құралына айналып кете барады. Бұл өлеңді оқып шыққанда қаншама ойға жүздіріп, қаншама толғаныстарды, қаншама тарих бетін ашып тұрғанын көз алдыңа елестетесің. Бұл ақынның шынайы сырын шертіп, мазмұны жағынан да көп ізденістен туған.
«Мен он сегіз жасымда армияға алынып, Дондағы Ростовта болдым да, көп ұзамай аурулығыма байланысты әскери қызметтен босатылдым. Соғыс басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, денсаулығым түзелгесін өз өтінішіммен майданға аттандым. Әскери өмір менің өлеңімнің де мектебі болды. Соғыс мені күйретті де, көп нәрсеге үйретті. Тәніме өшпейтін таңбасын түсірді» - дейді ақын. Қырқыншы жылдар Сырбайды майдан шебіне алып барып, сұрапыл соғыстың сынына салды. Оның жүрегіне көп оқиғаның ізін қалдырды. Көп ойлардың теңізіне жүргізді. Енді сол ойлардың толқынымен ағып, өткен күндерді өлең тілімен сөйлетуге тиісті болды. Өткен жолдарды қайта шарлап, ішкі дүниесінің ой – қырына, иірім толқындарына оқырмандарды да ортақтастырып, солармен жан қозғалысынан туған жүрек сырларын жақынындай бөлісуге бой ұрып, құштарлық құндағына бөленеді. Сол өткен ұлы жолдың асулы қия кезеңдері көкіректі қайта тебірентіп, сезім пернелерін қата басып, қайтадан қалың ойдың тұңғиығында толқытып, жырға шақырады. Әрине, көргеннің бәрі өлең бола бермейді. Солардың ішінде ерекше бір жанды қозғайтын, сезімді шертетін жайлар болады. Ол өзі ақын көңілін алаңдатып, әр уақытта ойда болып, іштей түлеп, пісіп – толып, сыртқы бір жарық нұрлы дүниеге шығуға талпынады. Міне, осы кездегі өлеңдерінде ақын ширек ғасыр жыр төгіп, сыр шертіп, халық жанын сусындатып, көп оқырманның мейірін қандырды. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ретінде С.Мәуленовтің шығармашылығында соғыс тақырыбы үлкен орын алады.
Сырбай өз басының азаматтық қасиетін сынайтын Ұлы Отан соғысына баруды тілеп, 1941 жылы «Тыңда, жолдас комиссар!» деген өлең жазды. Ол өлеңінде ақын: «Аттанайын екеу боп, Өлеңім мен жауынгер» деп, қаламымен де, қаруымен де жауға қарсы қан жорыққа шығуды ойлап:
Тыңда жолдас комиссар!
Тілегімді қабылда.
Томағамды сыпырып,
Ұшыр мені дауылда,- деп сыр шертеді. Сөйтіп, ақын Отан алдындағы, халық алдындағы азаматтық борышын терең сезінді.
Ақын майдан өмірін жан тербететін сұлу сөз, адам көңілін қозғайтын әдемі лирикамен, ерекше сыршылдықпен суреттеп берді. Оның жырлары халық мүддесі үшін майдандағы солдат өмірін, олардың адам жанын түршіктіретін қиыншылылққа қарамастан Отаны үшін қатал жауға қарсы көрінісін өте көркем суреттейді.
Сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтың өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі жоғары. Өлеңдерінің композиялық құрылысы, адам жанына әсер ететіндей рухани сезімі, өлең құрылысының түрі, мазмұны, стилі, сөз қолданыстарының пәрмендігі, ішкі драмалық құрылысы, өмір құбылысынан сұрыптап алған реалистік қасиеттері, баяндау мәнері бірі мен бірі қабысып, эмоциялық қасиеті оқырман сезіміне үлкен әсер етеді. Сырбай өлеңдеріндегі шеберлікке байланысты Жұбан Молдағалиев былай дейді: «Сырбай өлең ұйқасына балталаса бұзылмайтын болсын,- деп, қатал қарайтын шеберлердің бірі. Өз әсерімді айтсам, Сырбай ұйқас іздеп мүлде қиналмайтын сияқты, қайта, ұйқастар пар – парымен өзінен – өзі келіп жатқандай, тек ой логикасынан туып отырады... Сырбай творчествосындағы тағы бір ерекшелік: тақырып байлығы. Ақынға адам өмірінің, жер бетіндегі, аспан астындағы нәрсенің ұсағы да, қажетсізі де жоқ, көзге ілінгенннің бәрі көңілге ұялап, өлең боп шыға келеді...».
Сырбай өмірдің қандай болмасын құбылысын жырласа да, айтайын деген ой - пікірі салмақты, түсінікті. Буалдыр мотивтерден таза. Сырбай поэзиясының тілі бай, құнарлы, көркем, бейнелі. Сырбай афористік қасиеті күшті нақыл тақпақ, мәтел түрінде көптеген қысқа – қысқа өлеңдер жазған. Ол өлеңдерінің тәрбиелік мәні жоғары. Ақынның қысқа өлеңдерінен мысал келтірелік:
Балам – саған айтайын,
Төбе болмай тау деп,
Көрмей қанды соғысты,
Сау бол деп.
Бос күлкіден
Жас селі жақсы
Дос күлкіден аш бөрі жақсы.
Өзін сыйламаған өзгені сыйлап жарытпайды.
Өзін қыйнамаған дарынын дамытпайды.
Ашылды енді бақ, таланттық
Туды қайта ақ күнің,
Әуелі құс ақ қанатым,
Жырла, сұлу аққуым.
Міне, ақын бір шумақ қана өлеңде үлкен ой түйеді. Мұндай өлеңдер ақынның әр жинағынан белгілі орын алған.
Сырбай Мәуленов өлеңдерінен қазақ ұғымына жақын ұлттық өрнекпен өрілген теңеулерді өте көп кездестіруге болады. Ақын қолданған теңеулер және олардың мазмұндығындағы ақпараттардан ертеден күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан дәстүрімізді айқындауымызға болады.
Жарқыраған басында
Қардан аппақ сәукеле.
Жатады күн қасында
Көкірегін тау кере.
Қарағанды адырға
Тартылған кемпірқосақтай.
Бөлейді қырды жалынға
Теміртау темір ошақтай.
Ақын бірінші мысалда теңеу образы қызметін атқарып тұрған сәукеле сөзін таудың ең жоғары бөлігін безендіруге қолданып тұр. Қазақ халқында сәукеле – этномәдени атауға ие болған зат атауы. Келесі мысалда Теміртау қаласы темір ошақпен салыстырылған. Қазақ ұғымынды ошақ киелі болып есептеледі.
«Жарқылдап найзағайдай ар – намысым,
Күңіренем сөніп қалған арман үшін.
Мен жүрмін электрлі бағандармен,
Солардың шоғын үрлеп жалғау үшін»,- деп өзіне қатаң талап қойған, отты да сыршыл жырларынан қайсарлығының қуаты көрінген қасиетті тұлға Сырбай Мәуленов қаламынан туған туындыларлың қай – қайсысы болмасын оқушының жан сезімімен қапысыз үндесіп, толық бірлік табатыны сөзсіз.
Сырбай Мәуленовтың қырық бес жылға жуық жазған туындыларын толық қамтып, зерттеп шығу мүмкін емес. Сондықтан, оның ойлы, философиялық тұжырымға, азаматтық пафосқа толы, бір – бірінен бөліп жарып – қарауға болмайтын, ұзақ желі тартқан үлкен дастан іспеттес өлең – жырларын, толық қанды поэмаларын, публицистикалық очерктерін әдебиеттің биік шыңына көтеріп, тарихына берік орныққанын мақтан тұтуымыз қажет. Жарты тұтамға жетер – жетпес қысқа ғұмыр кешкен ақын жасына қарағанда мейлінше мол, мейлінше жасамыс мұра қалдырып ағып өткен құйрықты жұлдыз іспетті жан.
Категория: Қазақ әдебиеті
Просмотров: 3474 | Загрузок: 89 | Рейтинг: 3.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]